Қызылқұм хикаясы*  

447

Хикаят (Жалғасы)        ІІІ

1945 жылдың мамыр айының соңына қарай Берлин үшін болған қиян-кескі шайқаста қолынан жарақат алған Қуаныш Қойбағаров әскерден босаған кеңес солдаттарының бір тобымен соғысты аяқтап, еліне оралып келе жатты.

Ұзыннан-ұзақ эшелон кірпіш түсті бояуға боялған ағаш қабырғалы теплушкадан құралған. Темір жол жаралғалы бері мұндай теплушкаларда солдаттарды, кейде жылқы тиеп тасушы еді. Біреуіне қырық шақты солдат сиып кетеді. Болмаса жемшөбімен қоса сегіз-тоғыз жылқы еркін енеді. Оның кішкене дөңгелекпен сырғып әрлі-бері жүретін үлкен жаппа есігі бар. Жазды күндері осы даладай есікті бір жағына сырғытып ашып тастап, орнына адам құлап кетпесін деп көлденең ағаш тартып қояды. Ал қыс кезінде дағарадай есікті қымтап жауып, іштегі «буржуйканы» шойыны қып-қызыл болғанша отынмен, болмаса, көмірмен қыздырып, пештің үстіне тамақ пісіріп, су өткен сырт киімді кептіріп, жолаушы біткен арқа-жарқа болып жатады.

Қазақ солдаты Қуаныш мінген осындай «вагонның» ішіне де соғыстан қайтқан қырық шақты солдат сиысып кетті. Қан майданда жеңіске жеткен әскердің қаһарман жауынгері ретінде бәрінің де арқалаған қос-қос олжа-шамадандары бар. Үйге сәлем-сауқат  алуға арнайы рұқсат берілген. Сондықтан «вагонның» екі қанаты қап пен шамаданға толы. Солдаттар вагонның ортасында ұйлығысып отыр. Көңіл сыйса бәрі сияды деген риясыз кеңқолтық көңілмен келеді бәрі.

Қуаныштың  арқасында тек «вещмешогы» ғана бар, пойыз дәл жүрер кезде адам толы вагонға сығыстырып отырғызып жіберген. Госпитальдан жаңа ғана шыққандықтан, сыбаға-шамадан мұның қолына тимеген. Жанашыр санитарлар жаралы солдаттың  қамын ойлап, мөшегіне жарасын байлап-майлайтын бинт пен дәрі-майға қоса оншақты консерв, екі-үш бөлке нан салып берген.

-Сәлем-сауқатты жолай кездескен стансалардан аларсың. Дәл осы пойызбен кетіп қалмасаң,  бұл жерде ұзақ шырмалып  қалуың мүмкін,-дескен олар.

Варшаваға тақай бергендегі бір стансада бірнеше әскери эшелон, тағы бір жолаушылар пойызы тұрып қалыпты. Тоқтап тұрған эшелон мен вокзал ғимаратының арасында бақыраштарына қайнаған су құйып алмақ болып арлы-берлі жүгірісіп жүрген қалың солдат.

Күн бүгін ашық та жылы. Қуанышқа жаралы болған соң есікке жақын жерден орын босатып берген. Қазір ол сау қолымен көлденең ағашты қыса ұстап сыртқа көз жіберіп тұр. Ары-бері толассыз жүгірген майдангерлерге қарап тұрып, көз алдына Қызылордаға келетіні, туған-туыстарының қуаныштары қойындарына сыймай қарсы алатындығы келді. Одан әрі әкесіне ілесіп түйемен құмдағы ауылға аттанатынын ойлағанда, жүрегі өрекпіді.

Кенеттен төменге қарай төне ұшқан ұшақтың гуілі, іле гүрсілдей жарылған бомбаның жарылысы естілді. Соның бірі платформаға тақау түсіп,  әскери эшелонға жақын тұрған, ішінде әйелдер, бала-шаға толып отырған жолаушылар пойызының бірнеше вагонын аударып тастады. Айғай-сүрең басталды. Солдаттар құлап жатқан вагондарға қарай,  іште қалған адамдарды құтқаруға жүгірді. Қуаныш келе жатқан вагондағы солдаттар да теплушкадан қарғып-қарғып түсе қалды.

Бұл да соларға ілеспек болған. Бірақ старшинаның:

-Андағы жаралы қолыңмен қайда бара жатырсың?! Сенсіз де шамамыз жетеді!-деген айқайы тоқтататты.

Үрейдің беті қайтып, дүрбелең біршама саябырсыған соң, «Вагондарыңа мініңдер!» деген жарлық естіліп, бұлар мінген эшелон ақырындап орнынан қозғалды. Бұл сайтанның сапалағындай сап етіп келе қалған жаудың соңғы тамтық ұшағы тастаған бомбадан темір жол бойында қисайып жатқан жолаушы вагондарына назалана қарады. Айналасында солдаттар жүр. Іште ауырсына айғайлап жатқан адамдарды сыртқа шығарысып жатыр. Пойыздың жүріп келе жатқан жағына қарай ұмсына қараған Қуаныш кенет қирап жатқан вагонның астыңғы жағынан етпеттей жылжи шығып келе жатқан кішкентай сәбиді көзі шалды. Үстінде қан тиіп былғанған көгілдір түсті көйлегі бар.

-Ей, бауырым!-деп айғай салды  ол жанынан жүгіріп өте берген солдатқа,-қарашы ананы!

Солдат жүгіріп келіп, әлгі кішкентай баланы жылжып келе жатқан пойыздың табанының астынан дерліктей жерден суырып алды да, теплушкадан бұған қарай қолын созған Қуаныштың қолына ұстатып үлгерді.

-Айналайын, балапаным,-деп емірене сөйлеген Қуаныш сау қолымен бір жасқа енді толатындай сәбиді кеудесіне қысып.

Теплушка ішіндегі солдаттар ешкім ештеңе демей-ақ ортаны ашып, астыға шинельдерін төсеп, оның үстіне біреулердің таза көйлегін жайып, Қуаныш пен сәбиге орын босатты.

Қуаныш жайма төсектің шетінде отырып, бажылдап жылаған сәбиді тыныштандырайын деп кеудесіне басты.

-Медицинадан хабардар  қайсысың барсыңдар? –деп дауыстады біреу. -Мына бала жараланып қалған болуы керек, жедел көмек жасамаса болмайды!

-Мен дәрігер болмасам да, госпитальдің маңында жүрген кісімін. Кәне, көрейін,-деп бір қарт солдат жақындады. Біраздан кейін:

-Бала жараланбаған, сап-сау. Тек көйлегіне біреудің қаны жұққан,-деді.

-Анасының қаны болар, сірә,-деді әлдекім.

Қуаныш баланың қан жұққан  жейдесін үстінен шешіп алып, оған өзінің тап-таза солдат көйлегін кигізді. Сәбидің үстіне шинелін ыждаһатпен жауып қойды. Еміздіктің орнына қантқа шыланған нанның бір кесегін шүберекке орап аузына салды да, бір өзіне ғана мәлім тілде ыңылдап ән айтып, баланы әлдилеп тербете бастады. Бұл қазақтың кәдімгі «Әлди әні» еді.

Келесі стансада да, одан кейінгі кеңестік шекарадағы стансада да жолай кездескен жанашыр медбикелерге де Қуаныш баланы бермеді.

-Сәби маған әбден бауыр басып алды, сіздердың қолдарыңызда жылайды. Мен бұл баланы өзіммен алып кетемін, бауырыма салып аламын,-деді жауынгер Қуаныш.

Мәскеудің Белорусс вокзалында эшелонды вокзалдың әскери коменданты – майор шеніндегі адам қасындағы бес-алты патрульмен бірге қарсы алды. Қолына кішкентай бала  ұстаған, иығына рюкзак асынған солдатты көріп, тоқтап  жөн сұрасты. Мәселенің мән-жайын білгеннен соң, жанындағы солдаттардың біріне Қуанышты бүлдіршінмен бірге әскери комендатураға апарып, өзінің кабинетіндегі диванға жатқызуға жарлық берді.

-Мен көп ұзамай келемін, бұл балаға не істеу керек екендігін келген соң шешеміз,-деді қысқа қайырып.

Ем бөлмесінде екеуін суға шомылдырып, дәрігерлер қарап шыққан соң жақсылап тұрып ауқаттандырып, ұйқыға жатқызды.

-Баланың дені сау,-деді бұлар ұйықтап тұрған соң дәрігер қазақ солдатына.-Сіздің қолыңыздың жарасы да жазылып келеді. Мойныңыздағы ілгек  жіпті шешіп, ептеп жаттықтыра берсеңіз де болады. Оқ тиген жерді бинтпен байлап тастаймыз. Орны енді ғана бітіп келеді. Бір жақсысы, сүйегіңіз аман.

Әскери комендант қарамағындағы солдаттардың біреуіне Қуанышты кішкенесімен бірге Қазан вокзалына жеткізіп салуды, Қызылордаға         дейін солдат билетін алып беріп, вагонға орналастыруды, жолға жететін азық-түлік салып беріп, қазақ солдатының туған-туыстарына жеделхат салуды тапсырды. Осы шаруаның барлығын телефонмен Қазан вокзалының әскери комендатымен келісіп, тап-тұйнақтай бітірді.

 

ІҮ.

 

Жауынгер Қойбағаров облыс орталығына небір қиындықпенен бір ай жүріп әзер жетті. Қалаға соғыстан қайтқан ұлын қарсы алуға қарт әкесі де келді.

Түйеге мінген үшеу Қызылқұмның ішінде отырған құмды ауылға жазғы күннің ыстық аптабына пейіштің самалына тербелгендей рахат күйде жетті. Шіркін, туған жердің топырағының дәмі мен иісіне жетер не бар екен мына дүниеде?!

Соғыстан ұлды болып қайтқан баласының тойына әкесі бір жарым жастағы бір өгізшесі мен бір еркек қойды жықты да тастады. Жан-жақтан тойға шақырылған ағайын-туыс, құда-жекжат соғыстан сүйегіміз жұқарып шықты демеді, әркім қал-қадарынша сый-сияпатымен жетті.

Құм ішіндегі ауылда той өз салтанатымен өтті. Соғыстан кейінгі жұтаң кез дейтіндей емес, ішіп-жем, қымыз бен шұбат мол болды. Тіпті, ауыл арасындағы ақындар сөз  таластырып, әншілер ән жарыстырды.

Тойдың аяғы тақады-ау дегенде, Қуаныштың әкесі Қойбағар ақсақал қызынып алған халықты тыныштандырып алып:

-Айналайын, ағайын!-деп дауысы біртүрлі жарықшақтана шығып сөз бастады. -Қуаныштың әскерден біреу емес, екеу болып оралғанын естіп-біліп жатырсыздар. Енді сол бүлдіршінді елдің батасын алып, бауырыма саламын дейді.

Cөйтті де, баланы қолына алып, басына көтеріп:

-Енді көп болып осы баланың атын қояйық!- деді.

Жиналған халық өзара гуілдесіп кетті. Бір заматта сілтідей тыныштық  орнады. Жиналған халайықтың ішіндегі ең жасы үлкені, тоқсанға тіреліп тұрған абыз ақсақал Нияздың саңқ еткен дауысы естілді:

-Ау, жарандар! Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Мен сол көптің тілеуін жеткізейін. Мына қан майдан соғыстан аман қайтқан Қуанышпен бірге біздің ауылға жеңіс келді. Ол жеңіс мына бүлдіршін бейкүнә баламен ілесе келді. Ендеше, менің сөзіме келіссеңдер, баланың атын Жеңіс деп қояйық!

-Жөн сөз! Нияз ақсақалдың айтқаны дұрыс. Солай болсын!-деп тойға жиналған жұрт тағы дуылдасып кетті.

Араға біраз айлар салып, Қуаныш көршілес ауылдың Роза деген қызына үйленді. Жас отбасында енді жыл аралатып өз кіндігінен тараған ұл-қыз дүниеге келе бастады. Обалы нешік, Роза Жеңісті өз балаларынан кем көрмеді. Бірге туғандай болып, осы үйдің тұңғышындай ер жетті.

Жеңіс өте пысық та ширақ болып өсті. Үш жасында-ақ аттың жалына жармасатын болды, мал қайыруға жарап қалды. Бір әредікте атасы ауылдық кеңестің хатшысына апарып, баланың аты-жөнін Жеңіс Қуанышұлы, туған жылы – 1944 жыл, ұлты – қазақ деп жаздырып алып қайтты.

Жеңіс бес жасынан жаңа туған жас төлдің қаракөл жүніне қарап малдың денсаулық жайын, отардың ішінен ауру-сырқауын айнытпай табатын зеректігімен таң қалдырып жүрді. Ал он жасында келімді-кетімді қонақтарға арнап атасы көрсеткен ұсақ малды өзі жығып, бауыздап, мүше-мүшеге бөліп соятын болды.

Екі жасынан тілі қазақша шыққан бала төрт жасынан қолына домбыра ұстады. Атасының жанында көп жүргендіктен бе, сөзге ділмәр, шешен болып өсті. Ес білгенінен өзі сөзін құрап, ән шығаратын болды. Ауыл-үйдің маңында аты шыға бастаған Жеңісті кейін аудандық сахналық жарыстарға үзбей шақыратын болды. Ақындар айтысында алдына жан салмай, талай мәрте жүлдегер болды. Малдай, шапандай алған жүлделері көбейді.

Он алты жасынан асқан шебер қырықтықшылығымен аты шықты. Қырықтықшының жай қайшысымен күніне отыз бас қой қырқып, алдына жан салмады. Кейіннен қырықтық механикаландырыла бастаған кезде күніне жүз елу бастан топырлатып қырқатын болды. Аудан көлемінде Жеңістің алдына түсетін қырықтықшы жоқ-ты.

Жігіттігі толыса бастағанда Жеңіс екі иығы қақпақтай, сымдай тыртылған,  бұйралау сары шашты жігіт болып шыға келді. Құмды ауылдың аптап желі жігіттің сарғыш өңін қағып, қызыл шырайлы, қоңырқай жігітке  ұқсатып жіберді.

Ағайындарының арасынан бөгделеу көрініп тұруды қаламады ма екен, шашын үнемі тақырлатып жүретін болды. Сөйткенде, жып-жылтыр бас құйқасы құмды ауылдың аңызақ желімен жылдам күйіп, әсіресе түлкі тымақты баса кигенде қырдың қара қазағынан аумай қалды.

Қойбағардың малды ауылы үнемі қырдан-қырға көшіп жүрді де, қайдағы оқу болсын, Жеңіс сол күйі мектепке бара алмады. Мектеп көрмеген, орта білім ала алмаған жас жігіт әскерге шақырылмай қалды. Жиырмаға толар шағында көрші ауылдың Ұлболсын деген қызын айттырып, екеуі шаңырақ көтерді. Бүгінде соңдарынан ерген бір ұл, бір қыздары бар.

Үй мен түздің бүкіл шаруасы Жеңіс пен Ұлболсынның мойнында. Қой жаюдың қыр-сырын әбден меңгерді. Қай кезде қандай жайылымды пайдаға жарату, жұт жылғы қыста қай құмның астында қалайша қолмен шапқан шөпті қалтарыста елеусіз қормалдап қою, қойды қолдан ұрықтандырудың қыр-сырын ат жалын тартып мінгеннен зеректікпен меңгерді. Ат үстінен дойыр қамшымен талай рет қасқыр да соғып алды. Қойдың терісін тұздап, кептіріп, кейін кеңшардың қоймасына тапсыру жағын Ұлболсын екеуі шып-шырғасын шығармай атқаратын.

 

Ү.

 

Ет жеп, сорпа ішіп болып, құмды ауылдың кешінде самалдап далаға шыққан кезде Алексей жолдас Қуанышпен жеке қалып, манағы әңгіменің әсерінен айыға алмай  тұрған бір мезетте оған:

-Кейіннен Жеңістің әке-шешесі туралы ештеңе сұрап біле алмадыңыз ба?-деп сауал тастады.

-Туған баламыздан артық болып кетті ғой. Әйтсе де, бір комсомолдар келіп,  әрнені сұрастырып, қағаздарына бірдеңе-бірдеңе түртіп алып кеткен, хабар болса, айтамыз деп. Одан бері де үш жылдай өтіп кетіпті. Ешқандай хабар-ошар жоқ. Қайта баланың иткөйлегі бар еді, соны да алмақшы болды ғой, бермей алып қалғаным мұндай жақсы болар ма!

-Қандай иткөйлек?

-Варшаваның түбінен алып, вагонға отырғызар кездегі киген көйлегі ше? Кеудесінде біздікінен бөтен бір әріптер тігілген.

-Ол көйлек  қайда, алыста  ма? Көруге болар ма екен?

-Үйдегі әбдіренің бірінде жатқан болар. Әйелімнен сұрап көрейін.

Бұлар бір айналып үйге кіргенде, қойшының жары әлдебір түйіншекті әкеліп алдарына қойды.

-Мінекиіңіз,-деді Ұлболсын. – Арасында бір кішкентай темірі бар. Онысын бір рет жоғалтып ала жаздап, тауып алдық қой, әйтеуір…

Алексей түйіншекті еппен ғана ашты. Ішінен сәбидің кіп-кішкентай көк түсті иткөйлегі шықты. Алдыңғы оң жақ етегіне таман ашық түсті жібек жіппен айшықтала тігілген латынша V.S деген жазу көрінді.

-Айтпақшы, мына бір затты ұмытып бара жатыр екенмін,-деп әйел бұған тағы бір шап-шағын түйінді ұсынды. Ашып еді, ішінен католиктердің кішкентай күміс  крестигі шықты. -Бауы да болған. Керек болып жатса, оны тауып берейін.

Мейман бұл заттарды мұқият қарап шығып, бұйымтайын барынша бипаздап жеткізейін деген  басыңқы дауыспен:

-Мына заттарды біраз күнге маған бере тұрыңыздар,-деп қипалақтай сұрады.

Алматыдан келген үлкен ұлықтың сөзін жерге тастай алмаған екеуі бұған келісті. Облыстың басшылары да бұны қолдады.

Ұлықтың көмекшісі заттарды қол сөмкеге ұқыптап салып алды.

Ол жылдары пионерлер мен комсомолдардың із кесуші отрядтары қызу жұмыс істейтін шақ. Соғыста із-тозсыз кеткен мыңдаған, он мыңдаған жауынгерлердің ізіне түсіп, олардың дерегін туған-туыстарына тауып беретін заман еді ғой. Алексей де сондай із кесушілердің көмегіне жүгінуді жөн санады.

Алматыға келген соң,  із кесушілердің республикалық  штабының командирін өзіне шақырып алды. Қарақұмнан алып қайтқан заттарды оның алдына жайып салды. Екеуі бұл заттарды мұқият тағы бір қарап шықты.

-Крестик  бір түрлі бөлектеу екен. Іші қуыс сияқты. Ашып көрейік. Бар құпия осында тығулы жатуы мүмкін.

Расымен де әлгі қуыстың ішінен бір ұсақ қағаз шықты.

-Мына қағазды біз ашып оқи алмаспыз. Әбден ескіріп, күлге ұқсап кеткен. Шашып алармыз. Криминалистерден сұрамасақ. Ішкі істер министріне телефон шала аласыз ба?-деді штаб бастығы.

Алексей министрмен қолма-қол сөйлесті.

Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, ол Алексейдің қабылдауына қайта сұранды.

Бір жапырақ қағазда поляк тілінде Варшавадағы көшенің аты, үйдің мекен жайы жазылыпты.

-Не істейміз? Іздеуді одан әрі жалғастырамыз ба? –деп сұрады із кесуші.

Әрине. Сіздер бұндай шаруаның қыр-сырын әбден меңгергенсіздер ғой. Бір нәтиже шығып қалар.

Қалап алынған дүние Қуанышқа қайтарылды.

Уақыт шіркін зымырап, арада төрт ай өте шықты. Бір күні Алексей жолдасқа штаб командирі телефон соқты.

-Өте қызық жаңалықтар болып жатыр. Сізге қашан кіріп шықсам болар екен?!

Кездесу таңертеңге белгіленді.

Жеңістің нағыз әке-шешесі табылыпты. Варшавада тұрып жатыр. Әкесі – профессор Сикорский мырза Польшадағы өте танымал адамдардың бірі. Ал анасы – ұстаз. 45-ші жылдың мамыр айында Плоцк деп аталатын стансаның түбінде жолаушылар пойызына тұтқиылдан шабуыл жасалған кезде кішкентай сәбилерінен айырылып қалады. Баланың анасы шабуыл кезінде қатты жарақат алып, есінен танып қалған. Сәбидің есімі  Виктор болған.

Осы жәйттің барлығын тәптішеп баяндап шыққан  командирдің одан арғы сауалы:

-Ары қарай не істейміз?- болды.

Алексей Васильевич маңындағы әріптестерімен ақылдасты. Мәскеудегі қорғаныс министрлігіне хабарласты.

Ақыры ерлі-зайыпты екеуге осы хабарды барынша сақтықпен жеткізу керек деген тоқтам жасалды.

Бұл уақиға Алексей жолдастың жан-дүниесін  жаңаша екпінмен қайта жаулады. Мәскеуге кезекті бір сапары кезінде Польшаның Кеңестер Одағындағы елшісімен арнайы кездесті. Әңгіме үстінде болған жәйтті бастан-аяқ түгін қалдырмай   баяндады. Ендігі мәселе – осы шаруаны қалайша аяғына дейін жеткізу.

Бұл төтенше жәйт елшіні ерек ойландырып тастады. Бір кезде ширыққан дауыспен:

-Профессор Сикорский біздің мемлекетте есімі белгілі, беделді адам,-деді. -Қазір елдегі бас университетте кафедра меңгерушісі. Ғылым саласы бойынша бірнеше мәрте Нобель сыйлығына ұсынылған. Мынандай ақпаратыңыз үшін сізге көптен-көп рахмет. Мен бұл жағдайды өз елімнің басшылығына міндетті түрде мәлімдеймін. Сізді де құлағдар етемін.

Елші естіген жағдаятына  әлі де сенер-сенбесін білмегендей, тағы біраз үнсіз қалды.

Профессор да, әйелі Ядвига да орыс тіліне жетік көрінеді. Профессор басқа да біраз тілдерді жақсы меңгерген. Кембридж, Берлин, Нью-Йорк университеттерінде ағылшын, неміс тілдерінде майын тамызып талай рет лекция оқыған ғұлама адам.

Алексей Мәскеуден орала салысымен кейінгі оқиғалардан Қызылорда облысының басшыларын құлағдар етті. Жеңісті өзінің нағыз әке-шешесімен жолығуға даярлау керек. Поляк болмаса да, орыстың тіліне аздап баулыған жөн.

Арада тағы да біраз айлар өтті. Келер жылдың мамыр айында Мәскеуден поляк елшісі телефон шалды.

-Сіздің мәселе бойынша бірақ жаңалықтарымыз бар. Кездескеніміз дұрыс болар еді. Қарсы болмасаңыз, Алматыға ұшып келуге даярмыз,-деді елші.

Алексей алдағы аптада Мәскеуге бармақшы болатын. Сондықтан Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігінде кездеспек болып келісті.

Елші өз еліндегі осы жәйттің төңірегінде орын алған  соңғы оқиғаларды сабырмен баяндады:

-Варшавадағы дипломаттарымыз профессор Сикорскиймен, ол кісінің зайыбымен бұл тақырыпта абайлап сөйлесіп көрді. Әрине, олар алғашында жас жігіттің өздерінің баласы екендігіне сене қоймады. Дегенмен, толқулары біраз басылған соң, онымен кездесу ұйымдастырсаңыздар деген өтініштерін айтты.

Ядвига ханым: «Оның біздің Франтишек екендігіне күмәнім бар»,-депті. Вагонда болғандардың біреуі сәбидің кеудесі сөгіліп, қанға бөгіп жатқанын көрген. Фашистер әуеден тұтқиыл төнгенде анасы сәбиін кеудесіне басып, төменгі текшеде отырған. Жас әйелдің бүкіл денесінде жарақат алмаған жер қалмаған. Сонда құртақандай сәбидің осындай алапатта тірі қалуы мүмкін бе?!

Алматыдағы республика басшылығы өзара ақылдаса келіп, профессор Сикорскийді жұбайымен Қызылордаға шақыруды ұйғарысты. Басқа жұмыс бастан асып жатқанда, осы шаруаға бекер киліктік дегендер болмай қалмады. Ақыры, бұл іспен байланысты барлық  шаруа Алексейге жүктелді.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз