Алты жыл бұрын, яғни, 2014 жылы Семей қаласының «Өндірістік» деп аталатын индустриалдық аймағында Иран мемлекетінің инвесторлары құны 20 миллион доллар тұратын ет комбинатын салатын болды деп басшыларымыздың жар салған кезі есімізде.
Сол кездегі жоспар бойынша жаңа ет комбинаты 2017 жылға қарай іске қосылып, «халал» өнім шығарады, ол өнімнің тоқсан пайызы Иранға жіберіледі делінген. Ол жоба, алайда, сөз жүзінде «қалықтап» тұрып-тұрып, араға бірер жыл салып барып қайта жаңғырды. Ирандық-қазақстандық Agro Portal компанияның бас директоры Әмір Шекаршы деген азамат біздің елдің Инвестиция жөніндегі Комитетімен осы жобаны іске асыру жөнінде тағы бір инвестициялық шарт жасады. Ет комбинатының құрылысы енді 2018 жылы басталмақ болды. Бұл жолғы жоба да аяқсыз қалды.
Неге?
Ал кеше ғана қала әкімі Ермак Сәлімов мал өсіріп отырған фермерлерді қатты дәмелендірген осы жобаның іске аспай тұруының жаңа себебін атады. Ол – … коронавирус көрінеді. Иранның іскер азаматтары осы кеселдің себебінен біздің елге келе алмай отырған көрінеді. Әкім былай деп мәлімдейді:
-Иранмен екі ара бүгінгі күні жабық. Ұшақ ұшпайды. Инвесторлар ол жақтан бізге келе алмай отыр. Біз оларға: «Не ойлаған ойларыңыз бар? Қандай ой-жоспарларыңыз бар? Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейміз бе, жоқ па?»,-деп хат жаздық. Бірақ олар үн-түнсіз жатыр.
Бұл уәжге не дейміз?
«Жерұйық.kz».