СЕМЕЙДІҢ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ!

433

2018 жыл жақындаған сайын семейліктердің арасында қаланың мерейтойына қатысты түрлі пікірлер бас көтере бастады. Кейбір өктемшіл топтың өкілдері Семей қаласына 300 жыл толады десе, бірқатар өлкетанушылар Семей тарихын мыңжылдықпен ұштастырып беріп отыр. Осы датаға байланысты өткен жолы Семей қаласының әкімі Надежда Шарова бір топ қоғам белсенділерімен жиын өткізгенде Шәкерім атындағы СМУ профессоры, археолг Амантай Исин Семей қаласының тарихы мен мәдениеті 10 ғасырды орап кететінін құнды деректермен дәлелдеген болатын. Төменде ұсынылып отырған өлкетанушы ғалым Асан Омаровтың «Көне Семей болған ба?» атты ғылыми еңбегі де Семейдің ежелгі тарихын тайға таңба басқандай қылып көрсетіп отыр.

        КӨНЕ СЕМЕЙ БОЛҒАН БА?

   Есте жоқ ескі заманда Ескендір Зұлқарнайын деген ер көңілді, бірақ «мақтансүйгіш» (Абай) патша болғанын бәріміз де естідік, білеміз. Орыстың асқақ мінезді  монархі Петр Біріншіде Ескендірге ұқсастық болған деседі. Расында да тойымсыз өршілдігі ғажап: ол кең-байтақ Сібірді қанағат тұтпай, бүкіл Орталық Азияға аранын ашты, ол ол ма, тіпті алыс Үндістанға да көзі тұнады. Орыс әскерлері Үнді мұхитына жетсе, сонда «етігін жуса» деген ой-арманымен көзін жұмған деседі. Мұны басқа емес, ресейлік аты-шулы депутат Жириновскийдің жағы талмай шатып-бұтып әйгілеп жүргені мәлім.

      Жә, жаугер Петр Бірінші «арманын» іске асыруды неден, қалай бастаған еді? Ұзын аққан Ертістің бойына қаражат пен әскери күшін аямай төгіп, форпостарын салудан бастады. Біз білетін тарихтың шындығы осы.

     Мәскеудің төріне көшпенділер империясын құрған көсем Шыңғысханға қоладан ескерткіш құйып, дәріптеу ешкімнің де ойына келмес. Ал, евразия кеңістігінде екінші империяның іргетасын қалаған әйгілі монархтің даламызды отарлау үшін орта Ертіске ту тіккен датасын біздің тойлауымыз қалай болар екен, ағайын, алақайлап бөркімізді аспанға атуымыз жарасымды ма?  Жарасымды дегенге сене алмайтын шығармын. Үйткені, бұл әскери бекіністен бұрын тек құладүз тақыр жағалау «дикий берег Иртыша» болған-мыс деген жалған хикаяны мойындағандық та болады.

       Сөйтіп, төменде жеткізбек ойымыздың тиянағы: Семейдің туғаны «1718 жыл» деп жалаңаштамай-ақ, оны «840 жыл» деген екінші нақты датамен қосақтап атайық дегенге саяды. Сонда қаланың жасы бірінші датадан санағанда «298 жыл», ал екіншісінен есептегенде «1178 жыл» болады. Осы қос дата бірі бірінен ажырамасын, плакатқа ілсек я болмаса тасқа қашап жазсақ бірге жазайық. Әсіресе, екінші датаның орыс-қазақтың санасына нық шөккені мақұл. Әділеттілік те, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің талабы да осы.

      Өткенге салауат дейді халқымыз. Әрине болғанды болған, барды бар деу ғылымға үйлесімді әрі болашағы зор іріліктің де белгісі. Сондықтан, қайталап айтайық, ештеңеге де қара күйе жағылсын, белінен сызып тасталсын демейміз. Мәселе сонда, қаламыздың 1718 жылдан бергі жаңа тарихының егжей-тегжейі белгілі, әлденеше кітаптар жарық көрді, ал ғасырлар тозаңынан көмескіленіп, жарыққа шыға алмай, жабулы сандық жабулы күйінде қалып келе жатқан қайран арғы тарихы ғана. Және, ол тарих болғанда қандай тарих десеңізші, бүкіл Қазақстан халқы мақтан тұтарлықтай ғажайып дүние, өлшеусіз қазына ғой шіркін!

        Осы ретте айтар бір жай, «ой, ескі Семей деген қиялдың дүниесі, өйткені, қазақта бұрын қала болмаған, Сары Дала төсінде төрт түлік малдың тұяғына еріп қана өмір кешкен» деп өре түгелетін азаматтар баршылық. Олар ойланғаны жөн: Дала тарихы өркеш-өркеш.  Ұлы Даланың бетіне Ұлы Жібек жолының тармақтары айқыш-ұйқыш іздерін салған анау мыңжылдықта кенттер те, қалалар да, егін еккен  отырықшылық салттар да болған жоқ емес, болды. Тарихшы мамандар «Қазақстан тарихы» (Алматы, 1994) кітабының 105 бетінде көрсеткеніндей: «ХІУ ғас. бірінші жартысында үлкенді-кішілі қалалар мен мекендер Дала картасынан жоқ болып кеткені» тағы рас. Қытайға баратын теңіз жолы игерілген соң сөйтті, көне Сауда жолының жұлдызы сөнді, онымен бірге көне Семей сияқты қалалардың да бесғасырлық құмның астына көмілген еді. Сөйтіп, «Ескі Семей дегенді әлдекім ойдан шығарған, олай болмаған» деген сөзге көне алмадық. Өйткені, мына  заман саптыаяқтың сабынан емес, қарауылды биігіректен алудың заманы емес пе.

     Енді, білгенге маржан деп, шаһарымыздың арғы тарихын ақтарып, ескі шежіресінен сыр шертіп көрмекпіз.

        840 жыл. Шыңғысхан жаугершілігі алдындағы аса елеулі датаның бірі бұл. Осы жылы Оңтүстік Сібір жерінде дәуірлеген әйгілі Ұйғұр қағанаты күйреп, оны құраған ежелгі ғұн нәсілдері, ондаған түркі ру-тайпалары, әр тарапқа (Арқаға, Тұрпан ойпатына, Жетісу мен Сыр бойына) ауа көшкені ақиқат. Сөйтіп, Ұлы Даланың картасы мықтап өзгерді. Екі ғасырдай кейініректе оның Дешті Қыпшақ аталуына тікелей осы оқиға себепші болды. Аса елеулі дата дейтінім сол.

        Осымен, Алтайдың бергі жағына ауғандардың бір бөлігі –  үлкенді-кішілі жеті ру, жаңа көрсетілген жылы орта Ертіске ту тігеді. Бас біріктіріп, мемлекетін құрады. Жеті тайпаның батыс көршісі қабырғалы қыпшақ елі еді. Осы себепті  жаңа одақ-конфедерация негізінен Ертістің бойын қуалай қоныстанды да, және бұл сауда-саттықтың заманы, соның көрігі қызған уағы болғандықтан бейімделіп, өзеннің жағалауында он алты тұрақты мекен – қалашықтарын көтереді. Екі ғасырдай өмір сүрген осынау көшпенді мемлекет тарих ғылымында жетеудің ішінде ірісі болған тайпаның атымен «Қимақия қағанаты» деп аталды.

        Сөйтіп, сәтімен  орнаған  қағанаттың  салтанатты  астана қаласы қазіргі Семей орнында болғанына кәмілміз. Өйткені, мұны растайтын мағлұматтар қолымызда бар. Ал, қаланың аты қайсы? Ертіс жағалауына табан тіреп, қимақ жерін емін-еркін аралаған араб-парсы саяхатшылары баршылық. Бірақ, олардың бізге белгілілерінен, өкінішке қарай, бірде бірі қала-қоныстың, өздері «өте үлкен, ішінде мешіттері бар, жан-жағы темір есіктері бар дуалмен қоршалған» деп суреттеген бас қаланың дәлді атын атамаған. Тек «қимақ қалалары», «қимақия астанасы» деумен ғана шектелген. Сондықтан әзірге амалсыз, бұл мәселеге қатысты болжам айту ғана қалады.

     Белгілі түрколог С.Малов Оңтүстік Сібір – Орхон жерінде құрылған Ұйғұр қағанатына кірген тайпалардың, ғылым тілінде «сары ұйғұрлардың» құрамын, тілін зерттеген ғалымның бірі. Айта кетелік, сөз болып отырған тайпалардың қазіргі ұйғыр (ұйғұр емес) этносына қатысы шамалы. «Ұйғұр» этнонимі В.В.Радловтың пікірінше, УІІІ-ІХ ғасырларда «ұйю, бірігу, ынтымақтасу» деген мағынаны білдірген. Ал, қазақ ғалымы Қ. Сартқожаұлы көшпенді ұйғұрлардың қазіргі ұйғырлардан бөлек екенін ғылыми негізде дәлелдей келе: «840 жылы Орхон ұйғұр мемлекеті солтүстігінен Енесай қырғыздары, оңтүстігінен шато-түркілер тарапынан шабуылға ұшырап талқандалған соң, халқы тұс-тұсқа ауа көшіп, басым көпшілігі Шығыс және Оңтүстік-шығыс Қазақстанға қоныс аударды», – деп мәлімдейді. Және, олар біздің қазақ этносына ұйтқы болды дегенді атап айтады.

       Иә, Орхон Ұйғұр мемлекеті конфедерациясын құрған тарих сахнасына  «теле» деген ортақ атпен шыққан тайпалар еді. Олардың Орта және Орталық Азияны түгел жайлағаны жайында Қытай дерегі былай дейді: «Теленің арғы аталары – ғұндар. Олардың нәсілі өте көп. Батыс теңіздің (Каспийдің – авт.) шығыс жағалауынан бері қарайғы тау мен сай-саланың бәрінен бұларды кездестіруге болады…».

    Сөйтіп, қыпшақ-қимақты арғы қазақ де де қой. Біраз шегініс жасадық, білем. Бізге керегі – жаңа аты аталған ғалым Маловтың «Сары ұйғұрлардың тілі» деген еңбегі. Онда «Семей» деген сөз де бар, ең қызығы, ол «табынатын орын» немесе «киелі жер» деген мағынаны білдіреді екен. Ойланайық. Туған қаламызға ең жақын тау есте жоқ ескі мезгілден  «Семейтау» деп аталады. Оның үстіне сол тау тұрған аумақ Евразия құрлығының географиялық кіндігі емес пе. Әрі екі бөлек табиғат: Дала мен Сібірдің шекара сызығы да Орта Ертіспен өтеді ғой. Осының бәрі қимақ заманында да қаламыздың «Семей» деп аталуы әбден мүмкін-ау деген болжамға жетелесе керек-ті.

        Әрине, көне кенттің қалай аталғанын нақты білгенге не жетсін, мұны жеріне жеткізе іздестіру келешектің ісі. Әзірге «жеті тас сарай» туралы мәліметтерге бұрайық. Өйткені, «Семьпалат» атауы осы тас сарайларға қатысты шыққан, яғни қашан орыс әскери экспедициясы Ертіс жағалауына ат басын алғаш тірегенде, оларды тас сарайлар сәулеті таң тамаша қалдырып, өздері салуға кіріскен қамалды осылай атауға ұйғарған ғой. Олай болса, жеті тас сарайдың тарихы қандай, оларды қашан және кімдер салған?

      Бұл сұрақты тексеру үшін айтулы 840 жылға зер салу қажет. Жоғарыда осы жылы Қимақия мемлекеті дүниеге келген дедік. Қимақтың патшасы, яки қахан астана қала төріне жеті бірдей тас мешітті тұрғызуға жарлық береді. Неге? Өйткені, астана тоғыз жолдың торабында орналасқан болатын. Қаны бүлкілдеген тамырдай жер жерге түгел жан бітірген Ұлы Жібек жолының басты тармағының бірі Түркістан-Сібір жолы осы арада өткел алатын еді. Бірақ, сәулет өнерімен қаланы көркейту басты мақсат емес, бастысы Жеті рудың ынтымағы мен бірлігін сақтау болған сыңайлы. Мәселе сонда, бұл ислам миссионерлерінің түкпір-түкпірлерге жетіп, ел елдің билеушілерін исламға тарту, дінге кіргізу істерін белсенді түрде атқарған кезең болатын. Екіншіден, ислам дінінің қаны бір, тілі ортақ, бірақ әдет-ғұрыптары мен діни сенім-нанымы жағынан  бөлектене бастаған көшпелі жұрттың бірігіп, ұйюына үлкен септігі тиетінін Орда маңындағы ақсүйектер мен ел басқарушы топтар көршілес елдердің тәжірибесінен өздері де көріп, біліп отырды.  Қысқасы, абыройы асқақтап тұрған қаһанның «мен үшін жеті тайпаның үлкен-кішісі жоқ» деген емеуірінмен жеті мешітті салдыруы көкейге қонымды қисын. ХУІІІ ғасырдың 30-шы жылдары Семейдің орнын алғаш зерттеген ғалым Миллердің дерегіне қарағанда, тас сарайлар – тік бұрышты, шаршы, шеңбер, т.б. формада, бірін-бірі қайталамайтын жобамен салынған. Бұл да олардың руларды біріктіруге қызмет еткенін растай түсетін нышандар.

Жеті сарайды кімдер, қашан салды деген сұраққа берер жауап осы.

    Әр қаланың тағдырында өрлеу және құлдырау алмасып отырады. Күллі көшпелі кеңістіктің оң қанаты Моңғолия даласы, сол қанаты Қазақ даласы боп дүркіреген бір кезеңдерде, Ертіс аумағы «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» құт дарыған жерге айналған деседі. Осы кездерде киелі орын ретінде көне Семей шаһарының да даңқы аспандаған, сірә. Бірақ, тарих басқаша шешті, 11 ғасырдың соңы зор өзгеріс әкелді. Дала төсін еркін жайлап, қабырғалы жұртқа айналған Қимақ-қыпшақ бірлестігінің үлкен бөлігі бір уақытта екі бағытқа: оңтүстікке және  Батысқа ауады (Ұлы Дала осыдан соң Дешті Қыпшақ делінді). Міне осы оқиға Сыр мен Еділ бойындағы қалалардың қазақылануына, ал Арқадағы қала-қоныстардың, оның ішінде көне Семейдің жұлдызы біртіндеп өшуіне әкелген себептің бірі болды.

***

      Көне Семей символы – Жеті тас мешітке оралсақ, оның сонау ІХ ғасырдан ХУІІІ ғасырға бұзылмай жетуінің қысқаша хроникасы мынадай.

      ХІІІ ғасырдың басында Шыңғысханның қалың әскері Шыңғыстау бөктеріне жайғасып, бас Орда ту тіккенде (Орданың нақты болғаны, оның Шыңғысхан өлген соң, Жошының тұңғышы Орда-Еженге мұраға қалғаны Рашид ад-диннің жазбаларында хатталған) Ертіс жағасындағы қала баяғы қалпында еді. Орта Азияны, сол кездің тілімен Сарт-ауылды алуды ойланған Шыңғысханның осы аумақта әлденеше жыл қыстап,  жүздеген мың жылқыны баптап, І50 мыңдай шабандозды атқа қондырып, Отырар қаласының желке тұсынан түскеніне кәмілміз. Айтпақшы, Отырар қаласында опат болған құрамында бес жүз мұсылман саудагерлері болған бай керуен де, пәлен мың шақырым шалғайдағы ішкі Моңғолияда емес, тап осы Семей қаласы орнында тұрған сауда шаһарында жабдықталған. Осыған сеніңіз. Таяуда көгілдір «жәшіктен» бәріміз де тамашалаған отыз сериялы «Шыңғысхан» телехикаясында бұл оқиға қате көрсетілсе, кінә түсірушілерде емес, «қала болған жоқ» деп жүрген өзімізге обал жоқ.

        Мынаған қараңыз, ХІІІ ғасырдың орта тұсында Ақ-Орда ұлысын аралаған итальян саяхатшысы Плано Карпини: «Орта Ертістің жағалауында өзіндік келбеті бар қала тұрды» деп жазады.

         1368 жылы Шыңғысхан өткен жолмен тек кері бағытта жүріп отырып, Орта Ертістен  Әмір Темірдің әскері де атын суарыпты. Бұл жорық сапарын тексерген тарихшы Амантай Исин: «Әмір Темір әскері батыстан Сарыарқа жері арқылы келген» деп сабақтайды. Әмір Темір Жеті тас мешітті көрген де болар-ау, онан соң өзін ислам дінін таратушымын деп есептеген Әмірші құлауға таяу тұрған мешіттерді қалпына келтіру жайлы өзінің сәулетші адамдарына бұйрықты берген сыңайлы.

        Өйткені, Қытайдағы орыс елшісі Ф.Н. Байков 1653 жылы Ертіс бойындағы ірі құрылыстарды – «Жеті тас мешітті салдырған бұхарлықтар екен» деп ресми орындарына хабарлайды  (ҚСЭ. -10-том. – 114 бет). Кім тұрғызғаны беймәлім құрылыстар орыс адамдарын бұрыннан қызықтырған көрінеді. Жоғарыда аты аталған орыс ғалымы Миллер Тюмень архивінен тапқан 1616 жылдың  25 сәуірінде жазылған патша Михаилдің грамотасында осы сарайлар «тас мешіттер» деп аталыпты (сонда, 114 б.) .

         Жеті тас мешіттің жаңа заманға қалай жеткені жайлы деректер осы.

      ХУІІ ғас. ортасында жоңғар ханы Батыр қонтайшы қалың жасақ жинап, Ертістің орта ағысын өзіне қаратқаны белгілі. Осымен Семейдің бірғасырлық «қалмақ дәуірі» басталды. Орыс зерттеушісі Н. Абрамовтың білуінше, 1670 жылдары Жеті мешіт күрделі жөндеуден өтіп, будда монастырының кейпіне кіреді.  Доржы деген пірадар басшылық еткен бұл храмдардың маңына көп үйлер бой көтеріп, егін-жайлар пайда болады. Қысқасы, «Доржынкит» (немесе Доржыкент) деп аталған  жаңа кент дүниеге келеді.

         Орыс әскери экспедициясы не себептен ә бастан-ақ қазіргі Семей тұрған биік аумаққа ірге теппеген? Оған «кінәлі» жаңағы Доржыкент қалашығы еді. Казак-орыстарға амал жоқ, бекіністерін 20 шақырымдай әрідегі ойпаңға (бұл орын әлі күнге «Старая крепость» деп аталады) салуға тура келді. Ал, қазіргі қала орнына көшу туралы әңгіме тура 60 жыл өткенде, жоңғар мемлекеті толық күйрегенде ғана шыққан.  Күмән болмауы үшін архив құжатын келтірейік: «В 1760 г. встал вопрос о перенесении крепости на новое место… 18 мая 1778 г. во вновь построенную крепость переехал назначенный комендантом полковник И.Т.Титов со штабом, поручив заведование старой крепостью майору Соколову».

        Сөйтіп, «300 жыл» деп жалаулатып жүрсек те, шынтуайтында оның Семейге ешқандай қатысы жоқ, бар болғаны айдалада орын тепкен орыс қамалының салынған уақыты ғана. Мұны құжаттан әркім өзі көреді.         Келтірілген архив дерегіндегі екінші жәйт, жаңа бекіністі қазіргі Семей орнына салып, құрылысты толық аяқтау аттай 18 жылға созылғандығы. Осы кезеңде көненің көзі – тас мешіттер бұзылып, бір тасы қалмай жаңа қамалға жұмсалып кете барады. Үш ғасырдай «Семьпалат» дегізіп келген әйгілі археологиялық мұраның қысқаша тарихы туралы сөз осымен тәмам.

        Тобықтай түйін: туған қаламыз киелі Семей, сену, сенбеу еркіңізде, есте жоқ ескі мезгілден болған  қараөткел мәңгі мекен.

        Алдарыңыздағы мақаланы не мақсатпен жазып отырғанымызды жоғарыда айтқанбыз. Сөз соңында билік басындағы азаматтардың құлағына алтын сырға деп «ескі Семей болғанын теріске шығаруға асықпайық, ескі және жаңа датаны бірге жазуға машықтансақ игі» дегенді тағы бір қайталағымыз келеді. Сүйікті қаламыздың туған жылын қосақтап атап, мерекелесек несі айып. Осылай тойлаудан ұтарымыз – мерейтойдың бояуы қалыңдап, өрнегі айшықтала түспек.

 

  Jonathan Stewart Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз