Абай шаңырағында Алашорданың 100 жылдығына дайындық басталып кетіпті

383

dsc_0395

Семейдегі Абайдың қорық-мұражайы келер жылғы Алашорда үкіметінің 100 жылдық мерейтойына әзірлікті биылдан бастап кеткен екен. Айбайдың ұлы мақсаттарымен өз армандарын ұштастырған Алаш арыстарына қатысты кез-келген іс-шарадан тыс қалып көрмеген шаңырақта өткен бұл жолғы басқосу дөңгелек стөл үлгісінде өтті. Абай және Алаш арыстары көрмесі қойылған залда өткен дөңгелек стөл тақырыбы «Әлихан Бөкейханов және Тәуелсіздік идеясы» деп аталды. Отырысқа негізінен әдебиетшілер мен тарихышылар, қоғам белсенділері шақырылған екен.

Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбекұлы бүгінгі басқосу Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығымен байланысты болғанымен осы жиындағы баяндамалар мен сөз алушылардың мәтіндері арнайы жинаққа енгізілетінін, тақырыпқа қатысты ұсыныс, пікірлер жиналатынын айтты. Бұл бірінші кезекте Әлихан тұлғасын айшықтай түсуге үлес қосу үшін керек болса, екінші кезекте келер жылғы Алашорданың 100 жылдық мерекесіне әзірлік үшін қажет екен. Отырыс барысында 5 адам баяндама жасап тағы бірнеше адам өз көзқарастарын ортаға салды.

Филиология ғылымдарының докторы Арап Сіләмұлы баяндамасында Әлиханның өзге де тарихи тұлғаларымыздың мерейтойлары наухандық сипаттан аса алмай келе жатқанын жасырмады. Біз ел болып енді көңіл бөліп жатқанымызбен Ирина Стрелкова есімді журналист «Әлихан Бөкейханға неге назар аударылмай жатыр» деп 1989 жылы дабыл қаққанын да тілге тиек етті. Әлихантануды бірнеше бағытқа бөліп қарастыру керектігін де айтты. Алаш көсемінің әуел баста «Кадет» партиясынан шығу себептерін әңгімелеп, оның көшбасшылық ұстанымының сол кезден бастау алғанынан мысалдар келтірді.

%d0%bd%d1%83%d1%80-%d0%be%d1%82%d0%b0%d0%bd

Басқосуды ұйымдастырудағы мақсат – мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталған тұлғаны одан әрі дәріптей түсуге Алаштың туы тігілген мекенде болашақта қандай салиқалы шаралар атқаруға болатынын межелеу. Ұсыныс, пікір білдіруге келгенде ешкім тартынып қалмады. Тұлғаға көше беру, ескерткіш орнату, оның орналасатын жерін әйгілеу, Алаш арыстарына қолдау білдірген тұлғаларды да ескеру, алаштықтардың ізі қалған жерлерге белгі қою, т.т. Абай мұражайы бұл бағытта кейбір шараларды бастап та кенкен екен. Соның бірі мұражай мамандарын Мәскеу, Томск мұрағаттарына жіберіп деректер қатарын толықтырып жатқандары.

                   «Жерұйық – ақпарат»

P.S. Осы отырыстағы Бас баяндамашы, М.Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, көрнекті тарихшы Мұхтарбек Кәрімовтың баяндамасын оқырмандарымызға толық ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СЕМЕЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІР ЖӘНЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ

Адамзат тарихында ерекше орын алатын XX ғасырдың басталуы қазақ елінде, сол сияқты бұрынғы Семей облысының жерінде де небір дүбірлі оқиғаларға және солардың нәтижесінен болған өзгерістерге де толы болды. Оның өзіндік себептері бар еді.

Қазақ жерінің Ресейге қосылуының толық аяқталуы, патша әкімшілігінің алдына аймақты одан әрі белсенді игеру міндеттерін қойды.

Қазақстан сияқты империяның отарлық шеткі аймақтары XX ғасырдың басында жедел түрде ресейлік және дүниежүзілік товарлық шаруашылыққа, дамып отырған капиталистік қатынастарға тартыла бастады. Бірақ бұл үрдіс патшалық билік тарапынан далалық өлкедегі отарлық езгінің күшейуімен қатар  жүрді.

Осы кезеңде патша өкіметі  переселен қорының және әскери-феодалдық империализмнің (казачествоның, помещиктердің және т.б.) пайдасына қазақтардың пайдаланып отырған жерлерін одан әрі алуды жеделдете іске асырды.

Өлкеде, арзанға кен орындары мен шахтыларды, зауыттар мен фабрикаларды сатып алып, Қазақстанның табиғи қазбаларын әкетуді шетелдіктер қолына алды. Кәсіпорындарда сауаты, кәсіби біліктілігі төмен қазақ жұмысшыларын қанау күшейді. Сол сияқты, патша өкіметі жергілікті халықты христиандандыру бағытында өлкедегі православиялық миссиялардың қызметтерін күшейтті.

Қазақстандағы орын алған жағдай жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Ірі қозғалыстар мен көтерілістер болмаса да, толқулар әр жерден көрініс беріп жатты. Осының бәрі өлкедегі қоғамдық-саяси өмірді тұрақсыздандыруға негіз болып қана қоймай, сонымен бірге ұлт–азаттық қозғалысының жаңа кезеңінің тууының да себепшісіне айналды.

XX ғасырдың басында, жаңа сипатқа ие болып, бой көрсеткен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының өзіндік ерекшеліктері болды. Біріншіден, бұл қозғалыстың тууы қазақ жері толықтай Ресей отарына айналған, бұлқынуға мүмкіндік бермейтін империялық әкімшілік-территориялық басқару жүйесі енгізілген «бейбіт» кезеңге сәйкес келді. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалысының басына, туған халқының ертеңгі болашағына аландаулы қазақ оқығандары келді. Үшіншіден, қазақ оқығандары жалпы қарулы күрестен бас тартпаса да, алдарына қойған өмірлік мәселелерді шешуіде саяси күреске де үлкен маңыз берді.

XX ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық интеллигенциясы өзінің саяси бағыттары мен әлеуметтік негіздері бойынша біркелкі болмады. Сол сияқты, олардың ғасыр басындағы саны да көп емес еді. Оның себебі де түсінікті. Қазақстанда мамандар дайындайтын арнаулы орта оқу орындары бірді-екілі ғана болды. Түрлі мекемелерде қызмет жасаған қазақ мамандары, негізінен Ресейдегі оқу орындарында, оның ішінде жоғары оқу орындарында білім алды.

Отаршыл әкімшілік қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болмаса да, Ресей оқу орындарынан бірер орынды қазақ жастарына деп бөлуге мәжбүр болды. Осы мақсатпен генерал-губернаторлықтар кеңсесі жанынан қазақ студенттеріне жыл сайын үш-төрт стипендия белгіленіп отырды. Осыған сүйенген қазақ жастары немесе өз беттерімен Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалаларда түрлі мамандықтар бойынша білім алды (Қойгельдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 2008, 109 б.).

XX ғасырдың басындағы Ресей жоғары оқу орындары шын мәнінде, елдің прогрессивті жолмен дамуына мүмкіндік бермей, артқа  тартып отырған кедергілерге, оның басты себебі – помещиктік-монархиялық билікке қарсы бағытталған революциялық еркін ойдың және қозғалыстардың орталықтарына айналды. Сол кездегі Ресей университеттерінің студенттері арасында әр түрлі идеялық көзқарастар, әсіресе марксистік көзқарас үлкен беделге ие болып, кең тарады. Міне, осындай ортаға, елдеріндегі отаршылқдық саясаттың зардаптарын көздерімен көрген, соларға іштен наразы, білім іздеген қазақ жастары келді. Бұлардың ішінде сол кездегі Семей облысының жастары да болды.

Болашақ Алаш қозғалысының, Алаш партиясының қайраткерлерінің саяси-идеялық көзқарастарының қалыптасуы мен дамуына белгілі бір осындай ортамен және елдегі шиеленіскен жағдайдың тікелей әсері болғанын айтамыз. Ресей университеттерінде оқыған қазақ жастары орыс, украин, поляк, грузин, татар және т.б. ұлттардан шыққан студенттермен қоян-қолтық араласып, олармен бірге ашық та, астыртын да күрес жүргізудің тәсілдерін үйренді. Осы ортада олардың саяси көзқарастарының негіздері қаланды.

Қазақ студенттері де патша охранкасының жіті бақылауында болды, кейбіреулеріне байланысты қатаң жазалау шаралары  қолданылды. Мысалы, 1897 жылы студенттердің ереуіліне қатысқаны үшін болашақ белгілі Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков өзі оқитын Санкт-Петербург университетінен оқудан шығарылып, соттың үкімімен туған жері – Семей облысы Өскемен уезіндегі Айыртау болысына жер аударылды (ШҚО ҚЗТҚО. 1-қор, 1-тізбе, 173-іс, 46-б.).

Қазақ оқығандары большевиктерше таптық күресті күн тәртібіне қойған жоқ. Олар қазақ ұлт-азаттық қозғалысы алдына бүкіл ұлтты біріктіретін жалпы демократиялық мақсаттарға сай нақты міндеттерді қойды.

XX ғасырдың басындағы Ресей қоғамындағы шиеленіскен жағдайдың 1905-1907 жылдардағы Бірінші  орыс буржуазиялық-демократиялық революциясына әкелгені аян.

Орыс қоғамындағы қордаланған проблемаларды жарыққа шығарған, шын мәніндегі қалыптасқан жағдайды өзгертпейінше болмайтындығын күн тәртібіне қойған бұл революцияның жалпы қазақ қоғамына, сол сияқты ұлт оқығандарына да тигізген әсері зор болды.

Соның нақты көрінісі – осығанға дейін отарлық әкімшіліктің атына жазылған шағым-талаптардың  ішіндегі ең көлемдісі және мазмұны жағынан жан-жақты қамтылғаны, Қарқаралы петициясының қабылдануы.

1905 жылы 22 шілдеде бұрыңғы Семей облысы, Қарқаралы уезі жеріндегі жыл сайын өтетін Қоянды-Ботов жәрмеңкесі кезінде 14,5 мың адам қол қойған қазақ халқының өмірлік мәселелері көтерілген, патшаның атына жазылған петиция қабылданды. Осы бір аса маңызды құжатты құрастырушылардың басында Әлихан  Бөкейханов тұрды.

Жалпы Қарқаралы петициясының қабылдануы, қазақ халқының отарлық қысымдарға қарсы бастап шығатын жаңа әлеуметтік топ – қазақ оқығандарының тарихи аренаға шыққандықтарын көрсетті. Сол сияқты Қарқаралы петициясын туып келе жатқан буржуазиялық-демократиялық Алаш қозғалысының да саяси бағдарламасы болды деуге толық негіз бар.

Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының XX ғасырдың басында жаңа мазмұнға ие болуының тағы бір көрінісі – қазақтардың Ресей мемлекеттік Думасына қатысуы болды.

1905 жылы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифесіне қол қойды.

Ресей империясының Мемлекеттік Думасы – парламенттің төменгі палатасы, ал Мемлекеттік Кеңес – жоғарғы палатасы болып есептелді. Жалпы Мемлекеттік Дума – барды-жоғы төрт рет шақырылды.

Патшаның Мемлекеттік Дума құру туралы манифесінде Ресей империясының бірқатар халықтарының (оның ішінде қазақтар бар) сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының  алғашқы күнінен-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға қатыстырылмауына айрықша нұсқау берілді. Бұл жағдай халықтың  наразылығын туғызды. Жергілікті жерлерде халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Мәселен, 1905 жылы жазда Қарқаралы уезінің құрметті қазақтарының императорға жазған петицияларында: «Біздің мал шаруашылығымен айналысатынымыз рас, мал бағып, көшіп жүретініміз де рас. Бірақ, кейбір ұлықтар ойлағандай дала кезіп, жөн жосықсыз қанғып жүрмейміз. Осы үшін ғана мемлекет билігіне сайлану сияқты  аса маңызды саяси праводан айырулуымызды қалай түсінеміз?» дей келе, «Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана, біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы империяных басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз» дейді (Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашцами. 1 том. Алматы, 2011,  117-118 бб.).

Қатты наразылық, патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Нәтижесінде, қазақтар сайлауға қатысатын болды.

Думаның депуттатарын сайлау тікелей емес, сатылап: егіншілер, қалалықтар, шаруа және жұмысшы сияқты төрт курия бойынша жеке таңдаушыларды сайлау арқылы іске асырылды. Көшпелі халықтың өз ортасынан таңдаушылары болуға тиіс делінді. Семей облысындағы сайлаудың да өзіндік ерекшеліктері болды.

Осы тақырыпқа қатысты көптеген толықтырулар мен өзгертулер «Семипалатинские областные ведомости» газеті беттерінде 1905 жылдың 3-ші қыркүйегінен бастап жарияланып тұрды. Тек, 1906 жылы 18 науырызында ғана тұрақты қолданылатын ереже жарияланды. Далалық облыстар қазақтары үшін екі сатылы сайлау рәсімі белгіленді. Бұл бойынша көшпелі қазақ тұрғындар I Мемлекеттік Думаға Семей облысының барлық уездерінен бір ғана депутатты сайлай алатын болды. Ережеге сәйкес  облыстық жиналысқа қатысу үшін әрбір болыстан екі таңдаушы сайланады делінді.

Облыс жеріндегі қалалардан Мемлекеттік Думаға мүшелікке отырықшы халықтан біреуді сайлату үшін өз орталарынан екі таңдаушыны шығарды. Дауыс беруге казактар мен бұратаналарды есептемегенде, мещандар, саудагерлер және шенеуніктер құқылы болды. Мемлекеттік Думаға сайлау бойынша жұмыс істейтін уездік және қалалық комиссиялардың құрамы анықталды.

I Мемлекеттік Думаға сайлау үшін ұсынылған таңдаушылар туралы мәлімет бүгіндері жоқтың қасы.

«Семипалатинские областные ведомости» газетінің 1906 жылы 27 сәуіріндегі санында 23 сәуірде Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында таңдаушыларды сайлаудың өткені айтылған. Бұл сайлауға Тоқырауын болысының қазағы ретінде сайлаушы болу құқығын алу үшін Әлихан Бөкейханов қатысқан. Бірақ, көп кедергілерден кейін ғана, 1906 жылдың 31 мамырында Әлихан Бөкейхановтың Тоқырауын болысының №7 ауылынан сайлаушы екендігі танылды. Осыған байланысты «Семипалатинские областные ведомости» газеті 1906 жылы 4 маусымда телеграмманы басты.

Әлихан Бөкейхановты 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен «Ресейдің земство және қала қайраткерлері» құрылтайына қазақ халқының атынан өкіл болып сайланып және оған қатысуы, оның ұлт көшбасшысына айналуының ресми көрінісі еді. Оның бүкіл Ресейдегі барлық өкілдері жиналған осы ауқымды құрылтайда төрт миллион қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, отаршылдық саясаттың көрінісі мен салдарын батыл айыптады (Семипалатинский листок. 8 декабря 1905 г.).

Бұл патша өкіметі орындарына ұнамайтыны белгілі. Осыдан көп ұзамай-ақ 1906 жылдың басы – қаңтарда оның түрмеге алынуы және одан сәуірге барып бірақ босауы патша өкіметі орындарының Әлихан Бөкейхановтың халқының мүддесі үшін жүргізген күресіне қарсы жасаған  жауабы болды. Бірақ, осыған қарамай-ақ оны жерлестерінің Мемлекеттік Думаның депутатын сайлайтын таңдаушы етіп сайлаулары, халықтың Әлихан Бөкейхановты лидер деп мойындайтынын көрсететін жағдай.

1906 жылы 5 маусымда Әлихан Бөкейханов Семейге келді. Бірнеше күндердің ішінде Семейге басқа уездерінен де таңдаушылар келіп жетті. Бұлардың бірінші жиналысы 10 маусымда Халық үйінде, сағат 12-де басталды. Жиналысқа келуге тиіс 184 таңдаушының 176 ғана  тіркелген. Жиналыстың төрағасы болып Павлодар уезі, Сейтен болысының басқарушысы Темірғалы Нүрекенов сайланды.

Бірінші болып, өзін сайлауға ұсынған «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасы негізінде Әлихан Бөкейханов сөз сөйледі. Сонымен бірге, Мемлекеттік Думаның болашақ мүшесі және оның Семей облысы және бүкіл далалық өлкенің қазақ тұрғындарының мүддесін қорғаудағы рөлі туралы жарыссөздер болды. Өскемен уезінен келген таңдаушы Қайрамбай Тоқтыбаев Мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайлануға Әлихан Бөкейхановты ұсынды. Дауысқа салғанда 176 таңдаушының  175-і бір кісідей дауыстарын  Әлихан Бөкейхановқа берген.

Әлихан Бөкейхановты бір кісідей сайлайтын жағдайды қалыптастырудың өзі де оңай болмағаны байқалады. Ол заңдылық еді. Себебі, кен байтақ облыстың түпкір-түпкірінен келген таңдаушылардың Әлиханды естіп білсе де, жеке тұлғалық қасиеттерін білмеулері әбден мүмкін болатын. Сондықтан да, таңдаушылармен бетпе-бет кездесіп, оларға өзінің шын мәнінде кім екенін білдіру Әлихан Бөкейханов үшін қажеттілік болды. Ол туралы Ә. Н. Бөкейханов: «Маусымның басында Семейге біздің облыстың 184 тыңдаушысынан 176-сы келді. Бүкіл облыс аумағынан тыңдаушы болып құрметті ақсақалдар, қажылар және жас байлар сайланды. Таңдаушылар жергілікті жерлерде қоғамдық және саяси істермен айналысып жүрген тұрғындар тобының өкілдері болатын. Сайлауға екі күн қалғанда, Өскемен және Зайсан таңдаушылары арасында менің кандидатурама қарсы, өзін сайлауды ұсынып, үгіт таратып жүрген кәрі доктор қазақ туралы естідік. Кешке қарай сол доктордың күйеу баласы С.Шормановтан өзінің үйіне қонаққа келуге шақыру алдым. Маған достарым онда бармауды ұсынды. Бірақ мен, Мемлекеттік Думаға кандидат өзінің сайлаушыларынан қашпауы керек дедім де, Шормановтарға тарттым. Онда негізінен біртекті жұртшылық: молдалар, қажылар және ақсақалдар, жиыны қырық шақты кісі жиналыпты. Олар менен дінге қарай қарайтынымды және Мемлекеттік Думада қазақтардың діни мүддесін қалай қорғайтынымды тәпіштеп сұрап, нағыз тергеу жасады.

Біздің әңгімеміз таң атқанға дейін созылып, өскемендік қажы Қайырбайдың (Қайранбайдың – Авт.): «Ертең Әлиханды сайламаған әйелінен айырылып қалсын, кәпір болып кетсін» деген тұжырымы бар батасымен аяқталды» деп еске алады (Ахметова Л.С., Григорьев В.К., Шойкин Г.Н. Алихан Букейханов. Поиск ориентиров. Астана, 2008. 22 б.).

Осы жерде Әлихан Бөкейханов айтып отырған «кәрі доктор қазақ», түбі Баянауылдың тумасы, ол кезде Өскемен уезінде дәрігер болып істейтін,  Міржақып Дулатов: «Өскемен уезінде Әміреден өзге зиялы адам жоқ. Соның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» деп айтқан Әміре Дүрмәнұлы Айтбакин болуы мүмкін. Бұл сөзді Міржақып Дулатов 1918 жылы Алашорда үкіметінің атынан іс-сапармен Өскемен уезіне барғанда ренішпен айтқан (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері. Астана, 2007, 311 б.).

Сайлау барысының бұлай болуының астарына да үңілуге болатын сияқты. Қазақ халқы үшін тағдырлық мәні бар осы үлкен мәселеде сайлаушылардың бірауыздылық пен түсіністік көрсеткендерін көреміз.

Сайлаушылардың жиналысы 5 күнге, маусымның 10-нан 14-не дейін созылған. Сөйлеушілер халықтың тағдырлық мәселелерін көтерген. Шәкәрім Құдайбердин, Ілияс Жаңғарин, Сәдуәқас Шорманов, Қызылмолда Көккөзов, Ақатай Әлиханов, Отыншы Әлжанов, Иманбек Тарабаев, Көлбай Төгісов, Ахмет Тышқанбаев, Әубәкір Құрманов сияқты депутаттар 2 немесе 3 реттен де сөйлеген.

15 маусымда Омбы сот палатасының өкілі А.К.Висковатов дауыс берудің нәтижесін бекітті. 17 маусымда, сағат кешкі 10-да приказчиктер клубында Әлихан Бөкейхановты достық жағдайда шығарып салу рәсімі болды. Клубқа 40 адам келіпті. Олардың ішінде Мемлекеттік Думаның болашақ отырықшы тұрғындардан өкіл – Н.Я.Коншин, айдалып келген жазушы В.Д.Соколов, Кәкітай Құнанбаев және В.В.Брудневский болған.

Әлихан Бөкейханов 21-ші маусымда параходпен Омбыға жүріп кетті. Санкт-Петербургке Думаны таратқан күнге бір күн қалғанда келіп жеткен. Патша үкіметі Дума халықты тыныштандырудың орнына, алауыздықты одан сайын өршітті деген сылтаумен оны таратып тынды. Әлихан Бөкейханов бір топ депутаттармен бірге Выборг шақыруына қол қойды. Ол осы әрекеті үшін сайлау құқығынан айырылып, 3 ай мерзімге түрмеге отырғызылды.

II Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлау үшін далалық өлкенің облыстарында сайлау өткізу, Ресейдің орталық губернияларымен бір мерзімде, яғни 1907 жылы қаңтар-ақпан айларында жүрді.

Оған дайындық уездерде және қалаларда сайлау комиссиялары құрылғаннан кейін, яғни 1906 жылдың  қарашасынан былай қарай басталды.

Қалалықтар үшін таңдаушыларды сайлаудың уақыты 1906 жылдың желтоқсанынан 1907 жылдың ақпанына, ал ауылдық жерлерде оларды сайлау 1906 жылдың желтоқсанында деп көрсетілді. Мемлекеттік Думаға мүшелерді сайлау орыс тұрғындары үшін 1907 жылы 16 ақпанында, ал қазақтар үшін 1907 жылы 20 ақпанында өткізілетін болды.

Семей облысы қазақтарының ішінен Әлихан Бөкейхановты халық тағы да Мемлекеттік Думаға сайлауға ұсыныс білдірді. Бірақ оның құқығынан айырылуы және сотталуы Думаның сайлауына түсуге мүмкіндік бермеді. Сол сияқты,  II Мемлекеттік Думаға Жақып Ақбаевтың кандидатурасы да әртүрлі сылтаулармен өтпеді. Осы жағдайды байқағаннан кейін, сайлаушылар негізінен дауыстарын Темірғалы Нүрекеновке берді. Дауысқа түскен Кәкітай Құнанбаев және Көлбай Төгісов те жеткілікті дауысты ала алмаған. Бұл жерде Темірғалы Нүрекеновтың жеке басының сауаттылық, орыс тілін өте жақсы білуі, шешендік, табандылық, ойлау қабілетінің күштілігі сияқты қасиеттері есепке алынған сияқты. Бұл кандидатураны Әлихан Бөкейхановтың өзі және Шәкәрім Құдайбердіұлы да қолдаған («Қазақ» газеті. Алматы, 1998, 134-135 бб.).

Ал орыс тұрғындары атынан Мемлекеттік Думаға мүше болу құқығын Н.Я.Коншин екінші ретте де иемденді. Сібір казак войскосынан Думаның мүшелігіне, сенімі бойынша кадет И.П.Лаптев өтті.

Зерттеуші Ғалым Ахмедовтың «Алаш Алаш болғанда» атты еңбегінде Темірғалы Нүрекенов туралы: «Семейден. Кәсібі саудагер, орысша бастауыш мектеп бітірген. Мұсылман фракциясына жазылған, бірақ Думада ешқандай қызмет көрсете алмаған» деп көрсетілген (Ахмедов Ғ. Алаш Алаш болғанда. Алматы, «Жалын», 1996.  210 б.).

Бұл жерде зерттеушінің Темірғалы Нүрекеновты білмейтіні байқалады. Жалғыз Темірғалы Нүрекенов емес, Думаның таратылуына байланысты басқалары да өздерін көрсетіп үлгере алмаған. Бірақ, депутаттар Бақытжан Қаратаевтың, Шәймардан Қосшығұловтың, Ахмет Бірімжановтың және Темірғалы Нүрекеновтың II Думаның жұмысының барысы кезінде Жерге орналастыру және жер ісі бас басқармасының бастығы князь Б.А.Васильчиковке барып, қазақ даласына переселендерді әкелуді тоқтату туралы пікірлерін айтқаны белгілі. Ал ол болса, «қазақтардың XX ғасырда көшпелілігі тоқтатылуы  керек, сондықтан да осыған байланысты қоныстандыру қажеттілік» деген (Озғанбай Ө. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917 ж.ж.). Алматы, 1999. 24 б.).

Сол сияқты Темірғалы Нүрекенов патшаның атына жіберілген Қарқаралы петициясының орысша нұсқасын қазақшадан шебер аударған адам. Осы маңызды істі Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов Темірғалы Нүрекеновке тапсырған.

Қазақ елінде Ресейдің I және II Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлау бойынша өткен науқанға қазақ халқы тарапынан үлкен мән берілуі, енді олардың өз тағдырларына қатысты мәселелерге бей-жәй қарай алмайтындықтарын көрсетті. Мемлекеттік Думаға жіберілетін өкілдерді сайлау сонымен бірге, Алаш қайраткерлері саяси күрестегі үлкен шынығу мектебі де болды. Олар Думаның мінбесін отарлық саясатты әшкерлеуге және қазақтың тағдырлық проблемаларын Ресей қоғамына жеткізуге құрал ретінде пайдалануға тырысқандарын байқаймыз.

Қорыта айтқанда, XX ғасырдың басындағы адамзат өркениеті тарихи дамуының негізгі үрдістерінен қазақ елінің де тыс қалмағанын көреміз.

Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

       

  Willie Snead IV Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз