16-22 наурыз – Бес қонақ. Бес күн бұлың, кейде боран болады.
27-28 наурыз – Құсқанаты. Қалықтап қар жауады. Халық бұл ырымды «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деседі. Осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді. Кей жылдары жаңбырға да ұласады.
4-5 сәуір – От амалы. Қыстың бір күндік соңғы бораны. Мұнан кейін қыс малға отты біржолата береді.
18-19 сәуір – Қызыр қамшысы. Аспанда алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады (Кей жылдары бір күндік суық та түседі). Отау-отау боп көкте жүзген жаздың бұлты шығады.
28-29 сәуір – Бүршік жарған. Бір күндік суық. Тобылғы, қараған бүршігін жарады.
9 мамыр – Қызыл жұмыртқа. Бір күндік салқын. Осы күні адал құстар қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызыл-шақа балапанын шығарады.
17-24 мамыр-Құралай. Осы жаңбырмен қоса киік лағын өргізеді.
29-31 мамыр-Үркердің батуы. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ.
Кәмел Жүністегінің «Көгілдір күмбез» кітабынан.