ҚАШҚЫНДАР (түрме хикаяаттары-3)

320

Папахам мен шинелімді шегеге іліп отставкаға шықсам да, сол төтенше жағдайдың орын алғанына ширек ғасырдай уақыт өтсе де, осы күндері есіме түсіп кетсе менен маза кетеді. Жанымды жегідей жеп, өзегімді өртейді. Ең шешуші шайқаста, жауға тойтарыс бере алмай, кейін шегініп, қарымта шабуылға шыға алмай, қоршауға түскен қолбасшының күйзелген күйін кештім–ау қара суық қарашаның сол бір күндері…

Бұл жағдай былай болып еді. Сол жылдары қазіргі қылмыстық-атқару жүйесі еңбекпен түзеу мекемелері деп аталып, Ішкі істер министрлігінің құзырында болатын. Қоғамымыздың қайта құру, жариялылық, демократия деп күндіз-түні бүкіл жер шарына жар сала айқайлап, сары даланың сұр жолымен тежеуіші істен шыққан көліктей жүйткіп келе жатқан кезең болатын. Cол процесстер темір тордың аржағындағы еңбекпен түзеу мекемелеріне де еркін еніп, ондағы қалыптасқан тәртіпті қақырата сөгіп, бостандықсыз өмір кешкендердің күнделікті күйбеңі ырыққа көнбей қара казандай қайнап, бұрқылдап жатқан еді. Сөз орайы келгенде айта кетейін, жалпы өткен ғасырдың соңғы он бес жылдайы еңбекпен түзеу мекемелері үшін өтпелісі көп өте күрделі жылдар болды. Қыл көпірдің үстінен кім өтіп көрді дейсіз. Қиын-қыстаулығы одан кем болған жоқ. Әсіресе, 1989-1991 және 1993-1995 жылдар. Нағыз текетірес…
Мекеме бастығы ішкі қызмет майоры Фунт Альберт Алексеевич (Ақсуаттың тумасы, ұлты неміс, қазақшаны қазағыңнан артық білетін, өз ісіне пысық, шаруақор жігіт болатын) Мәскеуге білімін жетілдіру үшін бірайлық курсқа оқуға кеткен. Мен бастықтың саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарымын, шенім ішкі қызмет капитаны.
8- ші қараша 1989 жыл. Бұйрық бойынша мекемеге жауапты офицер болып кезекшілікке түсіп, әріптесім, мекеме бастығының бірінші орынбасарымен ауыстым. Үйреншікті қызмет. Біраз шаруаның басын қайырып, түскі тамаққа үйге келіп, дастархан басына жайғасқаным сол еді, телефон шырылдай жөнелді. Ентіккен мекеме бастығының кезекші көмекшісі ішкі қызмет аға лейтенанты Мағауия Кутановтың(кейін оның қызметі жоғарылап, мекеме бастығының орынбасарлығына дейін көтеріліп, подполковник шенінде жуықта отставкаға шықты) даусын бірден таныдым. Ентігуіне қарағанда жақсы хабар емес екенін сездім.
– Жолдас капитан, бізде төтенше жағдай болып қалды,
тез жетіңіз.
– Не болды. Тыныштық па?
– Жоқ! Тұтқында отырған бес кісі қашты!
– !?!
– Қай камерадан ?
– Сегізінші!
– Қалай?
– Жердің астымен!
«Құдай тас төбеңнен ұрды деген» осы шығар деп етігімді киюге ғана мұршам келді. Өкпемді қолыма ұстап, бойымдағы бар жігерімді салып жүгірсемде, үш жүз метрде орналасқан мекемеге жете алсамшы. Аяғыма диірменнің тасын байлап қойғандай, кібіртіктеп адымым өнбей қойды. Дамылсыз үш күн жүгіргендей болдым. Естіген құлақта, көрген көзде кінә жоқ. Ақылға симайтын, ми қорытпайтын жағдай болыпты. Масқара! Орысша айтқанда «позордың» дәл түпнұсқасы!
Түрменің ескі үлкен ғимаратына кіргенімде, бекетте тұрған бақылаушы қызметкерлерді танымай қалдым. Бәрінің бойын үрей билеп, үрпиіп-үрпиіп тұр. Түрлері боп-боз болып кеткен. Қасымнан бір елі қалмай келе жатқан Мағауиядан «мыналарға не болған?»-деп сұрадым. «Тал түсте басымызға жай түскендей болды ғой, жолдас капитан»- деді ол. Сегізінші камераға жақындағанымда Мағауия «аға, камерада қалған Колокольников деген рецидивист қылмыскер камераға ешкімді кіргізер емес. Қолында темір бар. Сендер бәрібір мені аямайсыңдар. Табалдырықтан аттағаныңды менде сұлатып саламын» – деп –«бүкіл түрмені басына көтеріп айқайлап тұр»- деді кезекші. Шынында да бірінші ауыр ағаш есікті ашсам, темір тор есіктің аржағында екі көзі қанталап, оң қолындағы темірді қатты қыса ұстап, кірген адамға тап беруге дайын тұр екен. Қасымдағы жігіттерге қарасам, менің бұйрығымды күтіп-ақ тұр. «Алға!» десем апыр-топырын шығармақшы. «Жау кеткен соң қылышыңды б-қа шап» дегендей күш көрсетудің орынсыз екені айдан анық болып тұр. Жылы-жылы сөйлеп Колокольниковтың қолына кісен салып, камерадан шығардық.
Төтенше жағдайдың ауырлығы өз алдына, ал оны жоғарғы жаққа баяндау ол бір азап. Телефонға жақындағың келмейді. «Нар тәуекел»- деп ұшы-қиыры жоқ құзға секіру одан әлдеқайда жеңіл-ау, сірә. «Басқа түссе баспақшыл» демекші осы жағдайды баяндауды жаратқан менің үлесіме жазыпты. Облыстық ішкі істер Басқармасының бастығына, Ішкі істер министрлігіне, еңбекпен түзеу мекемелері Басқармасына, еңбекпен түзеу мекемелерінің Мәскеудегі Бас Басқармасына баяндап жатырмын, баяндап жатырмын… Жарты сағатта өмірім бес-алты жылға қысқарды-ау! Олар сенің баяндамаңды тыңдап қана қоймайды ғой. Сыбайды ғой. Кейбір сөздерін естігенде, теріңді тірідей сыпырғандай болады. Амал жоқ «так точно, так точномен» құтыласың. Мекемеге бірінші болып Басқарма бастығы милиция генерал-майоры Мұрат Дүйсенбіұлы Қалматаев, қылмысты іздеу бөлімінің бастығы милиция полковнигі М. Бергенев және Семей облыстық еңбекпен түзеу мекемелер басқармасының бастығы ішкі қызмет майоры Х.Х. Валиев (өте мәдениетті, сауатты, нәзік жанды басшы болатын. Кейіннен ол кісі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жүгі ауыр екі Басқармасына бастық болды, бүгінде отставкадағы полковник) келді. Жерге кірерге тесік таба алмай, ол кісілерді есіктің алдында күтіп алдым. М.Д. Қалматаев темекісін тұтатты. Мен көрген-білгенімді айтып тұрмын, ол кісі асықпай темекісін тартып тұр. Байқаймын ашуын сабырға жеңдіріп тұр. Камераны аралап, өз көзімен көрді. Далаға қайта шығып, қашқындардың шыққан тесікке үңіліп қарады. Көп тұрды ойланып. Ешкімге ләм-лим деп тіл қатқан жоқ.
