Бай болсаң, Басбайдай бол!

430

Басбай Шолақұлы Бапин  1889 жылы Еміл бойында өмірге келген. Қазақ шежіресі бойынша Найман ішінде Қаракерей, одан Байжігіт, Байжігіт ішінде Мәмбет,одан Дәулен, Дәулен ішінде Жамбол деп аталатын шағын атадан тарайды.

Басекең басында үлкен ағасы Нұрсанның малын баққан.Сол сияқты Нүрсанда Басбайдың бала кездегі малжандылығы, қуаттылығы және мал бабын таба білетіндігіне қарап: «Менің дәулетім Басбайда қалды» деп, Басбай бөлек отау болып шыққанда әкесі Шолақпен бірге ол да 60 тұяқ қой енші берген екен. Сол малды Басбай мен Жамбы бағып-қағып, 600 басқа жеткізеді.

Алты мың қой, үш мың жылқы, екі мың сиыр біткен бұл кісі өз заманында жеке қаржысына үйлендірген жиырма бір адамның ішінде қазақ, орыс, қытай, ұйғыр, т.б. ұлт өкілдері бар. Бәрін де өз алдына отау тігіп, еншісін бөліп берген екен. Осындай қамқорлыққа деген ерекше құрмет ретінде олардың барлығы қазақша сөйлепті.

1937жылы Нұртаза үкірдай рұшты мектебін салу үшін ауқаттылардан қаржы жинауды бастап, әуелі өзі үлгі көрсетіп,150 тұяқ қой, бір айғыр үйір жылқы атайды. 1941жылы мектеп бітіп, ресми жұмыс бастайды. Сол сияқты  1937 жылы Шәуешек Халық клубын,1939 жылы «төрт үкірдай мектебін» салуға Басекең көп көмек атағандығы мәлім.

1936жылы Шәуешек қаласында ең алғаш электр станциясы салынбақ болды. Оғанда көмек көрсетіп  700 еркек қой, 70 жылқы, 70 өгіз жылу атайды.

1939-40 жылдардағы Басекеңнің Жомарттылығының шоқтығы биігі –Басбай көпірі. 1941 жылы қыркүйекте басталып,1942 жылы маусымда аяқталған.Ұзындығы  87 метр, кендігі 6м,көтерімділігі 25 тонна. Шығын қаражаты:55 мың доллар.

Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақ үкіметіне ер-тұрманымен бес жүз жылқы көмекке бергенде осы кісі.

Басбайдың отаншылдық көзқарасы. Кезінде Басбай  «Россияның құрметті азаматы» аталған Шәуешектің атақты байларымен көп араласқан. Отанын, туған мекенін гүлдендіруге қатысты науқандардың бәрінеде  Басекең атойлап алда жүрген. 1951 жылы еліміз бойынша  өрістетілген Отанды қорғап, Чаучиянға көмектесу науқанында Басекең көмекке бір соғыс айропланын атап,мемлекет бойынша қара озып,алдыға шығып,жүңголықтардың  отаншылдық рухын бүкіл әлемге әйгіледі.Оған 4 мың қой,100 жылқы, 100 сиыр, 100 түйе, 100 сәрі атаған екен.

Басбайдың кісілік көзқарасы. Басбай – «адам мен адамның, ұлт пен ұлттың терезесі тең» деген көзқарасты дәріптеген, сол көзқараста берік тұрған әрі өз өмірінде өзі үлгі болып жүзеге асырған адам. Оның көзқарасынша; ханзудың қарапайым шаруасы-етікші Чын Хуанжаң да, жетім жесір орыс әйел Зоя да, ұйғырдың панасызы Молақта,қазақтың панасызы Рақымжан да, лықсыған бай Басбай да бірдей адамдар. Әлдекімдер бұларды кемітсе, оларға зорлық-зомбылық көрсетсе, бұған Басбай атымен араға түседі. Қарызы болса өтейді. Қажеті болса қанағаттандырады. Сондықтан, Басбай адамдық ары биік, кісіліктің кіршіксіз үлесі деуге бола білді.

Басбайдың әділдігі. Қарапайым халық әділдікті армандайды. Басбайдың әділдігі – ақиқатқа арналған әділдік. Басбай басқалардың басқаларға әділ болуын ғана емес, басқалардың өзіне әділ болуын да дәріптеген. Айталық, қалың молда- қожа, дін иелері жиылып, Басекеңнің мол дастарханынан дәм татып отырады. Сонда Басекең өз мінін мойындап:«Мен арақ ішемін, елді балағаттаймын, құдай алдында кінәлімін ғой», – дейді. Бұған молдалар:«Жоқ, Басеке, мұныңыз күнәға жатпайды, сіздей құшыр-зекеті мол құдайдың құлын Алла өзі кешіреді, сіздің орныңыз – бейіш», – деп мәймөңкелейді. Сонда  кейінірек келіп, төменірек отырған ұрт тілді Сармолла:«Ей, молдалар, Басбайдың дастарханына бола құдайдың түзу жолын қисайтқанымыз болмас. Басбайдың әлгі айтқаны күнәға жатады, оның о дүниедегі орны  бейіш емес, тозақтың лайлұқ деген шұңқыры», – дегенде Басбай орнынан тұрып, өз орнын Сармоллаға беріп, ат мінгізіп қайтарады.

Басбайдың жомарттығы. «Басбай – қазақ тарихында дүниеге келген ірі тұрғалардың бірі. Бір өзінен 40 неше пұт алтын шыққан Басбайдан да ірі байлардың көмекке атағаны Басбайдың шалымына  да келмейтін. Сондықтан, мұндай жомарттылықты байлықты шашу демей, бар мәзірін Отаннан аямау деп түсінген жөн. Бәсекең өз заманының еңселі бәйтерегінің бірі деуге болады. Бәсекеңді соншалық биік тұлға, еңселі бәйтерек дәрежесіне көтерген нәрсе – сол жомарттығы.

Басбай кейін Шәуешектен, Қарабураның жазығынан екі займке салдырды. Қарабурадағы Лауһәр деген жер емшегінен жан баққан ханзу досының жанынан жер ашып,азық-түлік қамбасын орнатты, мал борлатып, оны Шәуешекке, Ресейге саудаға айдатып отырды. Жалпақтал, Төрежайлау, Жанжүрек деген жерлерден жем-шөп қорығын құрып, ой қыстаулығын салдырды, Шағантоғай  өзенінің бас жағындағы бір білек жерінен диірмен салдырып, өзіне келіп паналап жүрген екі татар жігітіне сол диірменді ұстатты. Шағантоғай қалашығынан асхана аштырып, өзінің ұйғыр баласы Тұйғынды аспаздыққа  қойды. Басекеннің осылай бастаған тың тірлігі бірнеше жылдың ішінде-ақ оның беделін күрт көтеріп, Шәуешектің ірі байларымен үзеңгісін теңестіріп жіберді.

Басбай жомарттығының, көпшілдігінің бір көрінісі – 1932 жылдары ашаршылықтан ауған жұртқа арнайы тамақтандыратын орын жасап, өз жолдарын тапқанша қарайласқандығы.

Басбай артықша мақтауды, марапаттап, әсірелеп айтуды жақатпайтын. Ұлылықтардың  озбырлығын, байлардың сығандығын, сырдаң-сараңдығын көбірек айтуды, беті жүзін демей өз көзіне көрсете айтуды дәріптейтін. Сондықтан ол Ауған ақынның Көшен туралы айтқан өлеңін қызыға тыңдады:

-Иманды болғыр Көшенім,

Жамболдағы шешенім.

Жазда өлмей,қыс өліп,

Майрылды жүзі тесенің,

Ел үйіне барғанда

Сөз бермейтін еселім.

Өз үйіне келгенде

Түк бермейтін мешелім,-

Деген өлеңді естігенде Басбай:

– Адам малды сән үшін емес, жан үшін жияды ғой .Тіріде оның қызығын,иә,өзің көрмесең, иә,елге көрсетпесең, сығандық істеп, елді зарлатсаң, өлгеннен кейін, Ауған сияқты ақын артыңды бірақ ашып, жұрт алдында масқаралап тастамай ма, – деген екен.

Басбай осыншама атақ, даңқы шыққанына қарамастан өмірде қарапайым, халықпен етене жақын жүретін, астамдығы жоқ, пейілі кең жан болған.

Қытай жерінде қазір бұл кісінің музейі бар. Қазақ байларының сол соңғы тұяғы Қазақстаннан мықты зоотехниктер шақыртып, арқар, меринос тұқымдас етті, жүнді асыл тұқымды қой шығарылыпты. Ол қойларға сол кісінің есімі берілген. Бертінде бұл өңірде «Басбай» тұқымды қой екі млн-ға жеткен.

Сондықтан дағ Қытай билігі халық арасындағы зор беделі мен қоғамға сіңірген елеулі еңбегін ескеріп, Басбай Шолақұлына 1945- 1952 жылдар аралығындағы өтпелі кезеңдерде Тарбағатай аймағының (7 аудан қарайтын) әкімі, сот мекемесінің бастығы секілді жауапты қызметтерді ұсынады.

Басбай Шолақұлы 1953 жылы 4 қарашада Қытайдың ішкі қалаларын аралап жүріп тосын науқастан Хаңжу деген қалада қайтыс болған. Сүйегі арнаулы ұшақпен Шынжаңға жеткізіліп туған ауылына жерленеді.

Басбай дүние салғанда артында дәулетінен 8170 басқой (төлімен 11170 бас) қалған. Өкінішке орай кейінгі жылдары Басбайдың артында қалған ұрпақтары бұл мол байлықтың ешбір игілігін көре алған жоқ.

1958 жылы Қытайда байлардың малын тәркілеу басталады. 1966-1976 жылдар аралығындағы «Мәдениет төңкерісі» деп аталған зор науқаншылдықта «байларды құрту» саясаты тіптен қатал жүргізілді. Осы кезде Басбай отбасы да қуғынға ұшырап көп жәбір тартады. Аштық пен панасыздық, қатаң бақылау астындағы ауыр еңбек діңкелеткен ұрпақтары кедейшіліктен күндерін әрең көреді. Тек, 1976 жылдардан кейін ғана Басбайдың жазықсыз жазаланған ұрпақтары ақталды.

 

Редакциядан: Материал жазушы Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағының 3 томынан («Ан-Арыс» баспасы,2017ж) ықшамдалып алынды.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз