«Ертіс – үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кемелердің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлк етсе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағы – Семей, солында – Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс талтаяды. Талтайған жерінде арал пайда болады.» деп жазған екен жарықтық Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ақбілек» романында. Бұл кәдімгі бүгінгі «Алаш» аралы.
Осы Ертістің Семейге тақаған тұсындағы жайқалып өскен белден келер қалың шалғынды қақ айырып ақ боз атты апайтөс азамат келеді. Желісті аттың дүрсілдеген екпіні алдыдан ақжайқау самал аңқылдатады. Осы екпінімен сартылдатып, ол, жағалауда өзгелерінен оқшау тұрған «Ермак» биігіне шыға келді. Бүкіл Ертіс-Семей алабы аяқтың астында көсіліп жатты. Көз жетер жердің бәрі мұнарға бөгіп, ертегі әлеміне айналғандай екен. Жүргінші көкжиекке күн салып қозғалмай ұзақ тұрды.
Ақбозатты апайтөс жүргінші – Мұхит Тұмабаев еді. Ол осындағы, Ертіс бойындағы «Приречный» ауылының азаматы, осы ауылдағы агрофирманың директоры.
Ештеңе де өзінен- өзі аспаннан аяғы салбырап түсе қалмайды. Өсу, тұрақты даму жағдайына жету үшін де белгілі бір кезеңдерден өту қажет. Оларды ешқашан да аттап кете алмайсың.
Мұхит та солай. Марқұм, Аманжан ағамыз айтпақшы, «құдайдан басқаның бәрінің мекені бар». Оның атамекені – Тарбағатайдың күнгейі, Үржар, Мақаншы. Жайтөбенің баурайында «Тұмабай бұлағы» дейтін бұлақ бар. Атасы Тұмабай Қатынсу өзенінің бойын жайлап, егін салған, ежелден жер емшегін емген, еңбек қадірін білген шаруақор адам болған екен.
Әкесі Тұрысхан – ғұмыры ат үстінде, мал ішінде өткен, әсіресе, төрт түліктің індетін емдеуде ежелгі қазақтың емшілік-оташылығын кейінгі малдәрігерлік ілімімен ұштастыра білген, оны оқып-тоқумен емес, көкірек көзімен зерделей білген адам еді.
Біз шалдардың баласы едік. Есімізді білгенде әкелеріміздің сақал-шашы әппақ қудай шалдар болатын.
Басыңдағы бақытты бағалай білу үшін оның қадір-қасиетін толық танып білуің қажет. Біздің заманның шалдары кенжелеп туған балалары мал маманы болып, ат белін майыстыратын «запперме» болса деп армандады. Зоотехникті «зортекінік» деді, ветврачты «малдоғдыр» деді. Таласып оқыдық, таласып институт бітірдік, ауылға қайтып келіп аз ғана мал мамандарының орнына таластық!
Адам уқытқа өкпе артпауы керек. Рас, уақыт қиын. Бірақ адам уақытты таңдамайды, оның ішінде өмір сүреді.
Тұрысхан шалдың қартайғанда көрген қызықтары, үш баласы да әке жолымен кетті. Балташ пен Мұхит – мал доғдыры, Нұрхан – адам доғдыры.
Дүние-байлық пен жан байлығы сәйкес келгенде ғана бүкіл адамзат мұрат еткен саналы қоғам құруға болатын көрінеді.
Шалдардан кенжелеп туғандар едік. Сыртымыздан «тоқалдан туғандар» деген атымыз бар еді. Біздің де алға қарайтын кезіміз келген еді. Іске кірісер кезіміз келген еді. Ерік-жігерімізді танытатын кезіміз келген еді. Өмірді өзгерту туралы ойладық па, жоқ па, өз өмірімізді өзгертеміз деп білек сыбана кіріскеніміз анық!
Мұхит жасөспірім кезінде көзі бақырайған, жүрегі әппақ бала болатын.
Талант – жаратқанның сыйы ғана емес, ол сонымен бірге алдымен өзіңнің алдыңдағы, ата-анаңның алдындағы, жұртыңның алдындағы, содан соң үлкен Отаныңның алдындағы жауапкершілік те! Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өрлеу, өркениет те жоқ. Мұхит осының бәрінен өтті.
Адам атына ылайықты өмір сүрудің, дәулетті тұрудың мына заманда нарықтан басқа жолы жоқ. Өйткені ол адамды өзін-өзі қамшылауға, жанын жеп жанталасуға мәжбүр етеді. Ол – адамның өз бойынан тың қуат табуға итермелейтін жол. Мұхит осы жолды ерте таныды, ерте таңдады. Тәуекелдің желқайығына замандастарынан ерте отырды.
Қазір ол мінген қайық кемеге айналды, жүзудің кез келген бағытына жасқанбай аттанады.
Тұрған ауылы «Приречный» болған соң, Мұхиттың иелігіндегі агрофирма да «Приречный» деп аталады. (Қашан қазақшаланар екен?) Пайдаланып отырған жері – кәдмгі тас шағыл тастақ. Осы тастақты бүгінгі агрономияға белгілі ғылым-білімнің бәрін пайдаланып, жоғарғы технологиямен гүлдендіріп отырғаны анық. Бәлен гектар жер, түген өнімнің түрі, мынадай мал басы деген «біздерде мынадай бар, мынадай бар!» деген жырды айтпй-ақ қояйын, (объем валовой продукций) өнімнің жалпы көлемі – екі жарым миллиард теңге, өндіріс пен экономиканың не екенін білетін адам өзі-ақ түсіне жатар.
Бір мақтаныш сезімді бір ауыз сөзбен айта кетейін. Осыдан үш жыл бұрын осы «Тұран – Мұхит» агрофирмасы (мен «Приречный» агрофирмасын осылай атап жүрмін, себебі, етегін түріп нарық келгенде осы шаруашылықты ұстағанның – қолына, тістегеннің аузына жібермей сақталуына мұрындық болған Тұранғазы Қобаев ағамыз еді… ) шарушылығының жерінде халықаралық агросеминар болды. Бұған Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінен картоп өсіретін шаруашылықтардың басшылары мен мамандары, министрліктердің басшылары мен қызметкерлері, өлке, аймақ, обылыс басшылары қатысқан еді!
«Әй, Мұхит-ай!,– дедім ішімнен, — орыс, қытайға қартапия өсіруді үйреткен қазақта Сен болдың-ау!» дедім мақтанышпен. Кешегі Тұрысхан атамның баласы, Тұмабай диханның немересі, ал керек болса!
Ай, заман-ай, заман-ай! Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы! Әйтпесе, астаудың иесі — орыс, сол қожайын астауға құйған жуындыны сылпылдатып ішіп жатып, қасыңдағы қандасың, ауылдасың, аталасың, қазағың өзіңнен артық ішіп қоймадыма деп, көз алартып, тіс ақситқан кезіміз аз болды ма?! Азаматтың азаматтығын біле тұра, білмегенсіген, көре тұра, көрмегенсіген кездеріміз ше?! Одан қала берді, жағасынан алған, аяғынан шалған…
Қайран Қабдығали ағамызды амалсыз еске алуға тура келеді. Бір ауылға қырық жыл көсем болған ардақтысына у ішкізген өз елі. Осы зұлмат ол кісінің өмірін де шорт үзген сияқты.
Туған ауылдағы «Қабдығалидың жақтастары» деп атанып, түртпек көргендердің көбі қала төңірегіне келіп, Мұхитты паналағаны да рас. Елуге толмаған Мұхиттың шашына ақ кіргізгені де рас!
Бүгінгі жаһандану заманында тәуелсіз мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғым бар. Яғни мемлекетке сырттан келетін азық-түлік, әсіресе көкөніс 16-18 пайыздан аспау керек. Ал, бұл көрсеткіш Қазақстанда 60 пайызға жуық!
Мұхит – алыпсатар емес, жерден ақыл-оймен, маңдай термен дәулет өсірген дәулескер. Барлығы да ел үшін, халық үшін деп өтірік айтпас, алдымен өзі үшін, содан соң жұрты үшін.
Социализмді бір оқ шығармай, аман-есен құлаттық, Себебі, жекеменшік жоқ еді. Бәрі де қоғамдық меншік, мемлекеттік меншік болды. Жекеменшік болғанда қып-қызыл қан болатын еді. Бұған да мың тәубе.
Орнатып жатқан қоғамымыз – капитализм. Ол жүз жерден праволық, жүз жерден демократиялық болсын, оның негізінің негізі –жекеменшік. Жекеменшіктің иесі –ұлттық буржуазия. Бұл капиталистік мемлекеттің экономикалық негізі, ұстыны. Ұлттық буржуазия дегенде, ұлты қазақ байлар емес, Қазақ елінде тұрып, өзінің бизнесін дамытып, мемлекетке салығын төлеп, сол арқылы Қазақстанды көркейтуге қатысатын Қазақстанның кез келген азаматы ол. Қазақстанның ұлттық буржуазиясы «боқ домалату» дәуірінен (время накопление) өтті. Оның саналы бөлігі ұлтының мүддесіне қарай бет бұрды. Соның бірегейі – Мұхит Тұмабаев!
Өмірге келген пенденің бәрі бай болуды армандайтыны анық. Дүниеден аса бір баз кешкен пірадар бірен-саран кездессе, кездесер. Философиялық, хәкімдік биікке көтерілгендер, Толстой, Шәкәрім сияқты ой алыптары, бүгінде жоқтың қасы. «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» дейді Шәкәрім. Үнемі өзгеріс, үнемі қозғалыс, инновация. Кейде біз, кездейсоқ болсын, мақсатты болсын, белгілі бір жайлы жылы жағдайға жетіссек, одан енді қайтып шыққымыз келмей, бойкүйезденіп қаламыз. Ал, ақылды жанның мүлкі — әлем! (Мир – достояние умного человека!) Ақыл дегеніміз – идея, үрдіс,(процесс), нәтиже (результат). Ал, ақылсызға мұның бәрі үрей мен қорқыныш.
Мен өзім, қатардағы трактористен бір шаруашылықтың партком секретарына дейін қызымет жасаған адам едім. Сегіз ай сол колхоздың басқарма бастығы да болдым. Қысқасы шаруашылықтың қызығы мен шыжығының не екенін бір кісідей білемін дейтін білгіштердің бірімін. (Мәжит сияқты менен де білгіштер бар) Зейнетке шыққалы анда-санда Мұхиттың ауылына барып атқа мінемін. Ат үстіндегі қазақ қандай! Ал жанарыңның аясын толтырған шалқыған шаруашылық көңіліңді қоса шалқытып, тымағыңды алшы кигізгендей!
Мұхит төрт қайтара облыстық маслихаттың депутаты болды. Сол бір соңғы саяси науқанда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикаға танымал ақын Мұратбек Оспановтың мына бір өлеңі де болашақ депутатқа демесін болғандай еді:
Бармақ ем Сіздің елге таңнан тұрып,
Қария қол көтерді жолға шығып.
Мақтап ала жөнелді жайғасқан соң,
Мен соны жазайыншы сөз басы ғып:
Бұл Мұхит бағымыз ғой біздің деді,
Байсалды басшы деді, білгір деді.
Ішінде жатқандайын бір күрмеуі,
Көмейі ақсақалдың бүлкілдеді.
Бұл жерде ертеден-ақ егіс болған,
Егіннің ебін тапқан неміс болған.
Қазақтар қабағына қарайтынбыз,
Қыр жақтан бес-алты отау келіп қонған.
Бұл шындық — біз секілді еріншекті,
Олар да көп сүйреді, көп үйретті.
Еркіндік енді қолға тиген кезде,
Сауда мен нарық деген келіп жетті.
Бар неміс Отанына кетті көшіп,
Шығарын кім ойлаған естің өстіп.
Қолында қайласы бар, қайраны жоқ,
Біз қалдық қара жерді тепкілесіп.
Сол кезде Мұхит келді білек түріп,
Танытып табандылық, жүректілік.
Бір жерге біріктірді игілікті,
Жіберген шашыратып, үлестіріп.
Ашылды шыққан күндей қабағымыз,
Тоғайды тірлігіміз табағымыз.
Қарағым, қаперіңе мықтап ұста,
Қазір де асыраймыз қаланы біз!
Деп шалым тереңнен бір тыныстады,
Маңдайдан көрініп тұр ырыс-бағы.
Айналған ажарына ауылының,
Болғаны қандай жақсы ту ұстары
Қайнаған тіршілікті көрді көзім,
Жеткіздім жүректегі елдің сөзін.
Халқына еңбек еткен азаматты,
Халқы да қолдарына сендім өзім!
Иә, ақын жырласа жырлағандай батыр тұлғалы , ақбозат мінген Мұхит келеді көз алдыңа! Еңбектің Ері ғана емес, ата- бабасының арманын, ұлтының рухын бойына жинаған Мұхит жұртының өнеріне де қамқор. Туған өлкесінде қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы, батыр бабасы Болатшы Бұқарға қойылған белгіден бастап жасаған меценаттығы көш –керуен!
Бүгінде ол өз биігінен жұртының тірлігіне жайбарақат қарай алмайды екен. 2013 жылдың наурызында астанада өткен Халықаралық Ауылшаруашылығы көрмесіне Мұхитпен бірге барудың сәті түсті. Ол осы көрмеге бір топ мамандарын қоса ала барды. Әр маманның қолында өз «ноутбугі» бар, өз салалары бойынша апта бойы айналысты, әр күн сайын кешке өздері бас қосып, кеңесіп отырды. Осы кеңестегі батыл-батыл пікірлерге, еркін ойларға таң қалуға тура келді.
Иә, кешегі советтік заманның ауылшаруашылығы қызметкері маған әлемдік бүгінгі ауыл шаруашылығы елу жыл алға озып кеткендей көрінді. Мұхит мазасызданса, мазасызданғандай екен…
Дегенмен, атқарылған істер ұланғайыр, атқарылатыны одан да көп. Компьютер деген жарықтықпен әлемді «шарлап» отырған Мұхит өзінің тура жолда адаспасын анық біледі, мақсат айқын.
Ал бізге, көңілге демеу дүние – елге үлгі боларлық ҮЛГІ бар!
Ең Бастысы:
Жер иесі – ұлттың ұланы, халқыңның қалаулысы, еліңнің елеулісі, аяғымен ата жұртында нық тұрған қазақ, өз бауырың деп ойлағанда аттың үстінен көтеріліп, қанат байлап ұшқандайсың! Ол бар қазақтың бауыры! Оның пейілі даласындай дархан, мейірі –көл!
Иә, тәңірім, ауыр дәулетті алып жүру үшін де алапат қуат керек, қонған бақты көтеріп тұрар қажыр мен қайрат керек!
.Арман сол – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ жер асты байлығы орыс, қытай, кәрістен қазақ ұланының қолына қашан өтер екен?!…
Ақбозат мінген батыр «Ермак» биігінде әлі тұр. Табанда – Ертіс алабы.Бұл биіктен Жармақ батыр жаулаған елінің алабына мақтанышпен қараған болар. Ақбозат мінген батырдың да жүрегін билеген еліне деген сүйініш. Төменде – Семей. Ежелгі Семей. Көне қала – Семей. Тарихқа 840 жылдан мәлім Семей, Қимақ-Қыпшақ қағанатының астана –байтағы. Жармақтар келген, кеткен. Жер иесі – Ақбозат мінген батыр!
Қүсмілия НҰРҚАСЫМ, мәдениеттанушы.
Семей қаласы.