Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, бұрынғы ректор, бүгінде сенатор Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев «Заң» газетіне ауқымды сұхбат беріпті. «Жерұйық» ақпараттық порталы осы сұхбаттан топтама-үзінді ұсынады.
…-Ауылдық аймақтарда мектеп жетіспейді. Бар мектептің 32-сі апатты жағдайда, 86-сы үш ауысымда жұмыс істейді. Бүгінде ауылға 312 мектеп қажет. Сонымен қатар педагогтарға сұраныс жоғары болып тұр. Қазіргі таңда ауыл мектептерінде 2 240 педагогтың орны бос. Бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75 пайызын құрайды.
…– Ауылдағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық қой. Осының салдарынан қазірдің өзінде еңбекке қабілетті адамдардың 40 пайызы болашақта қалаға көшуге бел байлап, буынып, түйініп отыр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, біздің ауылдарымыз бос қалуы мүмкін. Мұның салдары елдің экономикасы үшін оңайға түспейді. Ауыл қашанда тоқшылықтың қайнар көзі. Осы тұрғыда іске қосылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді қатты алаңдатады. Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30 пайызы ауылға жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Сондықтан біз жас мамандарды ауылға тарту үшін жаңа тиімді механизмдерді қолдануымыз керек. Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет. Білім беру гранттарындағы ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін көбейту керек. Сонымен қатар, басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді университеттерде оқытуға жұмсаған қаражат шығындарын субсидиялау өте маңызды.
…-Аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72 пайызы ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі.
…– Иә, қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Сөзсіз, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Дегенмен, біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кемшіліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үйлестірілмеген әрі бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтар тартылмаған.
Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйе іс жүзінде жоқ. Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқашан бастан өткерген. Біріншіден, олардың пікірінше, мұндай бағдарламалар федералды министрліктер әзірлеген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Бұл мемлекеттерде ауыл тұрғындары елді-мекенді дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді. Екіншіден, мемлекеттік органдар жергілікті бастамаларды іріктейді және бірлесіп қаржыландырады. Тек, жергілікті биліктің осындай белсенділігі мемлекеттің осы аумақты дамытуға қатысуына негіз бола алады. Үшіншіден, мұндай бағдарламалардың көпшілігінде жұмыс орындарының болуы және оларды құру мүмкіндігі ауылдардың әлеуетін бағалаудың басты критерийі болып табылады. Бұл – олардың бізге қарағанда ауылдық аймақтарды басқарудағы артықшылықтары.
…– Аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру керек. Нақтылап айтар болсақ, біріншіден, үкімет ауылдарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдаған жөн болар еді. Екіншіден, ауылды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде – Канада, Австралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Үшіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту процесіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор. Төртіншіден, ауылдық елді-мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі басты көрсеткіш болуы тиіс. Ауылшаруашылық өндірісті, ауылды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді әрі ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржылық жүйенің акционері Ауыл шаруашылығы министрлігі болуы керек деп санаймыз. Қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешкен маңызды.