Осы кезге дейін ешқашан «айналайын қазағым», «менің халқым», «қазақтар, тыңдаңдар» деп сөз жазбаған екенмін. Сөздерін осылай бастайтындарға бұрын ішімнен мысқылдап күлетінмін. Сірә, ешқашан өйтпеймін, ешқашан бүйтпеймін деп айтпаған дұрыс-ау. Мына сөздер ойыма өзінен өзі төгіліп құйылып кетті, әуелі орысша, сосын қазақша беріп отырмын.
Қазақтар, біздің ата-бабаларымыз әлмисақтан бері Ұлы далада өмір сүріп келеді, ежелгі заманнан бері Тәңір мен аруақтарға сиынған халықпыз. Жарыстардың ең үлкені айтыс, дүние, киім-кешектің ең қымбаттысы бес жүз жылқы тұратын сәукеле, қасиеттердің ең биігі намыс, болатын.
Сосын… Жаңа дәуір басталды. Қазақ халқы, оны басқарып жүрген Шыңғысханның тұқымдары жаңа замандағы оқ дәрі мен мылтық ұстағандардан жеңілді. Мылтық пен зеңбірекке қарсы тұра алмады. Қазақтың соңғы ханы, Шыңғысханның тұқымы Кенесарының басы соғыстан түскен олжа болып, әуелі Омбыға, сосын Петербор музейіне апарып қойылды. Содан орыстың бодандығына кірген аңқау да аңғал қазағымның көрмегені жоқ. Бірнеше зұлматтарды басынан кешірді, Ашаршылықта халқымыздың жартысы қырылды. Дегенмен, заманына қарай амалын тауып өзгеріп отырған көшпенділердің ұрпағы емеспіз бе, бейімделгіштігінің арқасында аман қалдық, қазір аңғал, аңқау дей алмасыз бізді….
Ал қазақтарым, менің сендерге айтпағым мынау.
Атын атап айтар болсам, тыңда мені қазақша білмейтін «крутой» қазағым! Әппақ айдай қатының бар, астыңда керемет джип, ағылшынша судай ағып тұрсың. Қалай ойлайсың, осыншама мал тапқыштық, керемет ептілік пен қабілеттілік саған қай жақтан түсті? Мұншама «крутойлық» саған қазақша білмегендігің үшін бойыңа дарыған ба? Жоқ, бауырым. Бұл сен білмейтін тілде, сен мойындамайтын қазақтың тілінде сөйлейтін халықтың қаны мен жанынан пайда болғандығыңнан. Өмір мен өлім, ар мен намыс жолында ұрпағын аман алып қалу үшін, ұрпағын осы күнге жеткізу үшін ептілік пен ерлік жасап, ғасырлар бойы ат үстінде түн мен күн кешіп осындай жер мен елді бізге, ұрпағына жеткізген ата-бабаның қанымен жеткен қазынасының жемісі екенін білесің бе?!
Курортты теңіздің жағасында, ақ төс, балтыры мен санын жарқыратып селфилетіп жатқан қарашаш сұлуға айтарым. Айналайын, мен қазақ болғандықтан менің кеудем славян қыздарынан, құйрығым африка қыздарынан кемшін деп халқыңа ренжіме, оның есесіне сендей тал шыбықтай майысқақ, иілгіш денең еш халықта жоқ. Әуезді дауысың мен сәулеттілігің, ешкіммен тең келмейтін өз талғамың мен ибалылығың сені ешкімге ұқсатпайды. Мұның барлығы сенің туа біткен қасиеттерің. Мәрмәр түсті денең мен тал бойың, төгілген қара шашыңды берген халқыңа әрқашан рахмет айтуды ұмытпа. Біліп қой, сенен асқан сұлу жоқ.
Бизнес дегеннің жілігін шағып жүрген, пәленбай адамды, үлкен өндіріс саласын басқарып жүрген, еркектердің аяқтарын бір етікке тығып, үлкенді-
кішіні жасына қарамай бір шыбықпен айдап жүрген бизнес-ледиге айтарым – сен ойлайтын шығарсың, менің бизнесте табысты болып жүргенім, қазақтың дәстүрінен бас тартқандығымнан деп. Жоқ қарағым, олай емес. Сен, ежелден әйелдер мен еркектер тең өмір сүрген, әйелдер ешқашан бетін жаппаған, әйелдер рудың негізін қалаған, ерлермен бірге жауларына қарсы соғысқан, еркекпен айтысып, тіпті палуан жарыстарға да қатысқан халықтың ұрпағы болғандығыңнан.
Шын аты Сұлушаш, оны Сюзанна деп өзгерткен сұлулық салонының қожайынына айтарым: сенің табыстылығың қара шашыңды сарыға бояп блондинка болғандығыңнан емес. Жолың болғыштығың орыстың Пасха мейрамында бәліш пісіретіндігіңнен, азан шақырған мешітке қарап тыжырынатындығыңнан емес. Керісінше, барлық ұлт пен ұлыстарға, барлық діндерге сыйластықпен, құрметпен қарайтын сезімтал қайырымды, шыдамды, дарынды, талантты қазақ халқынан шыққандығыңнан.
Айналайын қазағым, осыны бір ойланшы.