«Ақсұңқарға» қалмас ешкім сұқтанбай…

416

Ау, ағайын, «Ақсұңқар»-ға 20-жыл!

 

Атағыңды, даңқыңды ары апар,

Олар маған қара сумен пара-пар.

Қандай атақ алды екен білмеймін

Жидебайда кешегі өткен қара шал.

Ақынның өлеңдеріне терең бойлаған сайын  жақын тани түсесің. Жан сарайындағы адамға тән сезімнің бәрінен биік лирикалық күй, тәтті мұң, өмірдің күйінішіне бас имеу тәрізді поэ­тикалық рух білінеді.

Поэзия әлемінде өзіндік өрнек салып, өнер аспанының көгіне қырандай қалықтап, өткір тілімен өр рухтан туған отты жырларын қаламмен  ақ қағазға емес, халқының жүрегіне жазған таланттар санаулы десек соның бірегейі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың  лауреаты, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ұлағатты ұстазым, ақын –  Төлеген Жанғалиев.

Өлең – құдірет. Жалпы талант атаулының барлығы да адамды таңдап қонса керек. Тәңірдің берген сыйы, ұлы күш. Қасіретті тағдырдан қасиетті өнер туады деген қасаң қағида да жоқ емес. Кейде көп ішінде жалғызсыратып, жоқ ішінде аңсатып, қалың елдің мұңын арқалатып қоятын да осы күш.

Көрсетпейтін шындықтың жартысында,

Шымылдық бар қоғамның әр тұсында.

Шыр-пыр болып ақыры өледі ақын,

Шындық пен өтіріктің тартысында.

«Абай жаққан бір шырақ сөнбесін деп» елінің сөзін ұстап  өлеңнің  киесін ұшырмай қасиетті Қарауылда шырақшы болып отырған да осы кісі.  Ұзтаздың тәлімін алып, тәрбиесін көрген шәкірттің бірі менмін. Өмірі өнегеге, ғұмыры ғибратқа толы жанның алдында дәріс алып ақындық дейтін үлкен әлемнің есігін ашқан едім.

Ақындық борыш – азаматтық парызым деп біліп аудан идеялогиясын басқарып жүрген жерінен 1996 жылы «Ақсұңқар» ақындар сыныбын ашты. Бұл сынып емес кемеңгер Абай мектебінің заңды жалғасы, руханияттың мөлдір бастауы десе де болғандай. Әулетінен сөз ұстаған текті атаның жалғасы Төлеген ақынның арыға бармай-ақ ағасы Мерғали Ибраевтың өзі сан қырлы талант иесі болғаны мәлім.  2002 жылы аталған сыныпқа көрнекті ақын, драматург, жазушы, композитор Мерғали Ибраев есімі берілді. Ауданда аз уақыттың ішінде әдеби орта қалыптастырып, бұл күнде күллі республикаға танымал шеберлік мектебіне айналды. Биыл рухани қарашаңырағымызға айналған М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбына 20-жыл толып отыр. Аз уақыт емес, әрине. Ақынның жүрек үні шәкірттерімен-ақ шартарапқа жетіп жатыр.

Бақытжан Байболов, Жадыра Жұмакүлбаева, Ұлан Сағадиев, Нұржан Байтөсов, Айдос Имантаев, Әлия Құлбаева, Еңлік Құндызбаева,  Мерей Алдажаров, Жайдар Жақсылықов, Мадина Ережепбаева,,Қуат Айтқали, Еркежан Сейітқазы, Балнұр Манатбек, Айдана Дәуренқызы, Нұрқыз Мырзаханова, Зарина Сайлаубекова, Еркін Қуанышұлы. Бұл «Ақсұңқар» ақындар сыныбынан түлеп ұшқан шәкірттердің бір парасы ғана.

«Білгенге маржан

Білмеске арзан» – деп Абай атамыз айтқандай «сөз қадірін – өз қадірім»  деп біліп бағалайтын ұстаздың орыны біз үшін ерекше.

Аға жылап, жатқанда іні жылап,

Жылап алғым келеді бірігіп ап.

Айналамның барлығын тамұқ басса

Маған да керегі жоқ жылы жұмақ.

Оқырманға онға жуық жыр кітабын ұсынған ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптарынан уақыт тынысын, сол кезеңге байланысты адам жаратылысының, ой-сезімінің қалай құбылып, өзгеріп отырғанын байқаймыз. Әрбір өлеңінде сезім шынайылығы мен жан дүниесінің терең қатпары еркін сезіліп тұрады.

Асқақ ақындығын ұстаздықпен ұштастырып ұлтына қызмет етіп жатқан «Төлеш» ағаның әр ісі – үлгі, әр сөзі – ғибрат. Ақсұңқардың қанаты талмасын! Таланттарды тәрбиелейтін шеберлік мектебі әлі небір дүлдүлдерді шығарары сөзсіз…

            

                 Ақсұңқар

 «Ақсұңқар»-ға алаш білген жиырма жыл,

Тәуелсіз ел жетістігі бұл да бір,

Қарауылдан қанат қаққан қырандар,

Қалың елдің аспанында жүр қазір.

 

Қанып ішіп өлең дейтін тұнықты,

Ұлдар шықты,қыздар шықты қылықты.

«Жыр Меккесі» деп танитын бар ауыл,

Мерғалидың есімі бар сыныпты.

 

Шыңғыстауда шын өнерге қанғанмын,

Шежіресін тыңдап өстік шалдардың.

Ұрпақ түгіл ұлттың тұтас өлгені,

Ұлы Абайдың елі жырсыз қалған күн.

 

Әрбір сөзі қадалатын жебедей,

Төлеш ағам сөз ұстаған төбе би!

Жидебайда жатыр қарап қос алып

Қарсы жүзген ағысқа аппақ кемедей.

 

Барлығы да Төлеш ағам еңбегі,

Ерте оянып ұрпақ деді,ел деді…

Ұлылардың аманатын ап қалған,

Елшісіндей көрінеді жердегі.

 

«Ақсұңқар»-ға қалмас ешкім сұқтанбай,

Рухыңды көкке өрлетер күш бардай?!

Жұдырықтай жүрегімен өз елін,

Ақындар да жырлап өтер құстардай.

 

Арман Шеризат, 

ақын, педагогика ғылымдарының магистры

  Jack Mewhort Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз