ДОПИНГТІҢ «тізесі шықты» дегенше, ҚАЗАҚ СПОРТЫН қара бұлт басты десеңізші

413

Әңгімеміздің ауаны бүкіл БАҚ жарыса жазған допинг дауы турасында болмақ. Кейбір жәйттарға «жә» деп отырмай, пікір білдірген орынды болар. Елді елең еткізген осы бір жаңалық жанкүйер халықтың көңіліне кірбің түсіргені рас. Сөз реті келіп тұрғанда жалпы «допинг» терминіне тоқталайық.

Допинг кейінгі жылдары спортқа кенедей жабысып, оның ажырамас бөлігіне айналып барады.Спортшылар медаль мен бедел, ақша мен атақ үшін допинг қолданып, денсаулықтарына зиян келетіндігіне де көңіл аударар емес. Әрине бұл көзбояушылыққа тиым салынған. Десе де, айласын асырғандар ебін тауып, «еншісін» алып жүр осы пәленің арқасында.

Осыған орай осы кеселмен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Содан бері спортты химия мен зұлымдықтан тазартып, спорттық жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді көксейтін қызу күрес жүргізіліп келеді.

Өкінішке қарай, Қазақстан спортшыларының ішінде де допинг қолданғандықтан, спорттан аластатылғандары жоқ емес. Бұл тұрғыда қазақ ауыр және жеңіл атлеттері, шаңғышылары және конькишілерінің бастарынан өткен жағдайды айтуға болар еді. 90-шы жылдары бұрын әйгілі жеңіл атлет әйел Ольга Шишигинаға «допинг қолданған» деп айып тағылып, Жетісудың талантты спортшысы 1996 жылғы Атланта олимпиадасына қатыса алмады. Бірақ 2000 жылы Сиднейде олимпиада чемпионы болып, өзінің нағыз желаяқ екендігін дәлелдеп шықты, қоймай жүріп. Ал 2007 жылы Қазақстан велоспортының серкелері Александр Винокуров пен Андрей Кашечкинге де «допинг қолданған» деген айып тағылды. Дәл қазір екеуі де өздерінің адал екендіктерін дәлелдеуге тырысуда.

Ал енді сөздің басын басқа арнаға, «допинг» дауынан ада бола алмай жүрген Илья Илинге бұрсақ. Екі дүркін олимпиада чемпионы, ауыр атлет Илья Ильиннің допинг дауы спортшының болашағын бұлыңғыр еткендей болды. Илья маусым айндағы өзінің «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өзіне қатысты айыптауларға қатысты пікірін былай жеткізген болатын:

– Өздеріңіз білетіндей, ешбір халықаралық старт допинг – бақылаусыз өтпейді. Мен де барлық спортшы секілді 2004 жылдан бері допинг-сынақтардан өтіп келемін. Нәтижесінде қанымнан тыйым салынған ештеңе табылмай келді. Мен Рио Олимпиадасына дайындалып жатырмын және соңына дейін баруға ниеттімін. Спорт басшылығы процеске барынша кірісті, меніңше, маусымның соңында нәтижесі белгілі болады. Шілде айының ортасына дейін уақытым бар, осы уақыттың ішінде олимпиадаға қатысуға өтініш беріп үлгеруім керек.

Алайда… «Ақталамын» деп үмітін үкілеген спортшының туы тағы да жығылды. Жарыстардан шеттетіліп, Риодағы олимпиадаға қатыса алмайтын болды. Енді ойлап қараңыз, үміт, сенім ,еңбек, қолдау бұның барлығы далаға кетті. Сонда деймін-ау, қаншама жыл тексеруден өткенде бірде-бір теріс нәтиже көрсетілмей, табан ет маңдай терімен олимпиада шемпионы атанып, елдің ықыласын алғанына біршама уақыт өткеннен кейін қаралап «дәлелсіз» атақ тағуы қалай. Сонда Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік жарыс алдында қайда қарап жүрген. Олимпиада аяқталып, жарыс қызуы басылып, келесі олимпиадаға тіркелер алдында бұл қай сасқаны, арғы ойы «қазақстандық спортшылар олимпиадаға қатысса жүлдесіз қаламыз» дейді ме? Әлде жаңа дамып келе жатқан жас мемлекетке іштарлық танытып, аяқтан шалудың оңтайлы жолы ма…

Осы жерде көңілге күдік келеді. Неге төрт жыл бұрынғы сынама нәтижесі 2016 жылы анықталды? Сөйтсек, допинг-сынамалар заңға сәйкес, 10 жыл сақталады екен. Оны Халықаралық Олимпиада комитеті қалаған кезде қайта тексеруге жібере алатын көрінеді. Себебі, кей преператтарды спортшы қанша пайдаланса да, қанынан табылмайды. Осыған орай технология дамып, 10 жыл бұрынғы сынамалардан допинг жасушаларын таба алады екен. Илья осылай ұсталыпты-мыс.  (Жас Алаш №49 (19131) 21 маусым, сейсенбі 2016)

Жарайды оны да қойдық делік. Сонда көп те емес, санаулы ғана саңлақтарымыздың намысын қорғай алмай мәдениет және спорт министрлігі қайда қарап отыр?! Ойына келген уақытта зерттеу жүргізіп, нәтижесін қалаған уақытында жариялайтын агенттікті неге Лозаннадағы Спорттық істер соты, Спорттық арбитраж соты сияқты жерлерге беріп шағым түсірмейміз? Намыстарын қорғауға, шындықты анықтауға неге тырыспаймыз? Допингке қарсы халық­аралық агенттiк не айтса сол заң, ол өзгермейді дейтін қатып қалған қағида емес қой. Онсыз да олардың сараптайтын аппараты мың құбылады. Сол секілді билік басындағылар да арызды мың құбылтып берсе, мүмкін, бәрі орнына келетін шығар.

«Елім» деп ту көтерген спортшыларымыздың, намыс туын жерге жықпақ түгіл, таптап жатыр. «Жалғыздың үні шықпас» демейді ме халық даналығы, жалғыз Ильяның шырылдап қорғауға тырысып жүргені бір спортшының намысы емес, бүкіл елдің абыройы екенін түсінгеніміз абзал-ау.

Біз саңлақтарымыздың ісінің «ақ» екеніне сенеміз. Және бұл жала уақыт оздырмай өз күшін жоятынына да сенімдіміз. Бірақ, сол күн туып спортшыларымыз «таза» екені анықталып жатса  аты шулы Допингке қарсы халық­аралық агенттiк спортшыларымыздың жығылған еңсесін тіктеп, сөнген арманын жаға ала ма?! Ол жағы уақыт еншісінде…

Айнұр ТАҢЖАРЫҚҚЫЗЫ

 

  Rees Odhiambo Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз