Семейлік белгілі тарихшы Амантай Исин былай деп ой тастайды:
-Мемлекетімізде кедейшілікті жою басты қажеттіліктің бірі екенін сезіну баяу болса да, аңғарылып келеді. Əлемдегі халқы ең кедей елдердің санатына қосылмау мүмкіндіктеріміз бар. Утопист идеологтарымыздың заманы өткен. Тоқаев халықтың тұрмыс жағдайын құлдыратпау шараларын бастап та кетті. Жағымпаздық пен мадаққа үйреніп кеткен мемлекет жүйесінің басшылары жəне ел шаруашылығына жауапты меншік иелері ойланар, тұйықтан шығар шынайы саясатқа кедергі жасамас.
Әбекеңнің құрдасы, әріптесі Асан Омаров досының осы пікірін іле құптап, былай дейді:
-Утопист болмай, шындыққа тура қарасақ, алдымен вертикалды билік жүйесімен қоштасу керек. Кез келген вертикаль елді басқарудың жасанды моделі, яғни өтірік, қате бағыт. Әр адамның еркіндігін сақтау – табиғи модель. Бұлай басқару қиындау, бірақ тығырықтан алып шығатын құдірет осы арада. Осыны түсіне алатын тауфиқ берсін Тоқай тегіне. Әбеке, менің рационалды көзқарасым осы.
Асекеңнің есімі елге үлкен абайтанушы, шәкәрімтанушы ғалым ретінде белгілі. Бірақ ел оның бастапқы білімі инженер екендігін біле бермесе керек. Асекеңнің пікірлерінен прагматикалық ой-тұжырымдар ап-анық білініп тұратыны содан.
Әбекең досының бұл уәжіне:
– Енді ондай өлшем болмайды, ескірді. Əлем қожайыны болуға лайық Қытай өз елінде темір тəртіп орнатты. Соның нәтижесінде əлемдік індетті жеңіп, бұл күнде медик-санитарлары Еуропаны құтқаруға кірісті. Босаңсыған елдер жолда қалады, болашағы жоқ, – дейді.
Асан мырза:
-Қытайдың аты қытай. Оларға еліктеу керек емес. Екіншіден, демократия деген босаңсу емес. Керісінше тек заңға сүйену, барлығын заңмен шешу. Не, қазір бізде заң жұмыс істеп тұр ма? Вертикаль билікте заң қажетсіз, ол декороция ғана. Сталинизмді өттік, оған қайта шақырудың қажеті шамалы деген ойдамын.
Осы арада пікірталасқа араласқан Сағындық Әсенұлы атты азамат: «Бәрі бос сөз! Бос сөздің квадраты!»,-деп математик Асқар Жұмаділдаевтың пікірін қиыстырады.
Тағы да Әбекең:
-Вирусты індетпен күресуде əлемдегі ең озық мемлекет (Қытайды айтады) екенін көрсетті. Үш алыптың – Қытай, АҚШ жəне Ресейдің – болашақтағы бактериологиялық-вирустік айқасуында жеңіп шығатынын көрдік. Жердегі тірлікті де осы үшеуі жояр. Оған біз түк істей алмаймыз.
Жаңағы «қиғаш» пікірге Асан мырза:
– Сонда математиктің сөзін ғана сөйлейік пе. Оның бос емес сөзі қайсы. Көсемсімеу керек! – деп қарсы пікір білдіріп, одан әрі ойын былай деп сабақтайды:
– Асқардың қазақ технократ, инженер болу керек деп үнемі айтатын ойын мен құптай алмаймын. Қазір жер беті көк темірге толы. Онан адамзат ұшпаққа шығып отыр ма. Керісінше пәленің көзі болып отыр. Жері жоқ неміс, еврей, жапон инженер болсын-ақ. Ал қазаққа басқа өріс жетеді. Мысалы, даланы игеру керек. Ең бастысы, ойшыл, яғни адам жанының инженері болып әлемге үлгі көрсетуі керек. Рухани өнердің түр-түрін гүлдендіруі керек. Бұлар құдайдың емес, адамның ісі ғой. Ал батысқа еліктеп, далақтау өнімсіз. Сонымен, бос сөз Асқардікі ме, әлде менікі ме?
Сағындық мырза:
– Сіздікі де дұрыс. Бірақ, уды у ғана жоятынын ұмытпауымыз керек. Технологиясы дамыған елдердің шабуылына, тура сондай ғылыми революциямен ғана тойтарыс бере аламыз. Агроөнеркәсіппен кім індетті жойып көріпті? Ғалымның айтпағы да осы болса керек. Даланы игеру, мұнай өндіру мен қазба байлықтарын игеруден мүйіз шықса, осы күні бар қазақ бұғы болып кетер еді ғой…
-Ауыл десе бәрі тек мал өсіру деп ойлайды. Бізге керегі- агроиндустиялық бағыт. Бұл жүздеген зауыт, мыңдаған техника шығару деген сөз. Бірақ ол кең Даланы игеруге арналған болуға тиіс. Қазір бізде бағыт жоқ, түйе үстінде отырып от көсегендей әрнені бір қиялдаған құр дәме. Бұл агроиндустрия деген идеяны мен баяғыдан айтып келем. Бірақ олигархтарға керегі – қазба байлықты қорқаулықпен опырып, тез байып кету. Болды, бітті. Қазаққа ауыл инженері, агроном, гидроқұрылыс инженері көп керек. Бұл басқа әңгіме. Ауыл көркейсе, қазақ рухы да толысады.
Біз жоғарыдағы кейіпкерлердің арасында болған азғантай пікірталасты қаз-қалпында келтіріп отырмыз. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
«Жерұйық.kz».