Қазақтың XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы; ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханның «Алаш» партиясын құрып, «Алашорда» мемлекетінің туын тіккен Алаш қаласында, яғни бүгінгі Семей қаласында ұмытылмайтын жарқын істері, ізі қалған.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның басшылығымен елге пана, исі қазаққа тұлға болуды мақсат тұтқан арыстарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков, Р. Мәрсеков сынды ұлт зиялыларының өмірлерінің сәулелі сәттері Семей қаласында өткені аян.
Бүгінгі күні көне шаһар Семейде 1883 жылдың күзінде Абай Құнанбайұлы мен оның пікірлес орыс достарының ұйымдастыруымен іргесі қаланған қоғамдық кітапхананың қазына қорынан ұлтымыздың асыл перзенті Әлихан Бөкейханның өз қаламынан туған төл туындылары мен ол жайлы сирек өлкетану басылымдары үшінші мыңжылдық оқырманына жетіп, әлемдік және Отандық мәдениет тарихында құнды мәдени мұра ретінде сақталуда.
«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»- деген өмірінің басты ұстанымын соңғы демі біткенше ғұмырлық әрекеттеріне шырақ қылған ерекше жаратылған тұлға Ә.Бөкейхан жайлы сирек қорымыздағы Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің ғылыми басылымдары дерек береді.
Әлихан Бөкейхан Омбыдағы Батыс Сібір Географиялық бөліміне мүше бола отырып, 1902 жылы ұйымдастырылған Семей бөлімшесінің жұмысымен тығыз қарым-қатынаста болған. Ұлтымыздың мақтанышы Абай Құнанбайұлы, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы (1903 —1907ж.ж.) [36], Томск технология институтының түлегі, Алаш жетекшілерінің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш профессор-математик Әлімхан Ермеков, Санкт-Петербург университетін алтын медальмен бітірген, ұлтымыздың тұңғыш заң магистрі, болашақ Алаш автономиясының құқықтық негізін қалаған Жақып Ақпаев, Санкт-Петербург университетін Ж.Ақпаевпен қатарлас тамамдаған, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін күрескен арыстарымыздың бірі Райымжан Мәрсеков (1902-1911 ж.ж.) [32], қысқа да саналы ғұмырын өз ұлтын өркениетті елдер қатарына қосу жолына жұмсаған Семейдегі семинария мұғалімдері Нұрғали Құлжанов пен зайыбы Нәзипа Құлжанова, орыстың ұлы жазушысы Л.Толстоймен хат жазысқан, мұсылман балалар мектебінің меңгерушісі, татар зиялысы Р.Елкібаев (1907-1919 ж.ж.) және басқа қазақ зиялылары қоғамдық қызметтеріне қарай толық мүшелікке қабылданып Шоқан негізін қалаған қазақ әлемін ғылыми тұрғыда зерттеу ісіне өз үлестерін қосты[3, 13].
Ұлт тарихындағы айтулы тұлғалар М.Әуезов, Ж.Шанин, Шайбай Айманов, Мәннан Түрғанбаев, Әбікей Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Халел Ғаббасов, Кәрім Дүйсебаев Семей географиялық бөліміне мүшелікке 1924 жылы қабылданып, ғылыми, ағартушылық жұмыстарына қызу араласқан[14,1,14].
Семей Орыс Географиялық қоғамы бөлімшесінің 700 мүшесі болып, Қазақстанның Шығыс аймағы, Семей өлкесі, Алтай өңірі, Жетісу, Павлодарға қатысты далалы өлкені зерттеушілердің ғылыми еңбектері қазақ тарихынан, этнографиясынан, әкімшілік-саяси басқару жүйесінен далалы аймақ флорасы мен фаунасынан, қазба – кен байлықтарынан ғылымға тың мәліметтер беріп, өлке тарихының жаңа парақтарын ашқан[3, 9].
Алашорда үкіметінің болашақ төрағасы, бір басында сан түрлі ғылым тоғысқан бірегей тұлға Әлихан Бөкейхан, алғашында Омбы Технологиялық училищесінде оқып, одан соң Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институтында экономика саласынан білім алған. Авторларының қатарында 4-ші томынан бастап өзі де бар сирек қорымыздағы әйгілі Брокгауз-Ефрон сөздігінің (1911—1916)[39] жаңа басылымының 8-ші томы ол жайлы: «Букейхановъ Алиханъ Нурмухамедовичъ – лъсоводъ-статистикъ; род. въ 1869 г., принадлежитъ къ султанскому роду Букей… Съ 1897 г. по 1904 г. работалъ въ экспедиціи м-ва земледълія по обслъдованію степныхъ областей. Сотрудничалъ во многихь сибирскихъ газетахъ и журналахъ. Въ 1906-1907г. редактировалъ омскія газеты «Иртыш», «Омичъ» и «Голосъ степи » закрытыя администраціей. Корреспондировалъ въ столичныя газеты прогрессивнаго направленія… «- деген мәліметтер береді[13, 451].
Ә. Бөкейханның Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Омбы қаласындағы Батыс Сібір Бөлімінің Басқару Комитетінің толық мүшесі бола отырып, Семей Географиялық Қоғам бөлімшесі жұмысының тыныс-тіршілігін назарынан тыс қалдырмай, қоян-қолтық араласқанын сирек өлкетану ғылыми басылымдарындағы деректер баяндайды.
Туған халқы басынан кешіріп отырған тарихи кезеңнің сипаттары Әлиханды терең толғандырып, ұлтжанды тұлға, ірі саясаткер ретінде қалыптасып, шыңдалуына зор ықпал еткені аян. Әмбебап ғалым Ә.Бөкейханның қаламынан туған Алашорда мемлекетінің бағдарламасы сынды саяси, ел-жер мәселесіне қатысты статистикалық-экономикалық, тарихи-этнографиялық, әдебиет және басқа да ғылым салаларынан еңбектері мен бай публицистикасы оның қазақ мемлекетінің өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда терең зерттеген қажырлы еңбегінің жемісі.
Ол қазақ мемлекетінің пайда болу тарихына, Кіші, Орта және Ұлы жүз хандықтарының Ресейдің қоластына енуіне, Үлкен Орда сұлтаны Сүйік Абылайхановқа қатысты құжаттарды зерттеу нәтижесінде «Из переписки (письма) киргизских ханов, султанов и пр.пр», «Из переписки хана Средней Киргизской Орды Букея и его потомков», «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Абылайханова», «О киргизскихъ поминкахъ» атты ғылыми еңбектерін жариялады.
Кітапхананың сирек қорындағы «Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің кітапханасының каталогының» 1902 жылғы I басылымының «Антропология, этнография және фольклор. Тұрмыстық сипаттама»-атты 5-ші бөлімінде Ә.Бөкейханның «О киргизских поминках» мақаласы, ал «Археология, тарих. Биография мен некрологтар» атты 9-шы бөліміне Ә.Бөкейханның «Открытое письмо Г.Джапанову (по поводу некролога Исы Бердалина)»; «Из переписки хана Средней Киргизской Орды Букея и его потомков» еңбектері тізімге енген[11, 140, 171].
Сирек қорымыздағы «Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің Запискилерінің» 1905 жылғы II басылымында жарияланған Семей Бөлімшесінің «Есебінде» іс басқарушы, өлкетанушы Н.Я.Коншин Омбы қаласынан Ә.Н.Бөкейханнан белгілі қазақ сұлтаны Сүйік Абылайхановтың хаттары жайлы «Из бумаг султана Большой киргизской орды Сюка Абылайханова» – атты мақаласын Бөлімшенің «Запискилерінде… » жариялауға жібере алатындығы туралы ұсыныс түскенін хабарлайды[15, 29].
Төрағасы Н.Ф.Ницкевич басшылығымен өткен бұл мәжілісте ұсыныс үлкен ілтипатпен бірауыздан қабылданып, 1905 жылғы аталған «Запискидің…» II-басылымында жария көрген. Ә.Бөкейханның аталған тарихи деректі зерттеуіне Үлкен Орда сұлтаны Сүйік Абылайхановқа Батыс-Сібір генерал-губернаторы Глазенапаның 1818 жылдың 9 сәуірінде жазған №149, хатынан басталатын әртүрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардың, жиыны 13 хаттың толық мәтіні және бір хаттан үзінді жарияланған[5, 1-18].
Семей бөлімшесінің 4 маусымда болған кезекті мәжілісінің қаулысы Ә.Бөкейхан жайлы мынадай деректер береді: тұрақты мүшелерімен қатар арнайы шақырумен келген қонақ ретінде Батыс-Сібір Географиялық Қоғамының Басқару Комитетінің мүшесі Ә.Н.Бөкейхан Семей Бөлімшесінің мәжілісіне қатысып, ағымдағы атқарып отырған жұмыстарымен кеңінен танысқан. Бөлімше жанындағы өлкетану музейін аралау барысында Ә.Н.Бөкейхан Омбыдағы Батыс-Сібір Бөлімінің музейінде жоқ қылмыскерлерге таңба басуға және жазалауға арналған әртүрлі құралдарға назар аударған. Семей бөлімшесі аталған құрал-жабдықтардың артық даналарын Омбы музейіне сыйға тартуға қаулы қабылдайды[15, 34-35].
Алаш ардақтысы Ә.Бөкейхан Абайтану ғылымының бастау бұлағында тұрған тұңғыш Абайтанушы ғалым санатындағы тұлға. Қайым Мұхамедханұлының сөзімен айтсақ: «Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов» [13, 205].
Ә.Бөкейханның 1903 жылы Санкт-Петербургте Семенов Тянь-Шанскийдің және академик В.И.Ламанскийдің редакциясымен басылып шыққан Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының «Россия. Полное Географическое описание нашего отечества» атты көп томдық кітабының қазақ тарихына арналған «Киргизский край» атты 18-томы қазақ өлкесін тас дәуірінен бастап сипаттайды. Кітап А.Н.Седельников, Л.П.Осипов, С.Д.Чадов, Ә.Н.Бөкейхан, Н.А.Бородин, В.П.Семенов және басқа авторлар бірлестігімен жазылған.
Кітаптың «Население» атты II – бөлімінде жазған мақаласында Ә.Бөкейхан қазақ халқының үлттық ерекшеліктерімен қатар рухани мәдениеті жайлы да баяндайды. Ол қазақ халқының аса бай ұлттық поэзиясы лирикалық және эпикалық батырлар жыры мен ғашықтық жырлар түрінде кең таралғанын Абылай мен Наурызбайға арналған және «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырлары мен халық ақындары Ноғайбай мен Шортанбай шығармашылығы арқылы ашып көрсетеді. Абай шығармашылығын жаңа заман тынысы, лебі, қалыптасып келе жатқан қазақтың жаңа ұлттық әдебиетінің бастамасы деп таныды. Абайдың әсіресе табиғат лирикасын аса жоғары бағалаған Ә.Бөкейхан: «Этому же автору принадлежит хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова, таким образом у семипалатинских уленчи (певцов) можно слышать, например, «Письмо Татьяны», распеваемое, конечно, на свой мотив» -дейді[19, 204].
Сирек қордағы құнды қазынаның бірі Ә.Бөкейханның Абайдың дүниеден өткеніне арнап жазған қазанамасы бұрын-соңды қазақ үрдісінде болмаған жаңа үрдіс. Орыс тілді оқырманды қазақтың ұлы ақынының өмірі және шығармашылығымен таныстырған бұл зерттеуінде автор оның өмірбаянына кең тоқталып, туған жер, өскен ортасын, ата-бабасын, оқып білім алуын терең сипаттаған. Жасынан зерделі болған ақынның өміріне үлкен өзгеріс әкелген саяси жер аударылғандармен танысып жақын араласуы әсерінен дей отырып: «… Къ 20 годамъ своей жизни Абай стяжалъ славу перваго оратора (чечен), перваго знатока народной жизни, ея юридическихъ обычаевъ, зналъ на памятъ многочисленныя ръшенія разнообразныхъ дълъ знаменитыми біями Киргизской степи и, благодаря своимъ стараніямъ знатъ и необычайной своей памяти, представлялъ ходячій сборникъ народныхъ преданій, пословицъ, сказокъ и афоризмовъ, созданныхъ мудрецами Киргизской степи…» – халық даналығына уызынан қанған Абай бейнесін ашып көрсетеді.
Абайдың көркем аудармалары туралы: «…Въ 1899 году въ Коконской волости киргизскій певецъ Адылханъ предложилъ намъ послушать «письмо Татъяны» подъ акомпаниментъ его скрипки. На наше удивленіе, откуда онъ знаетъ «письмо Татьяны», Адылханъ, не безъ гордости указавъ на себя, пояснилъ, что у русскихъ былъ такой же, какъ онъ, певецъ – «ахын» Пушкинъ, который воспълъ, какъ Татъяна «слу» (красавица) полюбила джигита Онъгина, которому и написано письмо. Въ тотъ-же вечеръ Адылханъ, знающій много оригинальныхъ стиховъ Абая, спълъ намъ несколько его переводовъ изъ Лермонтова…»- деп жазған.
Ә.Бөкейхан мақаласында Абайдың поэтикалық мұрасы жайлы: «…Оригинальныя сочиненія Абая и его переводы изь Пушкина (отрывокъ изъ «Ев. Онъгина»), Лермонтова и Крылова собраны его сыномъ Туракуломъ и въ непродолжительномъ времени будутъ изданы Семипалатинскимъ Подъотдъломъ Императорского Российского Географического Общества подъ редакціею А.Н.Букейханова» – дейді. Бірақ Семей бөлімшесінің «Запискилеріне… » жариялаудың сәті түспегенімен ақын мұрасын ұрпақтары Тұрағұл мен Кәкітайға жинатып, ең алғаш 1909 жылы толық шығармалар жинағының Санкт-Петербургтен Ильяс Бораганский баспасына жарық көруіне қамқор болған да Ә.Бөкейхан болатын.
Мақаласының соңында қазанаманы жазуға ақын өміріне қатысты биографиялық мәліметтерді Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың бергені айтылады.
Ә.Бөкейхан хакім Абайға арнаған қазанамасын «Абай, какъ это покажутъ его стихи, представлялъ недюжинную поэтическую силу и составляеть гордость киргизскаго народа. Еще не было киргизскаго поэта, такъ возвысившаго духовное творчество народа, какъ Абай. Чудные его стихи, посвященные четыремъ временамъ года (весна, лъто, осень и зима) сдълали бы честь знаменитымъ поэтамъ Европы» — деп түйіндеп, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, ал 1907 жылы «Списокъ обамъ на ръкъ Слеты въ Коржункульской волости Акмолинскаго уъзда»- атты мақаласымен бірге Семей Географиялық Бөлімшесінің «Запискилерінің …» 3-ші басылымында жариялады[6, 8].
Слеті өзені бойындағы: Төрт оба, Қызыл оба, Мұртық оба, Ақтөбе обасы, Мәукен баласын қойған оба, Қара оба сияқты обаларға сипаттама берген аталған ғылыми зерттеуіне Ә.Бөкейхан Ақмола уезі, Қоржынкөл болысының қазағы Олжабай Нұралиннен алған деректерді пайдаланғанын жазған. Семей Орыс Географиялық Қоғамының 1905 жылғы қызметінің «Есебі» Ә.Бөкейханға аталған құнды ғылыми мақалаларын жариялауға рұқсат бергені үшін Семей Бөлімшесінің төрағасы, шіркеу қызметкері Б.Герасимов пен ұзақ жылдар ақысыз кітапхана ісін басқарып, 4 рет каталогын құрастырған Семей Бөлімшесінің ұйымдастырушысы Н.Я.Коншин алғыс жариялаған[7. 2].
1914 жылғы «Қазақ» газетінің 67-ші санына Міржақып Дулатов Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арнап мақала жазып: «Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Абай Құнанбаевтың опатына дәл он жыл толды. Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді… 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі Географическое обществоның шығарған бір кітабында* Әлихан Бөкейханов Абайдың тәржімә халін жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді… Бұл туралы өрнекті басшылықты әуелі Семей халқынан күтеміз. Өткен 26 январьда Семей қаласында Географическое общество, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен, Абай құрметіне әдебиет кешін жасағандығы** Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелі (Нәзифа ханым Құлжанов жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді… » деп жазған.
Ә.Бөкейхан 1915 жылы «Қазақ» газетінің 112 санына «Қыр баласы» деген бүркеншік атымен «Жаңа кітаптар» атты мақала жазып, Семей бөлімшесінің 1914 жылғы «Запискиінің…» VIII басылымы Е.П.Михаэлиске арналғанын оның өлке зерттеу ісіне, ғылымға қосқан үлесін және Абай екеуінің достығына тоқтала келіп: «… Бұл жоғарғы жазылған кітапта Михаэлис хаттары, жазған мақалалары бар. Бәрінде біздің қазақ жері, суы, жануары, Алтай, Тарбағатай тауларының ғұмырлары туралы ғылым жолы жазылған. Бұл кітапты біздің талапкер жастар алып оқуы дұрыс… » – деп көпшілікке, әсіресе жастарға насихат жасаған.
Әлихантанушы ғалымдар зерттеулері ұлт көсемінің қайраткерлік тұлғасын ашып көрсетсе, күні кеше ортамыздан өткен Гүлнар Міржақыпқызының естеліктері Алаш көсемі өмірінің Семей кезеңін, араласқан ортасын, адами қасиеттерін кеңінен таныстырады. Абай атамыз қырдан Семейге келгенде түсетін Комиссар көшесіндегі өзі көрген Мұхамеджан Тынышбаев, Біләл Сүлеев, Смахан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев, Мәшһур-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Әбікей Сәтбаев сынды қазақтың жақсы мен жайсаңы бас қосатын Әнияр Молдабаевтың үйі жайлы: «1921-1922 жылдары Әнияр осы үйін босатып, Әлихан мен Міржақыптың отбасына берген еді. Өзімнің ең қуанышты балалық шағым осы үйде өткендіктен, бұл үй маған барынша ыстық… Әкем Міржақып ағасы Әлиханды өзі «Әлеке» дейтін де, менің тілім шыққаннан бері «Атеке» дегізген… Атекем менің өзіме біртүрлі сүйкімді көрінетін, қатты еркелететін, бейнесі көз алдымда: ұзын бойлы, сом денелі, иықты келген, өңі қоңыр еді, ашық үлкен көздерімен жұртқа қадала қарайтын, көрмекке сұсты болғанымен, жаны нәзік, балажан, жалпыға жанашырлық көрсететін қолы ашық мырза кісі болатын, біреуге жақсылық етсем дейтін»- деп алаш қайраткерінің адами бейнесін аша түседі. Бұл үйде Ә.Бөкейхан жары Ольга Яковлевна Севостьянова мен қызы Елизавета – Лиза, ұлы Сергей – Үгідеймен (Үгітай) тұрғанын еске алады.
Г.Міржақыпқызы: «Әлихан атекемнің сүйікті жары, балаларының қадірлі анасы Ольга Яковлевна 1921 жылдың күзінде ауыр науқастан дүние салды»- деп осы Комиссарская көшесіндегі үйден Ә.Бөкейханның өмірінің ащы-тәттісін бөліскен қосағын соңғы сапарға шығарып салғанын жазған. Сол тарихи кезеңнің, Абай мен алаш арыстарының арасындағы байланыстың куәсі Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың үйі бүгінгі күні Абай мұражайының бөлімшесі, «Алаш арыстары» музейі қызметін атқаруда.
Исі қазақ баласы даналық ойдың кенішіне балайтын Абай мұрасымен сусындап, рухани әлемін байытқан – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов бастаған алаш арыстары да кемеңгер ойшылдың ұлылығын танып өздеріне өмірлік ұстаз тұтқан.
Адамзат ақыл-ойын жинақтаған кітапхананы Ежелгі Шығыста «даналық үйі» деп дәріптесе, Египет фараондары «Жанның дәріханасы» атаған екен. Ірі өркениет орталықтарынан алшақ жатқан Семей үшін де қоғамдық кітапхананың маңызы зор болып, бүкіл Семей өңірінің озық ойлы азаматтары бас қосатын мәдениет ошағына айналып, ақыл-ой дамуына үлес қосқан. Кітапханамыз ірге көтерген кезеңнен Абай, Шәкәрім сынды дала ойшылдарына рухани нәр берген қазына қорымыз бен олардан қалған жауһар мұралар елін жарқын болашаққа жетелеген, өмірінің сәулелі сәттері өлкемізбен байланысты Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстарының жігерін шыңдап, қайрат берді.
Кітапханамыздың қорындағы сирек өлкетану басылымдары ғылыми айналымға еніп, Әлихантану ғылымының құнды дереккөздеріне айналып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Абай. Энциклопедия.- Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, Атамұра, 1995.
- Әділбеккызы Ж. Семей Орыс Географиялық Қоғамы және қазақ зиялылары//Абай, 2004, №1. – б. 61-64;
- Белгібаев М.Е., Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық бөлімінің XX ғасырда атқарған жұмысы. – // География және табиғат, 2004, № 3; 4; 5.
- Бөкейханов Ә. Қыр баласы. Жаңа кітаптар // Қазақ, 1915, №112, 25 март. «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела ИРГО» вып. VIII, 1914.; Қазак. 1998.
- Букейхаиовъ А. Изь бумагъ султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова // Записки Семипалатинскаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества. Выпускъ II-й.- Семипалатннскъ: Типо-Литографія Торг. Дома «П. Плещеевъ и К», 1905.
- Букейхановъ А. Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ (Некролог) // Записки Семипалатинскаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества. Выпускъ ІІІ-й. – Семипалатинскъ: Тнпо-Литографія Торг. Дома «П. Плещеевъ и К»,
- Букейхановъ А. Списокъ обамъ на ръкъ Слеты въ Коржункульской волости Акмолин-скаго уъзда // Записки Семипалатинскаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества. Выпускъ ІІІ-й. – Семипалатинскъ: Типо-Литографія Торг. Дома «П. Плещеевъ и К», 1907.
- Герасимов Б.Г. Очерк деятельности Семипалатинского Отдела Госуд. Рус. Географического Общества за 25 лет его существования // Записки Семипалатинского Отдела Государственного Русского Географического Общества. Вып. XVI. – Семипалатинск: Типография Семгубиздата, 1927. с.1-
- Дулатов М. Абай // Қазақ 1914. №67. 23 июнь; Қазақ, 1998.
- Дулатова Г.М. Алаштың сөнбес жұлдыздары. – Алматы: Мектеп, 2012. – 392 б.
- Каталогъ библиотеки Семипалатинскаго Подьотдьла Западно-Сибирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества. Вып. І. – Семипалатинскъ: Типо-графія Областного Правленія, 1902.
- Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. – Алматы: Атамұра, 1995. – 208 б.
- Мұхамедханов Қ. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. / Көп томдық шығармалар жинағы. Т.4. – Алматы: Алаш, 2005. – б.205.
- Новый энциклопедическій словарь т.8. – С. – Петербургъ: Брокгаузъ-Ефронъ, 1911-1916. – С.451.
- Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества: с 1-го октября 1924 г., по 1-е октября 1925 г.-Семипалатинск: Губиздат, 1925.
- Отчетъ о дъятельности Семипалатинскаго Подъотдъіа Западно-Сибирскаго Отдьла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества за 1905 г. // Записки Семипала-тинскаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Географи-ческаго Общества. Выпускъ ІІ-й.- Семипалатинскъ: Типо-Литографія Торг. Дома «Пле-щеевъ и К»,
- Отчеть о дъятельности Семипалатиискаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдьла Императорскаго Русскаго Географическаго Общества за 1905 годъ // Записки Семипа-латинскаго Подъотдъла Западно-Снбирскаго Отдъла Императорскаго Русскаго Гео-графическаго Общества. Выпускъ ІІІ. – Семипалатинскъ: Типо-Литографія Торг. Дома «П. Плещеевъ и К», 1907.
- Протоколы заседаній Семипалатинскаго Географическаго Подъотдъла за 1905 г. (по іюль) // Записки Семипалатинскаго Подъотдъла Западно-Сибирскаго Отдъла Импе-раторскаго Русскаго Географическаго Общества. Выпускъ ІІ. – Семипалатинскъ: Типо-Литографія Торг. Дома «П. Плещеевъ и К», 1905.
- Россія. Полное географическое описаніе нашего Отечества: Настольная и дорожная книга для русскихъ людей / Подъ редакціей В.П.Семенова. – Томъ 18. – С.-Петербургъ: Изданіе А.Ф. Девріена, 1903. – с. 204.
Жаңылгүл Әділбекқызы,
Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық
Абай атындағы әмбебап кітапханасы оқу залының меңгерушісі