Қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» фильміне бөлінген қаражатты жымқырғанын мойындады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өкілдері хабарлады.
«Бұған дейін ұсталған Тұңғышбай Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше «Феникс» фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындады, өз ісіне өкінді және шығынды өтеп беруге уәде етті. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылған дерегін растады және бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жаманқұлов өзіне қатысты бұлтартпау шарасын кепілақымен босатуға ауыстыруға және ҚР Қылмыстық кодексінің 65-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрап, өтініш білдірді.
Қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтініш Т. Жаманқұловтың, Н.Юдинаның және Г.Ысқақованың шығынды толықтай өтегенінен кейін қарастырылады.