Құнанбай қажының Қытайдағы ұрпақтары

1063

Кеңестік дәуірде сыртқы дүниемен қоян-қолтық араласа алмай, томаға тұйық өмір сүргенімізді, басқаны былай қойғанда, шетелдердегі өзіміздің қандас бауырларымызбен қатынасудың өзінің қиямет-қайым болғанынан-ақ көре аламыз. Әрине, қазіргі кезеңнің жағдайы мүлде басқадай. 2007 жылдың шілде айының басында, сәті түсіп, бүгіндері «Моңғол Ұлысы» деген ресми атпен белгілі Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына алғаш рет қадам бастым. Кейіннен, бұл елге іс-сапармен 2008 және 2009 жылдары да баруға тура келді.
Қазіргі кезде Батыс Моңғолияға жататын, қазақтар тұтастай мекендеп отырған БаянӨлгей аймағы туралы жұртшылықтың жан-жақты хабары бар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Баян-Өлгей қазақтың байырғы мәдениеті, тілі, ата-баба дәстүрі сақталып отырған, дамуының өзіндік ерекшелігі бар, Моңғолияның алдыңғы қатарлы аймақтарының бір. Жалпы, қазақтар Моңғолияның барлық өңірлерінде бар. Бұлардың біразы Баян-Өлгейден тысқары жерлерге, сонау 40-шы жылдары-ақ өндіріс орындарын салуға барғандардың ұрпағы көрінеді. Сол сияқты, 50-60-шы жылдары Моңғолияда тың көтерілгенде, Селенгі сияқты аймаққа да бұлар барған. Қазақтар Ресейден Қытайға қарай Моңғолияны көктей өтетін моңғол темір жолының бойындағы елді-мекендерде де біршама көрінеді. Жалпы, Моңғолияда шамамен, қазірдің өзінде 150 мыңдай қазақ бар. Баян-Өлгей аймағында қазақ ұлттық құрамдағы тоқсан екі пайызды құрайды.
Баян-Өлгейге алғашқы баруыма, өзім қызмет жасайтын Семей мемлекеттік
педагогикалық институтының Академик Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығы және Баян-Өлгей аймағындағы ғылыми зерттеу нысандарымен өзара ғылыми байланыс орнату мақсаты жатты. Сонымен бірге, бұл елге келуім, қазақстандық тарихшылар зор құрмет тұтатын, қазақтың дәстүрлі этнографиясын зерттеуші, моңғолия және қазақ достық қатынастарының жанашыры, тамаша азамат, тарих ғылымдарының
докторы, Әлемдік Шыңғыс қаған академиясының академигі, біздің досымыз Биқұмар Камалашұлының кенеттен қайтыс болуына да байланысты болды. Мен, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, еліміздің белгілі тарихшы ғалымы Ерлан Сыдықовтың атынан, оның жанұясына көңіл білдіре бардым.
Осы сапарымда, мен Баян-Өлгей аймағында шығатын «Жаңа дәуір» газетінің бетіндегі «Қытайда да Абай ұрпақтары бар екен» деген шағын мақаланы оқыдым. Оны жазған адам, Мақидолла деген моңғолиялық азаматтың, Шыңжаңға барғанда Абай ұрпақтарын кездестіргенін айтыпты. Сол мақалада Азатбек деген Шәкәрімнің тікелей ұрпағы да бар екенін де жазыпты. Арғы-бергі тарихтан біраз хабарым бар деген менің өзім де, Зият Шәкәрімұлынан басқа Құнанбай қажы ұрпағының Қытай елінде болғанын естімеппін. Бұл
қай қазақты болмасын таң қалдыратын хабар еді. Бірақ, сол жолы, мен жаңағы Мақидолланы көре алмадым, ақын ұрпақтары туралы да жарытып ештеңе естімедім. Елге қайтып келген соң да, осы естігенім ойымнан шықпады. Анығына жету үшін Қытайдағы қазақтың көрнекті азаматы, ғалым, жазушы, қоғам қайраткері, дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының алқа мүшесі Сұлтан Рамазанұлы Жанболатовқа телефон шалдым. Ағаға бұйымтайымды айтып түсіндірдім. Сұлтан Рамазанұлы да бұған дейін бұл
туралы естімегененін айтып, аса таң қалды. Ол кісі Абай ұрпақтарын іздестіру жұмысын жедел қолға алатынын айтты. Шыны керек, Сұлтан аға бұл мәселе бойынша Шыңжаңдағы қазақтарға сұрау салып, үлкен істі қозғап жіберді. Сонымен бірге, Қытайда Абай ұрпақтарының бар-жоғына байланысты елдің құлақтануына жазушы, майталман журналист Дәулет Сейсенұлының «Егемен Қазақстанның» бетінде жарық көрген мақаласының да әсері мол болды.

Көп ұзамай, Сұлтан аға хабарласып, Қытайдағы қазақтардың ішінен өздерін Құнанбай қажыға, ұлы Абайға белгілі дәрежеде жақындықтарының бар екендіктерін мәлімдеген адамдардың хабарласып жатқанын айтты. Біздің қазақтың басына қандай қиындықтар түспеген десеңізші. Жаңағы хабарлардан байқағанымыз, Қытайда да тобықты елінен шыққан біраз жұрттың болуы. Олардың ол жаққа баруы әр түрлі себептермен және әр кездерде болғанын байқадық. Әрине, көбі бөтен елге 20-30 жылдардағы заңсыз зорлықтың тепкісін көріп кеткендер.
Осы жерде біз, Сұлтан аға жіберген деректерді сол қалпында беруді жөн көрдік. «Аса құрметті Мұхтар Қарпықұлы Кәрімов мырзаға!
Құрметті Мұхтар бауыр! Амандықтан соң айтарыма тіке тартайын. Баянөлгөйден, заты арғын Мақидолла Қинаятұлы деген адам Қытай Ілесіндегі Күнестің Аққой кожалығына келіп кеткен екен.
Сіздер бәлкім солардан естіген шығарсыздар. Әзірше маған мына адамдардың ата-тегі ғана келіп жетті. Егер бұлар Олжай, Айдос, Ырғызбай тіпті Өскенбайлармен туыстық байланысы бар жандар болып жатса, зерделеп көрерсіздер. Әзірше Ақылбайға байланыстыра алғаным жоқ.
Қазір бұл фирмада Әбдіғапар Уанұлы (тел:0999-5297051) деген бар. Қырықтың үстінде. Бұл тобықтының Балпақ деген атасынан екен. Балпақтан Қаратай, одан Сейтек, одан Байсал мен Бөжей туады. Байсал 1850 жылдың маңайында саудамен Қытай асады да, қайта алмай қоныстанып қалады. Байсалда үш ұл: Балабатыр, Балғабек, Құлынбек болыпты. Балабатырдан Байжұма мен Тұрар туады. Тұрардан Жұмабай, одан Әлжапар мен Әбілнұрахман туған. Байжұмадан төрт ұл: Уан, Қуан, Сыбанбек, Сыбанақын. Қазір менімен тілдескен осы Уанның ұлы Әбдіғапар.
Бұл фирманың бастығы Сейіт (тел:0999-5297091), орынбасары Асхатбай (тел:0999-5297093, 0999-5297067). Бәрі де осы шаруаға тәуір-ақ ат салысты. Ал, Шәкәрім ұрпағы делінген Азатбек туралы хабар әлі келмеді. Зияттың мұндағы тарихынан хабардармыз. Бірақ басқа ұрпағы туралы дерек жоқ. Шәкәрімнің өзге баласы да келген болып, ол озін жасырған және ұрпақ та қалған болса шығып та қалар. Өздерін берген шабыттан ойға түсіп «Шинжяң газетіне» «Шинжяңда Абай ұрпағы бар ма ?!» деген мақала жаздым. Жариялап жатса, ел құлағы елу, тың хабар келіп қалуы да ғажап емес. Талай бауырларыма телефон шалғанмын. Бәрі де іздестіріп жатыр. Тың хабар келіп
жатса тағы да айтармын.
Мұхаңның 110 жылдығыиа бару үшін, алдымен, осы айдың жиырмасынан бұрын Алматыға жетпекпін. Көріскенше сау тұр! Менен ректор, Мейір бауырға көп сәлем!
Құрметпен, Сұлтан Жанболатов.2007.09.07. ҚХР, ШҰАР, Үрімші қаласы».
Сөйтіп жүргенде, Сұлтан Жанболатовтан екінші бір хатты алдық. Онда да қызық мәліметтер бар екен. «Семейден Мұхтардың телефонын алғасын, Ілe Қазақ Автономиялы Облысының орталығы Құлжа қаласында шығатын «Іле газетінде» «Шинжянда Абай ұрпағы бар ма?» деген мақаламды жариялағанымды бұрын айтқанмын. Осыдан соң әр тұстан телефон, хат келе бастады. Мынау соның ішіндегі ең елеулі, ең сенімді бip хат.
Хаттың жазылған уақыты: 2007-жылдың 15-желтоқсаны, кешкі сағат жеті. Жазылған орны: Толы ауданы, Әлихан Қонарбаевтің үйi. Айтып беруші: Кенжебек пен Жұмабек (Әніуәрбектің ұлдары). Жазып алушы: Әлихан Қонарбаев. Бұл хатта хабарлаушы өздерінің Өскенбаймен бірге туысатын Мырзатайдан тарайтынын айтады. Нақтылап таратса, Мырзатайдан Оразалы, одан Жантекем, Жантекемнен Еркінбек, одан Арыстанбек, Арыстанбектен Сәдібек пен Рахымбек. Сәдібектен Әніуәрбек туған. Әніуәрбектің Серікбек, Түсіпбек, Қасымбек, Кенжебек, Жұмабек деген бес ұлы бар. Сол сияқты Рахымбектен де ұрпақтары бар (Меденбектің Алматыдағы телефоны: 87272904722). Сәдібекұлы Әніуәрбек 1916 жылы Семей облысы, Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде туылған. Әкесі Сәдібек 1873 жылы мөлшерінде туылған болса керек. Сәдібек репрессия жылдарында тәркілеуге ұшырап, 1500 қойынан, 800 жылқысынан, 300 сиырынан, 500-дей түйесінен, қоражай, жиһаз, алтын, күмістерінен айрылған соң, жан сауғалап, 1930 жылы жазда Шәрбан дейтін қызымен Қытайға қашып өтеді де, Қазіргі Шағантоғай ауданының Қарабура деген жеріндегі бір (ұлты хән) байға жалшы болады. Күзінде үлкен ұлы Әніуәрбек шешесі Мүслиманды, інілері Қайрылбек, 3аманбактерді (бұлар кайта Қазақстанға барып, отан соғысына қатысып, майданда құрбан болған), қарындасы Адамизаларды ертіп әкесінің қасына келеді. Сәдібекті 1935-1938 жылдары Совет жақ шақыртып алып, Сібірге жер аударады, содан қайтып оралмаған. Қалғандары 1959 жылы Шагантоғайдан Толы ауданының Қаратөбе фирмасына көшіп келеді. Әніуәрбек 1995 жылы 4 қыркүйекте, 79 жасында қайтыс болған. Зираты Тақыренерес деген жерде. Қазір Әніуәрбектің ұрпақтары Толы ауданының Күп ауылының Есдәулет қыстағында тұрады» деп, Сұлтан аға өзінің хатын
аяқтапты.

Бізге келген, Сұлтан Жанболатовтың тапсырмасымен жазылған соңғы үшінші хаттың Абай ұрпақтарына тікелей қатысы болмаса да, ол Құнанбай қажының Айғыздан туатын Смағұл ұрпақтарына қатысты болып шықты. Бұл хат осынысымен де ерекшеленеді. «Құрметті Мұтарбек Кәрімов мырза! Сәлеметсіз бе? Сұлтан Жанболатов ағаның тапсыруымен Құнанбай қажының ұрпақтары жайында бір деректі қысқаша ғана жазып, сізге жібердім, қарап көріңіз.
Менің аты-жөнім – Секен (Сейілхан) Құсайынұлы. Кішік тобықты ішінде әйтектен тараған байбөрі ұрпағы боламыз, 44 жыл оқу-ағарту, ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарымен шұғылдандым. Мектептерде мұғалім, мектеп бастығы, оқу-ағарту әкімшілік орындарында басшылық қызметтерінде істедім, қазір зейнеткермін. Адресім: Үрімжі қаласы, Жеңіс жолы, 187 аула, 12 бинә. Қол телефоным: 13319819630. 2007 жылы қазан айындағы «Іле» газетінде «Шыңжаңда Абай ұрпақтары бар ма?» -деген тақырыпта әр жақтан ой толғап, ақынның ұрпақтарына сұрау салып жазылған мақаланы көрдім.
Міне, осыған орай Құнанбай қажының Шыңжаңға келген ұрпақтары жайында қарт оқытушы Мидхат Разданұлы Зият Шәкәрімұлы мен Бердеш (Фердоуси) Әзімбайұлы және Сейітқазы Нұртайұлы (сүйегі атығай, Зияттың атасы) қатарлы адамдар жөнінде арнаулы мақала жазып баяндаған еді, мен мұны қайталап отырмақшы емеспін. Менің айтпақшы болғаным, Құнанбай қажының келіні – Себеке және оның екі қызы жайында болмақ. Құнанбай қажының үшінші әйелі Айғыздан екі ұл, бір қыз туған. Үлкен ұлы Халиолла, ол ғылым қуған, оқымысты азамат болып, ер жетіп, ертерек дүние салыпты.
Қажының екінші ұлының аты Смағұл, қызының аты Кәмшат болғаны жұртқа аян. Смағұл айтуларға қарағанда зор тұлғалы, палуан денелі, бет пішіні жағынан да, дене жағынан да бірден-бір Құнанбай қажының өзіне тартқан баласы екен. Смағұлдың бетінде шешектен қалған азырақ қорасандағы бар дейді. Смағұл екі әйел алған. Бірінші әйелінен Сәлімқұл, Рымқұл, Тұрсынбек, Дәулетбек деген төрт ұл туыпты. Екінші әйелі қырғыз қызы екен, аты Себеке. Бұл әйелден Бурылхан, Бұрмахан деген екі қыз бала туады. 1920 жылдардың ішінде жағдай өзгеріп, басына күн туғанда Смағұл қырғыз әйелін екі
баласымен, мал-жанымен көшіріп, Қырғызстанға әкеліп орналастырыпты. Мал-мүлкіне, шаруашылығына қарауға тегі ноғай Сексенбай деген адамды жауапты етіпті де, өзі кері қайтыпты. Ауылына қайтқан кезде, ел іргесі бұзылып, жұрт жүңге жеріне қашып өте бастағанда, Сексенбай мен Себеке де мал-жандарын алып, елмен бірге Нарынқол шекарасынан өтіп, Шыңжаңның Іле өңіріне жататын, Мұңғылкүре ауданының Сынтас деген жеріндегі Қызай елінің жолболды руының ішіне кіріп қоныстанады. Уақыт өтіп жатады, арт-жақтан хабар-ошар болмайды. Сексенбай салт адам екен, кейін Себеке екеуі, бас құрап, семья болады. (Сексенбайдан ұрпақ жоқ).
Бурылхан Смағұлқызын ержеткен соң жолболды Қасей деген адамға ұзатады, одан Мейманхан атты бір ұл бала туады. Бұрмахан Смағұлқызын жолболды Болсанбек деген адамға ұзатады. Одан Тоқтаухан атты бір қыз бала туады.
Бурылхан мен Бұрмахан Смағұлқыздары Құнанбай қажының туған немерелері. Ал Бурылхан мен Бұрмаханнан туған Мейманхан және Тоқтаухандар қажының немерелерінен туған жиендері. Яғни, бүлар Құнанбай қажының Қытайдағы тікелей ұрпақтары. Сексенбай мен Себеке Мұңғылкүренің Ақаяз ауылы, Көлбұлақ деген жерінде 1940 жылы бірінен кейін бірі дүниеден өткен. Бурылхан 1976 жылы, Бұрмахан 1958 жылы дүниеден өткен. Ал қазір көзі тірі – Бурылханнан туған Мейманхан 60 жаста, Мұңғыл-күренің Қаратөбе деген жерінде тұрады. Бұрмаханнан туған Тоқтаухан 71 жаста, Мұңғылкүре ауданының орталығында тұрады.
Мейманхан мен Тоқтаухан екеуі Іле облыстық халық соты мекемесінің зейнеткері. Бұлар руы тобықты Ұлжахан Ахметжанұлы деген ағамыздың үйімен нағашы-жиен болып араласып тұрады.Мен бұл жайды естігеннен кейін, Ұлжахан ағамыздан қайталай ұғысып анықтауды тапсырған едім, ол кісі мән-жайды толық ұғысыпты, ахуал дәл солай. Қазір бізде «Арғын ұрпақтары» деген атты шағын шежірелік кітап құрастырылу
үстінде. Иеленген материалдарымызда Құнанбай қажыға жақын келеміз, ырғызбаймыз, Құлыншақтың «бес қасқасының» ұрпақтары боламыз дегендер бар. Бірақ, «Шыңғыстау, Тобықты шежіресі» – ішіндегі ұрпақ сабақтастығын сызбалармен салыстырып көргенімізде нақтылы деректер мен дәлелдерге қол жеткізе алмағандығымыз үшін, оларды жалғасты тексеріп-зерттеуді бір жайлы етуді жөн көрдік. Осы деректерді жазған: Секен (Сейілхан) Құсайынұлы. 2008 жылы қазанның 22-ші жұлдызы» делініп, осы хат та аяқталады.
Осы мәліметтердің тікелей Абайға қатысы жоқ деп, қадірлі оқырман біздерге ренжи қоймас дейміз. Біздің ойымызша, сыртта жүрген, ата-жұртты сағынған ағайынның қандай да болмасын бір мәліметі біздің елдегі туыстарына жетіп, ел табысып жатса, одан үлкен қуаныш бар ма? Біз осы принципті ұстандық.
2008 жылы Моңғолияға екінші рет барғанда, Абайдың ұрпақтары және туыстары Қытайда бар екен, көрдім деп, елді біраз дүбінткен Мақидолланы кездестірдім. Бәрін ретімен айтайын. 2008 жылы 7-шілдеде, таңертен Биғұмардың үйіне бір ұзын бойлы, ашаң, егделеу кісі келді. Амандасқаннан кейін менен жөн сұрады. Мен де оған қайтара сондай сұрақ қойдым.
Аты-жөні Мақидолла Рәфілұлы.
Оның айтуынша әкесі Рәфіл деген кісі Орыс елінен Моңғолияға 1917 жылы немесе 1918 жылы келген көрінеді. Шыққан жерлері Шыңғыстау, сүйектері тобықты – мәмбетей. Рәфіл 1917 жылы Қапалға Маман балаларының ауылына, Тәңірбергенге барған. Бұл жаққа келуін сұрағанымда, Алашқа байланысты болуы керек, солай дейтін деді.
Осы жерде, Салқынбелде жүргенде орыстармен атыс болады. Абдрахман баласы Төстек деген оққа ұшыпты. Орыстарды әкелген Ілияс (Жансүгіров) екен. Осы атыста Рәфіл Ілиясты балтырынан жаралайды.
Осы оқиғадан кейін Рәфіл қашып, Зайсан арқылы Шүй жеріндегі Жазотырдағы Садақбай аулына келіп сіңген. Кейіннен Садақбай Қатонқарағайға қайта қайтқанда, Рәфіл Шүйден Моңғолияға өтеді. (Садақбайдың сүйегі – қаратай). 1955 жылы жапонның шпионы деп ұсталып, сол бойы хабарсыз кеткен. Рәфіл 1899 жылы туыпты, бар болса 109-да болар
еді дейді Мақидолла. Туыстары жоқ. Шешесі керей қызы екен. Әкесінен жалғыз. Үйленбеген. 1955 жылы туыпты. Қазақстанда, Абай елінде кімдеріңіз бар, білесіз бе? – деп сұрадым. Ол кісі Қазақстанда бір туысымыз болуы керек, аты-жөні Жұртбайдың Арғынбегі, Алматыда, Абай атындағы опера театрында оператор болып істейтін көрінеді деді.
Мақидолланың көп нәрсені білетіні көрінді. Жадында сақтауы ерекше. Елдің атабабасын тарата береді. Оның айтуынша халха – мұңғылдың ішінде арғын, найман, керей, қыпшақ, қоңырат, жалайыр сияқты қазақта бар рулар сақталған. Оларды өзіңіз кездестірдіңіз бе? – деген сұрағыма, тыңғылықты жауап алдым. Мақидолла өз тегін былай таратты: Мейрам, одан Арғын, Арғыннан Қотан, Қотаннан Дайыр, Дайырдан Қара, Қарадан Кенже, Кенжеден Тобықты, Тобықтыдан Рыспетек, Рыспетектен Мұсабай, Мұсабайдан Сүйірбас (сүйір деп кеткен), Сүйірбастан Қожаберген, Қожабергеннен Мәмбетей, Мәмбетейден Дөненшік, Дөненшіктен Елдос, Елдостан Жангелді, Жангелдіден Баубек, Баубектен Тұрсынбек, Тұрсынбектен Қожамжар, Қожамжардан Жарқынбай, Жарқынбайдан Рәфіл.
Ол сонымен бірге белгілі ғалым-этнограф, т.ғ.д., Әлемдік Шыңғыс қаған
академиясының академигі, марқұм Биғұмар Камалашұлының да сүйегін, шығу тегін айтып берді. Ол бойынша: Үмбетейден Мамай батыр, Мамайдан Малай (сары), Малайдан (Малайсарыдан) Үркін, Үркіннен Әділ, Әділден Балақадыр, Балақадырдан Қанапия, Қанапиядан Кенебай, Кенебайдан Серікбай, Баймұхамбет және Бекмұхамбет. Баймұхамбеттен Камалаш, Камалаштан Биқұмар, Биқұмардан Төлеубек және Өмірбек туған.
Менің, Моңғолияға, Биғұмардың ұлы, әкесі Баян-Өлгей қазақтарының алғашқы ағартушысы, яғни мұғалім болған. Баймұхамбет және оның туыстары не себептен келіпті деген сұрағыма, Серікбай ертерек келген көрінеді, кейіннен 1916 жыл оқиғасы болып, екі інісі оған қашып келген деді, Бұл әңгімені оған Баймұхамбетұлы Камалаш айтқан.
Серікбайды 1921 жылы ақорыстар партизандарға тілмәш болдың деп, екі көзін ойып алып, азаптап өлтіріпті. Серікбай керей ішінде емес, дүрбеттерде тұрған. Дүрбеттен қыз алған. Ұрпағы бар, арғы аталарының қазақ екендігін біледі, бірақ мұңғұл болып кеткен. Мен тағы да арғын, найманнан кімдер бар деп сұрадым. Ол арғыннан бір ауыл бар Сеңгілде, оны Смағұл ауылы дейді, деді. Қаракерейлерден мұрын-ақнаймандар, мұрын-бәйжігіттер (қожандар, қарашалар) бар көрінеді. Бәйжігіттен біраз Әзібай және Қазыбай деген қарашалар ауылы болыпты, қазір олар түгелдей Қазақстанда екен. Бұлғын сұмының жерінде Раханың және Сейілханның ауылы деген бәйжігіт- қожандар бар көрінеді.
Сол сияқты Тоқтархан деген қыржы бар екен. Ол Төлеубайдан, Төлеубай Тұрсыннан, Тұрсын Бигелдіден, Бигелді Нүрпейістен. Нүрпейіс Дәмжі деген ағасы екеуі бірге келіпті. Нүрпейістен Бигелді, Биқалмақ, Жангелді деген ұлдар туыпты. Жанкелдінің ұрпағы Қазақстанда қалыпты. Тоқтархан – ұстаз, Аймақтың оқу бөлімін басқарған. Биқалмақ ұрпағы Қытайда, Нори-Шонжы жағында. Бигелдіден: Тұран, Мұхамәди және Масақбай. Мұхамәди ұрпақтары, Тұрсын ұлы бірге, 40-тай үй Қазақстанда, Шортанды ауданының Жолымбетінде.
Қобдада тұрған Биқалмақтың бір ұлының аты Досқана болыпты
Мақидолла найманға байланысты да шежіре таратты. Әрине, мұнда біздегіненбөлектеу жерлері де бар. Мәселен, оның айтуынша: Арғыннан Қолтын туады, Қолтыннан Мақидолла, Мақидолладан Елата, Елатаны Найман шал асырап алған. Найманның ол күнде ержеткен Үйелес, Жүйелес, Шұбартай (Тоқпан) деген ұлдары қайтыс болады. Назбура Үйелестің әйелі екен дейді. Үйелес пен Жүйелес жаудан өліпті. Елата Назбураны алғысы келмепті. Елатадан екі ұл: Келбұға және Кербұға (Кетбұға). Келбұғадан 2 ұл: Нүрсейіт,Шүрсейіт. Нүрсейіттің ұрпағын ешкім білмейді, Асанқайғымен еріп кеткен дейді. Кербұғадан 2 ұл: Оңтанбалы және Терістанбалы. Қытайдың Шіңгілінде мұрын Зәйтін қажының ұлы, ақын Құрманбек тұратынын айтты.
Мақидолланың маған айтқан ең басты әңгімесі Абай ұрпақтарына байланысты болды. Ол 2007 жылы Қытайға барғанда Уан қызы Базарды кездестіреді. Ол өздерін Абай ұрпақтарынан екендігін айтқан. Ақылбайдан Дәніспан, одан Байжұма, Байжұмадан Уан, Уаннан Әбдіғапар және Озат деп таратқан көрінеді. Олар Іленің Күнесіндегі Аққой фермасында. Бұлар қызайдың ішінде тұрған (нағашылары), өздері дербіс болып жүріпті.
Үрімжі түбіндегі Байынху қыстағында Нәбидолда деген сүйегі тобықты дәрігермен де кездескенін айтты.
Осы мәліметтің анық-қанығын тексергенде, біз Қытайда Ақылбайдан тарайтын ұрпақтың жоқ екендігіне көзіміз жетті. Себебі, бұл мәселеде Сұлтан Жанболатов жан-жақты анықтау жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде мәліметті берген Қытайдағы ағайындарымыз өздерінің Абайға жақын екендіктерін айтқылары келген сияқты.
Моңғолия шағын ел болса да, ондағы тұрғындардың арасынан тағдырдың жазуымен осы елге келіп, өмір кешкен, тауқыметі мен қызығын қатар көрген талай адамдардың болғанын байқауға болады. Мәселен, Рысбек Зұрғанбайұлының 2007 жылы Улан-Батордан шыққан «Нәубет құрбандары» кітабынан біздегі болған зұлмат сияқты, Моңғолияда жүрген репрессияның да құрбандарының аз болмағанын көреміз. Бірнеше жүз құрбан болған баянөлгейліктердің тізімінің арасынан Махмуд Чокоманов деген адамның атын кездестірдім.
Кітаптағы қысқа мәліметтен оның 1917 жылы қазанда Үржар ауданының жерінде туылғанын көрдік. Өмірінің негізгі бөлігі Шығыс Түркістанда, ал 1944 жылдан бастап Моңғолияда өткен. Оны 1944 жылы 27 ақпанда моңғол шекарашылары ұстаған. Оны Шекара бұзды деген айыппен (Қытай тыңшысы) Қобдада абақтыда 8 ай тергеуде ұстайды. Елдің айтуынша, бұл адамды Гоминдан өкіметі Оспан батырмен келіссөз жүргізуге жіберген көрінеді. Сол жылы қазан айынан бастап Улан-Баторда қатаң бақылауда, жиі-жиі қамауға алынып тергеумен өмір сүреді. Ішкі істер ұйымы 1952 (1951) жылы 7 сәуірде Махмудты қайта тұтқынға алып, Арнайы комиссияның 23 маусымдағы 2 қаулысымен атуға бұйырған. Үкім 1952 (1951) жылы 29 маусымда орындалған. Жоғарғы соттың қаулысымен 1991 жылы 6 желтоқсанда  кепілдемесімен ақталған. Моңғолияда оның екінші семьясы болыпты. Ұзақ сонар әңгіменің басы Моңғолиямен басталғандықтан, осы елде кездестірген тағы да бір адамның тағдыры туралы айтқанды жөн көрдім. Моңғолияға алғаш барған 2007 жылдың шілдесінің бір күнінде Баян-Өлгей қаласының орталығында мейрамханада өткен Биқұмардың туыстарының балаласының үйлену тойына біз де шақырылдық. Моңғолиядағы қазақтың мейрамханадағы тойы да осы өзіміздегідей. Тойды асаба жас жігіт жүргізді, арасында концерттік нөмірлер беріліп жатты. Айтылып жатқан өлеңдер, негізінен, Қазақстанда шыққандар. Бірақ, бұл жақтың адамдарына сөз бергенде, немесе өлең айт деп сұрағанда екінің бірі, қараөлеңге басып қоя береді. Мен бізде әлі сақталып жүрген, немесе біздің жақта ұмытылған, небір қараөлеңдерді тыңдап, айызым әбден қанды. Қараөлеңнің баянөлгейліктер арасында мол сақталуы, тегі олардың тілдерін, ата-дәстүрін ұмытпауларынан ба дедім. Тойдың басында бізге де сөз беріліп, біз өзіміздің Қазақстаннан, Семей жерінен келгенімізді айттық. Біз деп отырғаным, менің жанымда Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Астана филиалының бөлім меңгерушісі Маржан бар еді. Бір айта кететін нәрсе, Баян-Өлгей қазақтарының тілінде бізде қолданылмайтын көнерген сөздердің біршама
мол болуы. Бұл, әрине ұзақ уақыт ата-жұрттан байланысын үзіп дамыған, біздегідей орыстануға ұшырамаған, дәстүрін сақтаған жұртқа тән нәрсе. Дегенмен, айта кету керек, Баян-Өлгей қазақтарының тілі біздің Шығыс Қазақстан қазақтарының, яғни Арқа қазақтарының тіліне ұқсас екендігін. Жоғарыда айтқандай, олар біздің тілдік қорымызда бар, бірақ қолданыста сирек болатын сөздерді жиі пайдаланады. Жанымдағы, түбі маңғыстаулық Маржан қарындасым кейбір сөздерді түсінбей қалып, менен сұрап отырды. Оның себебі, баянөлгейліктер мен біздерге тән сөздер Қазақстанның батысында қолданыста жоқтығынан. Мен оған мағынасын түсіндіріп отырдым. Той арасындағы үзілісте жаныма, жасы жетпістің о жақ бұ жағындағы бір үлкен бәйбіше келіп: «Қарағым, Семейдікімісін? Мен де семейлікпін. Бауырым екенсің ғой» деді. Алғаш тойға келгенде, төрде отырған, қазақ «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген»
деп айтатындай, орта бойлы, аққұба, жасында аса реңді болған, үстіне талғаммен киген қазақы киімдері жарасып тұрған осы кісіге назар аудардық.
Біздер танысып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бұл кісі Моңғолиядағы қазақтардың ішінен шыққан, аса көрнекті бұрынғы партия және мемлекет қайраткері Құрметпектің жұбайы Әдия екен. Әдия апай өздерінің шыққан жерлері Күршім өңірі екендігін айтты. Сүйектері көкжарлы. Оның ішінде тікелей Көкжал Барақтың ұрпағы. Бұл кісінің үлкен әкесі Байқанұлы Сүйген (азан шақырылып қойылған есімі Сағидолла) деген кісі өз заманының ірі байы, кісілігі үлкен, адамға қайырымды және әділет жолымен жүрген адам болған көрінеді.
Тек байлық қана жинамай, заманның ағымын біліп, Теректі бұлақ деген жерде медресесі бар мешіт салғызған, медреседе өз балаларымен бірге ел баласын да оқытқан, өзі сонда сабақ берген, көзі ашық адам болған. Сүйген би болмаса да, алдына жүгініске кісі келген адам та болыпты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, тіршіліктерінен маза кетеді. Сөйтіп жүргенде, 1928 жылғы қазақтың ірі байларын тәркілеу туралы қаулыға ілігіп, тәркілеуге ұшырайды.
Әдия апайдың айтуынша, Сүйген ұлы Қабышпен бірге (Әдияның әкесі) Қытай асып кетуге мәжбүр болады. Жергілікті өкімет бұлардың орнын сипап қалғанымен, барлық кәрін олардың отбасына төгеді (бұл кезде Әдия апай әлі тумаған). Көп ұзамай, Сүлейменнің бәйбішесі Ақша және келіні Бибісары екі жас қыз баласымен тұтқындалып, Сырдария облысына жер аударылады. Олардың барған жері, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс стансасы тұрған өңір көрінеді. Осы жерде бір айта кететін нәрсе сол, мен осы әңгімені тыңдап отырып, Әдия апайдың үлкен әкесі Сүйгенге қатысты деректерді білетінім еске түсті.
Біз, 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы қазіргі заман тарихын құжаттандыру ортылығымен бірлесе отырып, 1928-1933 жылдарды қамтыған жаппай ұжымдастыру науқанына қатысты құжаттарды топтастырып, орыс тілінде «Неизвестные страницы Семипалатинского Прииртышья» деген жинақ шығарғанбыз. Сол жинақта, Семей облысының аудан-ауданынан ірі байларға жатқызылып, жер аударылғандар туралы материалдар берілген-ді. Ондағы бір көңіл аударатың нәрсе сол, бастарына іс түскен осы адамдардың жанұяларындағы жандардың баладан бастап, еңкейген кәріге дейін жастарының, есімдерінің нақты аталуы. Мәселен, осы жинақта ірі байлар Қаражан Үкібаевқа, Ұйпалақ Шынғожинге, Жәкулә Күшіковке, Сағымбай Тілеубердинге, Әбіділдәбек Төгісовке, Нүреке және Атабай Бөгісовтерге және т.б. қатысты мәліметтер берілген. Әдия апаймен әңгімелесіп отырып, осылардың тізіміндегі Сүйгенді де еске түсірдім. Бір таң қалғаным, Әдия апай айтқан әңгімемен мұрағат мәліметінің сәйкестігі. Құжаттағы берілген, Күршім аудандық атқару комитетінің өкілі Исмаиловтың Семей өлкелік атқару комитетінің төрағасы Атаниязовқа тікелей проводпен берген мәліметінде «…бай Байканов Суйген со своим сыном Кабышем скрылись, не можем найти, имеются сведения, что они уехали заграницу, семейство их отправили» делінген.
Айдалып келгендер алғашқыда небір қиындықтарды бастарынан кешеді. Кейіннен осы жерде Сүйгеннің бәйбішесі және екі қыздың біреуі қайтыс болады. Әдия апайдың айтуынша, шешесінің түбі ноғай, орыстың тілін де жақсы білген, сауатты болған және қолынан мөрі тамған ісімер және өжет адам болыпты. Бұлардың жағдайларының күрт оңалуына бір жағдай себепші болады. Айдалып келгендерді ауыр жұмысқа жегіпті, әйелдерге мақта тергізетін көрінеді. Сөйтіп, азып-тозып жүрген күндердің бірінде, бұларды жұмысқа әкелетін күзеттің бастығының гимнастеркасының жеңі бұтаға ілініп, жыртылып қалады. Әлгі кісі кекетіп: «Бәрің байдың ақ саусақ тұқымысыңдар, іштеріңнен жамау жамай алатын бар ма?» депті. Сол жерде Әдияның шешесі жаңағы күзет бастығының жыртылған жерін білінбейтіндей қылып жамап береді. Осыны көрген ол, Бибісарыдан: «Мәшинемен іс тіге аласың ба?», – деп сұрайды. Сөйтсе, қызын ұзатпақшы екен. Бибісарыдан тыңғылықты жауап алғаннан кейін, оны жұмыстан босатып, бір мәшине тауып әкеліп беріп, қызына керекті жасаудың бәрін тіккізіпті. Бибісарының шеберлігін көріп, әліг адамдар қатты риза болады. «Сендер бастарыңа іс түсіп, кәріп болып келген жандарсыңдар ғой» деп, қара жұмыстан босатып, жеңіл-желпі жұмыс беріп, астық жағынан көмектесіп, көп қамқорлық көрсетеді. Сөйтіп жүргенде, 1934 жыл да болады. Елдерінен хабар мүлде алмайды. Жаңағы кісі бір күні Әдияның шешесіне: «Сендер, Михаил Иванович Калининге, біздің кінәміз қанша, кінәлі болса, еркектеріміз болған шығар, әділеттілік жасап, босаттырыңыз» деп, хат жазуға кеңес береді. Сондай хат жазылады. Құданың құдыреті, көп ұзамай, бұлар босасын деген жарлық та келеді. Әдияның шешесі Бибісары, тірі қалған бір қызы Зақияны жетектеп, итшілеп жүріп, бүгінгі Күршімге жетеді. Бұл уақыт Күршім жері үшін де аса ауыр болған. Аштық жүріп өткен, тірі қалғандар ұсақ колхоздарға кіріпті. Бірақ, шекара маңы тыныш емес екен. Арлыберлі өткендер аз болмаған. Әдия апайдың шешесі қайткен күнде де атасын және күйеуін іздеп табуды ойластырады. Сол жердегі Қытаймен байланысы бар деген адамдарды ақырындап бақылайды. Ақыры, бір күні солардың біреуіне келіп, өздерін Қытай жеріне өткізуді сұрайды. Ол адам ертең өздерінің Қытайға мал айдап өтетінін, шекарада атыс болуының мүмкін екендігін, әйелді алып кете алмайтындықтарын айтыпты. Бұл кісі, менің өзімде де тыққан қаруым бар, қиыншылық болса жастығымды ала кетемін, тастамаңдар дейді. Аналар ақыры, бұларды ала кетуге уәде беріп, бір мықты ат тауып береді. Әдияның шешесі қызын арқасына таңып алып, жаңағы азаматтармен, найзағай жарқылдап, күн күркіреп, жауын жауып тұрған ай қараңғы түнде шекарадан асады. Шынында, шекарада бұлар әскерлермен қақтығысып қалады. Атыс болады. Әркім жан-жаққа қашып, бас сауғалайды. Бұларды астыларындағы таушыл ат әйтеу бір жерге алып шығады. Өлдік-талдық дегенде, бір шоқ қарағайдың ішіне келіп тоқтайды. Қызы екеуі бүрсеңдеп отырғанда, үстілеріне бір топ аттылар келіп қалады. Басында шекарашылар екен деп шошып қалған бұлар, олардың қазақтар екендіктерін байқайды. Сөйтсе, бұлар Қытайдағы өзіміздің керейлер екен. Олармен жөн сұрасады. Бұлар Әдияның шешесіне, Сүйгеннің керейдің бір үлкен байының жанында отырғанын, сол елде үлкен молда болып жүргендігін, елге сыйлы адам екендігін айтады. Олар Әдиянің шешесін қызымен атасы Сүйгенге табыстайды. Сөйтсе, күйеуі Қабыш та сонда екен. Сөйтіп, қызыл зобалаңның құрбаны болған осы үлкен әулеттен қалған адамдар жыласып көрісіп, бастарын қосады.

Бірақ, тыныштық ұзаққа бармайды. Бұларды орыс жерінен келгендер деп, жергілікті Қытай өкімет орындары қудалап, маза бермейді. Бұл кезде Сүйген қажы қайтыс болған. Әдияның әкесі Қабыш, 1936 жылы бас сауғалап, жанұясымен Моңғолияның Қобда аймағына өтеді. Бұл жерде де тыныштық болмайды. 1937 жылы Моңғолияда да «халық жауларын» тұтқындау және жою науқаны басталады. Моңғолияда зұлматқа байланысты шыққан әдебиеттерді қарап отырғанда және білетіндермен ауыз екі сөйлескенде, осы зобалаңның жергілікті халыққа, оның ішінде кеңестік Қазақстаннан ауғандарға аса қатаң тигенін көреміз. Қабыш зобалаңға түсіп кетуден бас сауғалап, жанұясын алып, ішкергі жақтағы Налайхадағы ашылып жатқан көмір шахтасына жұмыскер болып, жалданып кете барады. 1938 жылы осы жерде Моңғолияда Әдия апай дүниеге келеді. Әдия апай моңғол тіліндегі мектепті бітіреді. Ұлан-Баторда университетте оқиды. Сол жерде бүкіл моңғол қазағы Құрекең деп атайтын Құрметпек Байтазаұлына тұрмысқа шығады. Мен, жетпісінші жылдары өзім еңбек жолын бастаған Семей зоотехникалықмалдәрігерлік институтының Философия және ғылыми коммунизм кафедрасында оқытушы болып жүргенде, Прагадан шығатын, социалистік елдерге таратылатын «Проблемы мира исоциализма» ғылыми-теориялық журналының редакциялық алқасына көзім түсті. Қарасам, социалистік елдердің ғалымдарының тізімінің ішінен Құрметпек деген адамның атын көрдім.Журналдың редакция алқасы мүшелеріне берілген анықтамада, бұл адамның Моңғол Халықтық Революциялық партиясы Орталық комитетінің мүшесі және оның жанындағы Жоғары партия мектебінің ректоры екендігі айтылыпты. Бұл үлкен жаңалық еді. Өйткені, біздің қазақта Одақтық деңгейдегі партиялық және кеңестік лауазымды Тұрар Рысқұловтан кейін ешкімнің иеленбегендігі белгілі. Құрметпек Байтазаұлы халқы сүйген, қолынан іс келген, аса парасатты қазақтың азаматы болыпты. Ол өзінің жетпіс жылдың ішіндегі ғұмырында жоғарыда айтқан қызметтерден басқа да үлкен лауазымдарды атқарған, Увс және Баян-Өлгей сияқты аймақтарда ұзақ уақыт Моңғол Халықтық Революциялық партиясы аймақтық комитеттерінің бірінші хатшысы болған көрінеді.
Жаңағы Баян-Өлгейдегі тойда, қазақтың қараөлеңін домбырамен нақышын келтіре салған, қалжыңқой, қара торы келген, ортадан жоғары бойы бар Құрметпек Байтазаұлы мен Әдия апайдың Керей деген ұлымен таныстық. Әдия Қабышқызы бүгіндері Баян-Өлгей қаласында ұрпақтарының ортасында бақытты өмір кешіп жатқан ана.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар демекші, біз сөзіміздің соңында түрлі
себептермен тағдырдың талқысына түсіп, жер бетіне тарап кеткен ағайындардың біз үшін ең жақын бауырлар және қандастарымыз екендігін айтқымыз келеді. Ат басын ата-жұртқа бұрғысы келетін ағайындардың, құқығы басқалармен бірдей, тәуелсіз Қазақстанның азаматтарына айналуларына толық негіз бар. Қытайда тұрып жатқан Құнанбай қажының Смағұлдан тараған ұрпақтарының және басқа да ағайындардың елмен және жермен танысу үшін бір сәті түскен күні ата-жұртқа
қарай аяқ басатындары сөзсіз.

 М.Қ. Каримов,
профессор.
Шәкәрім университеті.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз