Соңғы екі аптаның дүйсенбісі де «қап-қара» болды. 9-шы наурыз күні мұнайдың әлемдік бағасы күрт құлдилады. Ол құлап еді, біздің теңгеміз де көп күттірмеді, ол да «құлады». 16-наурыз күні мұнай бағасы тағы да төмендеп еді, теңге тағы соның жетегінде кетіп, тіпті, қорқынышты түске кірмеген 440 теңгеге бір-ақ түсті.
«Время» апталығы (18.03.2020 жыл) экономист-академик Рахман Алшановпен осы тақырыпты сұхбат ұйымдастырған екен. «Жерұйық» порталы қазақ оқырманы үшін бір пайдасы тиіп қалар деп, сол сұхбатты ықшамдап, қазақшалап ұсынып отыр.
-Мұнай ондаған жылдар бойы барреліне 20 доллардан аспай тұрды. Мұнай бағасы араб-израиль қақтығысы кезінде қымбаттай бастады да, содан бері әйдік алыпсатарлықтың көзіне айналып шыға келді. Әлемдік арамза капитал мұндай ойын алаңын бірден сезе қойды. Хедж-қорлар, траст компаниялар бұдан жақсы бизнес жасайды,-дейді академик Р.Алшанов.
Әлемдік экономика өссе, мұнайға деген сұраныс та өсті.Бірақ дамыған елдер экономикасының мұнайға тәуелділігі үлкен емес. Сөйтсе де, бұндай елдер де, мұнай өндіретін Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Ресей, Әзербайжан, Венесуэла, Нигерия сияқты елдер де өз бюджеттерінің негізіне мұнайдың тіпті ересен жоғары бағасын алып отыр. Соның нәтижесінде инфляцияны өздері арандатып, туғызуда. Өйткені, мұнайдың бағасы өссе, өз шығынын сонымен жабады.
Есіңізде болса, 2008 жылы мұнай бағасы барреліне 145 долларға детіп еді ғой! Ал Ирак, Сауд Арабиясы мен басқа да мұнайлы елдерде мұнайдың өзіндік құны барреліне 80 цент пен 2 доллардың арасында ғана.
Бүгінде сол мұнайлы елдер шикізат бағасын құлатып, кім кімді жеңер екен деп қауіпті ойынды бастап кеп жіберді. Бірақ оған шыдай алар ма екен? Шамалары көпке жетпейді деп санаймын.
Сауд Арабиясы, Ресей, АҚШ сиқты жетекші ойыншылар көпке шыдай алмайды. Американың сланец мұнайы барреліне 45-50 доллар болса ғана рентабельді. Ресейдің солтүстік кеніштерінде де мұнайдың өзіндік құны жоғары. Бұл жерде әлемдегі ең негізгі тұтынушы – Қытай үшін ғана мұнайдың бүгінгі бағасы аспаннан шұға жауғандай. Коронавирус шуының артында да сол тұр деп жүр ғой. Бірақ, меніңше, ол бұндай ойынға бара қоймас деп ойлаймын. Өте қауіпті ойын ғой.
Түйіндеп айтсақ, әлемдік экономикадағы кез келген дағдарыс денедегі артық майды сылып тастағандай, артық-ауыстан тазалайтын жалынға ұқсап, ақыр-аяғында керексіз алып-сатарлық күту мен аңсаудан сауықтырады. Сондықтан, жазға қарай жағдай қалыпқа түседі деп ойлаймын. Әлем дағдарыспен күресте үлкен тәжірибе жинап отыр. Бұл жерде Қазақстан үшін де үлкен сабақ алар жай бар.
– Қандай сабақ?
– «Ресурстар қарғысы дәуірі» деген түсінік бар. Мұнайдың жоғары бағасы, бюджетке түсетін орасан көп қаржы ақша үлестіріп беру экономикасының негізі болып отыр. Біздің елде Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарынан басқа өңірлер республикалық бюджеттің дотациясына отырды. Түркістан облысы өз бюджетінің 86 пайызын дотациядан алады. Сондықтан біздің экономикалық саясатымызды толығымен қайта қарастырып, құратын кез келіп жетті.
Валюталық бағам жайына келсек. Ресей бізге үш есе артық экспорт жасайды. Сондықтан олар теңге бағамы күшейгенін қаламайды. Оның үстіне Қазақстан мен Ресей арасында қашан да өте күшті алыпсатарлар бар. Ақша бағамын одан бетер шайқап-толқытып отырған солар. Теңгенің бағамын бірнеше компанияның мүддесі үшін қолдан төмендетіп жіберген де жағдай болған. Бұлай істеуге болмайды. Біздер ақша бағамына еркіміз білгенше өз дегенімізді жасудан бас тартуымыз керек.
Бүгінде ақшаның қалқымалы бағамы бізге қажет пе деген сауал жиі талқыланып жүр. Бұл дау-шарда бізді Грузиямен жиі салғастырады. (Бұл жайында «Жерұйық» сайты кеше «Досқа таба, дұшпанға күлкі болмай…» атты мақалада айтып еді). Олардың экономикасы шағын ғана. Біз болсақ, әлемдік-шаруашылық байланысқа, соның ішінде шикізаттық лекке олардан әлдеқайда тереңірек, кеңірек тартылғанбыз. Біз үшін сол мұнайдың өзінің бағасының әлемдік дәрежедегі тербеліп-теңселіп тұруының маңызы үлкен. Біз бәріне қолды бір сілтей сала алмаймыз. Бірақ өте сауатты экономикалық саясат түзуге тиіспіз.
– 16 наурыз күні таңертең мұнай бағасы баррелі үшін 32,8 долларға құлады, ал доллардың бағамы 421-440 теңгеге бір-ақ секірді. Бұндай ақылға қонымсыз кенеттен жасалған жауаптық реакция қайдан, қалай пайда болды? Бұл әлде президенттің жарлығымен енгізілген төтенше жағдай тәртібімен байланысты болды ма екен?
– Жоқ, ТЖ-ның ұлттық ақша бағамына еш қатысы жоқ. Бұл жағдай мұнай өндіруші ірі елдердің өзара қарым-қатынасындағы дағдарысқа байланысты болып отыр. Не десеңіз де, біздің бюджеттің мұнайдан құралатыны белгілі. Бізде салықтың 80 пайызы мұнай компанияларынан келіп түседі.
Өз басым ел бюджетін мұнайдың баррелі үшін 30 долларлық бағамды есепке алып, жасау керектігін баяғыдан айтып келемін. Егер ол бағам жоғары болса, көзделген кірістен тыс қаржыны қайсыбір кесек мемлекеттік бағдарламаларға, бірінші кезекте әлеуметтік бағдарламаларға бағыттауға болады. Ал мұнай бағасы төмен болғанда, бұл бағдарламаларды резервте
ұстай тұруға болады. Ал қазір ше? Қазір өзіміз өз саясатымыздың бодауында қалып отырмыз. Бюджетті мұнайдың бағасы басқаша болып тұрғанда жасақтап, 7 трлн теңге кіріс алмақ болдық. Бүгінгі жағдайда 2-3 трлн теңгені жоғалтатынымыз анық. Осы жоқтың орнын қалай толтыру керек? Жолы біреу ғана – ұлттық ақшаның бағамын өзгерту. Қарапайым ғана арифметика. Ал егер мұнай бағасының бюджетке тигізетін ықпалы бүгінгідей салмақты болмағанда, теңге бағамы да көңілге қонымды, ақылға сыйымды болар еді.
Енді экономиканы әр тараптандыру бағдарламасы қайда деп сұраңыз? Оның басқа секторлары қайда? Жауап ап-анық: жағдайды спекулятивтік (алаяқтық, алып-сатарлық) капиталдың ықпалы асқындырып отыр. Бізде ірі компаниялардың нағыз қожайындары мемлекеттік құрылымдарда белді қызметте отырып, өз мүдделерін алға жылжытып (лобби) келеді. Соның нәтижесінде үкіметіміз біздің қолдан не келеді деп қарап отыр.
– Бұл жағдайда президент ұсынған мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы кезінде сол лобби иелері көрпені өздеріне тартып жүрмей ме?
– Мемлекет басшысы тек оның әдіс-тәсілдерін анықтап беріп отыр. Енді бәрі де қандай құрал таңдаймыз, соған байланысты. Сіз айтқан құрал болып жүрмеуі керек. Мысалы, өткен дағдарыс кезінде дұрыс тәсіл таңдалмады. Банктерге 22 млрд теңге бөлінгені есіңізде шығар. Не үшін? Оданша халыққа көмектесу керек еді: төлейтін салықтарын азайтып, жалақысын көбейтіп дегендей. Немесе мемлекеттің “ҚазМұнайГаз»-ға көмек бергенін алайық. Бүкіл әлемде біздің осы мұнай компаниямыз ғана шығынға батыпты!
Бар әлемде, мұнай бағасы құлаған кезде, бензиннің, авиакеросиннің бағасы төмендейді. Тек бізде ғана, керісінше, өседі. Өйткені, біздегі мұнай компаниялары өзінің жоғалтқанының орнын осылай толтыруға тырысады. Ал сонда нарықтық экономика қайда қалады? Монополистермен күрес, бәсекелестікті қолдау заңдылығының күші жоқ болғаны ғой.
Бүгінгі таңда мәселе былайша қойылып отыр: бізге жаңа экономикалық нарықтық қатынастарға көшпей болмайды. Біз онысыз бүкіл тапқан байлық, жиылған ақшамызды желге шашып жібермекпіз. Президент Тоқаевтың алдында көп жұмыс жасау міндеті тұр. Көптеп жақсы бағадарлама жазуға болады, елімізде жақсы идея аз емес (мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет алдағы мамыр айында халыққа мүлдем жаңа экономикалық модель, елдің одан әрі дамуының жаңа бағдарламасын ұсынуы тиіс). Мұнымен бірге сол бағдарламаларды оқып қана қоймай, дұрыс пайымдап, сол идеяларды түсінетін адамдар да керек қой. Ал біздің басқармаларда басқарушы болып ағасы, көкесі тағайындағандар тізіліп отыр. Соның салдарын қазір көріп отырмыз. Есеп комитеті 900 млрд теңгенің ереже бұзушылығын анықтап отыр. Бұл дегенің сұмдық көп ақша ғой!
Сондықтан, барлық үміт – коронавируспен қосамжарласып келген мұнай дағдарысы экономиканы жаңалап, жаңғыртып, сауықтырады деген сенімде. Коронавирус болмаса, бәлкім, соны ойлап табу керек пе еді….
– Сіздің таяу уақытқа жасаған болжамыңыз қандай?
– Меніңше, бір-екі ай ішінде барлығының шыдамы таусылады да, бәрі қалпына келеді. Мұнай бағасы көтеріледі. ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер бір мәмілеге келмек. Бүгінгі әлем әйтпесе, нокдауында тұрған жоқ па. Путиннің иегінің астында конституциялық реформа тұр, Трампты президент сайлауы күтуде. Ешкімінде мұрша жоқ. Бұндай жағдайда жедел шешімдер қабылдау керек. Өйтпегенде, Сауд Арабиясына да, АҚШ пен Ресейге де оңай болмақ емес. Орнынан тұрып, көтерілуден басқа жол жоқ.
Қазір қытай экономикасы қалпына келе бастайды. Алдағы сәуір, мамыр айларында толық түзеліп, мұнай бағасы қайтадан өсе бастайды. Мұнай баррелі кемінде 50 долларға көтеріледі.
– Қазақстан ше?
– Қайталап айтайын, біздегі мұнай секторының орны айрықша. Сондықтан, бізге өзіміздің экономикалық саясатымызды қайта қарауымыз керек. Бұл үдеріске ең озық ойлы азамттарымызды тартуымыз қажет. Үкіметтің құрамын қайта қарап, оны жаңартуға тиіспіз. Біздің экономикалық блогымыз түкке де жарамайды – шырпы басын сындырмай отырған жай.Тек «Болашақтықтарға» иек артып керегі жоқ, жас шамасына қарамастан, тәжірибелі адамдарға арқау сүйеу керек. Қашанғы тәжірибе жасаймыз?! Бөгденің моделін көз жұмып көшіріп алуды тиятын кез жетті!
S.Omirtai, «Жерұйық.kz».