Ауылда жұмыс жоқ емес. Жұмыс жетіп-артылады!

200

«Ауылда жұмыс жоқ, ауыл тұрғындары күнін көре алмай ауылын тастап, қалаға көшіп жатыр, ауыл құруға жақын…»,-деген ақпараттарды көзім шалғанда, еріксіз төмендегі жігіт ойыма түседі.

Онымен осыдан екі жыл бұрын Фейсбук арқылы ойда жоқта танысқан едім. 2018 жылдың күзінде ауылдағы үйімнің іргесіндегі 7 (жеті) сотық жер теліміне егілген бау-бақшамнан жинаған өнімдерді фотоға, бейнетаспаға түсіріп, Фейсбук бетіне жүктегенім сол еді, ұялы телефоныма қоңырау салған бейтаныс жігіт:

– Мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылының тұрғынымын. Аты-жөнім Әбдіуәли Әбутәліпұлы Сахи, жасым 21-де. Менің де үй іргесіндегі 39 сотық жерге еккен бау-бақшам бар, соларды күтіп- баптаумен айналысамын. Сіздің мына фото, бейнероликтеріңіздің ішінен қарақаттан (смородина) алған өнімдеріңіз маған қатты ұнап тұр. Қарақатыңыздың көшеті болса, оны пошта арқылы жібересіз бе, ақшасын салып жіберсем,-деді.

Жап-жас жігіттің бағбандық жұмыспен айналысып жүргеніне риза болғаным соншалық, көшетті сатпайтынымды, пошта арқылы емес, поездың жолсеріктері арқылы жіберетінімді айттым. Сол күзде суық түсе 5 түп «Геркулес» деп аталатын қарақат, әр сортынан 4 түп шие және 2 түп ақ түсті альхора көшеттерін поездың жолсеріктерінен беріп жібердім. Соларды Қазалы станциясынан Әбдіуәли күтіп алды. Сол бес түп қарақаттан екі жылда 25 түп қарақат өсіріпті. Міне, менің немерелеріммен жасты бағбан Әбдіуәлимен таныстығымыз осылай басталып, күні бүгінге дейін апта құрғатпай хабарласып тұрамыз. Жас арамыз алшақ болғанымен, әңгімеміз бау-бақша туралы таусылмайды.

Әбдіуәлидің айтуы бойынша, биыл бақшасындағы өсіп тұрған 39 түп алма ағашынан мөлшермен 500 кг, 25 түп алмұрттан – 400 кг, 22 түп өріктен 500 кг, 43 түп жүзімнен 350 кг, 16 түп қара өріктен (слива) 300 кг өнім жинапты. Осы жинаған өнімдерін мереке күндерінде, той мәзіріне керек деп тапсырыс беріп, Қазалы мен ауыл тұрғындары үйіне келіп сатып алады екен. Бақшасында жаңадан жас егілген 6 түп бұхар жидесі, 6 түп шабдалы, 1 түптен грек жаңғағы, анар, қызыл шие, хурма ағаштары тағы бар. Оған қоса қызғанақ, қияр, баклажан, бұрыш (тәттісі-ащысы), асқабақ, қызылша, сәбіз, картоп сияқты көкеністердің барлық түрлерін егіп, мол өнім алуда. Бақшаны Сырдария өзенінен Абай ауылына тартылған канал арқылы арықпен суғарып, жерге тыңайтқыш есебінде малдың көңін ұқыпты пайдаланып, бақшадан өскен жемістерді халық игілігіне жаратуда үлкен жұмыс атқаруда. Әбдіуәлидің осы еңбегін бағалаған облыс әкімі 2018 жылы оны өзінің Алғыс хатымен марапаттаған.

Бақшадан басқа жеке меншіктерінде жылқы, сиыр, ұсақ малдары баршылық. Өздеріне күнделікті керекті ет, сүт, май, құрт, ірімшік, сүзбе сияқты тағам түрлерін сатып алмайды, өздері өндіреді. Оның үстіне өткен

жылы Ақтөбеден «Зааненский» деп аталатын асыл тұқымды 5 ұрғашы ешкі, 2 теке сатып алып келіп, сүтін ішіп, соларды өсіріп сатуды мақсат етіп отыр.

Әбдіуәли Әбутәліпұлы Сахи жоғарғы білімді-мұнай өндіру саласының маманы. Мамандығына орай ауылда жұмыс табылмағандықтан, әке-шешесін, бауырларын қалдырғысы келмей, басқа қалаға бармай, туған ауылында бағбандық кәсіппен айналысып, солармен қара шаңырақта бірге тұрады. Биыл 23 жаста, нағыз тепсе темір үзетін кезі, бойдақ (қыздардың құлақтарына алтын сырға) намысқой, мінезі біртоға, қолға алған жұмысын бітірмейінше тынбайтын еңбекқор, келешегі мол азамат. Оны Әбдуәлидің іс әрекеті толық дәлелдейді.

Сөзімнің соңында «Ауылда жұмыс жоқ…»,-деп ауылды тастап, қалаға барып «арбакеш», «таксист» болып жүргендермен ауылдағы Әбдіуәлидің жағдайларын салыстырсақ – жер мен көктей. Ауылда жұмыс жоқ емес, жетіп-артылады, бірақ ол жұмыстарды істеу жалқау адамдардың қолынан келмейді.

Кәрім Жұмағалиев, ФБ-дағы жазбасынан.

«Жерұйықтың» анықтамасы: Кәрім ақсақал бүгінде 90 деген жастың табалдырығында тұрса да, әлі өте тың. Өзі кезінде Қызылорда жағында ішкі істер саласында ірі қызмет атқарған. Негізі, Семейдің Жарма өңірінің тумасы. Ол кісінің қаншалықты белсенді екендігін осы жазбасы арқылы-ақ бағамдай беріңіз…

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз