Шығыстағы археология шындығы

248

Халқымыз аруақты ежелден ардақ тұтып келеді. Қайтыс болған ата-бабаларының рухына үнемі құран бағыштап, мәйіттің жантқан жерін қадірлеп дұғасын жасап, артынан жаман сөз айтпай, «марқұм, жақсы адам еді» деп тек жақсы қасиеттерін еске алады.

Солай десекте, ата-бабасының аруағын аттап, 2015-2016 жылдары Елеке сазы жазығындағы диаметрі 120 м, биіктігі 5 м болатын, қорымдағы ең үлкен патша обасын арнайы техниканың көмегімен бүлдіріп, ішінен шыққан тарихи-мәдени құндылығына баға жетпес сақ мәдениетінің жарқын өнер туындыларын тонап, қара нарыққа шығарып, ашық сату фактілері тіркелгеннен кейін, археолог мамандар дабыл қаққан болатын. Осы мәселеге орай археологтар ұсынысын ескере отырып ШҚО әкімі Даниял Кенжетайұлы 2018 жылы Елеке сазы жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу ісіне қолайлы жағдай туғызды. Егер археолог мамандардың дабыл қағып, дер кезіңде ескерткіштерді зерттеп, қорғап қалу ісін қолға алмағанда Елеке сазында шоғырланған басқа да тарихи-мәдени мұра ескерткіштері ары қарай тоналып, Елеке сазының «Алтын адам» деп танылған жәдігеріміз әлемдік өнер жауһарларының қатарына қосылып, музейлердің төрінен орын алмас еді. Тек сол, обаларды тонауды кәсіп етіп, жылтыраған алтынға қызыққан шағын топтың олжасына ғана айналуымен шектелер еді.

Археолог мамандардың зерттеу мәліметтеріне сәйкес Елеке сазы жазығында бүгінде Сақ, түркі заманында тұрғызылған 300-ден аса ескерткіш тіркелген. Тонаушылық әрекеттер тек 2015-2016 жылдармен қана шектіліп қалмай, 2018-2019 жылдары да қайталанғандықтан Облыс әкімі Даниял Кенжетайұлы Ахметовтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеулерді дамыту» бағдарламасы аясында Елекесазы жазығындағы ескерткіштерді ең алдымен тонаушылардың әрекетінен аман алып қалу мүмкін болды. Сонымен бірге  сақ мәдениетінің қалыптасуы кезеңінде тұрғызылған обаларды, Қазақстан территориясындағы жалғыз көне түркілердің қағандық кешенінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жол ашылды. Сол арқылы Қазақ елінің бастауында тұрған сақ, ғұн және түркі дәуірінің тарихына қатысты ақтаңдақ беттерді ашуға мүмкіндік туындады. Елеке сазындағы ескерткіштерді зерттеу арқылы ғалымдар жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Ұлы дала төсінде осыдан 3000 мың бұрын көшпелі  мәдениетін қалыптасуы аймағы, оның  дамуы мен таралуы деген мәселелердің күрмеуін шешіп, Ұлы далада көшпелі мәдениетін қалыптасу орталықтарының бірі осы Тарбағатай тауларының баурайы болғандығы, Тарбағатай таулары сондай-ақ, 7 ғасырда батысында Шығыс Еуропаға дейін, оңтүстігінде Үндістаннан солтүстігіне дейінгі алып аумақта империя құрған Батыс түркі қағанатының орталығы болғандығын осы Елеке сазы жазығының төріннен орын алған Қағандық кешен көрсетіп отыр.

Отандық тарихқа ғана емес, Еуразия тарихында қалыптасқан жаңсақ тұжырымдарға ғылыми тұрғыдан өзгерістер мен түзетулер енгізген осы Елекесазы кешеніненде кәсіби археологтардың табанды жүргізген жұмыстарын нәтижесі деп бағалау керек.

Қазақстан Республикасының территориясында жүргізілетін барлық далалық археологиялық зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңының аясында жүзеге асырылады. Осы заңның «Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру» 36 бабында көрсетілген талаптар негізінде зерттеу жұмыстары атқарылады. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық зерттелген нысандар қайта көміліп, топырақтары шығарылады. Қазба жұмыстарының барлық кезеңдері түрлі техникалық (Сандық фотоаппарат, дрон, электронды тахеометр,) құралдардың көмегімен тіркеліп, қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық табылған жәдігерлер музейлерге тапсырылып, зерттеу жұмысының қортындысы баяндалған ғылыми есеп уәкілетті органдарға табысталады. Елеке сазындағы археологиялық зерттеу жұмыстары осылай жүзеге асырылды. Қазба барысында табылған барлық археологиялық жәдігерлер оның ішінде остеологиялық материалдарға арнайы реттік нөмірі беріледі.

Бүгінгі таңда археология ғылымы зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған бағалы металлдар және тастардан жасалған заттарды сипаттаумен шектелетін ғылым саласынан өсіп, антропология, медецина, генетика, ботаника, ветеренария, физика, топырақтану сияқты түрлі бағыттағы ғылым салаларының соңғы үлгідегі жетістіктерін пайдалана отырып, олармен тығыз байланыста ғылыми зерттеулер жасап, өткен замандарға қатысты соны әрі нақты ғылыми тұжырымдар жасайтын ғылым саласы дәрежесіне көтерілді.

Ағылшын және Неміс ғалымдарының Мысыр пирамидаларының бірінен осыдан 3000 жыл алдын жерленген адамның, компьютерлік томограф пен 3D принтердің көмігімен, дауысының жаңғыртпасын жасаулары әлемдік ғылым саласына төңкеріс әкелген жаңалық болды.

Ұлы далада көшпелі өркениетті жасаған сақтардың демографиялық негіздерімен, олардың бүгінгі ұрпақтарының әлемде таралуын динамикасын анықтау мақсатында әлемнің озық АҚШ, Германия, Франция, Ресей сияқты елдері жүргізген ірі генетикалық зерттеулерінің нәтижесінде сақтардың ұрпақтары түркі тілдес халықтардың арасында, соның ішінде қазақ халқының арасында сақталғындығы туралы сенсациялық ғылыми тұжырымдама жасап, сақтарды қазаққа жақындатпай, олардың тегін үнді-ирандықтарға теңеп, өздерін тарих сахнасынан жоғалып кетті деп қалыптасқан еуроцентристік көзқарасқа тойтарыс берілді. Елеке сазы қорымынан табылған сүйектерді генетикалық саралау нәтижелері халқымызда қалыптасқан «жеті атаға дейін қыз алыспау» қағидасының қалыптасуы біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта көшпелі халықтардың салт-дәстүрлерінде пайда болғандығын негіздеп беріп отыр. Бүгінге таңда адамның сүйектерін зерттеу арқылы ежелгі адамдардың қандай аурулармен ауырғандықтарын, олардан емделу үшін қандай табиғи дәрілерді пайдаланғандығын анықтауға болады. Физикалық антропология бойынша маманданатын мамандар ежелгі адам сүйектеріннің мүжілуі мен деформацияға ұшыру деңгейін зерттеу арқылы байырғы адамдардың еңбектің қандай түріне бейімделгендігін, олардың аттың үстіне қалай отырып, садақ пен қылышта қалай игергендіктері туралы бұрындары зерттеуші мамандарға беймәлім болған ғылыми әдістер арқылы соны ғылыми тұжырымдар жасауға үлкен мүмкіндік ашылып отыр. Өткен тарихтағы ата-бабамыздың тарихын толық түсініп, олардың шынайы мұрагері атануларымыз үшін бізге бабаларымыздың өткен тарихын толыққанды зерттеп, жаңғырту арқылы Ұлы Даланың нақ мұраға өзіміз екендігімізді дәлелдеу қажет екендігі сөзсіз. Ол мақсаттарға археология ғылымынсыз жете алмасымыз тағы ақиқат.

«Алтын адам» табылғаннан кейінгі уақытта Көкжыра ауылында орын алған «тылсым» фактілердің шынайылығы дәлелдеуді қажет етеді деген ойдамыз. Мысал ретінде айта кетер болсақ, Көкжыра ауылында ешқандай да Айдын деген молда жоқ екендігі, жоғалып кетті деген баланың әкесі осыдан бірнеше жыл алдын Ақсуатқа көшіп кеткендігі, ол баланың бұрыннан сәл науқастау бала екендігі анықталды. Сондықтан да, көрсетілген фактілер арнайы мекемелер тарапынан тексеріліп, шынайы бағасы берілсе деген талап-пікіріміз бар. Ашық хатта шашылып қалған сүйекке қатысты мәлімет, зерттеу жұмысының барлық кезеңдерін білмегеннен туындап отырған қате пікір деп білеміз. Жоғарыда атап өткеніміздей далалық зерттеулер нәтижесінде ашылған жерлеу орындары қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін көміліп, топырақтары шығарылады.

Археология ғылымы бүгіндері тарих ғылымының аясынан шығып, жаратылыстану ғылымдарының озық үлгілерін өз зерттеулеріне пайдаланатын пәнаралық ғылым саласына айналғандығын атап өткен болатынбыз. Осы ретте, әлемнің мықты ғалымдарын зерттеу жұмыстарына тарту әлемдік археология ғылымында қалыптасқан жағдай. Отандық археологтарымыз Азербайжан, Монғолия, Ресей сияқты елдерде ұйымдастырылатын археологиялық зерттеу жұмыстарына арнайы маман ретінде шақырылады.

Елеке сазындағы осындай зерттеулерге еліміздің белді археологтары ғана емес, сонымен қатар әлемге танымал генетик Джансугурова Лейла Булатовна, танымал архитекторлар келіп зерттеу ісіне өздерінің үлестерін қосуда. Олардан өзге бауырлас Туркиядан әлемдік түркітану ғылымының көшбасында тұрған Ахмет Ташағұл, 150 жылдық тарихы бар Ресейдің Материалдық мәдениет институтының Н. Боковенко бастаған мамандары келіп Елеке сазындағы зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосып, өздерінің ақыл-кеңестерін берді.

Алтыны бар обаларды арнайы іздеп жүріп қазу ісі археология ғылымы ғылым болып қалыптаспай тұрған ХХ ғасырдың басына дейін әуесқой жандардың арасында кең таралған іс болатын. Тарихи деректер ондай жандар арнайы жасақтар жасап, көне қорымдарды мақсатты түрді алтын бұйымдар үшін ғана тонағандығынан хабардар береді. Қазіргі таңда археолог мамандар обаның сыртқы және ішкі құрылыстарын тұтас бір археологиялық кешен ретінде қарастырады. Сондықтан да, қазба жұмыстарының барысында мамандар контекстен ажырап қалмауы үшін әр тастың орынында жатуына үлкен мән береді. Ежелгі заманда обаны тұрғызғанда әр тасты өз орнымен қойғандығы белгілі. Бүгінде Елеке сазында ашық аспан астындағы музей ашудың тұжырымдамасы дайындалып жатқан шақта обаның әрбір конструкциялық бөлшектерінің маңыздылығы арта түсуде. Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында бөлінген қаражаттын толық соммасы туралы ақпаратты мемлекеттік сатып-алулар порталында алуға болады. Сол жерде мына хатта келтірілген сомманың шындыққа жанаспайтындығына көз жеткізуге болады.

Елеке сазы Қазақ тарихында үлкен орын алатын ескерткіш. Қазақстанды әлемге танытатын Есік, Ботай, Берел сияқты тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қатарында нық орын алған кешен. Кешенді көзіміздің қарашығындай қорғау бұл жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың абыройлы борышы деп білеміз. ШҚО әкімдігінің Елеке сазына арнайы баруы бірнеше рет барып, қатал күзет қоюуы сол жанашырлықтан туындаған әрекет. Қара күзде құрал-саймандарын дайындап Елеке сазындағы көне ескерткіштерді тонауға құлшына кірісетін тонаушылардың әрекеттерін алдын-алу мақсатында жасалған тосқауыл амал деп қабылдау керек.

Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында бөлінген қаражаттын толық соммасы мемлекеттік сатып-алулар порталында көрсетіліп тұр. Қызығушылық танытқандар болса сол жерге кіріп барлық қажетті мағлұматты танысуына болады.

Айдын Жүнісханов, археолог ғалым.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз