Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек», – деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.
Әлем тарихында ондаған жылдарға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.
Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», – деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек.
Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.
«Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ», – деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.
Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.
Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар.
Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.
Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.
Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласынан үзінді.
https://elbasy.kz, 08 сәуір 2020