Белгілі кәсіпкер, Қазақ елінде кесек-кесек қайырымдылық шараларын жасап келе жатқан, BI Group құрылыс холдингінің акционері және директорлар Кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Hilton қонақ үйін коронавируспен күресте жарияланған карантин мен науқас адамдарды емдеуге жатқызу үшін қажеттілікке деп босатып беретінін жария етті.
Айдын мырза әлеуметтік желіде былай деп жазып отыр:
-Жағдайдың аса алаңдатарлық екенін түсіне отырып, біз өзіміздің Хилтон мейманхана кешенін карантин қажеттілігін өтеуге, науқастарды жатқызуға беруді ұйғардық. Арнайы командамыз әзірленіп, осында келіп жеткен дәрігерлер тобы және әкімдік штабымен бірлесіп жұмыс амалдарын ойластырып жатыр. Тәуекел аз емес, әрине. Дегенмен, амалын табармыз деп ойлаймын. Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп өз-өзімізден сұрайық!
Айдын бауырымыз бұған дейін әлемді әбігерге салған «тәжітажалмен» күрес қорына қосқаным деп өз холдингі атынан 100 миллион теңге қаржы бөлген еді.
Ақын ағамыз: «Біздің елдің жігіттері – Жігіттердің төресі»,-деп жазғанда, осындай ерлерімізді жырлағаны анық.
«Жерұйық»-ақпарат».