Әсет Мұқашбековтың осы бір әңгімесі кейінгі бір жылда әлеуметтік жеріні он айналып шықты десе болады. Бірақ бұл хикаяны оқыған сайын, арқаң қозып, рухың оянып, жаның рахаттанып қалады.
Қайсыбір жылы «Бақ-дәулет пен байлық басыңа қайткенде орнайды?» деген кітабының ұнағаны соншалық, ізінше өзім сол жылдары қызмет етіп жүрген «Алтын Орда» апталығына үлкен мақала жазып едім. Кейін Әсекеңмен аралас-құралас бола бастағанда, сол мақаланы өзіне салып жіберіп едім.
Тағы бірде Асқар деген әскери журналист-подполковник досымыз Әс-ағаның «Жасару құпиясы» деген кезекті кітабын автордың өз қолынан алған екен, үйінде отырған кезекті бір «бастаңғы» үстінде маған ұсынып жатып, әскерше бұйырып:
-Мына кітапты оқып шыққан соң, Қайратқа берерсің,-деді. Өзі айтыскер ақын, сөзге тапқыр Қайрекең жұлып алғандай:
-Оу, Асеке, Сәкең оқып шығып, жасарғанша, мен қартайып қаламын ғой!-деп салғанда, дастархан басындағылар ду күлісіп едік.
Сол Әсет ағамның мына бір жазбасын сайт оқырмандарына тағы бір рет ұсынуды жөн көрдік.
«1960-62 жылдары Н.С.Хрущев Қытаймен арадағы шекараны ашып жіберіп,талай қазақты квотасыз,құжатсыз ақ көшіріп алып,көзсіз ерлікке барды емес пе?! Осы қазақтар дінімізді, ділімізді, мәдениетімізді, ұлттық қасиеттерімізді қайта алып келіп, солып бара жатқан қазақ қайта көктеді. Қой бағып елдің де, өздерінің де тұрмыс жағдайларын түзеді. Олар көшіп келгенде бұттарында көк дамбалдан басқа дымы да болған жоқ қой! Олар жоқтан бар жасады. Біраз жылдан кейін осы ағайындарымыз жергілікті қазақтан тұрмыс, рухани даму жағынан да көш ілгері кетіп қалды. Себебі, еңбекқор. Кеңес үкіметінің қитұрқы саясаты-бір қазақты жергілікті және қытайшық деп екіге жіктеп араларына білдірмей шоқ тастап қоятын.
1955-жылы алғаш құжатпен өткен қазақтар, басым бөлігі осы кітап авторының нағашылары. Нағашыларым Қаракерей Найман елінің Байыс тайпасының Тума елінің ішінде Құдас деген ру-жауынгер, тентек, жүрек жұтқан ел.
1955-1956 жылдары тың көтереміз деген желеумен Ресей: түрмесінде жатқан қылмыскерлер, көшеде жүрген бұзықтарын, т.б. адамдарының бұзылған қалдықтарын, топтарын-отарлау саясатын жүргізе отырып, Қазақстанға қаптатып, өргізіп жіберді. Келімсек неше түрлі ұлт өкілдерінің қоқыр-соқырлары, бас бұзар тентектері, қылмыскерлері біздің ауылға да қаптап кетіп, қазақтарға қырындап қарап, есіктен сығаламай жатып; «төр менікі» деп жауша тиіп, есікті теуіп кірді. Негізі орыс пен украин, бұларға соғыс кезінде жер ауып келген шешен жастары қосылып, жергілікті қазаққа күн көрсетпеді.
Әлі есімде, кішкенай бала күнім. Үржарда орталық саяжайда үлкен мереке болды. Ауылдың бар баласы осындамыз. Ұмытпасам бұл 1956 жыл. Қазақстанның 30 жылдығы. Көбіміз нағашыларымыздың аттарына мінгесіп барғанбыз. Олар қылшылдап тұрған, аттың құлағында ойнайтын шабандоз жас жігіттер. Шетінен жау жүрек, қызба қанды көкпаршылар.
Мыңдаған ішіп алған орыстар, хохолдар, шешендер әдеттегідей қазақтарды сабай бастады. Қытайдан келген қазақтарды әлі жөнді білмейді. Бір уақытта «Шыңқожа! Шыңқожа!» деген Тума баласының соғыс ұраны жер жаңғыртты. Орталық саяжайда атқа мініп, тойды қызықтап жүрген жігіттер дереу 40-50 шақтысы әскери тәртіппен бір жерге топтала қалды. Кейбіреулерінің қолдарында дырау қамшы. Қамшысы жоқтары үзенгілерін ағытты, енді біреулері ағаштан сойыл жасап алды. Он-оннан топқа бөлінді. Топтан танығандарым; Мақыш, Жақышбай аға, Тоқтам аға, аюмен алысқан Әбітай, көкпаршылар; Ахметқали, Төкештің әкесі Тілеген, Асқар, Сәният, Биқажы, Ақан, Сәлім, Мұқаш, Болат, Назарбек, Өндірхан т.б. Абылхановтар, Домбалановтар, Уәсіловтар, Қасабаевтар, Қаймақбаевтар, Жакупов, Сейтжаппаров, Бошаев әулеттері түгелдей ат үстінде.
Ұлы даланың көшпенділерінің-қаһарман, жау жүрек, жауынгер ұрпақтары майданды бастады. Он-оннан лекке бөлінген, дала соғысы амалын жетік білетін атты жасақ-өңшең көкпаршылар, көздері шоқтай жанып, теңіздегі жарға соққан толқындай лек-легімен; орыстарға, украиндерге, шешендерге қырғидай тиіп жамсатып салды.
Артқы лек атойлап «Шыңқожалап» ұрандап тигенде, алдыңғы лек қайта айналып толассыз құйылып отырды. Аттың бауырына салып, еркек кіндіктілерінің қан-жоса қылып, естерін жиғызбай сабады. Бет-ауыздарының дал-дұлы шыққан, бастары жарылып, аяқ-қолдары сынған, көйлектері қанға малшынған олар – төрт тағандап, тоңқандап қашты. Бұттарына тышқызып, бұта-бұтаның түбінде, тырқырата қуып жүріп сабады, ат тұяғымен таптады. «Сыбағадан» бірде біреуін құр қалдырмады. Аяуды білмеді. Сабағанда жәй сабап қана сабап қойған жоқ. Ерекше өшпенділікпен, жігермен, шабыт пен шаттықпен, құлшыныспен сабады. Себебі, аталарының, әкелерінің кегін алды! Бұлардың бәрі де 1920 жж., 30-32 жылдары Науалыда туған балалар еді…
Бұл кеуделерін көтеріп жүрген басқа ұлт өкілдеріне, «ұлы халыққа», -соңғы демдері таусылғанша ұмытылмайтын өмірлік сабақ болды. Олардың еңселерін езіп, қайта бас көтертпей, «жындарын» әп-сәтте қағып, бұқтырып, біржола тұншықтырып тастады. Осыдан кейін олар; құйрықтарын қысып, ауыздарындағы сөздерін абайлап сөйлеп, тәубелеріне түсті. Қазақ «аюға да, намаз үйреткен таяқ» деп бекер аятпаса керек. Қазақ көтерілмесін деңіз…».
S.Omirtaі, «Жерұйық» ақпараттық порталы.