Ахметкәрім Ахмадиев – жасы 95-ті толығымен толтырып отырған соғыс ардагері. Кезінде Шығыстың Күршім ауданында ұзақ жылдар «Қалғұты» кеңшарын, кейіннен аудандық су шаруашылығы мекемесін басқарған адам. Ақсақал әлі де ширақ қалпы. Елдің бүгінгі саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінен тыс қалмай келе жатыр.
«Жерұйық.kz»-тің тілшісі ардагер-ақсақалмен арнайы кездесіп, бүгінгі күні аса көкейкесті болып отырған айрықша тақырып – бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын жабылып қалған шекаралық аудандарды қайта ашу жайын қозғап еді.
– Бұрынғылар «Иен жатқан жер жау шақырады» деп бекер айтпаған болса керек. Мен бұған дейін де «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде (09.08.2019 жыл) жарияланған мақаламда шекаралық ауданның жай-жапсарын, бүгінгі ахуалын былайғы елге жеткізіп бағып едім. Енді осы тақырыпқа тағы бір оралмасқа лажым болмай отыр,-деді сөз басында ақсақал.
– Сіздің жасыңыздағы аталарымыз Ел мен Жердің дауын даулағанды қойып…,-деп келе жатыр едік, Ахметкәрім ақсақал бізді тоқтатып қойып, әрі қарай сөзін жалғады:
– Менің майдандас жан досым, «Марқакөл» совхозын басқарып жүріп, елуге жетпей қайтыс болып кеткен Айтмұхамбет Асқаров Марқадағы таулы Қаба өңірінде совхоз директоры болып жүріп, сол кездегі Совет Одағының «патшасы» Хрущевке хат жазып, Катон-Қарағай мен Марқакөлдің арасын тіке жалғастыратын стратегиялық жағынан маңызды бес көпірдің салынуына сеп болып еді!
Бүгінгі күні сол бұрынғы Марқакөл өңірінде жеті мың ғана халық қалған. Аудан мәртебесінен айырылған соңғы жиырма жылда Марқакөл өңірінің халқы үш жарым-төрт есеге азайып кеткен! Бұл енді сұмдық қой, әкелерім-ау! Оны айтасыз, екі ауданның басын біріктірген, ұланғайыр жерді алып жатқан бүгінгі Күршім ауданында қазір 25 мыңға жетер-жетпес халық тұрып жатыр.
Күршімнің өзінде де мықты жеті кеңшары болды. 22 мың (!) гектар суармалы жері, соларға су апаратын 36 шақырымдық суландыру жүйесі болды. Сол 22 мың гектар суармалы жерден жылына 150 мың тонна астық алып жүрдік. Қазір осыдан бір гектар да суармалы жер қалмады! Суландыру жүйесінің бүкіл темір-терсегі түгі қалмай қолды болып, Қытайға өтіп ол кетті. Ауданда екі диірмен, екі май зауыты бар еді. Қазір ол жоқ. Осыларды ойлап, шыдай алмай, түнеукүні ауданның жап-жас әкімі Қажанов Дулаттың қабылдауында болып, әңгімелестім. Жағдайға тереңінен қарайтын бір дұрыс азамат екен, ұсыныстарымды түсіністікпен қабылдады.
-Қандай ұсыныстар айттыңыз?
-Бір-екі жыл бұрын газеттен оқып едім, біздің ел Америкадан 140 мың тонна тауық етін сатып әкеліпті. Басқа жерді білмеймін, біздің Күршім өңірінде құс фабрикасын ашып, өнімін өндірсе, кім кедергі?! Америкаға кеткен ақшаң өзіңде қалар еді. Қаншама жұмыс қолы ашылар еді. Өнімнің сапасы да басқаша болар еді. Оған мүмкіндік молынан жетеді. Жоғарыда айтқан суармалы жерлерді қалпына келтіру керек. Жедел арада! Сонда астық та өзімізден болады. Ал қазір астық жинайтын бір комбайн табар ма екенсің?! Ауданда балық зауыты жұмыс істеп тұр. Осы зауыттың қалдығы жаңағы тауық фермасына түгі қалмай жарар еді ғой. Бұның бәрі көп мүмкіндіктің бірлі-жарымы ғана.
-Аға, шындығын айтқанда, бізде бір таңқаларлық менталитет бар. Марқакөл бейнебір басқа біреудің жері сияқты, шекара жалаңаш қалды, ел жаппай көшіп жатыр, көшті тоқтатудың бір жолы, және де жалғыз жолы – жабылған ауданды қайтадан қалпына келтіру деп зар қаққалы қаншама жылдар болды, селт еткен ешкім жоқ. Ал сіз осы мәселені қозғап, тіпті, былтырлары Астанаға әдейілеп барып, Парламент басшыларына дейін жеткеніңізді білеміз. Сізге тыныштық бермей жүрген не сонда?
-Айналайын-ау, Марқадай көркем өлкенің күйзелген күйін көріп қалай шыдайын?! Марқакөл өңірі географикалық орналасуы бойынша шөлейт субальпі, альпі, тау алды жазығы, және мәңгілік тоң басқан өңір болып 5 аймаққа бөлінетін біздің елдегі «уникальный» аймақ қой! Бұл аймақ – жершарындағы өсіп-өнетін өсімдіктер, дәнді-дақылдар, тұрмысқа жарамды барлық ағаштардың түрі, балық, жан-жануардың барлық түрі, қойнауында алтын, қола, күміс, көмір, мұнай кендерінің мол қоры бар, заманында екінші Швейцария аталған, ботаның көзіндей сұлу Марқакөлі, теңіз деңгейінен 1500-2000 метр биіктіктен атқылап ағып жатқан Қалжыр, Ақ Қаба, Арасан Қаба, Жаман Қаба, Қара Қаба өзендері мен кезінде адамдар жүк тасымалдайтын кемелер жүретін Қара Ертісі бар – бәрі де бабаларымыздың «бүгінгі ұрпаққа кәделеріне жаратыңдар» деп қалдырып кеткен киелі өңірі.
Ауданда қосалқы шаруашылықтардың ішінде: нан, май зауыттары, ағаш дайындайтын, ағаш өндіретін мекемелер, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығына мамандандырылған механикалық училище, орман шаруашылығы (Марқакөлдің «Леспромхозы» өндірген ағаштан Өскемендегі бүтіндей Красин кентінің үйлері салынғанына мен куә), Марқакөл қорығы, коммуникалдық және сауда мекемелері, 8 балабақшасы, 29 мектеп, 33 кітапхана, 37 киноқондырғы, мәдениет үйлері, 5 аурухана мен емхана, 26 фельшерлік акушерлік пункт, 4 елді мекенмен әуе қатынасы, облыс, көрші аудандармен тұрақты автобус қатынасы бар елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, бүгінгі екі апайтөс мемлекетпен шекаралас айбынды ауданның бірі болды. Аудандағы 28 елді мекенде отыз мыңның үстінде халық тұрды, шат-шадыман күй кешкеніне өзім куәмін.
Осының барлығын көре-тұра үндемей қалуға дәтім шыдамайды.
-Марқа өңірінің жайын тіпті, жатқа білесіз ғой, аға!…
-Білмегенде ше?! 1970-ші жылға дейін Күршімнің Марқамен шекаралас «Қалғұты» совхозын он жыл басқардым. Бір шеті мен бір шетіне дейін 250 шақырым. Бес бөлімшенің арасын кеңседегі жалғыз қара телефон қосып тұрады. Сөйтіп жүріп 4,5 мың гектар жерге егін өсірдік, қой басын 110 мың басқа, ірі қараны 1200 басқа, жылқыны мың басқа жеткіздік. Қос қабатты мектеп салып, онда 400-ден астам бала оқыды. Қазір сол ауылда 84-ақ бала қалыпты.
Осының барлығын ойлағанда, төбе шашым тік тұрып шошимын. Неғылған осыншама бейғам ел едік! Біздің буын жоқтан бар жасап еді. Сол барды түк қалдырмай тиын-тебенге сатып жібердік.
Алтынды қолмен жууға рұқсат берілді дейді. Бұл енді жұмыссыз халықты жұмысқа тартудың жолы ма, сонда?! Апырым-ау, алтынды әлдеқашан өркениетті жолмен өндіріп жатқан жоқпыз ба? Бұл қай сасқанымыз?! Кіші Маралиха, Қарлығаш, Қойтас, атақты Маңқан алтын кеніштеріне қазіргі заманға сай жан бітіруге неге болмасқа?!
Енді Жердің жайы, Елдің жайы не болады?! Осыны ойлағанда, өз-өзімді қоярға жер таппаймын. Соғыс алдындағы ауыр кезде, соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезінде де тығырықтан шығып едік қой! Еліміз еркін өмір сүріп оытрған заманда бізге не болды?! Әлде, Ел қамын жейтін Ерлеріміз азайып кетті ме?! Тегі солай шығар…
Біздің атқа мініп, осы шаруаларды қолға алатын ермінезді жігіттеріміз қайда? Неге барлығы босбелбеу боп, болбырап кетті?!
«Төрт қалмақ» деген жерде мұнай қорымыз бар. Мен «Қалғұты» совхозында директор болып қызмет істеп жүргенде, бір күні геологтар келіп бізден ет алды. «Шәкірмыстың» шығыс жағында көмірдің үлкен қоры бар деді. Сол кезде әлі пыспаған «Қоңыр көмір» екен. Енді бір елу жылда әбден пісіп-жетіледі деді. Сол елу жылың міне өтті ғой. Египетте кездесетін, шыны зауытына қажетті шикізат та осы маңда бар дейді…
Зайсан көлінің маңындағы Ақсуат, Қызылөгіз, Мөнөкей сияқты ауылдарда өңделетін балық өнімі Мәскеудің көрмелеріне шығарылатын. Сол кішкентай Ақсуат ауылындағы мектепте де 400 бала оқыды. Бертінгі жылдары Мөнөкейді жаңа мектеп салып еді, қырық бала ғана оқығандықтан, жабылудың алдында тұр.
Өскеменнен 230 шақырым жердегі Күршімнің де, 400 шақырым жердегі Марқакөлдің де халқы Бұқтырма арқылы өткізетін паромға сүйеніп отыр. Сол паромның өзін арабтардың ақшасына әзер жөндетіп еді. Автобус қатынайын десе, паром автобус үшін өте қымбат баға сұрайды. Баға тиімсіз болған соң, автобус та жүрмейді. Халық тек таксимен ғана қатынауға мәжбүр.
Үш ай қыста паром тоқтап, шала қатқан мұздың үстінен жүру қауіпті болғандықтан, Күршім мен Марқакөлдің халқы жүздеген шақырым айналма жолмен – не Зырян арқылы, не Зайсан арқылы қатынайды. Жол қашық болған соң, мұнда жеткізілетін тауарларға қосылатын баға да аса қымбат!
Көпір салу керек десең, оның құны 30 миллиард теңге екендігін осы жолы облыс әкімі Ахметов тағы айтты. Рас, арзан емес.! Бірақ егер де, халық көшпей, ауыл шаруашылығы мен басқа салаларды дамытып, қызу еңбек қызып жатса, бұл ақша ақталар еді ғой. Бірақ қызып-қайшыласып жатқан өмір болмай тұр ғой өңірде!
Соңғы жылдары шекаралық аймақтар жайында баспасөз беттерінде сөз қозғап жүрген сенатор Д.Мусин былтыр «Шекаралық ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашу – кезек күттірмейтін іс», «Шекаралық ауылдардың жағдайын жақсарту ұлттық қауіпсіздік кепілі екенін естен шығармағанымыз дұрыс», «Шекаралық аудандар үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек дегенге қосыламын»,- деп ҮШ мәселені дұрыс атап өтіпті.
Иә, Қытай мен екі арада құс ұшпай тұрған кеңес кезінде шекарадан 50 шақырым аумақта тұратын тұрғындар үшін 15 %-дық «қазақстандық», 15 %-дық «шекаралық» үстеме ақы төленуші еді. Ал, Сенатордың келтірген мәліметінше, Қытаймен 300 шақырымдай шектесіп жатқан Күршім ауданының 49 елді мекенінің 11-і жоғарыда айтқан 50 шақырым қашықтықта орналасқан.
1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандарда 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатқан. 45 (!) елді мекен еліміздің картасынан жойылған. 2012 жылғы дейінгі дерекке қарағанда, он бес жылдың ішінде шекарадағы Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудардары аумағынан 85 мыңнан аса адам көшіп кеткен!
-Сонымен, Ахметкәрім аға, сөздің түйіні…
-Сөздің түйіні – осы өңірдің бүгінгі хал-ахуалын ескере отырып, Президент мен Үкіметіміз шекаралық аудандарды, оның ішінде Марқакөл ауданын қайтадан қалпына келтіру мәселесін жедел қолға алуы тиіс. Осы қалыпта тағы он жыл тұрса, шекарада халық қалмайды. Көпір салынса, Өскеменнің зиянды қою түтінін жұтып жүрген халықтың басым көпшілігі кері оралар еді.
Басты айтпағым: осымен Марқакөл өңірі келмеске кетті емес, керісінше, Марқакөлдің бұрынғы қалпына келетін, одан да шарықтап, өркендейтін күні туады деп сенемін!
-Көп рахмет, ақсақал!
S.Omirtai, «Жерұйық» порталы.