Бүгін 23 тамыз – Абайдың туған күнін ақынның есімін еншілеген мекемелер: Абай мұражайы, «Абай» журналы, Абай театры, Абай кітапханасы, Абай қоры бірігіп ерекше атап өтуде,-деп хабарлайды Жерұйық.кз тілшісі.
Шараның басы шаһардың рухани алаңында Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.
Отантай КӘРІБЖАНОВ, Халықаралық Абай қорының президенті:
«Биыл Абайдың туған күнін бірнеше мекеме бірігіп ерекше атап өтуді көздеген болатын. Бұл бірлігіміздің анық белгісі. Абайдың арманы да осы халықтың бірлігі еді ғой. Негізі Абайды тек туған күнінде ғана емес, жиі еске алып, ұрпаққа жиі дәріптеп отыру керек»
Болат ЖҮНІСБЕКОВ, Абай мұражайының директоры:
«Абай – әр қазақтың бойтұмары десек, артық айтқандық емес. Ол кісінің бүгін туған күні. Соған орай Абай әлемін, Абай өнерін, Абай тылсымын ашу, оны ұрпаққа дәріптеу бәріміздің ортақ парызымыз. Әсіресе, Абай есімін еншілеп отырған мекемелердің бірігуі өте дұрыс болды. Мінеки, Абай кітапханасында «Ұлы дала елінің ұлы ақыны» атты көрме ашылып, көпшілікті тың дүниелерімен таңқалдырып жатса, Абай мұражайында «Шыңғыстау» сурет галереясы ашылып, 100-ден астам сурет қойылды. Осы орайда айта кетейін, Абайдың бізге мәлім екі-ақ суреті бар. Бірі, 1896 жылы ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен түскен суреті болса, екіншісі, 1903 жылы отбасымен түскен суреттері. «Экспонат тарихы» акциясы аясында осы суреттерді және басқа да тарихи суреттер жайлы сыр шертетін болады. Ал, кешке Абай мұражайында Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ пен дойбыдан жарыс өтеді. Келесі кезекте Абай театры алдында Абай трагедиясынан үзінділер тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, «Абай жыр ақшамдары» акциясы ең алғаш рет өз жұмысын бастайды. Онда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Абайдың туған күніне орай жыр тиегін ағытатын болады. Бұл игі істі бұдан былай Жазушылар одағымен бірлесе отырып, республика, халықаралық деңгейде өткізу ойда бар.
Тамылжыған тамыз айымен бірге келетін, дәстүрге айналған ұлы Абайдың туған күні биыл Семей қаласында өзгеше өткізілу үстінде. Бұл шаралар легі Алаш шаһарын рухани серпілтіп тастары анық. Абай әлемін шын сезініп, Абай әнімен құлақ құрышын қандырғыңыз келсе, сөз патшасы – өлең, жыр тыңдағыңыз келсе төмендегі бағдарламалардың бағытынан жаңылмаңыз!
Ұлы Абайдың 171 жылдық мереке аясындағы шаралар бағдарламасы:
Бүгін:
10.00 – 23.00 – Абай музейінде «Шыңғыстау» сурет галереясының таныстырылымы;
10.30 – 23.00 – «Экспонат тарихы» жобасы аясында Абайдың түпнұсқа суреттерінің таныстырылымы;
● Абай музейінде Республикалық «Абай» журналының баспа өнімдерінен көрме;
● Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, Абай дәуірімен таныстыратын музей залдарына шолу экскурсиялары, тақырыптық экскурсиялар;
17.00-23.00. «Абай шаңырақтары шақырады!» атты мерекелік салтанат аясындағы шаралар (Абай қорық-мұражайы; Ленин көшесі, 12).
● «Абай шаңырақтары шақырады!» танымдық бағдарламасының ашылу салтанаты;
● Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театры ұжымының «Абай» трагедиясынан (М.Әуезов) үзінді;
● Ақындар шеруі;
● «Шеберлер ауылы» – жергілікті суретшілер, қолөнер шеберлерінің көрме-сатылымының басталуы;
● «Абай» өнер мектебінде тоғызқұмалақ пен дойбыдан Шығыс аймақтық жекелей біріншілігі;
● «Әсемпаз болма әр неге…» Абай Құнанбайұлы шығармалары шетел тілдерінде орындалады;
● Алтыбақан аясында ұлттық музыка сүйер қауымға арналған мереке;
● Музейдің күмбезді залында «Абай» туралы фильмдер көрсетілімі;
Ардақты Абай ұрпақтары! Киелі қара шаңырақта асыл мұрамен танысқысы келетіндердің баршасын асыға күтеміз! Келіңіздер, көріңіздер!
Абай қорық – мұражайы келушілерге 10.00-ден 23.00-ге дейін тегін қызмет көрсетеді. Мерекеге келген барша жұртшылық үшін Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, Абай дәуірімен таныстыратын музей залдарына шолу экскурсиялары, тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылады.
Robert Golden Authentic Jersey