ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР!

373

Мейірімнің мекенісің – анашым,

Саған қарап білдім ғұмыр бағасын.

Мен ержетіп, есейгенмен, амал не,

Есесіне сен қартайып барасың, -деп кезінде қарттыққа қимаған анамыз таяуда бұл фәниден ғайып болып кете барды. Түсте ғана дидарласып, бір дастархан басында беймарал отырған жаннан кешкілік көзжазып қаламыз деп кім ойлаған. Кешкілік астан соң төсегіне жантайған анамыз жастыққа басын ең соңғы рет тигізгенін өзі де ойламаған болар…

anasy
Суретте: анамыз Нұрбану

Қайран қазағым, адам баласының қайғысын жеңілдетіп, көңілін жұбатуда да жүйрік қой. «Жүйелі сөз жүйесін табады» дегендей, айтар ойдың орайын тауып, қисынын келтіре білу – ол да біздің еліміздің дегдарлығы шығар. Ешкімге салмағын салмай, әуресін тигізбей, өзінде өзгені де қинамай көз жұмған егде адамның қазасын ақ өлімге балайтын жұрт бізге де осы тектес сөздерді жиі айтып жатты. Неше күн ортамызда болған Жоламан мешітінің имамы Қанатбек діндәр шешеміздің жарық дүниемен хоштасқан күні Пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с айрықша дәріптеген Ашура күніне дөп келгенін ерекшелеп сөз етті. «Ашура» – Алланың  ұлық деп таныған айларының бірі мұхарам айының 10-шы күні екен. Бұл күні ораза ұстаған жандар әдеттегіден анағұрлым сауапқа мол кенеліп, өткен және алдағы күнәларынан арылады. Сонымен бірге, бұл күн пайғамбарлардың бейбіт өмір жолындағы тілек-дұғалары қабыл болып, жер бетінде мейірмандық жарасым тапқан күні болып есептеліпті.

Болған жайды қаз қалпында жеткізіп жатқанымыз болмаса, анамыздан «қоғам қайраткері немесе айрықша ұлы адам» жасау ойымызда жоқ. Бірақ, ол кісі расында бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіруде, ағайын-туыс бірлігін сақтауда  нағыз қайраткер адам. Ерінің намысы, отбасының табысы үшін не көрмеді, неге төзбеді дейсің… Ғұмырында 11 құрсақ көтеріп, 8-ін от пен суға күйдірмей ер жеткізді. Келін болып түсіп, әже болған шаққа дейінгі аралықта иыққа түскен салмақ пен жүрекке түскен мұңның бәрін сабырлықпен жеңіп шықты.

«Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Қырман басып, егін caп арба айдаған», деп Мұқағали суреттеген көрініс біздің де шешелеріміз көзбен көріп, қолмен атқарған жұмыстары. Қазіргідей жанып тұрған газы, айналып тұрған автомат-кірмашинасы, микроволновкасы т.т. жоқ заманда баланың қамын, байының бабын жасап, қоғамның жұмысынан да қол үзбей, қандай ауыр жұмыс істеп жүрсе де налып көрмеген жандардың да өзіне тән ұлылықтары бар-ау, сірә. Бұл менің анаммен қатарлас, замандас болған өзге де аналарға тән қасиет. Кішкене болсақта көп дүние көз алдымызда, жадымызда жатталып қалған. Мейірімдері мен пейілдерін айналасынан, ағайыннан аямаған қайран біздің шешелр: Хамила, Ханым, Орниса, Гүлбану, Нұрбану, Бикен, Гүлзейнеп, Рәзия, Райхан, Кәдір. Аталған аналарымыздың біүгінде көбі ортамызда жоқ. Өзім көріп өскен бұл кісілер өздері келін болып түскен шаңырақтың берекесін кіргізіп, керегесін кеңейту жолындағы шаруаға ауыр-жеңіл деп қарап жатпайтын. Отбасы тірлігі өз алдына, ауылдың, ағайынның шаруасына ортақтасу кезінде өз үйінің дүниесінен бетер құлшына кірісіп кетіп жатушы еді. Қазіргідей ресторан, кафесі жоқ заманда қаншама той-думан, құран-хатымды біздің шешейлер ың-шыңын білдірмей жөнелтіп жататын. Біздің осы шешелеріміздің тәлім-тәрбиесін алған қыздары мен келіндерінің сол кісілердің өнегесін өшірмей, өрістету барысында барынша тырысып жүретіндерін байқағанда іштей мейірленіп қалады екенсің.

Неге екенін қайдам, анам дүниеден өткенде әйгілі күйші Құрманғазының «Қайран шешем» күйі есіме орала берді. Жастайынан халық қошаметіне бөленіп, атағы аспандап тұрған Құрманғанзының да қолына сұм заман кісен салдырып, абақтыға қаматып, тағдырын тәлкек қылуға тырысқаны белгілі. Бәле-жалаға мойымаған есіл ер дұшпанына дес бермей, күресін жалғастырып жүргенде шығарған күйі екен, жаңағы туындысы. Мазмұны: «менің тағдырыма тура келген қиындық, меннен көрі, қайран шешем сенің жүрегіңе көбірік батып, жаныңды ауыртатын болды-ау» деп күйші көкірегі шерге толыпты. Сол секілді, әр баланың қызығы да, шыжығы да ең бірінші ана жүрегін солқылдататыны анық. Көзі тірісінде қанша қадірлеп, сыйлап жүргеніңмен ол өмірден өткенде іште бір «әтеген-ай» қалмай тұрмайды екен.

Шешеміз ішіндегісін сыртына көп шығара бермейтін, негізі тұйықтау адам еді. Жұрт білетін болмысы – момын, ештеңеде қақ-соғы жоқ біртоға. Ал, біз білетін болмысы – аңғал, не естісе соған сенгіш, көңіліміз қалмасын дегендіктен бе, барлық баласына «сенікі жөн» дей беруші еді. Әкеміз де бертінге дейін зейнетке шығып «сабасына» түсекенше «Әйелмен ақылдасу» деген ұстаным болмаған. Әкеміздің әмірі көбінесе «Нұрбану, анаған ананы әпер, мынаған мынаны бер» болып келеді. Отағасының ондайда есе-теңдік бермейтінін білсе де шешеміз естілер – естілмес қана: «Зекен-ау, өз бала-шағаңды да ойласаңшы, әлі қыстық киімдері алынған жоқ» деген болады. Ол сөзге қайтарылатын жауап көздің қиығы ғана. Күйеуінің пәрмені мықты болмаса қай ана бала-шағасына жинап жүргенін келесі біреуге бірден қайтіп бере қойсын. Ерінің бірінші айтқанын «естімей қалып», екінші айтқанда ғана барып қимылдайтын шешеміздің амал-тәсілін «қаттылыққа» балағандар да болып тұратын. Еріне жіберіп алған есе әйелінің көкейінен жуық арада кете қойсын ба, сәті келгенде шешеміз де әкейге өткендегісін есіне салып, онысынан ештеңе шықпайтынын білсе де қолынан «шашылғанан басқа» ештеңе келмейтінін бетіне басқан болады. Ондайда әкеміз: «өй, мына байдың қызы қайтеді-ей» деп, көтермелеп сөйлеп, «ығына жығылғансып», артынан «ақша деген немене» деп өзінің фәлсапасын айтып кететін.

Мектепте «байдан жаман адам жоқ» деп оқып үйренген біздерге «Байдың қызы» деген біртүрлі естілетін. Содан балалық әуестікпен біздің сұрақтарымыз көбейеді. Барлық сұрақтарымызға әкеміздің әңгімелерінен жауап табатынбыз. Расында, анамыздың әкесі Қасенбай Атабайұлы Шәуешек өңіріне танымал байлардың қатарындағы дәулетті адам болған екен. Атабайдың өзі ортаңқол шаруа, момындау адам болған деседі. Ол кісінің төрт ұлы; Әскербай, Қасенбай, Құсайын, Оразалы еңбектің ебін, сауданың тегін ерте танып Атабай балаларына дәулет қонған. «Құдай берсе, құлай береді» дегендей, Қасенбай нағашымызға жүйрік қоңыр ат бітіп, байлығы мен атағын одан сайын көтеріп кетіпті. Әкеміздің әңгімесінде жүйрік қоңырдың бірнеше хикаялары  кездесетін. Соның бірі – әлгі қоңыр аттың 50 шықырымдық бәйгеден қара үзіп жалғыз келгендігі. Бұл өзі ел күтпеген тосын жаңалық болыпты. 1940 шы жылдары Майлы-жайыр жақта Көлбай деген бай баласының қуанышына ұлан-асыр той жасап, ат жарысын 50 шақырымға, жүлдесі 3 тоғыздан басталатыны жөнінде сауын айтып, жұртты ерте құлақтандырыпты. Той иесінің 30 шақырымдықты бірден 50 шақырымға ұзартуының өзіндік себебі де бар екен. Сол уақытқа дейінгі 30 шақырымдық ат бәйгесінде Көлбай шұбар, Асан қасқа, Нәби торы деп аталатын үш жануар үнемі үзеңгі қағыстырып қатар келіп, жүлдені тең бөліп алып жүріпті. Өзінің шұбарына кәміл сенген Көлбай осы жолғы қашықтықты ұзартуға бел буған. Әне-міне дегенде ол күнде жақындай түседі. Нағашыларымыз төртуыл ішінде шоқан. Барлық жұрт бәйгега ат қосып жатқанда біз қарап қаламыз ба, шоқандардан бір қылқұйрық қосылмады деген атымызға сын болады деп, Оразалы нағашымыз Қасенбай ағасын қолқалап қоңыр бестісін жаратпаққа көндіріпті. Ол кезде қоңырдың шаңтасқа жегіліп жүрген кезі екен. Оразалы мен менің атам Жүмәділ қоңырды кезек жаратыпты. Атам мен нағашы атам Шәуешектің Ластайында қатар отырыпты. Замандары бір болғанымен Жүмәділ Қасенбай нағашымызға күйеу бала, қарындасы Нұрғайша әжемізді алған.

Содан әлгі ат жарыс болатын күн де жетіп келеді. Соңғы терін алып, бәйгеге болатын күні ертемен атқа қонған Оразалылар ауылдан аттана бере сиыр сауып отырған үлкен жеңгесі Әскербайдың бәйбішесінен бата сұрапты. Ол кісі де сабаз екен, сиырдың бауырында отырған беті «Атқан таңдай, шыққан күндей жарқыра, аллауакпар!» деп бата беріпті. Қысқарта айтқанда, осы аламанда нағашымыздың қоңыр аты айдарынан жел естіріп жалғыз келіпті.

Қазақта ат бәйгесіне, жүйріктің даңқына деген ықыластың алабөтен ерекше екені белгілі. Қоңыр бесті нағашымыздың да, өзінің де атағын аспандата түскен. Бәйгеге қосқан сайын ойқастып озып келу дағдылы жағдайға айналған сайын, қолқа салушылар көбейіп, ақыры ол жануар 150 қой, 20 сиыр, бірнеше жылқыға Шағантоғайдағы Мәден қажының Хасен ілгедайына өтіп кетеді.

Бұл өзі біраз хикаят. Шешеміздің кешкі тамағына тойып алып әкеміздің осы тектес әңгімелерін құшырлана тыңдаушы едік. Осы қоңыр аттың саудасы құрметіне барған Әскербай, Қасенбай, Жүмәділ үшеуінің 1 тайдың етін жеп қоюы, Жүмәділдің көкпарда «көк бет Жүміділ» атануы, бір бәсекеде іріқараның ортан жілігін қолмен бұрап сындыруы т.б. әңгімелері өз алдына бір-бір бөлек дүние.

Міне, осындай ортада 1942 жылы дүниеге келген шешеміздің ғұмыры 2016 жылдың 9 қазанында шектелді. Анамызға қатысты айтпай кетуге болмас бір нәрсе, ол кісінің жас кезінде өте өңді болғандығы. Оны біз әкемнің қарындасы Ханым Жүмәділқызының әңгімесінен жиі естідік. «Нұрбану жеңгем бойжеткен шағында керемет өңді, өте сүйкімді болды ғой. Бізден біраз кіші болды, бір ауылда қатар өстік, өзін қызық көріп бетінен шөпілдетіп сүйе беруші едік» деп жеңгесін күлдіріп отыратын. Шешеміздің сүйкімділігі жайлы Гүлзейнеп Оразалықызы да аузынан тастамай жүреді.

Қайтейік, қайран шешеміз, биязы болмысымен, ұяң қалпымен 75 жасқа қараған шағында фәниден бақиға кете барды. Міне, 40 күндік мерзіміде таяп қалыпты. Жаны жәннетта, иманы жолдас болғай.

Қайрат Зекенұлы, Семей қаласы.

  Parker Ehinger Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз