Бәрі коронавирустан басталды. Оны қазақшалап «тәжівирус» депті. Тәжі сөзі қазақта қасиетті сөз. Оны қайдағы бір вирусқа таңған қалай болар екен?…
Бірақ осы вирустың әлемдік экономикаға да «вирус» болып түскендігі даусыз. Қытайдағы карантиндік шаралар мұнайға деген сұранымның түсіп кетуіне ықпал жасағаны тағы рас. Ол өзінен-өзі мұнай бағасын түсірді.
Қысқасы, аяқ асты пайда болған бұл дерт жай ғана вирус емес, ендігі жерде саяси, экономикалық, тіпті, әлеуметтік құбылысқа айналғаны даусыз.
Қытайда өндіріс төмендей бастады. Бұл енді экспорттық қуатқа ықпалын тигізеді. Ал бұның кесірі өз-өзінен жүк тасымалына әсер етеді. Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» жобасының белсенді қатысушысы екендігін, өзінің көліктік инфрақұрылымына көп қаржы жұмсағандығын ескерсек, бұның біздің экономикамызға кері ықпалы айдан анық.
Осындай жағдайда Сауд Аравиясы ОПЕК+ мәмілесі (мұнай өндіру ауқымын төмендету туралы әлемдік мәміле) шеңберінде мұнай өндірісіне тәулігіне 1,5 млн. баррельге азайтуды ұсынды. Ал Ресей болса, бұл ұсынысты қолдамайтынын, мұнай өндіруді азайтпайтынын мәлімдеді. Осы тәжікенің «арқасында» мұнай бағасы 50 доллардан 45 долларға түсіп кетті.
Бұған өкпелеген саудиттер ендеше біз мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн. баррельден 12 – 13 млн. баррельге дейін өсіреміз деді де, алдағы сәуір айында бұрын-соңды болмаған жеңілдікпен Еуропаға шығару бағасын 8 долларға, АҚШ-ға 7 долларға, Азияға 6 долларға дейін түсіретінен мәлімдеп кеп жіберді. Осыдан кейін баға 32 долларға дейін күрт құлады. Экономистер егер де ендігі жерде баға 40 долларға дейін көтерілсе, соған да тәуба деу керектігін айтып отыр.
Ал қарапайым халықты «Неге осы әлемдік нарықты қандай да бір сілкініс лаңдата қалса, біздің теңге ескексіз қайықтай қалт-құлт етіп қайқаңдап қалады?! Неге осы мына тұрған өндіріссіз Өзбекстан мен кедей Қырғызстан бұны шыбын шаққан құрлы көрмейді?!»,-деген сұрақ мазалайды. Расымен неге солай?
Осы сауал бізді ылғи мазалайды. Айтары бар-ау деген ірі кәсіпкерлердің, экономистердің пікірлерін көп қарап, талдап көрдік. Қара халықты ойландырған осы сауалға дәлірек жауаптың көбісі мынаған саяды: Қазақ елі өзінің оңтүстік көршілеріне қарағанда экономикалық жаһандану үдерісіне көбірек кіріп кеткен. Біздің сыртқы берешегіміз де әлдеқайда көп, инвесторларға кіріптарлығымыз да басым. 2000-ші жылдардың басындағы мұнай дүрмегі кезінде шетелден топырлатып көп қарыз әкелдік. Осы қарыз ақша мен оның өсімпұлы өсіп жатыр. Мұнайдың жоғары бағасына елтігеніміз соншалық, бізге тиімді ме, тиімсіз бе, көп жобаға көз жұмып қол қойып жібердік. Оның үстіне «арқа сүйейтін» мұнайы жоқ өзбектер мен қырғыздар басқа сенетіні болмаған соң, ірілі-уақты өз өндірістерін ашып алды. Сондықтан оны-мұны сыртқы дүмпулерге сыр білдіре қоймайды.
Жарайды дейік. Мұнайдан басқа Менделеевтің бүкіл таблицасы табылатын бай қазақтың теңгесінен қырғыздың сомы неге әлдеқайда күштірек те тұрақты?
Бұл сауалға жауап іздеп тағы көп іздендік. Сондағы тапқан бірсыпыра дұрысырақ уәжіміз мынандай болды: біздің елдегі ірі корпорациялар мен банк секторының теңгенің бағамдық саясатына ықпалы күштірек. Ал өзбектерде болса, бағамға мемлекет тарапына бақылау әлдеқайда қаталырақ, Қырғызстанда болса біздегідей ірі ойыншылар мүлде жоқ. Оның үстіне орыстың рублі мен теңгенің кіндігі байланып тұр. Егер рубль теңгеден гөрі жылдамырақ «құласа», орыстың тауары бізге қарай жөңкіледі де, қазақстандық тауар сырт бәсекесіне төтеп бере алмайды.
Қысқасы, біздің елге өте байсалды экономикалық реформалар қажет. Өйтпегенде, экономикалық өсім де болмайды, халықтың нақты кірісі де көбеймейді. Ең бастысы – шикізаттық тәуелділіктен тездетіп арылуымыз керек.
S.Omirtai, «Жерұйық.kz».