Сұхбат
Әдебиет – қоғам айнасы. Қоғамда болып жатқан өзгеріс-құбылыстар сол айнадан айна-қатесіз көрініс тауып жатады. Соңғы айларда бүкіл әлемді дүрліктірген «тәжітажал» тақырыбы да қазақ әдебиетіның қабырғалы өкілдерінің қаламына ілікпей қалмады. Соның бірі – белгілі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Зауза» әңгімесі.
Бұл шығарма «Жерұйық» ақпараттық-танымдық порталы оқырмандарың қызығушылығына ие болуда. Олай болатыны, әлемді әбігерге салған әбілет жайында қазақы ұғымда жазылған алғашқы әңгіменің бірі – осы «Зауза». Сол себепті, атаулы туындының жазылу сырын білмек мақсатта портал редакциясы тарапынан әңгіме авторына екі-үш сауал жолдаған едік.
- «Зауза» әңгімесін жазуыңыздың басты себебі не?
– Осы тақырыпты көркем дүниеге айналдыруым керек сияқты болды да тұрды. Ең әуелі карантинде отырған қалың қауымға әлемді жайлаған індеттің адамзат үшін соншама қауіпті екенін қарапайым тілде, ұғынықты оқиғамен жеткізуге ұмтылдым. Екінші, бұл бәле жалғыздың басындағы әбілет емес, көптің басына үйірілген нәубет, сондықтан шектеу талаптарының мүлтіксіз орындалуын әр адам өзінен бастау керектігіне көз жеткізуге талпындым. Әрине, бұлардың бәрі күнделікті ақпаратта айтылып та, жазылып та жатыр, дегенмен әңгіме жанры қауымға басқаша әсер етер деген болжал тұрды. Сөйтіп, халықты, ел-жұртты басқан ізімізден құлғанадай аңдып, қалмай жүрген індеттен алыстатуға, арашалауға әрекеттендім. Сондай-ақ, қазіргі қолға алынған нақты шараларды көрсетіп, індет кезіндегі жағдайды болашақ ұрпақ көзіне елесте алатындай айналадағы ахуалды шынайы сипаттауға тырыстым.
- Бүгінгідей ел тығырыққа тірелген шақта өзін ақын, жазушымын деп есептейтін қаламгерлер мәселеге қай қырынан келу керек деп есептейсіз?
– Әлбетте, халқымыз басынан кешіп жатқан дәл бүгінгі күнді қалам ұстағанның бәрі жаппай жазуы тиіс деген ойдан аулақпын. Көптеген қаламгерлер жұрт абдырап қалған тұста халықпен бірге екендерін білдіріп, онлайн-кездесулер, сыр-сұқбаттар өткізуде. Әлеуметтік желілерде қазіргі жайтқа байланысты ой-пікірлерін білдіріп, үн қатуда. Басымызға індет боп үйірілген бүгінгі зобалаң күндер туралы талай көркем шығармалар енді жазылатынына еш шүбәсізбін. Жалпы, ел тығырыққа тірелген тұста қаламгерлер халқымен рухани қолдаушы ретінде бірге болуы керек деп ойлаймын.
- Қазақ қаламгерлері бүгінгі қоғамдағы зәру тақырыпты айыра алып, болжай-бағамдай алып жүр ме?
– Бүгінгі күннің тақырыбын табу – көкейкесті жайт екені аян. Көпшілік әріптестеріміз тарихты, ауыл тіршілігін, қаладағы қатынасты тағы сол сияқты саланы көбірек жазады. Әйткенмен, олар оқырманды елең еткізе қоймайды, «е-е, жазған екен, кейін асықпай оқырмын» деген оймен енжар қарайды. Ал, қазіргі қоғамға керек тақырып баспанасыздық жайы болуы мүмкін, бірақ ол әр қырынан бірнеше мәрте жазылды. Жұмыссыздық, жалғызбастылық, имансыздық – бәрі жазылып келеді. Ал, төрешіл уақыттың өзекті мәселесіне айналған, журналистердің сылқым сөзіне салсақ – трендке айналған тақырыптар жұртты елең еткізуі мүмкін. Өйткені ол әркімнің көкейіндегі, тілінің ұшындағы жайт. Ол сонысымен көбірек оқылуы да, таралуы да ықтимал.
Жалпы, тұтастай қоғам әдебиеттің отымен кіріп, күлімен шықпайды. Әдебиет – осы салаға қызығушылығы бар белгілі бір адамдар шоғырының еңбегі және сол ортада бағасын алады. Ал ол ортаның ниеті қандай, ол ортаны кімдер өргізіп, кімдер жусатып жүр? Тақырыптан бұрын әдебиеттегі кесел – осында. Соңғы кезде «Қазақ әдебиетінде» «Заһар Сұрмерген» деген лақап атпен бір сыншы аталмыш басылымда жарық көрген жастар прозасына пікірін жариялай бастады. Ал, бұған әлеуметтік желіде жасы бар, жасамысы бар бәрі өре түрегеліп, Заһарды түтіп жеп жатыр. Меніңше, Заһардың сын-пікірі орынды. Осындайды көргендіктен бе екен, Асқар Сүлейменов бір кітабында: «Ұйымдасқан, ұйымдасып келген ғой мыналар, ұйымдасып келген. Ойбай-ау, группа жүрген жерде әдебиет бола ма, шындық, шындықты сыйлау, шындықты мойындау бола ма?..», – депті ашына. Мен де дәл сондай хал кештім.
Қазақтың маңдайына біткен айтулы жазушыларының бірі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» Бүкілодақтық Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда Алматыдан бір топ адам Мәскеуге автор мен оның трилогиясы үстінен арыз жазыпты. «Олар кімдер болды екен?» деген Қ.Жұмәділов інісіне жазушы: «Өздерінен басқаға болсын демейтін, сол баяғы өзің білетін топтың адамдары…»,- деп жауап берген екен.
Сондықтан, әдебиетшіл қоғамның арасында ақиқатына тоқтамай «қырық ит – бір жақ, қыңыр ит – бір жақ» болса, тақырыпта – тамтық, әдебиетте – өре қалмайды. Сыбайластардың талауына түскен Заһар сыншының тауы шағылмай, келесі туындыға да пікірін білдірсе екен деп ойладым.