12 маусымда кешкі уақытта қазақстандық белгілі ғалым, археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов өмірден озды. Ол «Алтын адамды» алғаш болып тапқандардың бірі. Оның қазасы жайлы Facebook әлеуметтік желісінде ұлдары Мирас пен Арман естіртті.
«Кеше, 2016 жылдың 12 маусымында 23:30-да менің әкем, аңызға айналған археолог, Найманның ішінде Матайдан тараған Бекмұханбет Нұрмұханбетов өзінің «соңғы» экспедициясына аттанды, ата-бабалардың әруағымен қосылып, Жаратқанның алдына келді, ол біді бұл өмірде мәңгілікке жетім қалдырып кетті. Топырағы торқа болсын! Иманды болсын!», – делінген жазбада.
Бекен Нұрмұханбетов бұрынғы Талдықорған облысындағы Қарасу ауылында туып-өскен. Әскерде қызмет етті, ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқыды. 1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанын зерттеу барысында жас археолог пен оның ғылыми жетекшісі Кемал Ақышев бірегей ескерткіш тапты.
Биіктігі алты метр болатын сақ қорғанында алтын киімді адам табылды. Археологтар мүрдеден төрт мыңнан аса әшекей тапты, бұл әшекейлер таза алтыннан жасалып, киімге тігілген, киім және бас киімі бар, сонымен қатар алтын жүзік, қола және алтын қару, түрлі ыдыстар.
Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.