ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ БІР ҚЫРЫ – дәстүрлі қазақ шаруашылығының ғылыми негізін қалағандығы

543

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНАН БІР СӘТ

150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде белгіленген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың құрметіне таяуда туған жері Ақтоғайда алқа-қотан мереке болып өтті. Мерейтой барысындағы маңызды басқосудың бірі – айтулы ғалымдардың айтарына құлақ түрген ғылыми-тәжірибелік конференция еді. Осы ортада біздің порталдың белсенді авторы, ғалым Өмірзақ Сембайұлы да өз зерттеулерінен тарата сөз қозғаған екен. Өмірзақ ағаны  өзгелерден бөлектеп тұрған ерекшелік – Әлиханның ауылшаруашылық ғылымындағы еңбегіне көңіл аударғандғы. Осы орайда, автордың Ақтоғай төрінде ақтарыла айтқан ойлары мен өзі түсіріп алған суреттерге еркін орын беруді жөн көрдік.

Редакция

 

Мақаламыздың тақырыбын неге бұлай деп тұжырымдадық, яғни, алғышарттары неде деген сұрақтардың жауабын алыстан қарастырған жөн деп білеміз. Оның бастауын Әлихан Нұрмұхамедұлының балалық шағынан іздеген дұрыс. Өйткені, ол бала кезінен төрт түлік малдың өсіп – өну жағдайын, көшпелі қазақ өміріндегі мән – маңызын, алатын орнын көзімен көріп, сезініп ержетті. Өскен ортасы Әлихан үшін өмір бойы бағдаршам болды деген ойға келеміз.

%d1%80%d1%80

Әрине, арнайы білімінің орны бөлек. Бұл тұрғыда Қарқаралыдағы оқуы, Омбы техникалық училищесінде, әсіресе Ресей астанасындағы институтта білім алуы маңызды жағдайлардың бірі. Санкт – Петербор Әлихан Нұрмұхамедұлы жоғары білім алған, Мемлекеттік Думаға мүше болған қала. Сондықтан бұл шаhар А.Н.Бөкейханов өмірі мен шығармашылығынан ерекше орын алады. 1894 жылы ол осындағы орман   институтын бітірді. Ал оның қандай факультетте оқығаны, қандай мамандық иесі болып шыққаны турасында бүгінде әркім әртүрлі жазып жүр. Алаштану тақырыбына қалам сілтеген көпшілік, оның ішінде журналист, жазушыларды айтпағанда, кейбір ғалымдар да Әлихан институтта экономика факультетінде оқып, оны экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан деп жазуда.

 Ал ақиқатында, Ә.Бөкейхан мамандығы Санкт-Петербордың орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында сақталған оның жеке ісінде (40 беттен тұратын іс-қағаздар, құжаттарды өз қолымызбен парақтаған едік – Ө.С.) институтты бітіргенде берілген аттестатта көрсетілгендей  II – дәрежелі ормантанушы. Ал факультеті қандай десек, академия ғалымдарының айтуы бойынша оны бүгінгі орман шаруашылығы факультетіне жатқызуға болады екен. Себебі, ол оқыған уақытта экономика факультеті болмаған, яғни экономист мамандарын дайындамаған.

Алайда, бұл жағдай Әлиханды экономикалық көзқарасы, ұстанымы тұрғысынан бағасын төмендетпейді. Өйткені, оның атқарған қызметі, жүргізген зерттеулері, жазған шығармалары, жалпы өмір жолы Алаш арысының саясат пен шаруашылық мәселелерін қатар қойып, ұдайы назарында ұстағанын көрсетеді. Ол туралы «Ә.Бөкейхан және қазақтың экономика ғылымы» атты монографиямызда кеңірек тоқталып, Әлиханды қазақтан шыққан тұңғыш экономист ғалым деген тұжырым жасаған едік.

414141

2013 жылы қазіргі Орман техникалық академиясының кітапханасында болғанымызда қолымызға 1903 ж. шыққан «Исторический очерк развития Санкт-Петербургского лесного института» атты кітап түсті. Кіріспе мен төрт тараудан тұратын бұл көлемді кітап институттың 100 жылдығына байланысты шыққан мерейтойлық басылым екен. Онда институтты бітірген барлық студенттердің тізімі беріліпті. 1894 ж. түлектер арасынан Әлиханның аты да көзімізге оттай басылды. Сол жылғы бітірген студенттер саны 91 болса, ал Әлихан тізімде 11-ші тұр. «Букей-Ханов Алиханъ» деп жазылыпты. Алайда, 100 жыл ішінде, яғни, 1903 жылға дейін бітірген түлектер арасынан басқа бір де қазақтың аты-жөні кездеспеді.

Ә.Бөкейхан Қазақ өлкесін зерттеуге шыққан төрт экспедицияның жұмыстарына қатысады. Соның ішіндегі ауқымды істер атқарған Щербины экспедициясындағы еңбегі айтарлықтай.

%d0%b4%d1%88%d0%b4%d1%88

1896-1903 жылдар аралығында Дала өлкесін зерттеу үшін  жұмыс істеген арнайы экспедицияның құрамында Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уезін табиғи-тарихи жағынан зерттеп, суреттеуі. Жер түрлерін, бұл мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жерді пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі  және жартылай  көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеп, оның қоныстандыру қорына алу жұмыстарына қатысқаны белгілі. Экспедиция шаруашылық – статистикалық зерттеуге баса көңіл бөлді. Қазақ жерін зерттеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі орыс ғалымы С.П.Швецов: «Работы, произведенные им в экспедиции (Щербины), отличаются высокой доброкачественностью, обнаруживая в авторе глубокое знание и понимание казахского хозяйства, большую объективность и способность к критической оценке самых сложных явлений казахского хозяйства, до того времени почти совершенно неизученного… Работы, производившиеся в экспедиции г.Букейханом, весьма разнообразны по своему содержанию, что свидетельствует о многосторонней его подготовке к исследовательской деятельности в сфере народнохозяйственных отношений» [1]  – деген баға беріпті.

С.П.Швецов 1903 жылы Сібір темір жол басқармасының тапсырысы мен бөлген қаржысына Челябі мен Томск қалалары арасындағы темір жол бойын  мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге арналған экспедицияны басқарып, оның жұмысына білімді де білікті маман Ә.Бөкейханды тартады. Әлихан өзіне тапсырылған міндет – сол аймақтағы қазақтың қой шаруашылығы мен ірі қара мал шаруашылығының жағдайын терең зерттейді. Ол сол аймақтағы қой шаруашылығымен қоса, қазақ даласының басқа жерлеріндегі, оның ішінде Жетісу, Сырдария өңірлеріндегі қазақтардың қой шаруашылығы, өсіретін қой тұқымдарымен салыстырмалы түрде қарастырады. Сөйтіп, Әлихан қазақтың қой шаруашылығына, өсіретін қой тұқымдарына байланысты жан жақты зерттеулер нәтижесіне сүйенген тұңғыш монографиялық еңбегін жазады. Бұл еңбегі экспедицияның басқа материалдарымен бірге 1904 жылы Томск қаласынан шыққан «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» атты үш бөлімнен тұратын кітапта жарияланады.

Әлихан Бөкейхан Щербина экспедициясы құрамында Павлодар (Семей облысы) және Омбы уездерін (Ақмола облысы) зерттеуге қатысып, тиісінше, кейін жарыққа шыққан «Материалы по киргизскому землепользованию» атты жинақтың VI, IV, XI томдары, соның ішінде Павлодар уезі бойынша (IV том) – «Қоныстану тарихы», «Қызылтау және Алтыбай болыстарының шаруашылығының сипаттамасы», «Жерді пайдаланудың қауымдық жер формалары мен тәртібі», Қаркаралы уезі бойынша (VI том) «Қауымдық ауыл топтарына», «Рулық сызбалар», көшіп-қону кестесі мен қырғыз сөздерінің алфавиттік көрсеткіші, табиғи-тарихи аудандардың сипаттамасы, қырғыздардың жер пайдалану картасы, Ақмола облысы Омбы уезі бойынша (XI том) «Үйірдің бағылу тарихы», жалға алу тарихы, қауымдық кестеге ескерту, туыстық-рулық сызбалар бөлімдерінің авторы болып табылады. Жинақтарда жарияланған Ә.Бөкейханов еңбектерінің жалпы көлемі 146 бет.

Әлиханның пікірінше, қауым ішінде орын алған жерді меншік ретінде жекелендіруге қарамастан, келешекте жерді пайдалануда жекеден бірлесе пайдалануға көшу мүмкін болды. Бұл ең алдымен жердің жетіспеуімен байланысты болды. Осылайша, автор нақты-тарихи мысал негізінде, қазақ қоғамының шаруашылық өмірінің маңызды бір қырына обьективті түрде талдай жасайды.

Ә.Н.Бөкейхановтың «Материалы по киргизскому землепользованию» атты жинағының XI томына енген очерктері ғылыми қызығушылық тудырады. «Үйірдің бағылуы туралы» деген бөлімде жеке бағылатын жылқы табындарына (үйірлері), оның ішінде оларды бағу жағдайы мен бақташылардың тұрмысы, жағдайына толық сипаттама беріп кетеді.

Ал «Аренда» (XI) деп аталатын бөлімде сол кездегі жерді жалға алу мәселесіне (түрлі жер учаскелерін жалға беру тәртібі, төлем шарты, сандық мәліметтер) талдау жасайды. Қарқаралы уезінің барлығы 22 ауданына толық табиғи-географиялық сипаттама берді. Экспедиция материалдарын жинақтап, талдау барысында Әлихан Нұрмұхамедұлы отырықшылық пен мал шаруашылығын үйлестіру бойынша Қазақстанның оңтүстік аудандарын, сонымен бірге Австрия, Швейцария және басқа елдерді мысалға келтіреді. Ол қазақ шаруашылығын отырықшы мал шаруашылығына біртіндеп көшуді ұсынады. Әлихан АҚШ – тың Колорадо штатындағы егінге арналған жерлерде қой етіне сұраныстың өсуіне байланысты қой өсіре бастағандарын мысал ретінде келтіреді. Бұдан басқа қазақтардың қой тұқымы еуропалық нарықта кеңінен таралған австралиялық қой тұқымынан анағұрлым бәсекеге қабілетті болар еді. «Енді заман өзгерді. Базарда бағлан ғана пұл болды. Қазына басы көпке байлаулы емес базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын десең мал сүйегін асылда». Жергілікті мал шаруашылығы мен қоныстанушылар шаруашылығы (егін шаруашылығы) арақатынасы мәселесіне тоқтала отырып, Ә.Бөкейханов олардың өзара байланыста болып, саналы түрде оларды үйлестіре білудің қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше бұл экономикалық жағынан пайдалы және қоныстанушылар арасындағы өшпенділікті жойып, қарым-қатынастың жақсаруына жәрдемдесетін жағдай болады. «Мұжық егінші болғанда, қазақ жақсы малшы болса, бірінен бірі керектерін алып тұратын жақсы көрші болады. Екі қошқардың басы қазанға симас, бір өнер қылған екі кісіге тар жер,  екі өнер қылған екі кісіге кең болады», деп жазады. Ә.Бөкейхановтың бұл ғылыми-зерттеу жұмысының өзектілігі ғасырдағы егемен Қазақстанның стратегиялық дамуында да өзінің көкейкестілігін жойған жоқ деп сеніммен айтуға болады.

%d1%89%d1%89%d0%b3

Ол ауыл шаруашылығына қатысты «Русские поселения в глубине Степного края», «Переселенцы в Тарских урманах (из записной книжки статистика)» «Киргизы» (Қазақтар) атты  («Қазақ»  газеті, 1913, №10), «Ашық хат» («Қазақ»  газеті, 1913, №24), «Жауап хат» («Қазақ»  газеті, 1913, №28, 29, 36), «Екі жол» («Қазақ»  газеті, 1913, № 100, 101), «Башқұрт жері» («Қазақ»  газеті, 1915), «Астрахан қазағының жері» («Қазақ»  газеті, 1916) және  т.б. көптеген  мақалалар жазды.

Соның ішінде, Әлиханның ғылыми мұрасының арасындағы маңызы ерекше еңбегі «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» («Овцеводство в Степном крае»). Ол «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороге» атты үш бөлімнен тұратын кітапта 1904 жылы Томск қаласында жарыққа шыққан. Қазақ халқының ғасырлар бойы ата кәсібі болған қой шаруашылығы туралы аса білімділікпен, халқына деген терең сүйіспеншілікпен жазылған тұтас энциклопедиялық зерттеу бүгінгі күнде де өзінің көкейкестілігімен ерекшеленеді.

%d0%bb%d0%b3%d0%b5%d0%bb%d0%bb%d0%b3

Бұл монографияда Ә. Бөкейхан әуелі алты жыл бойы – 1896-1901 жылдар арасында Ф.А. Щербина бастаған экспедиция жүргізген есептеулер негізінде Семей, Ақмола, Торғай облыстары 12 үйезіндегі қой, ешкі санының статистикалық есептерін келтіреді. Бір-ақ мысал: сол кезде Зайсан үйезінде 656178 қой, 48642 ешкі болған, бір шаруашылыққа 36,9 қой, 2,7 ешкі, бір кісіге 8,34 қой, 0,62 ешкі келген. Бір кісіге келетін қой мен ешкінің жалпы саны – 9 [2]. Қазақ қойының (құйрықты) тұрқы жағынан Фриз, Романов, Волож, Вересковая қой тұқымдары мен салыстырғанда ең ірілер қатарына жататынын дәлелдейді. Қазақ қойының қандай түрлері барын, жасына қарай қалай бөлінетіндігіне, қой, ешкі отарының өнімділігі, өсімі, малдың көбеюіне арнайы тоқталады. Осыларды ғылыми сипаттап отырғанда экспедиция материалдарымен қатар профессор П.Н. Кулешовтың «Овцеводство», Добросмысловтың «Скотоводство в Тургайской области» (Оренбург, 1895 г.) атты еңбектеріне сүйеніп, салыстырмалы түрде сілтеме жасап отырады. Ең етті ірі малдар қатарында бағаналы, бесата (Қарқаралы), тама қойлары барын жазады [2].

Кітаптың соңғы бөлімінде қазақ шаруашылығындағы қойдың экономикалық маңызын ғалым әртүрлі қырынан қарастырып, әртүрлі зерттеулер жүргізіп, оларды талдап, нақтылы қорытындылар жасайды. Бір қойды бағып өсіруге кететін шығын, саулықтың беретін төлі, еті, сүті, жүні, базардағы қойдың сатылу бағасы, бір жылда сойылатын қой, қазақтың жалпы малының ішіндегі қой үлесі – осы алуандас сұрақтардың бәріне монографияда жауап дайын. Еңбекте 19 кесте, 13 графикалық сызба (диаграмма), 3 сурет және 2 картограмма келтірілген. Осы көптеген кестелер, сызбалар, мәліметтер, сілтемелер, проценттерді саралай келіп, Ә. Бөкейханов қазақ шаңырағында 5,75 жан бар екенін, дәулет деңгейіне орай 8 топқа бөлгенде, ең кедейдің әр жанында 0,86, ең байында 34,75 мал бар екенін анықтайды [2]. Жалпы алғанда, қазақ шаруалары мұжықтарға қарағанда бір жылда етті 6 есе көп, нанды 2 есе кем жейтінін де ескертеді. Басқа жылқы, түйе, сиыр секілді малдарды есептемегенннің өзінде қойдың өзі ғана қазақ халқына керекті мөлшерде ет, жүн, сүт,тері беріп, отын, киім, үй боларлық қажеттерін түгел өтейтіні ғылыми түрде дәлелденген. Қой малының қазақ даласының әртүрлі атыраптарында таралу, өсірілу мөлшері, табиғи жағдайда икемделуі туралы ой-тұжырымдарын қорыта келе Әлихан Нұрмұхамедұлы қой шаруашылығы кейбір жалған отаршыл оқымыстылар айтып жүргендей жабайы, дөрекі, пайдасыз кәсіп емес, сан ғасырлар бойы жасаған ұрпақтың тәжірибелері негізінде сұрыпталған, қоршаған орта жағдайына әбден бейімделген, табиғат пен адам әрекеті арасындағы ынтымақты сақтап қалған, тұрақты өнім алуға болатын шаруашылық жүргізудің қалыптасқан тамаша жүйесі екенін дәлелдеп берді.

Кезінде кейбір зерттеушілер Ә.Н.Бөкейханды тек көшпелі мал шаруашылығының идеологы, егіншілікті қазақ жерінде дамытуға қарсы болған тұлға деп санады. Ал іс жүзінде оның егіншілік мәдениетіне деген көзқарасы мүлдем басқа болатын. Соның бір дәлелі 19 жастағы жас жігіт Әлиханның Омбыдағы техникалық училищеде оқып жүргенде «О земледелии в Токрауынской, Котан – булакской и Западно –  Балхашской волостях  Каркаралинского уезда» (1890 жылғы 14 маусым) – деп аталатын аса білгірліктен жазылған мақаласы (Дала уалаяты газеті, 1890). Өйткені ол, өзі туып өскен Тоқырауын өңірінің жер жағдайы, халқының кәсібі, егіншілік мәдениеті, жақсы таныс болатын.

444

Соның тағы бір куәсін Әлихан өзі мүше болған Мәскеу Ауыл Шаруашылығы Омбы бөлімінің 1903 жылғы 8 желтоқсанда өткен мәжілісінен анық байқауға болады. Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша Ә.Н.Бөкейхановтың Қарқаралы уезіндегі егіншілікпен айналысатын қазақтардың жоңышқаны (люцерна) өсіру жөніндегі хабарламасын тыңдайды. Жиналысты басқарған В. Ф. Королев қатысушыларға хабарламасында айтылған мәселе жөніндегі Ә. Бөкейхановтың хатын алысымен бөлім атынан Егіншілік Департаментіне хат жазып, Тоқырау өзеніндегі егінші – қазақтарды жоңышқа тұқымдарымен тегін қамтамасыз етуді сұрағанын сөз етеді. Егіншілік Департаменті осы мақсатқа арнап 1904 жылғы несиеден бөлімге 120 – 150 сом ақша бөлінетіндігі туралы жауап жолдапты.

Алайда, бөлім мүшесі Н. К. Шуман тұқымдарды тегін беру, кейбіреулердің бостан бос берген тұқымдарды алғанымен, екпеуі мүмкін деп қарсылық білдіреді.

Осы пікірге байланысты Әлихан, тұқымдарды тегін сұрағаны, оның өзіне тұқымдардың бағасының  бір пұты 17 сомнан түскенін, егер оларды бір пұтын 5 сомнан алуға болатын болса, онда қазақтардың сатып алуға мүмкіндігі болар еді, әсіресе төлем мәселесін күзге дейін созса дейді.

Бұл пікірталасқа бөлім мүшелері Квитко, Яшеров деген азаматтар қатысады. Сөйтіп, ұсыныстарды ескере келе жиналыс төмендегідей қаулы қабылдайды: «Просить А. Н. Букейханова принять на себя труд по распространению и продаже среди киргиз – землепашцев р. Токрау заготовленных Правлением Отдела семян люцерны, уполномочив А. Н. производит бесплатную раздачу семян в той мере, как это будет вызываться необходимостью, с тем однако, чтобы таким образом розданные семена были возвращены получившими из их первого урожая. Предоставить А. Н. производить льготную продажу семян на тех условиях, которые указаны будут обстоятельствами дела, приложив все старания к тому, чтобы капитал, употребленный на приобретение семян не уменьшился. Просить А. Н. к концу года представить Отделу подробный отчет о произведенных им операциях со семенами» [3; 4].

Сонымен қатар қаулыда Дала генерал – губернаторындағы агрономды Қарқаралыдағы ауыл шаруашылығы мектебі және осындай басқа да мектептерде жоңышқа мен бірге басқадай азықтық шөптерді жекелей және қоспа түрінде себу арқылы азық – жем өнімдердің ең қолайлы әдісін айқындау тапсырылады.

Өз кезегінде Ә. Бөкейханов Тоқырауын бойындағы егінші – қазақтарды жоғарыдағыдай талаптармен жоңышқа тұқымдарымен қамтамасыз ету міндетін алуға дайын екендігін білдіреді.

Бұл жағдай Әлиханның жас кезінен егіншілік мәселелерімен жақсы таныс екенін, ал кейін XX ғасырдың басында Омбыда құрылған Мәскеу Ауыл Шаруашылық бөлімінің мүшесіне сайланғанда, осы ұйымның мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақ зиялыларынан бірінші болып сол кездегі ауыл шаруашылығының соңғы жетістіктерін, ғылым мен техниканың өнімдерін, яғни жаңа құрал – жабдықтар, өнімді өсімдік тұқымдарын және т. б. қазақ шаруашылықтарына енгізуге, соны пайдаланып жұмыс жүргізуге ұйытқы болғаны, ықпал еткенін жоғарыда келтірілген деректер айғақтайды.

Расында, Әлиханның еңбектерін қарап отырсақ тек таза көшпелі өмірді жақтап, отырықшылыққа мүлдем қарсы болғанын көре алмаймыз. Айталық, Әлихан «Қазақ» газетінде жарияланған «Жауап хат» атты мақаласында былай деп жазды: «Көшпелі деген сөз мал бағатын шаруаны түгел жаппайды. Қала болып мал шаруасын атқаруға болады.

Бұған мысал Еуропада Швейцария жұрты, жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Қадағын 80 тиын, бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында ірімшік осы Швейцария шығарған болады. Австралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң, Австралия жұрты қой бағып, мал шаруасын қылып отыр. Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүзіп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып тұр. Самарқанд тұрған Зарафшан өзенінің екі жағы биік тау… Мұнда да жеріне, жердің һауасына қарай шаруа: сайда егін, тауда мал бағу [4]. .

2016-10-01_010919

Бір сөзбен айтқанда, Ә.Н.Бөкейханның ауыл шаруашылығына қатысты жазған еңбектері оның осы саланың мәселелерін терең түсініп, аса бағалы ғылыми шығармалар ғана жазып қоймай, күрмеулі мәселелерін шешуге белсене араласып, қайраткерлік қабілетімен де көзге түскен тұлға екендігін дәлелдейді. Ең бастысы, Әлихан қазақ халқы үшін ауыл шаруашылығының келешекте де аса маңызды сала болып қала беретінін айқын сезініп, оның дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер-ғалым.

Өмірзақ Сұлтанов,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Астана қаласы.

 Jason McCourty Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз