Құр дәменің жетегінде қашанғы жүрмекпіз?!

187

Біздің ақпараттық порталымыздың бетінен кеше  ғана инженер-абайтанушы-ғалым Асан Омаров былай деп ой бөлісіп еді:

-… қазаққа басқа өріс жетеді. Мысалы, даланы игеру керек. …Ауыл десе бәрі тек мал өсіру деп ойлайды. Бізге керегі – агроиндустиялық бағыт. Бұл жүздеген зауыт, мыңдаған техника шығару деген сөз. Бірақ ол кең Даланы игеруге арналған болуға тиіс. Қазір бізде бағыт жоқ, түйе үстінде отырып от көсегендей әрнені бір қиялдаған құр дәме. Бұл агроиндустрия деген идеяны мен баяғыдан айтып келем. Бірақ олигархтарға керегі  – қазба байлықты қорқаулықпен опырып, тез байып кету. Болды, бітті. Қазаққа ауыл инженері, агроном, гидроқұрылыс инженері көп керек. Бұл басқа әңгіме. Ауыл көркейсе, қазақ рухы да толысады.

Өзімізге ұнаған осы ойды одан әрі жалғастырғымыз келіп отыр. Міне, біздің алдымызда 2002 жылы «Санат» баспасынан басылып шыққан, өткен ғасырда қазақтың маңдайына біткен, мың жылда бір туар  Әулиесі – Димаш ата Қонаев жайлы  «Елу жыл ел ағасы» деп аталатын қалыңдығы бес елі етжеңді кітабы жатыр.

Қонаев атамыз: «Ел билеген тізесімен қан кешеді, кіндігімен май кешеді»,-деп мәтелдеп алып, Франция елшісі Бертран Фукомен сұхбатын келтіреді:

– Қазақстан – өте бай ел. Мұнда қара мен түсті металдың, көмір, мұнайдың, қымбат бағалы және сирек кездесетін металдардың, сондай-ақ атом өнерксәібі үшін қажетті шикізаттың сарқылмастай мол қоры бар. Егер бұған орасан зор көлемдегі ауыл шаруашылығы өндірісін қосатын болсақ, онда бұл елдің кез келген проблеманы шеше алатынына  және алға қойған мақсатына жете білетініне  көз жеткізе аласыз, – депті сонда француз елшісі (бұл 1992-ші жылы айтылған сөз).

Иә, мынандай алмағайып заманда қазақтың маңдайына біткен бақ-талайы – мал шаруашылығын дамытып, кең жазира даламызды мыңғырған малға толтырсақ, әлемдегі ең бай мемлекеттің біріне айналарымыз сөзсіз!

Қолымызда кеше ғана алған тағы бір дерек былай дейді:

Мына көршілес Моңғолияда өткен жылдың аяғына қарай жалпы мал саны 70,9 млн. басқа жетіпті. Алдыңғы 2018 жымен салыстырғанда 6,8%-ға өскен.

Моңғолияда жылқы саны 4,3 миллион, сиыр – 4,7 млн., түйе – жарты миллионға жуық болса, қой саны 32 млн., ешкі саны 29 миллионға жеткен! (Есіңізде ме, сол Қонаев ақсақалдың заманында Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу ұраны болып еді ғой?!).

Ең бастысы, жыл сайын 2,2 млн. ұрғашы мал төлдеп, соның төлінің 98,4 пайызы аман аяқтанып кетеді. Бүгінгі күні мал шаруашылығы – Моңғолия экономикасының негіздерінің бірін құрап отыр.

Енді аяңдап өз еліміздің жайына келейік.

Өткенде ғана Сенат төрайымының  ауыл  шаруашылығын дамытуға арналған  етектей баяндамасы жарық көрді.  Сол баяндамаға сүйене отырып айтсақ, Қазақстанның өте тиімді жағырафиялық орналасуы және де оның табиғи-климаттық жағдайлары, оның үстіне жер ресурстарының өте үлкен қорын қосыңыз (елдегі жердің 74%-ы егіншілікке қолайлы) – осының әрі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді бірнеше мәрте ұлғайтып, іргеде жатқан елдерге экспорттауды әлдеқайда көбейтуге мүмкіндік береді.

Біздің табиғи артықшылықтарымызды санамалай айтсақ:

-180 млн гектар табиғи жайылымдығымыз бар (Қытай, Австралия, АҚШ, Бразилиядан кейінгі 5-ші орын). Бұл 30 млн мал басын өсіруге еркін жетеді (бүгінгісі 12 млн басқа жетер-жетпес);

-35,4 млн гектар егістік танабымыз  (әлемде 10-шы орын) бар, 10,6 млн гектар  тыңайған жер осының ішінде;

-4 млн гектар суармалы жеріміз бар;

-теңізге шыға алмасаң да, іргеде өнімді қағып алуға даяр Қытай мен Ресей, Өзбекстан, одан әрі Ауғанстан, Иран мен Парсы шығанағы елдері тұр.

Ал енді мал санына келер болсақ, ірі қара 2014 жылы 6 млн бас болса, 2019 жылы 7,4 млн басқа жетті. Қой мен ешкінің саны 2019 жылы 19 миллионға әзер жетті. Жылқы саны небәрі 2,8 миллион ғана.
Біздің екінші осал тұсымыз – елімізде өндірілетін а/ш өнімінің 80 %-ы өңделмей, шикізат түрінде кетеді. Мұндай өнімнің 1 тоннасының сыртқа шығару құны 200 АҚШ доллары да, егер даяр өнім күйінде шығарылса, 1 тоннасы 1000 долларға көтеріледі. Яғни, бес есе арзанға кетіп жатыр!

Міне, мемлекеттің бет бұратын бағыты қайда! Сонда ауыл көркеймей, қазақ рухы да толыспай, қайда барады?!

S.Omirtai, «Жерұйық.kz».

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз