Жаңаөзендіктер Үндеуі

137

Құрметті Қазақстандықтар!

2020.03.12 күні Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешітінде қасиетті Құран оқуменен басталған жиында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы,  Жаңаөзен қаласының құрметті ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, белсенді қала жастары және мешіт имамдары Қазақстан халқына Үндеу жолдады.

Үндеу

 

Ардақты ағайын, құрметті халайық!

Маңғыстау облысы,  Жаңаөзен қаласының ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, мешіт имамдары және қала жастары  атынан бұл үндеуді барша Қазақ жұртына арнаймыз.

Соңғы бірнеше он жылдықта халқы¬мыздың тұрмыс-тіршілігі едәуір өзгеріс¬терді бастан кешті. Еліміз бойынша 2000-жылдардан бастап әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсара бастады, елдің тұрмыстық жағдайы да жақсарды. Нарықтық қатынастар өмірімізге еркін еніп, сауда-саттық ұлғайды, азық-түлік түрлері көбейді, дастархан молайды. Аллаға шүкір басынан талай қиын  жылдарды  өткізген халықтың әл – ауқаты түзелді. Бірақта шынтуайтына келсек пейілі кең, көңілі дархан қазақ халқы бүгінгі таңда күнделікті тіршілікте сол дархандылықты дарақылыққа айналдырып көптеген ысырапқа жол беруде. Қазақ халқы қуанышта да, қайғыда да материалдық-моральдық ысырапқа ұшырауда. Қазақ дәстүрінде ерлі-зайыптылардың некесін қиып, шаңырақ көтеріп, отау құрғасын белгілі бір уақыттарда атап өтетін тойлары болады.  Бүгінгі күні елімізде жастар үйленгенімізге 1, 2, 5, 10,15, 20 жыл деген себептермен мейрамханаға той жасап, атап жүр. Мұндай тойлардың мәні  ба ма?

Құрметті ағайындар біздер қайда кетіп барамыз. Қолымыздағы дүниені бала-ларымыздың болашағына қажетті білім, пәтер, немесе т. б. қажеттіліктеріне жұмсамай бір күндік қызықтарға ғана шашудамыз. Оның өзінде оған жұмса-латын қаражатты адамдардан қарызға немесе банктерден несие алып жасап артынан оны төлей алмай қиналып жатқан қаншама  отбасы бар? Салдарынан қаншама жанұяның шаңырағы шайқалып жатыр.

Осы ысыраптардың алдын – алу мақсатында келесі ұсыныстарды ұсынамыз:

1) Беташар, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар той,   құда түсу, қоржын сөгу,  туған күн секілді түрлі мерейтой  қуанышты күндерді өз жанұямыздың ортасында, ағайын арасында ғана отбасылық мереке ретінде тойласақ;

2) Отау құрған ұл – қызымызға арналған үйлену тойын арақ – шарапсыз, қымбат әншілерсіз, қымбат асабаларсыз, қымбат көліктерменен қыдырусыз өтсе екен.  Оларға кеткен қаражат екі жастың алдағы өмірлеріне қажетті дүниелерге жұмсалса.

3) Тойханаларда өтетін барлық тойлардың дастарханындағы тағамдарды далаға төгілетіндей ысырапшылдыққа жеткізбесе. «Судың да сұрауы бар» деген қазақтың баласы ретінде; далаға тасталған бір түйір дәннің де обал – сауабы, сұрауы бар екендігін ұмытпасақ.

Екінші сұранарымыз қайғылы, қаралы үйге байланысты;

1) Жаназа кезінде қаралы үйдегі ысыраптар азайса. Кісі қайтқан үйде қазан – қазан тамақ асылу, ірі қара мал сою, қонақ асы беру, мата жыртыс тарату, ине- жіп, тарақ, сабын т.б. тарату, дастарханды тойдың тамағындай етіп жасау, қайтқан кісінің басына 3 – 4 миллион теңгеге қымбат етіп там салу, қабір басында там байғазы беру, төрт бұрышына төрт кілем қою, мата тарату т.б қажеті жоқ рәсімдер тыйылса. Оған кететін қаражат жағдайы жоқ отбасыларға жұмсалса.

2) Бүгінгі ас-садақа дастархандары тойдың дастархандарынан ешбір айырмашылығы жоқ. Қайтқан кісілерді еске алу ас – садақа дастархандарын қарапайым етсе. Біреудің жайған дастарханын сынаудан арылсақ.

Құрметті Халайық !!! «Мақтаншақ, бекер мал шашпақ» деп Абай атамыз айтқанындай бәсеке, бос ысырапшылдықтан арылсақ ағайын !!!
Алла Тағала Елімізді аман, Жұртымызды тыныш етсін. Халқымыздың өсіп – өнуіне, мемлекетіміздің бұдан да көктеп, көгеруіне, алып Мемлекет болуына нәсіп етсін. Ұрпақтарымыздың иманды, ибалы, білімге құштар, Елін сүйген Ұлтжанды құлдарынан болуын жазсын. Мынау Әлемді шарпыған короновирус дертінен Халқымызды, Отандастарымызды Алла Тағала қорғап, жұқпалы дерттің Елімізде таралуынан сақтасын.

Құрметті халайық, осы көтерілген «Үндеуді» қолдап ары қарай таратуларыңызды, және іс жүзінде жүзеге асуына ат салуларыңызды сұраймыз.

Алла Тағала разы болсын !!!

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз