6 наурыз күні Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде «Хакім Абай мұрасының ислам құндылықтарымен сабақтастығы» атты республикалық конференция болып өтті, – деп хабарлайды «Жерұйық.кз» тілшісі. Айтулы конференцияға мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, теолог-ғалымдар мен ҚМДБ-ға қарасты мешіт имамдары қатысты. Осы басқосуда көпшілікке арнап төмендегідей үндеу жарияланды.
Үндеу
Біз, дін қызметкерлері, абайтанушы және қоғам қайраткерлері, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Хакім Абай мұрасының ислам құндылықтарымен сабақтастығы» атты Республикалық конференция аясында ұлы ақынның өнегелі өміріне, тарихи шығармаларына шолу жасай келе, халықты имандылыққа, ауызбіршілікке, отансүйгіштікке, сондай-ақ абайтану пәндерінің жоғарғы оқу орындарында, медресе-колледждерде және мешіттерде кеңінен оқылуына шақырамыз.
«Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», деп Абай атамыз қазақ халқының иманды, ибалы һәм мәдениетті болып қалуы үшін бар ғұмырын арнады. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері имандылыққа бағытталып, тәрбие негізінде жазылғаны өскелең ұрпаққа мұра болып қалдырылды. Абай мұраларын жетік меңгеру келешек жастарымызды Алла Тағаланы, халқын, елін, отанын, әділдікті сүюге шақырады.
Ел болашағы болған жастарымызды ғылым-білімге қыззығушылықтарын артыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Білім алу – Ислам шарттарының ең басты талабы. Шариғатта ғибадат істерімен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік сынды дүниелер қатар жүреді. Ұлы ақын оныншы қара сөзінде: «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасааған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп ескертеді.
Біз барша Қазақстан халқын заман ағымына сай, дамыған мемлекеттер арасында бәсекеге қабілетті болу жолында Абай оқулықтарын пайдалана отырып, ғылым-білімге бет бұруға, дәстүрлі дінімізге, түрлі теріс пиғылды іс-әрекеттерден тиылып, тағылымды тәрбие алу жолына үндейміз!
Наурыз 2020 жыл. ШҚО, Семей қаласы.