Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 25 заманауи балабақша ашылды.
Аталған нысандар Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды. Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, құттықтады. «Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл – облыс тұрғындары үшін аса маңызды әрі үлкен шара. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деді А. Баталов. Мұнан соң облыс әкімі Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і – жекеменшік. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 % құрап отырғанын айтты. Құттықтау сөзден кейін А. Баталов тұрғындармен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалап, оларға ойыншықтар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
www.inform.kz/kz Cornelius Lucas Womens Jersey