Короновирустан қорғанудың басыты шартының бірі – маска тағу керектігі екені белгілі. Бір қызығы, сол маска мәселесі елімізде әлі толық шешімін тапқан жоқ. Медициналық бұйымның бұл түрін өндіруге осы уақытқа дейін мән берілмеген бе, оған сұраныс күшейген кезде дәріханалар сөресінен таппай қалдық. Аты жаман вирус Ухан қаласын ушықтырып жатқанда бейқам жатқан біздің ел соңғы бір аптада ғана аяғынан тік тұрып сақтық шарасына көшті. Үкімет айтпаса үнсіз отыра беретін қауым дәріханаларға қарай бет бұрғанда іздегендері болмай шықты. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» дегендей, маска мен бактерияға қарсы гель, антисептик секілді заттар бағасын сатушылар бірнеше есеге бір-ақ секірткен. Байтал тұрмақ бас қайғы болып тұрған шақта халық не істесін, бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр. 30 теңгенің маскасы 100-150 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Сонда деймін-ау, осы мәжбүрлікті пайдаланып отырғандарға тежеу қоятын ешкім болмғаны ма? Бағаны реттеуге жауапты мекемелер қайда?..
Дабыл мемлекеттік деңгейге көтірелген кезеде Семей мен Шымкент қалаларындағы тігін фабрикаларында маска шығару қолға алынды. Бірақ, маска бағасы әлі де 100 теңгеден сатылып жатыр. Бұл арзан ба әлде қымбат па дегенге тоқталсақ, 30 теңгелік заттың осыншалық шарықтауына ел наразы. Шыдамдылық мерзімі 2 сағаттық әрі бір мәрте ғана қолданатын заттың бағасын 100 теңгеге көтеру еш ақылға қонымсыз.
Біз бұл жерде кәсіпкерлердің еңбегі мен табыстарына көзалартып тұрған ешетеңеміз жоқ. Өнім бағасының ақылға қонымсыздығына алаңдаймыз. Бүкіл ел жаппай сақтық шарасына көшу қажеттігі туындаған кезеңде бұл баға табысы төмен қауымға қолжетімсіз болып қалмақ. Күніне бірнеше маска ауыстыру қажет болған жағдайда олардың жалпы шығыны қанша болмақ.
Сондықтан, жергілікті билік халықты амалсыз тұтынатын заттарының бағасына баса мән беру керек. Әр нәрсенің өзіндік құны бар емес пе? Дәл қазіргі жағдайда қоғам мәжбүр болып отырған заттарды тегін таратпаса да, өзіндік құнымен саудаласа сауаптың да үлкені сол болар еді…
«Жерұйық» – ақпарат»