Композитор Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» деген қазаққа кеңінен таралған әнін естігенде еріксіз ойыңа туған ауылың, балалық шағың еске түседі. Келмеске кеткен сол бір шаққа деген сағынышың оянады, бала кездегі достарды ойлайсың. Бүгін жағдайлары қалай екен деп толғанасың. «Ауылым – алтын бесігім» деп жатқандардың сөзін жатырқамай, жылы қабылдап, біздің де көңіліміз көтеріліп қалатыны бар. Десек те, бүгінгі ауылымыздың жағдайы қалай?
Мен, өзім өсіп-өрбіген ауылдар төңірегінде әңгіме қозғағанды жөн көрдім. Біз он жыл бұрынғы Семей облысы Көкпекті ауданындағы Қарағандыкөл деген жерде тұрдық. Алғашында шағын колхоз, «Большевик» совхозының фермасы болса, 1967 жыл совхозға айналды. Қазақтың ақбас сиыры, биязы жүнді қой өсіріп, егін шаруашылығын дамытты. Орталықта ақшаңқан силикат кірпіштен салған үйлер көбейді. Екі қабаттан тұратын орта мектеп пен кеңсе салынды. Аурухана жұмыс істеді. Халықтың жеке меншік малы да көбейіп, әл-ауқаты артты. Ауылымыздан А.Ахатов, М.Сыдықов, Р.Мұхамеджанова секілді ғалымдар шықты. Қазір де сол қалыпта тұрған шығар десеңіз, қателестіңіз. Мектеп жабылған. Шағын ауыл, көршілес Буденный атындағы совхоз орталығы болған Көкжайық округінің қарамағына берілген.
1970-ші жылдардың басында «Көкпекті» совхозының Комсомол фермасына көшіп келдік. Әкем ферма меңгерушісі болды. Біздің ауыл Көкпекті өзенінің бер жағында болса, ал арғы жағында Қарғалы деген фермасы бар еді. Жүзге тақау шаңырақ болды. Малды өсіріп, егінді жайқалтты. Ауылымызда дүкенді айтпағанда, сегізжылдық мектеп, клуб, монша, дәрігерлік пункт, тіпті, балабақша да болды. Өзімнің үлкен балам осындағы балабақшаға барған-ды. Күнде Семейден автобус келетін.
Ал, қазір ауылымызда 2-3 шаңырақ қалғандықтан тізімнен сызылған, ресми атауы жойылған. Бұл ауылдар аудан орталығынан бар болғаны 50-ақ шақырым жерде болатын. Өкінішке қарай, менің туып-өскен ауылдарымның жағдайы осылай болды. Бұрынғы социализм заманында қала мен ауылды жақындату, теңестіру деген үлкен жоспар, ұран болды. Шындығында сол межеге тақау да едік.
Ал бүгін қала жылдам дамып, ауыл тоқырауға ұшырады. Теңеп айтқанда, ат пен есекті жарысқа қосқандай халдеміз. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте берген жарамас. Сол Шығыс Қазақстанның өзінде бұрын атағы дүркіреген, бүгінде де тұғырдан түспей тұрған «Шалабай» атты шаруашылық бар. Оның да құрып бара жатқан жерінен, бағына қарай Қазақстанға белгілі экономист, кәсіпкер Зейнолла Кәкімжанов келіп, молынан инвестиция құйды. Басшылыққа жергілікті іскер де білікті азамат Қуаныш Сүлейменовті тағайындады. Осы азаматтар тізе қосып, аз уақыттың ішінде тұқымы құруға айналған қазақтың ақбас сиырын 3,0 мың басқа жеткізді. Асылданған малды жан-жаққа сата бастады. Мал қоралары талаптарға сай, жаңадан салынды. Қыруар техника сатып алынып, жылдап егін аумағы ұлғайып, азықтың мол қоры дайындалатын болды. Еңбеккерлер жалақысын ай сайын алып, табыстары молайды. Ірі қара шоғырланған негізгі кешенді жерде «Малшылар үйі» орталығы салынды. Оны 3-жұлдызды қонақ үй десек артық емес. Өйткені, ондағы кең бөлмелер екі кісіге арналған, ағаш төсек, жайлы жиhаз, кілемшелер төселген. Жуынатын душтардан бөлек, саунаға түсуге болады. Телевизор, интернет тартылып, теннис, бильярд столдары қойылған. Ал ас мәзірі қаладан кем емес, тіпті балға дейін беріледі. Жұмысшылар 15 күн жұмыс істеп, 15 күн лемалады. Бұл жерде шаруашылықтың «Байыс» қойын өсіріп, құс пен ара шаруашылығын да дамытып отырғанын да айтқан абзал. Бұл жағдайды тәптіштеп айтып отырғаным, біздің кафедраның студенттері жылда Шалабайда тәжірибеден өтеді. Ал осындай алдыңғы қатарлы, үлгілі, заман талабына сай шаруашылықта болған студенттің білімі кеңейіп, тәжірибесі молайып келешек өмірін ауыл шаруашылығына арнауына деген сенім мол.
Сондықтан біздің арманымыз – Қазақстанда «Шалабай» секілді агрофирмалар көбейе берсе нұр үстіне нұр болып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені қарқынды дами түсер еді деген тілек!!!
Өмірзақ Сұлтанов,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық
университетінің доценті.