Баяғы заманда, коммунизмге әне-міне жетеміз деп дәмеленіп жүрген 80-ші жылдардың ішінде, аудандық газетте тілші болып жүргенде «Көктемнің бір күні жылға азық» атты айдармен бұрқыратып мақала жазар едік. Осы тіркесті кім ойлап тапса да, қапысыз дөп айтылған сөз. Және де ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәтел-ау.
«Тәжітажал» тұқыртып тұрған бүгінгі күні әсіресе маңызды боп тұр. Қаладағылар карантин деп үйді-үйіне тығылған көктемнің күнінде даладағы ағайын әр сәтті пайдаға жаратып қалмақ болып тырысып жатыр.
Осындай қауырт шақта бұрынғы премьер-министр Терещенко да бір салиқалы сайтқа сұхбат беріп, елді егін салып, көкөніс отырғызуға үндеп жатыр.
Сергей ағамыздың өзі бүгінгі күні туған жері Шымкенттің Бадам деген ауылында тұрып жатқан көрінеді. Әрине, карантинде емес.
– Осы Бадамда біз бір жылда 8 мың тонна күркетауық етін өндіріп отырмыз. Бірақ жылына 5 мың тонна шұжық жасайтын дәу цехты іске қоса алмай келе жатырмыз. Өрік, шабдалы, қара өрік өндірісін дамытпақпыз. Күзде рапс өндірісін іске қосамыз. Талдықорғанда майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт салудамыз. Күнбағыстан, рапстан, соядан 150 мың тонна май шығаратын боламыз. Қытай біздің елден 2 млн. тонна (!) әр түрлі өсімдік майын сатып алар едік деп отыр. Өзіміздің ішкі нарқымыздың қажетін өтеуге 1,5 млн. тонна май және керек. Экспортқа кемі дәл осындай шамада май шығарар болсақ, ғажап болар еді,-деп көсілген Терещенко сәл тоқтай қалғанда тілші:
– Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы қуаты ұлан-ғайыр бола тұра, өз-өзін меншік өнімімен қамтамасыз ете алмай отыруының себе неде? – деп барлығымыздың көкейімізді кеміріп жатқан кесір сауалды қыстырыпты.
– Мен басқарған уақыттағы үкімет кезінде шаруашылықтарды ұсақ-тауарлы өнім өндірушілерге бөліп, қателік жіберіп алды. Оны мойындаймын, – деп бір тыныс алған Сергей ағаңыз одан әрі:
– Қазір ауыл шаруашылығын барынша белсенді дамыту үшін фермерлерді ірі серіктестерге, кооперативтерге қайта біріктіру қажет. МТС құру керек. Тек ірі шаруашылықтар ғана зор айналым жасап, көп өнім шығара алады. Қытай біздің елден 40 млн. тонна соя, 50 млн. тонна жүгері, 8 млн. тонна жоңышқаны қыңқ демей сатып алуға әзір, -дейді.
Халықаралық нарыққа 6 млн. тоннадай астық шығарсақ та, бір кезде әлемдегі ірі ұн өндіруші елдердің бірі болсақ та, жеміс-жидектің 80%-ын, кепкен жемістің 100%-ын шеттен әкелеміз. Сүтпен өз-өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз. Үкімет пен АуШарМин өте көп қаржы бөліп жатса да, әзірге оң нәтиже болмай тұр.
Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, өте тиімді экономикалық бағыт. Қазақстанның әлемдегі жүгері, рапс, соя, күнбағыс, бал, т.б. өндіріп, экспортқа шығаратын ірі экспортер елге айналуына мүмкіндік жетеді. Мұнайдың бағасы ойнап тұрған кезде, бұл дегеніңіз керемет нәрсе! Мұнай бүгін бар, ертең жоқ. Ал адамзатқа азық-түлік қашанда керек. Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қосып алғанда 5 млрд. адамдық нарық тұр.
Мәселенки, Ресей бізден 20 мың тонна форель балығын сатып алуға дайын. Біздің мұндай шамада форель өсіретін шамамыз бар. Өзбектер жылына 300 мың тонна балық өндіреді, бірақ ол ішкі нарыққа кетеді. Біз болсақ өткен жылы нәбәрі 47 мың тонна балық өндірдік. Бұл бағытты дамыту қажет. 43 мың су айдынынан бұдан он есе көп өндіре алатын шамамыз бар.
– Шикізат түріндегі астық, ет, соя ғана емес, одан шығатын май, шұжық, консерв, құрама жем, шырын дегендей, дайын өнімдерді шығару керек. Рентабельділік деген осы,-дей отырып, ол ойын одан әрі:
– Егер суармалы жеріңіз болса, жүгері, рапс, соя өсіріңіз. Өйткені, бұлар – экспорттық өнімдер. Мал шаруашылығымен айналыссаңыз, бірінші кезекте озық технологияны пайдалану керек. Ғажап көрсеткіштерге жетеріңіз сөзсіз. Ескіше жұмыс істеп, гектарынан баяғыша 12 центнерден астық жинау дегеніңіз – мемлекеттің мойнында отыру деген сөз, – деп жалғайды.
Иелігінде аздаған болсын жері бар, болмаса, саяжайы бар адамдардың барлығы көкөніс пен жеміс отырғызып, күзде молынан жинап алса, жаман ба?! Әлемде 3 млрд. адамның үйінде мырзақамақта отырғанын ұмытпаңыздар…
– Ондаған жылдар бойы ауыл шаруашылығына орасан көп ақша – триллиондаған теңге салынып, сансыз бағдарлама жасалды. Сөйткенмен, бұл сала неліктен экономиканың жетекші саласына айналмады? – деген сауал Терещенконың ең жанды жеріне тиген болуы керек, Сергей Александрович:
– Өйткені, әрбір екі жыл сайын ауыл шаруашылығы министрін ауыстырады. Жаңа министр келеді де, жаңа бағдарлама жасай бастайды. Тұрақты бір нәрсемен айналысу деген жоқ, – деп салды. -Мінеки, 2028 жылға дейін тағы да он жылдық бағдарлама құрылды. Енді бұған тиіспеу керек, қайта-қайта өзгертпеу керек. Азды-көпті толықтыру жасап отыруға болар, бірақ оның мән-маңызын, бағытын бұлжытпау қажет. Бүгінгі біздің міндет – елді ең қажетті деген азықпен толықтай қамтамасыз ету. Қазақ елінде не нәрсенің бәрін өсіруге болады. Бізде мұнайды ауыл шаруашылығы өнімімен алмастыруға мүмкіндік жетеді.
S.Omirtai, «Жерұйық.kz» порталы.