Кеттіңдер киелі елден сапар айдап,
Жеттіңдер желкендерге бата байлап.
Өттіңдер өткешектен өңкей сырттан,
Екпіндер ел есінде кетері айғақ.
Жарыс бар – ұрыстардың ерлігіндей,
Намыс бар – əрқайсыңда нар жүгіндей,
Туған ел, Туған дала, Туған аспан,
Берілме! Ол киелі белдігіңдей!
Салғалы тұрмыз сынға міне, сені
Тізе бүкпей, тістесіп, тірес енді.
Хақың жоқ, бос тастауға қанжығаңды,
Сендерге қарап ертең ұл өседі!
Сүрініп кетсең де үзбе күдеріңді,
Түріп қой, түпте керек білегіңді.
Туған жер жығылсаң да көтереді,
Тек оған көрсетіп қайт, жігеріңді.
Ар жағын, ақ иықтар, көрерсіңдер,
Тілек сол амандықпен келерсіңдер,
О, Рио, сəтін салдыр, сұңқарларға,
Ортадан ойып жеңіс сөресін бер!!!
Айжарык Абылкасым
ҚР Жазушылар одағының мүшесі.