Қорқау (қаз-қалпында)

241

«Шығыс Қазақстан облысыныың мемлекеттік резервінің екі қоймасындағы бүкіл астық жоқ болып кетті. Шеккен шығын 1,4 млрд. теңгені құрады. «Шығыс-Астық»-тың қоймаларын биылғы наурыз айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мамандары тексерген кезде, астықтың орнында «муляж» түрінде  үйілген шөп пен көң, оның үстін қармен жауып,  бетіне астық дәнін шашып қойғандығы анықталған. 17,3 мың тонна бидай, қарақұмық, күнбағыстың орнында бар болғаны 200 тоннадан сәл ғана асатын астық болған. Мемлекеттік резервтің қалған 98%-ы  ұшты-күйлі жоқ болып шыққан».

Kursiv.kz., 08.10.2019 жыл.           

Қайырсызды сот бұл жолы қайта қамады. Екімыңыншы жылдардың басында финполда аға инспектор болып жүрген жерінен істі болған. Облыстық ішкі істер басқармасының  «Тоғызыншы» бөлімі мен финполдың арасынан «қыра мысық» өтіп кетіп, екі ара асқынып тұрған шақ.

Салықты уақытылы төлемей, жалтарған бір фирманың бастығының Қайырсызға күні түскен. Ол одан бес мың доллар пара сұраған. Бұл жәйт «Тоғызыншы» бөлімге мәлім болып қалып, Қайырсызды таңбаланған ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Жасалған қылмыс ап-айқын. Кемі бес жыл арқалауы керек.

Бірақ облыс прокурорының бірінші орынбасары Кесіров Қайырсызға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға қол қойды да, бұл абақтыдан аман құтылып кетті. Тек «майлы» қызметімен ғана қош айтысты.

Кеңірдегі кең «пркололмен» екі араға «дорба» жүргені даусыз.

Өзінің ақшаға деген ашқарақтығы кейін талай адамның обалын арқалайтынын «жасыл қағазға»  сатылған прокурор сезген де жоқ.

Терісі қалың Қайырсыз финполдан кеткеніне  қыңқ деген жоқ. Қайта қаржы полициясындағы  қызметін жасырын «бизнеспен» қатар алып келе жатқан ол енді «кәсіпкерлікпен» шындап шұғылдана бастады. 2004 жылы аудандағы астық қабылдайтын ірі кәсіпорынды сатып алды. Финполда жүріп жинаған «солақай» ақшалары бұған еркін жетті.

Бірақ барлық заң құжаттарын түгендеуге, ретке келтіруге мойны жар бермеді. Әлде, әдейі солай жасады. Өйткені, дәл осы жай оның кейін түрлі бүлдіргілер істеуіне сеп болды.

Заңға томпақтау Серіктестіктің одан кейінгі бес жыл бойында астық өндірушілерден өнімді қалай емін-еркін қабылдап жүргеніне  мән берген бірде-бір мемлекеттік бақылау органы болсашы, шіркін!

Сонымен,  2008 жылдың қазан айында Қайырсыздың серіктестігі «Азық-түліктік контрактілік корпорациясы» Ұлттық компаниясының» П.  қаласындағы өкілдігімен үшінші сұрыпты жеті мың тонна бидайды сақтауға шарттасты. Ал келесі жылдың мамыр айында бидайдың құны күрт өсіп шыға келді де, жаңағы копорацияның сақтауға қойған жеті мың тоннасының бес мыңға тарта тоннасын білдірмей Өскендегі ұн тарту комбинатына тоннасын отыс бес мың теңгеден сарт еткізіп сатты да жіберді. Ол кезде доллардың бағамы жүз елу теңгеден айналып тұрған-ды, бұл бір миллион доллардан асатын қып-қызыл ақша еді!

Қайырсыз енді мұның орнын қалай толтырамын деп бас қатырмады.  Қалаға жақын екі ауданның шаруа қожалықтары өткізетін биылғы астықты тоннасын он алты мың теңгемен сатып алу жолымен толтырамын деп шешті.

Ал сақтауға қойылған астықтың жайын білмек болып келген корпорация қызметкерлерін мүлдем жақындатпаңдар  деп күзетшілеріне жарлық берді.

Бұлардың қаржы полициясына хабарласудан басқа лажы қалмады. Қыркүйек айының басында Қайырсыздың күзетшілерінің бетін күшпен қайырып, қойманың есігін болгаркамен кесіп отырып, ішке кірсе, мәссаған, мұнда астық түгілі сайтан да жоқ, қойма боп-бос тұр.

Есікке мөр салынды. Министрліктің комитет төрағасы Сүйменовтың бұйрығымен Айболов деген азамат уақытша басқаруды өз қолына алды. Солайы солай ғой, бірақ, Қайырсыз бәрібір жаңа астықты қабылдауды жалғастыра берді. Оның бұрынғы әрекеттерінен хабарсыз шаруалар бұған астықты сеніп өткізе берді. Қайырсыздың қайырсыз ісін  оларға жариялап, ескерткен  бір  шенеунік табылмады-ау!

Шаруалар да аңқау ғой, өткізген астықтарына сақтау шартын, қолхат алғанды да білмеді.Қайырсыз жаңа астықтың қажетті мөлшері жиналысымен мөр соғып, жабылған қойманың қосалқы есіктерін ашқызып, оның ішіне жаңа астықты толтырып қойды. Сосын ғана бағанағы уақытша басқаруға алған комиссия мүшелерін шақырды.

-Міне, қараңдар,-деді Қайырсыз өршелене сөйлеп,- қаржы полициясының көзіне бірдеңе елестеп жүрсе керек. Астық сол бұрынғы орнында тұрған жоқ па?!

Мұны көздерімен көрген комиссия мүшелері, амал жоқ,  уақытша басқарудан бас тартып, Қайырсызға тағы да еркіндік берді.

Дегенмен, «Азық-түлік корпорациясының» өкілдері бұл жерде бір шикіліктің бар екенін сезіп, уақытша басқаруды қайта енгізіп, орны толған жеті мың тоннаны аман тұрғанда алып кетуді ұйғарды. Бұл үшін уақытша басқару кіргізудің қажеттігіне Сүйменовтің көзін жеткізді.

Сол жылғы жаз жаңбырлы болғандықтан, астықтың сапасы да онша емес-ті. Сол себепті, корпорация астықты алып кетпейтін болды да, ол «ЗИП» деп аталатын  тағы бір астық компаниясына кері, екінші қайтара сатылды. Тек содан кейін ғана «Ух!» деп бір кең тыныстады да, келер жылдың ақпан айында  Сүйменовке енді уақытша басқаруды алып тастауға болады деп хабарлады.

 Осы екі аралықта Қайырсызға астық өткізген отыз шақты шаруа қожалығының басшылары шу көтерді. Қайырсыз бұларға өзі қабылдап алған астықты қайтарып бере алмаймын депті. «Өйткені, сендер маған жаңбырлы жазда дұрыс кептірілмеген астықты тығып жібердіңдер»,-деп өздеріне пәле салып, түлкібұлаң  қулыққа көшкен.  Қайырсыздың ондағы аяр саясаты – Өскеннің ұн комбинатына былтыр өткізіп жіберген бес мың тонна астықтың орнын жабу еді.

Қайырсыздың бұл қулығына енді ғана бойлаған шаруалар облыс әкімінің орынбасарына  шықты. Ол қамбаға тағы да, бұл жолы үшінші рет уақытша басқару енгізді. Шаруаларға қызып келе жатқан астықтарыңды алып кетіңдер деп жарлық беріліп, ал Қайырсыздың үстінен алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғады.

Бұл бүкіл республикада біреудің кәсібін рейдерлік басып алуға қарсы ымырасыз күрес басталған кез еді. Қайырсыз осы сәтті қапысыз пайдаланып, Астанадағы Агенттіктің өзіне менің кәсібімді күштеп тартып алып жатыр деп айғай шығарып, шағым түсірді. Ізінше тексеру келді. Расымен де, «мінсіз» кәсіпкерге күш көрсетті деп финполдың біраз лауазымды адамдары қызметтен шеттетелді.

Тіпті, әкімнің орынбасарының өзіне қылмыстық іс қозғалды, ал Айболов болса,  елу мың тоннаның қыруар ақшасының орнын қалай табамын деп, әбден басы қатып, шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсап, қаза болды.

Астық қабылдау пунктінің директоры Сечев деген азамат, ол да қорыққанынан бесінші қабаттан секіріп кетіп жазым бола жаздап, суішкілігі бар екен, аман қалды.

Министрліктің комитет төрағасы Сүйменовтің  де  үстінен уақытша басқаруды заңсыз жүргіздің деп іс қозғалды. Ол да қорыққанынан тергеушіге елу мың доллар пара беремін деп,  он екі жылға айдалып кете берді.

Айтпақтайын, Өскен жақтағы «Предгорный элеваторының» бастығы Сморзлов деген жемқордың мемлекеттің сақтауға қойған астығымен бүлдіргі  жасап, 2,5 миллиард теңгені бір-ақ «асағаны» осы жуырда ғана айдай әлемге аян болып еді. Бұл ғаламат кесек ұрлықтың кесірі ойда-қырда алаңсыз бейғам жатқан жұртқа тиіп, аяғы нан  бағасының қымбаттауына әкеліп соққан. Сморзлов мырза тергеу кезінде жоғарыда тұрған шенеуніктерге кір жуытпай, оларды  шырылдап қорғаштап-ақ  бағыпты. Соған қарағанда, биік креслода отырған  шенеуніктер де сау сиырдың жапасы болмауы. Әйтпесе, жалғыз Сморзловтың өзі ғана  осыншама ақшаны  қалай қымқырар еді?! Бұған адам сене ме?!

Сүйменовтың кезекті сотында Кемерлі ауданындағы астық қабылдау пункті зардап шегуші ретінде өтіп еді. Бұдан бұрынғы соттың шешімімен астық қабылдау орны “ЗИП” серіктестігі мен басқа да  тоғыз шаруа қожалығына барлығы жүз қырық бес миллион төлеуге міндеттелген. Сүйменовке қатысты шыққан үкімге сәйкес одан   тәргіленіп алынған 122 мың доллар мен бес миллионнан асатын сома сол астық қабылдау пунктіне берілуі тиіс еді. Ал ол, өз кезегінде, бұл ақшаны «Астықтық интервенциялық пул» ЖШС деп аталатын  “ЗИП” серіктестігімен,  шаруа қожалықтарымен есеп айырысуға жұмсауы тиіс болған. Бұл істің логикасы осылай еді.

Арада біраз күндер өткенде, 2011 жылдың  сәуір айының басында қаржы полициясы Агенттігінен сот орындаушы Мақсатқа телефон шалынды. Астық пуктінің адамдары ақша алуға келгені хабарланды. Екінші қабаттағы тергеушінің кабинетіне олармен бірге Қайырсыз да көтерілді. Өзін Кемерлі ауданынының астық қабылдау пунктінің құрылтайшысы және қожайыны ретінде  таныстырды.

Cот орындаушы Қайырсызға ендеше сенім қағазыңызды көрсете қойыңыз деп еді, Қайырысыз айылын жимастан, өзін тіпті еркін сезініп, тергеушінің компьютерін меншіктеп алып, бірдеңені сартылдатып жаза жөнелді. Қағазын басып шығарып алып, кабинеттен сытылып тысқа кетті. Іле қайта кірді де, Мақсатқа әлгі қағазын ұсынды. Ол қағазда «Кемерлі ауданындағы астық қабылдау пункті» ЖШС-сының мөрі тайға басқан таңбадай ап-анық көрініп тұр. Ал енді ақшаны бермей көр! 122 мың доллар мен бес миллион теңгені қалтасына басқан Қайырсыз кабинеттен алшаң-алшаң басып шықты.

Араға ай салып барып, Қайырсыздың үстінен қайтадан іс қозғалды. Үш эпизод бойынша. Анау алыста қалған 2001 жылы алаяқтық жасамақ болғаны үшін. 2009 жылғы басқаның сеніп берген мүлкін  сіңіріп кетіп, ол қаржыны талан-таражға салғаны үшін. Соңғысы – жаңағы. Жалған сенімхат жасап, соншама ақшаны сот орындаушының аузын аңқайтып алып кеткені үшін. Осы қылмыстары бойынша Қайырсыз жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Қолды болған ақшасын сот арқылы кері қайтарып алмақ болған “ЗИП” серіктестігінің талап арызы қанағаттандырылмай қалды. Сот процесінде шаруа қожалықтарының басшылары зардап шегуші деп саналған да жоқ. Сол 2001 жылдан бастап Қайырсыздың емін-еркін білгенін істеп, ойына келгенін жасап, қылмыстық істің бірінен кейін бірін жасауына ерік беріп қойған лауазымды адамдардың бірде-біреуі жазаланбады.

Осыдан он бес жыл бұрын облыс прокурорының бірінші орынбасары Кесіров Қайырсыз Шайқыновқа қатысты қылмыстық істі тоқтатып тастамаса, ала жаздай маңдай терімен өсірген астығын пұлдаған шаруа ағайын да, азық түлік корпорациясы да қаншама әуреге түсіп, шығынға батып, зардап шекпес еді-ау! Астық инспекторы Айболов та өз-өзіне қол жұмсамай, аман жүрер еді…

Тек 2015 жылдың мамыр айында ғана облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы Шайқыновтың осыдай қара басын ойлаған  қорғаулығынан жапа шеккен тоғыз шаруа қожалығының басшыларының шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Толық өтелмеген қылмыстық мерзімі бостандығын шектеуге алмастырды. Енді Қайырсыздың алаяқтық ісі 177 баптың 6 тармағы бойынша сотта қарала бастады.

Бәрібір Шайқыновтың шымбайына батқан ештеңе жоқ. Шайқап ішіп, шалқып т…шып жүрген ол аса  үлкен мөлшерде кепілдік қойып, бостандықта сайрандап жүр.

Кепілдікке беретін мол ақшаны Қайырсыз оп-оңай тапты…

PS.: Бұл – бұдан бес жыл бұрын көршілес облыста орын алған, қаз-қалпында қағазға түсірілген оқиға. Дәл осы сценарийдің айнымай Шығыс өңірде қайталанып отырғанын көрмейсіз бе?! Баяғыда, бала кезімізде газеттерден «Капитал билеген елде» дейтін каррикатураларды жиі көруші едік. Енді «Жемқорлық дендеген елде» дәл өзіміз болдық… 

S.Omirtai, «Жерұйық.kz».

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз