«Бiз орыстың рухани асырауында отырмыз»
Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2008 жылдың 17 қарашасында исi қазақтың арқа тұтар ардақтысы Ақселеу Сейдiмбектен сұхбат алған едiм. Сол сұхбаттың өзектiлiгi күн өткен сайын артып бара жатқандай көрiнедi. Ендi осы сұхбатты “Жас Алашқа” ұсынғанды жөн көрiп отырмын.
– Ақселеу аға, исi шығармашылықта жүрген әрiптестерiңiздiң “заңсыздықтың, бассыздықтың қорлық-зорлығын бастан өткерiп отырғанын” айтқан екенсiз…
– Иә, бiздiң рухани өнiмдердiң пираттары күн санап көбейiп келедi. Менiң “Қазақ әлемi” дейтiн 600 беттiк кiтабымды бiр әрiпiн қалдырмай тұтас көшiрiп алып, өз атынан шығарып жiберген адамды да көрдiк. Ол жөнiнде “Егемен Қазақстанға” фельетон шықты. Мұны мен тоналғаннан соң айтып отырғаным жоқ. Бiздiң шығармашылық адамдар туралы не заң жоқ, не мемлекеттiк деңгейде қорғау жоқ, не оның еңбегiн елеп-ескерiп, қаламақысын төлейтiн тетiк жоқ. Баспагерлер бiзге ойына не келсе, соны iстей алады. Қандай зорлық жасаса да қолында тұр. Ендi бұл сұмдық қой, айдың-күннiң аманында 600 беттiк үш жыл жазған еңбегiңдi алдына үш бет, артына жетi бет қосады да, бiреу өз атынан шығарып жiбередi. Оған әй дейтiн ажа, қой дейтiн қожа жоқ. Ол өз алдына бiр зар ғой.
– “Отар болған жұрттың өз жүрегi өзiне шабуыл жасайды” депсiз. Осыған түсiнiк бере кетсеңiз.
– Дұрыс айтасың, Жұмамұрат, оның емi — рухани азаттық және рухани жаңғыру. Азаттық дегенiмiз – өз жүрегiңдегiнi жасқанбай айта алуың. Кеңес Одағы кезiнде жеке ұлттардың тек-тамырына үңiлудiң қажетi де болмады. Көптеген ұлттар өздерiнiң этногенетикалық тек-тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған “бұрынғы жабайы жұрт” деп келетiн теориясымақты жатқа айтуға мәжбүр болды. Бұл сияқты идеологиялық өктемдiктiң зардабын, әсiресе, түркi тiлдес халықтар қатты тартты. Соның iшiнде қазақ сияқты бодандықтың бұғауында болған аз ұлттар тарихи даму үрдiсiндегi өзiнiң ақиқат болмысын парақтау қабiлетiнен айырылды. Асылын аяқ асты етiп, жасыққа малданатын, жатқа жалтақтайтын болды. Бұл дегенiңiз, этникалық таным мен талғамның дерттi болуы, яғни сапасыздануы едi.
Батыс пен Шығыстың жазба деректерiн айтасыз-ау, өзiмiздiң аузымызды ашсақ ақтарылған аста-төк бай фольклорымыз, бiле бiлсек, ең алдымен тарихи дерек көзi ретiнде қанағаттанарлық деңгейде зерттелiп отыр ма? Неге қазақтың ең бай циклды қисса-дастандары “Қырымның қырық батыры” немесе “Ноғайлы жыры” деп аталады? Неге дана Қорқыттың есiмiн исi түркi халықтары өздерiнiң рухани әкесiндей қастерлеп, ұрпақтан-ұрпақтың құлағына құйып келе жатыр? Неге башқұрт пен қазақ арасында отызға тарта қисса-дастандар ортақ? Неге осы кезде Кавказ бен Азау (Азов) маңындағы түркi тiлдес халықтардың бiразы өздерiнiң деректi әдебиетiн Асан қайғы (ХVғ), Қазтуғаннан (ХV ғ) бастайды. Неге, әйгiлi “Манас” эпосында исi түркi халықтарына ортақ батырлар негiзгi кейiпкерлер болып жүр? Ал “Қорқыт”, “Ақсақ құлан” “Ел айырылған” сияқты күйлердiң қазақта да, қырғызда да, қарақалпақта да, түрiкменде де тартылатынын бүгiнгi ұрпаққа қалай түсiндiрiп берер едiк?..
Бiз осы уақытқа дейiн түркi тiлдес халықтардың бiр-бiрiмен сөйлескенде аудармашысыз түсiнiп, ал жазба мұраларына келгенде мүдiрiп қалатынына мән берiп жүрмiз бе? Яғни, алфавиттерiнiң негiзi орыс кириллицасы болғанымен, түркiлiк дыбыстарға әр ел өзiнше белгi-әрiп ойлап тапқан. Мұның салдарынан бiрiнiң жазба мұрасын екiншiсi оқып түсiне алмайтын күйге түсiп, тегi бiр туысқан халықтар бiр-бiрiнен рухани алшақтауға мәжбүр болып отыр.
– Елiмiзде руға, жүзге бөлiну етек алып барады. Үш жүздiң басын қоса алмай жүргенде, “қазақстандық ұлт” дегендi шығардық. Осы туралы ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Өткен ғасырдың 1970-80 жылдарынан бастап руға, атаға, жiкке бөлiну iндетi басталды. Өзi жаман iндет басталғанда өрт сияқты елдi шарпып кететiн әдетi. Бұл iндет талай адамдарды азапқа, әуреге салды. Әлi де салып келедi. Сорымыз болар, бағымыз болар, Тәуелсiздiк алғаннан кейiн нарықтық жүйенi таңдадық. Ал нарықтық жүйе деген – байлықтың бәйгесi. Баюдың бәсекесi. Баю жолына түскен адамдар өзiне қолайлы тәсiлдiң бәрiн қолданады. Үлкен ақыл, тәжiрибенi қолданудан бастап, кiсi өлтiруге дейiн барады. Оны көзiмiз көрiп те жүр.
Демек, нарықтық жүйе өзiнен-өзi протекциялық аңсарды дүниеге әкеледi. Протекция деген не? Белгiлi мақсатқа жету үшiн топ құрады. Әрине, кез келген адам топқа өзi бiлетiн адамдарды тартады. Олар өзiнiң рулас, аталастары болуы мүмкiн. Бiрақ сол руластары, аталастары көңiлiнен шықпаса, соның өлiгiн аттап тұрып мүлде басқа ұлтпен пәтуаласады. Қайтсе де түпкi мақсатқа жетуден тайынбайды. Протекция деген осы. Бiз протекциялық ындынды жүзшiлдiкпен, рушылдықпен шатастырып отырған жайымыз бар. Қазақта рушылдық болуы мүмкiн емес. Оны болдыртпайтын тетiктi ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткенi менiң шешем, әйелiм, келiнiм басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшiн анамды тәрк етуiм керек пе?! Басқа жүзден болғаны үшiн маған немере сыйлап отырған келiнiмдi тәрк етуiм керек пе?! Өзiме перзент сыйлап отырған әйелiмдi тәрк етуiм керек пе?!
Бұл – ешбiр адам бара алмайтын механизм. Оған бару мүмкiн емес. Мұндайға тек жынды адам ғана барады. Демек, қазақта рушылдық, жүзшiлдiк бар деген адам ол мүлде қазақ ұлтының iшкi этножарылым тетiгiн, механизмiн бiлмейтiн көрсоқырлардың тiрлiгi. Ондай адамға мүсiркеп, рухани кемтар ретiнде жаның ашып қарауға тура келедi.
– Жүзге бөлiну деген сөз – барып тұрған ақымақтық, төл тарихын бiлмеушiлiк деп айтыпсыз?
– Иә, бiздiң қазақ мемлекеттiгiн жасақтаушы ақылман даналарымыздың iскер, елдiң iшiн ұйыта алатын, ұйыстыра алатын қасиетiнiң арқасында бiздiң ұлт жетi атасына дейiн қыз алыспайтын дәстүрдi бекем ұстанған. Оны өте қатал ұстанған. Жетi атасына дейiн үйленген жандарды өлiм жазасына дейiн кескен. Мұның айқын айғағы Еңлiк – Кебек пен Қалқаман – Мамыр. Олардың аралары төрт-бес ата ғана. “Үйленемiн деген” ниеттерi үшiн ғана өте үлкен жазаға кесiлген. Ал неге бұлай қатал болды?
Мұндай байтақ далада аңдай өрген, тiршiлiк үшiн көшпелi өмiр салтын ғұмырына негiз еткен халықты тұтастандырудың жалғыз тетiгi осы екен. Осының нәтижесiнде кез келген қазақ еркегiнiң не шешесi, не әйелi, не келiнi басқа рудан, жүзден болып шығады. Өйткенi жетi атада бiр ру пайда болады. Осының арқасында бiз бiр шетiмен бiр шетi 5-6 мың шақырымдық байтақ алқапты алып жатқан шашыранды ру-тайпалы ел-жұрттың не диалектiсi жоқ, не тiлiнде, не дiнiнде айырмашылығы жоқ бiртұтас этножаралым, бiртұтас этноорганизм болып шықтық.
Мына Кавказда Дағыстан дейтiн ел бар. Бiздiң Қорғалжын ауданының аумағынан жерi кiшiлеу. Сол Дағыстанда ресми 18 тiл бар. Анау төбедегi көрiнiп тұрған ауылдың тiлiн етектегi ел мүлдем түсiнбейдi. Қазақ дейтiн халықтың бiртұтас этножарылым болуы бiздiң ақылман даналарымыздың жасап кеткен ұлы iстерiнiң бiрi ғана. Шежiреде осылай көрсетiледi. Тұңғыш рет мен 1000-ға тарта ру-тайпаларға қатысты нақтылы мақал-мәтелдерден тыс малының құлағына ұрылатын белгiлердi жинадым. Ол да осы “Қазақ әлемi” деген кiтабымның iшiнде. Ол ендi менiң керемет даналығымның арқасы емес. Менiң қолыма Құдай түсiрген жаңағы екi мың шежiредегi деректi сүзiп алып, осындай мол қазынаны, халықтың өз даналығы мен өз қазынасын өзiне ұсынам ба деген игi ниеттiң үстiнде отырмын, шырағым.
– 2030 жылы бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына енген кезде қазақ баласы өзiнiң рухани бет-бейнесiн сақтап қала алады деп ойлайсыз ба?
– Бiрiншiден, әлемдiк елу ел емес, әлемдiк он саусаққа сыятын елдiң қатарына жететiн потенциалды мүмкiндiктер бар бiзде. Ол мүмкiндiктердi ұқсата алмау, басқа әңгiме. Ұқсата алмаудың дертi алаңдатады. Бiздегi протекцияшылдық, коррупцияшылдық, жебiрлiк ындынның билiк сатысында өмiр салтына айналып кетуi өте қауiптi.
Екiншiден, әлемнiң елу елiне құр экономикалық деңгеймен жетуге өз басым ұялар едiм. Әлемнiң бәсекеге қабiлеттi елу елiнiң қатарына ең алдымен рухани өреде жетуге мақсат тұтуымыз керек. Ел президентiнiң “алдымен экономиканы ұқсатып алайық” деген сөзi 1990-жылдардың алғашқы жартысында, яғни қиын кезеңде айтылған едi. Одан берi 18 жылдай уақыт өттi. Республиканың реңi мүлде шырайланды.
Ендi бiрыңғай экономиканы күйттейiк деген сөз ол “мемлекеттiң болашағын жоқ етейiк” дегендей естiледi маған.
Өйткенi рухани негiзi берiк, төлтумалық қасиетi дара, өзiндiк төл сипаты жоқ ұлт та, мемлекет те болмайды. Онда бiз қырық ру, қырық жiлiк тобырдың мекенi боламыз да, бiздiң ақырымыз қайырлы болмай шығады. Сондықтан бiз дереу “ұлттық төлтумалық”, “мемлекеттiк төлтумалық” деген мәселенi қолға алып, соның кемшiн кетiп жатқан жақтарын жоюдың тетiктерiн ойластыруымыз керек. Бұл ретте ең бiрiншi қолға алатын нәрсе — бұқаралық ақпарат құралдары.
Бiздегiдей бейбастақ әлемнiң бiрде-бiр елiнде жоқ. Қазiр БАҚ-тың зорлық-зомбылығынан мұрнымыздан қан кетiп отырған елмiз. Есеңгiреудiң, есiмiзден айырылудың деңгейiне жеттiк. Қазақстанның жүрегi Астанада “Алты Алаш” деген жалғыз дүңгiршекте ғана қазақтың газет-журналдары сатылады. Қалғандары “Қазпресс” деген атауы ғана, қазақша мүлдем сатылмайды. Әдейi солай iстелiп отыр, билiктiң ол туралы хабары бар деп ойлаймын. Елiмiздiң басқа өңiрлерiнде қазақша газет-журналдарды тауып оқу арманға айналған. Менiң қаупiм, сол ақпарат құралдарының тәрбиесiн көрген балалардың өздерi 15-20 жасқа келiп қалды. Олар ертең бiздi алмастырғанда ұлт үшiн күреспейтiн, мемлекет үшiн тұяғын қимылдатпайтын өте дүбәра, космополит, немкеттi ұрпақ бола ма деп қорқамын.
Онда бүгiнгi ұрпақ тырбаңдап жинаған дәулет, қазiргi жасалған игiлiктiң барлығы желге ұшады. Сондықтан дереу бұқаралық ақпарат құралдарын ауыздықтауымыз керек. Әсiресе, бiздiң қабырғамызды қайыстырып бара жатқан орыстың басылымдары мен бетiмен кеткен телеарналар. Сол телеарналарда көркемдiк кеңестiң болмағанынан, қазақтың шырайлы әрi таңғажайып тiлiнiң басын жарып көзiн шығарды. Оларға тоқтау айтатын ел ағасының болмауы көп нәрсенi аңғартады. Орыстар Қытайды “Поднебесная страна” десе – бiздiкiлер “Аспан асты елi”, “Страна восходящое солнце” десе – “Күншығыс елi”, “Ближный восток” десе – “Таяу шығыс” деп сандырақтап жүр.
Осылай бiз орыс халқының рухани асырауында отырмыз. Қазiргi ұрпақ орыстың әнiн тыңдайды. Орысша ойлайды. Орыстың ойлағанын қайта шайнап қайталайды. Бiздiң ғылымымыз да, саясатымыз да, мәдениетiмiз де орыстың өкшесiн басқан рухани дүбәра дүние болып отыр. Дереу мемлекеттiк деңгейде, парламенттiк деңгейде осынау заманалық қасiретпен күресетiн шараларды қолға алуымыз қажет. Онсыз бiз ұлт ретiнде жойыламыз, мемлекет ретiнде құлаймыз. Бұдан артық не айтайын мен ендi.
– Әңгiмеңiзге рақмет.
Әңгiмелескен
Жұмамұрат Шәмшi.
«Жас Алаш» газеті, 2015 ж.
Malcolm Butler Authentic Jersey