1993 жылы Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Ата жұртқа 2011 жылы келген. Қазіргі таңда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.
2014 жылы Өскемен қаласында өткен «Тәуелсіз елдің жастарымыз» атты облыстық айтыста бас жүлде, «Тілім – тірлігімнің айғағы» атты облыстық айтыста бас жүлде иеленген.
2015 жылы Павлодар қаласында өткен «Арыстандай айбатты» атты республикалық айтыста бас жүлде, Семей қаласында өткен «Тәуелсіздік таңы» атты облыстық айтыста бас жүлде, Моңғолияда өткен халықаралық айтыста бірінші орын иеленген.
ЕГІЗ ІШЕК
Егіз еді жүрегім жүрегіңмен,
Сезімнің бара жатыр оты сөніп.
Өзіңменен күйі кеп жыры өрілген,
Домбыраның секілді ем екі ішегі.
Сол ішектің бірі – үзік, бірі – қалған,
Екеуіндей салмайды ән бірі кемел,
Бір ішекпен үзіліп бір ұлы арман,
Шанақ кеудем жел соқса күңіренер.
Ей, үзілген арманның ардақты үні,
Күмбірің қайда кеткен құлап құйын?..
Үзік ішек ән сап тұр жалғап бүгін,
Басқа бір домбыраның құлақ күйін.
Өзгедесің,
Өзгені таныс еттің,
Бірақ үнің келмейді-ау күйге сенің.
Бір күні сезерсің-ау әр ішектің,
Өз тиегі өзіне үйлесерін…
* * *
Өлең жазшы дедің сен маған арнап,
Онда мен де бастайын жаңадан хат.
Нұрға толып жанарың қарағанда,
Гүлге толып кетердей жағалау бақ.
Не деп саған арнайын, нендей жырды,
Сен бәрібір болмассың мендей мұңлы.
Өзің кеп оятпасаң көптен бері,
Шабан тартып шабытым келмей жүрді.
Неткен жарқын жан едің жырға құмар,
Жаныңда ізгіліктің жұрнағы бар.
Өлең арнап ақыры бір сұлуға,
Өмірін де арнаған тұлғалылар.
Мен олардай болмаспын,
Мүшкіл хәлім,
Бірақ сендей түсінбес ешкім бәрін.
Жыр емес, жыр дегенде жалын атқан,
Жүрегімнің сыйлайын ұшқындарын.