Кабинетке кірдік. Шинелін шешуге ыңғайланғанда, мен ізет білдіріп, көмектесіп, шинельді қолыма алып киімілгішке бет алғаным сол еді, генерал маған жақын келіп, орысшалап « ротозеи» – деді ыза кернеп (ашықауыздар дегені ғой). «Сенген қойларым сендер болсаңдар күйсегендерің құрысын, бүкіл Одаққа масқара болдық» – деді. Бұдан кейінгі сөздерді қағазға жазуға болмайды. Сүйектен өтіп барады. Көзім терезе жақта тұрған М. Бергеневке түсіп кетті. Маған ымдап «аузыңды ашушы болма» деп тұр екен. Қолымда генералдың шинелі, көзім генералда. Ол кезде кресло деген некен-саяқ болатын. Сөзін бітіріп, қарапайым ағаш орындыққа барып отырды да, «Колокольниковты маған алып келіңдер!»- деді.
Ертеңіне Алматыдан еңбекпен түзеу мекемелері Басқармасының бастығының орынбасары генерал Бубенин келді( ол Торғай облыстық Ішкі істер Басқармасының бастығы болатын. Облыс таратылып, осы қызметке уақытша тағайындалған), түске жақын Мәскеуден Бас басқармадан аға инспектор Г. Орешкин(кейін ол әйгілі Бутырка түрмесіне бастық болды. Консерватория бітірген жігіт, бүгінде отставкада) ұшақпен ұшып келді. Г.Орешкин түрме жүйесін жақсы меңгерген офицер болып шықты. Мәскеуден арнайы келгені бар, тексеруді асықпай, аптықпай және байсалды жүргізді. Сөздің қысқасы, ауылдағыларды аузына қаратты. Семейде екі күн болды. Тәулік бойы түрмеден шықпай жұмыс жасады. Бес беттік тексерудің қорытындысын жазды. Бір данасын басқармаға қалдырып, екіншісін өзімен алып кетті. Мекеме бастығы Фунт А.А. Мәскеуден келгенше шұғыл іздестіру жұмысын ұйымдастыру, мекемеге уақытша басшылық жасау маған жүктелді. Осы деректі хикаяның ең тұзды жеріне келдік, қадірменді оқырман.
… Естеріңізде болар, жоғарыда айттым ғой, сол жылдары түрмедегі жағдайдың қаншалықты бетімен кеткендігін. Оған ешкім кінәлі емес. Солай болуы керек болды. Солай болды. 7 қараша (Ұлы Октябрь революциясының 72 жылдығы) мерекесінің қарсаңында жоғарыдан нұсқау келді. Нұсқау бойынша түрмедегі тәртіпті қалпына келтірудің бір амалы ретінде, мейрам күндері тыныштық сақтаудың, іріткіге жол бермеудің бірден-бір шарасы ретінде бойынан адамдық қасиеттер алыстаған, азғындыққа айықпайтындай болып шалдыққан бұзақыларды негізгі сотталғандардан бөліп, бөлек оқшаулап ұстау тапсырылды. Ары ойланып, бері ойланып 8-ші камера ыңғайлы деп шешілді. Транзиттік камера деп аталатын. Бір-ақ түндік камера. Ол камераға жабылған адам бір-ақ күн отырып, ертеңіне міндетті түрде басқа камераға ауыстырлатын. Бір адам қатарынан екі күн отырмайтын. Ол камера түрменің түкпірінде, кейін салынған дәрігерлік ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан болатын. Сондықтан басқа камералармен ешбір байланысы жоқ деуге болатын еді. Бес қаніпезер бұзақы іріктеліп, 8- ші камераға ауыстырылды. Ол камерада сол күні Красноярскіден келе жатқан Добровольский деген сотталған отырған. Сонымен ол камераға алты адам жабылды. Алғашқыда алтауы айтарлықтай наразылық білдіріп, көштен бөліп алынғанына келіспеушілік танытты. Балағаттап, намысқа тиетін сөздер айтып, күш қолдануға итермеледі. Бірақ жігіттер шыдамдылық танытып, түрткілеуге көнбеді. Арандатуларынан түк шықпаған соң, қойды бұзақылықтарын. Үш-төрт күн өткеннен кейін, Печерин деген біреуі, түрме тұрғындарының бәрі шырт ұйқыда жатқанда, дәліздегі жүріс-тұрыс азайғанда, түрме түбіндегі темір жолмен өтетін пойыздардың жүрісі саябырсыған кезде, шыбынның дыбысы естілердей тыныштық орнағанда ағаш төсектің (нары) астынан әлсіреп жеткен судың сылдырын естиді. Өз құлағына өзі сенбей, демін ішіне тартып, көрпені көтеріп жіберіп, құлағын астындағы ағашқа жабыстырып, қайта тыңдайды. Шынында да судың сылдыры. Қасындағы қасқырдың бөлтіріктеріндей бір-біріне жабысып ұйықтап жатқан серіктерін оятуға бата алмай «бұл неткен су» деп біраз ойланып жатып, таңға жақын ұйықтап кетеді. Ертеңіне көрген-білгенін төрт рет сотталып, түрменің тұрақты тұрғынына айналған, Қиыр Шығыс тарлық қылып Қазақстанға симай жүрген Канищевке айтады. Күндіз екеуі қанша әрекет етседе судың дыбысын есіте алмай қояды. «Сенің сандырақтайтыныңды бұрын білсемші» деп Печеринді желкеден бір түйіп алады…
Қатты ұйқыда жатқан Канищев көзін ашса Печерин жұлқылап жатыр екен. Салбырап тұрған шамның жарығы көзіне шағылысып, не болғанын ұққанда жоқ.
– Көресіні сенен-ақ көрдім ғой. Күндіз тыным, түнде ұйқы жоқ, не болды.
– Көрпеңді көтеріп, ағаш төсектің астын тыңдашы.
– Мынау шынымен судың сылдыры екен. Терең құдық қой деймін –
деп Канищев ағаш төсектен еденге түсіп, камераның ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Таңертеңгі тамақты темір үстелде ішіп отырғанда Канищев «мынау ағаш төсектің бір тақтайын алып, астында не бар екенін көру керек» деп басқаларға қарағанда қомағайлығын жасыра алмайтын, пышақтай жұп-жұқа, ішкен-жегенінің қайда кетіп жатқанын өзі де білмейтін, Щепкинге(оны бәрі «жанды скелет» дейтін) қарайды. Щепкиннің онымен жұмысы жоқ, екі ұрты баяғыда толсада, аузындағы бос орынға қара нанды тыққылап жатыр. «Қолыңда бір сайманың жоқ, бізді аңдыған бақылаушылар саған тал түсте бұздырып қояды дегенге мен сенбеймін. Абайсызда байқап калса, басымызды жарып, желкемізді үзер. Осыдан бұрынғы камерада да ағаш төсек болатын. Амалын тауып, ашып көріп едік, астын күлмен тығыздап толтырып тастапты. Бұл төсектің асты да солай толтырылған шығар. Бекерге әуре болмайық. Абайсызда көріп қалып, көзімізді шығырар» деп әңгімеге алтаудың орасындағы жалғыз қазақ Табанбаев араласты. «Қоян жүрек бола бермеші. Шаңын бұрқыратып, тал-түсте қопарып жатсаң, әрине, көзге түсесің» -деді орнынан тұрып жатып, бүкіл денесіне ашық жер қалдырмай сурет(татуировка) ойып салдырып алған Канищев. «Сен неге жұмған аузыңды ашпайсың ? Мылқаумысың? Барлық нәрседен үндемей құтылатын әдетің бе? Бес күннен бері тымырайып жүресің де қоясың. Әлде сенің түрме әкімшілігімен ым-жымың бір емес пе осы?» – деп Канищев қабырға жақта жылы су құбырына арқасын сүйеп отырған Добровольскийге тиісе сөйлеп, дүрсе қоя берді. Көп сөйлемеседе тілі тас жаратын Добровольский «Ым-жымның не екенін білген соң айтып тұрсың ғой. Келгеніме жеті күн болды, жат жерде әле жарық дүние көргенім жоқ. Осында жанашырым болса, баяғыда-ақ сенен сұрамай жағдайымды жасап алар едім. Сенің орынсыз көрегендігіңе жем болмай» деді отырған орнынан қозғалмай. Канищевтің бұл сөзін Доброволський ғана емес, қалғандары да ұнатпады. Түске дейін ұрсып қалғандай бір-бірімен ешкім сөйлескен жоқ. Ағаш төсек жан-жағынан он сантиметрлік темір бұрыштамамен (угольник) қапталып, биіктігі 60 сантиметрдей қызыл кіріпішпен қаланып тұрғызылған қораптың үстіне орналасқан болатын. Темір бұрыштамада арнайы тесіктер жасалып, әрбір ағаш ұзын үш шегемен қағылған. Қысқасы ағаш төсек оңайлықпен бұзылмайды. Күнде таңертең арнайы бекітілген қызметкер камераның ішін, сотталғандар далаға бір сағаттық серуенге шығып кеткенде, мұқият техникалық бақылаудан өткізеді. Керекті заттар қалады, керексіздер камерадан алынады. Жыртылған мүлік жамалады, бұзылғандар жөнделеді, сынғандар дәнекерленеді. Бұл күнделікті бұлжытпай іске асып жататын шаралар.
Канищев пен Колокольников көп сөйлесті. Әсіресе, Канищевтің аузы жабылар емес. Басқаларының бұл екеуімен жұмысы жоқ. «Домино» ойнап, мәз-мейрам болып отыр. Көңіл көтеруге негіз бар. Табанбаевтың жақын туысқаны бүгін бір сөмке тамақ әкелген. Көптен бері ерніне май, тістеріне ет тимей, қапастың қара наны мен қара суына қарқ бола алмай жүрген қуларға үйдің азғана азығы көл-көсір тоқшылық әкелді. Маңдайлары жіпсіп, асқазандарына түскен ас асыр салып, «ақ түйенің қарны жарылды да қалды». Бірақ, осы сәтте бар сана сезімі, бүкіл табиғаты қара пиғылға толған Канищевтің басында сұм жоспар дүниеге келген болатын. «Ертең моншаға түсіп келген соң бәріміз түрме әкімшілігіне арыз жазамыз. Ол арызда біз екі аптадай серуенге де шықпаймыз, моншаға да түспейміз дейміз. Осы мерзім ішінде бірде-біреуіміз камерадан шықпаймыз» – деді Канищев есіктің биік табалдырығына жайғасып отырып жатып. Тартып тұрған темекісін құныға сорып, түтінін ескі зеңбірек атылғандай бұрқ еткізіп далаға бірақ шығарды. Түтіннің көптігі сонша, Канищевтің өзі қалың тұманға сүңгіп кеткендей болды. «Неге?» -деді шыдамсыз Щепкин, қолындағы бөденедей бауырсақты аузына салып жатып. «Оны арызымыз қаралып, әкімшілік келісім берген соң айтамын. Арызды өзім апарамын»- деп Канищев әле жиналмаған үстелдің басына келіп, қолдан жасалған қайнатқышты суға толып тұрған күрішкеге салды.
Түрме әкімшілігінің қабылдауынан Канищев қайтып келді. Арызы қолдау таппағаны айтпасада түсінікті болып тұр. Шынында да моншаға түспейміз, серуенге шықпаймыз дегені «бүйректен сирақ шығарғанмен» бірдей болатын. Керісінше, отырғандар тексеріп келген комиссия мүшелеріне «моншаға түсірмейді, серуенге шығармайды» деп орынды, орынсыз шағымдана беретін. «Бүгіннен бастап, бірде-біреуің әкімшілікке арызданып бармайсыңдар, ауырсаңдар дәрігерге қараламын деп камерадан шықпайсыңдар. Өлсеңдер осында өлесіңдер» – деді түнеріп Канищев. «Өлсек осында көмілеміз бе?» -деді төсекте отырған Печерин. «Жоқ, Қызыл алаңға Кремльдің қабырғасына сап түзеген конвоймен алып барып жерлейді» – дегені сол еді Добровольскийдің, қалғандары қарқылдап күліп, камераны бастарына көтерді. Үш күн қатарынан бәрі қойдан жуас бола қалды. Әкімшіліктен ешнәрсе талап еткен жоқ. Серуенге де үн-түнсіз барып келеді. Серуендейтін алаңшықта да жан-жағындағы көрші алаңшықтағы отырғандармен айқайлап сөйлесуді де қойды. Кешкі тамақтарын ішеді де алтауы жапа-тармағай жатып қалады. Бақылаушы арнайы тесіктен(глазок) қарағанда сұлап жатқан алтаудан басқа ешнәрсені көрмейді. Осы көрініс қайталана берген соң қатаң қадағалау сиреді.
Жазылған ережелердің бірде-бір бабын бұзған жоқ. Ешбір келеңсіз көріністерге жол берілмеді. Бақылаушылар осы жағдайды дер кезінде байқағанымен, бірақ мән бермеді, күдіктенбеді. Көз үйренді. Үйреншікті көрініс болып алды. Алты азғынға керегі осы еді. «Үндемегендерден үйдей бәле шығатынын» білсекші!
Оқиға шыр айналған ұршықтай, ширатыла өрби бастады. Бұлар өздеріне түнді жолдас етіп алды. Араларынан біреуді есіктің алдына отырғызып, дәлізде болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыру қатаң тапсырылды. Біреудің келе жатқан дыбысы естілсе, түк болмағандай көзді ашып жұмғанша төсектеріне тапжылмай жата қалады. Екі түн бойы, дәліздегі жүріс-тұрыс басылғанда, ағаш төсек қапталған бұрыштама темірді бес кісі кезек-кезек ырғап-ырғап, дәнекерленген бұрыштаманың осал жеріне шаштың жіңішкелігіндей сызат түсіреді. Сызат түскен же, әрине, жарылады. Аяқ жақтағы бұрыштама көлденең темірге көп шеге қағылғандықтан, терезе жақтағы бұрыштама темірді жарылған жерінен, (бас жақтағы дәнекерленген жерін сындырып алмау үшін, ол сынса көзге түсуі әбден мүмкін еді), айтарлықтай сақтықпен және ұқыптылықпен жиырма бес сантиметрдей керіп тартады. Дәл осы ашылған жерге шеткі тақтай құйып қойғандай сия кетеді. Ол ағаш қағылмаған болып шықты. Оны жаңағы керіліп ашылған жерден суырып алады. Төсектің астына үңіліп қараса, қуыс кеңістік болып шығады. «Мынау неткен батпан құйрық, оңай жерде жатқан құйрық» – тың дәл өзі. Алынған тақтайдың орны үңірейіп «мен мұндалап тұр». Табанбаев түсіп көрейін деп еді, қанша тырысса да симады тесікке. Керісінше мықынынан қысылып қалып, тесіктен әзер құтылып шықты. Бәрінің көзі есікті бағып тұрған Щепкинге түсті. Оның ана тесікке емін-еркін сиятыны айдан анық еді. Тал шыбықтай дене бітімі алынған тақтайдан да жіңішке еді. Щепкин суға батқан қармақтай төсектің астына түсіп кетті. Үсті-басы шаң-тозаң болып, жарты сағаттан кейін жер астынан шыққандай болып келді барлауға кеткен Щепкин. Әкелген жаңалығы бес бұзақының делебесін қоздырып жіберді. Шынында да төсектің асты емін-еркін еңбектеп жүрсең төбең тимейтін бос кеңістік болып шықты. Басқа камерадағылардай асты күл-қоқыспен толтырылмапты. Еденіне бетон төселмеген. Ағаш төсектің терезе жақтағы бұрышына жақын ескі канализациялық құдық бар екен. Беті ауыр шойын қақпақпен жабылған. Сол қақпақты әлсіз, әлжуаз Щепкин әзер көтеріп ашып, сіріңкенің жарығымен қанша үңілседе, көзі қара түнек құдық түбіне жете алмайды. Соған қарағанда ол өте терең болғаны ғой деп түйіндейді. Түсіп көруге жүрексінеді. Бірақ, бір байқағаны, құдықтың түбінен дымқыл жылы ауа келіп тұрды. Әзер көтерген шойын қақпақты Щепкин әрең орнына қайтып қояды. Осы «барлаудың» қорытындысын ешбір қоспасыз қорқау қасқырлардай аласұрған бес қарақшыға жайып салады. Бар талқылау бұл «құдық па?» жоқ әлде «ескерусіз қалып естен шыққан, көне түрмелерде кезедесетін жер астындағы жолға жалғасатын үңгіршік емес пе?» деген екі жорамалдан алыстай алмайды.
Талқылаудың тоқ етері құдыққа түсу керек деп шешілді. Бірақ оның терең екенін білгенмен, «қаншалықты терең?» деген сұрақ көлденеңдеп тұрып алды. Үш метрден көп болса онда саты керек. Оны кім береді, оны қайдан аласың? Ол мүмкін емес. Онда ұзын арқан керек. Оны кім әкеледі? Сіріңкенің жарығы түкке жарымады, құдықтың түбіне сәулесі жетпеді. Не істеу керек? Ағаш төсектің астына электр жарығын кіргізу керек. Ол үшін ұзындығы кем дегенде төрт метрдей сым (провод) және электр шамы (лампочка) керек. Бұл екеуін камерадан шықпай табу қиын, біреу әкеліп қолға ұстатпаса. Оны кім әкеледі. Бір күні Колокольников ыстығым көтерілді деп серуенге шықпай қалды. Далада күн суық болатын. Серуендеу әдеттегіден еретерек бітіп, бесеуі камераға апыл-ғұпыл кіріп, жылы су құбырына қолдарын тигізіп, тізіліп отыра кетті. Колокольников Канищевті шақырып алып, жастығының астын жартылай көтергені сол еді, Канищевтің көзіне оралып жатқан электр сымы түсті. Харам сөздер қоспаса сөйлем құрай алмайтын Канищев « о-о, енеңді… бұны қайдан алдың» деп қуаныштан ба жоқ әлде қорықаннан ба, оны өзі де білмейді, алаңсыз тұрған Колокольниковті кеудеден түйіп қалды. Соққы қатты тигені сонша ол дем ала алмай тұншығып қалды. Қақалып-шашалып «сенің есің дұрыс па ?» деуге ғана шамасы келген Колокольцев, есін жиған соң сымның қайдан алғанын айтып берді. Ол жалғыз қалғанда, камераның ішін, төбесін зер сала зерттеп шығады. Өздері отырған камера арқылы келесі қосалқы бөлмеге электр сымы тартылғанын көреді. Ол бөлмеге ешкімнің келмейтінін, оның әрдайым жабық тұратынын бұрыннан байқап жүретін. Сол сымды камераға кіретін және шығатын жерінен сындырып жұлып алады. Ұзындығы бес метрден аспаса кем емес. Енді электр шамы керек. Шам ғана емес сол шам бұралатын түбіршік те (патрон) керек. Табанбаев моншаға барып жүргенде ( тәртіп бойынша моншаға түсерде киімді жуынатын бөлменің алдына шешіп, жуынып болған соң басқа бөлмеде киінеді) киім киетін бөлмеде баяғыда істен шығып, шаң басып, өрмекшінің торына оранып тұрған сондай түбіршіктің біреуін көргенін айтады. Ертеңіне моншаға барғанда Табанбаевтың өзі бақылаушы қызметкер көзін тайдыра бере түбіршікті дыбысын шығармай түбімен жұлып алып, жеңінің ішіне тығып камераға алып келеді. «Енді не істейміз?» – дейді Канищев қою қара шайды үрлей ұрттап тұрып. «Мен түспеймін. Шойын қақпақты көтеремін деп, белім шойырлып қалды. Енді тағы көтерсем белім үзіледі» – деп Щепкин безектей жөнелді. «Саған басқа жұмыс табылады. Шәңкілдей бермеші. Нардың астына мен өзім түсіп, өз көзіммен көріп келейін. Бүгінгі кезекшілікке түскен бақылаушылар басқалардан ерекше екенін білесіңдер. Қайта-қайта тексеріп, тынышыңды алады. Түнгі екіге дейін өткен жолғыдай есікке шұқшиып қарап тұрып алса, тырп ете алмайсың. Сондықтан сағат түнгі үште мен нардың астына түсемін. Менің төсектегі орныма қазір «қуыршақ» жасайық. Ұзындығы да, көлемі де тура менің денемдей болсын. Екі көрпе жабыңдар. Мен қайтып келгенше бәрің шырт ұйқыда жатқандай қозғалмайсыңдар» – деді де үстіндегі бір қабат жылы киімін шешіп, «қуыршақты» киіндіріп өз орнына жатқызды. Электрик болмасада жөндеуден хабары бар Печерин сымға шамды қосып дайындап қойған болатын. Ол сымның басын есік жақта төсекке жақын орналасқан розеткаға тығып, сым көзге түспесін деп оның үстіне ескі көйлекті іле салды. Шам байланған жағын нардың астына түсірді. Шынында да бас сиған жерге дене сияды екен. Щепкин сиған тесікке алғашқыда Канищев симаймын-ау деп қауіптенгені бекер болып шықты. Денесі еркін өтпеседе, Канищев қысыла-қымтыла ағаш төсектің астына түсті. Электр шамын түбіршікке бұрап өзі жақты. Шойын қақпақ шынында да ауыр екен. Шамның жарығын құдыққа түсірді. Тереңдігі бес метрдей, жан-жағы айнала қызыл кірпішпен қаланған. Қолданудан шыққан ескі құдық. Кірпіштері ескірген. Түбіндегі үш-төрт қатары үгітіліп, опырылып кеткен жерлері де бар екен. Құдықтың жақтауына аяғын кезек-кезек тіреп, Канищевтің табаны құдықтың түбіне тиді. Іші айтарлықтай кең болмағанымен емін-еркін айналуға болады. Қаланған кірпіштердің төменгі қатарларының бәрі дерлік үгітіліп тұр. Тот басып, жартылай топыраққа батып, ескірген екі құбыр жатыр. Біреуінен анда-санда судың сылдыры естіледі. Екінші құбыр құдықтың ішіне дейін әкелінген. Оны үлкен құбырдың бүйірінен жалғап бір-біріне қоспақшы болған. Жөндеу жұмыстары бітпей қалған. Немесе екі құбырды жалғау тиімсіз деп шешілген. Канищев аяғының астын құлаған кірпіштерден тазарта бастады. Дымқыл топырақты қолымен аршып құбырдың жан-жағын тазалады. Жөндеу жұмыстары кезінде қолданылған темір-терсек, саймандар табылды. Сабы сынған екі үшкір күрек шықты. Көктен іздегені жерден табылған соң, Канищевтің жүрек дүрсілі жиілеп, алқымына келіп тірелгендей болды. Демін алып, темекі тартпақшы болып еді, темекісі киімінің қалтасында қалып қойыпты. Екі қолы алдына симай, түрмені қоршап тұрған биіктігі жеті метрлік қорған жақты жорамалдап, құдықтың түбіндегі үгітіліп тұрған кірпіштерді бір-бірлеп алып, өзі сиятындай қуыс бұза бастайды. Қуыс дайын болған соң жердің қыртысын күрекпен қазып көріп еді, ондаған жылдар бойы ылғал сіңіп, құм араласқан топырақ әбден дымқылданып қалыпты. Тіпті қолмен қазуғада болады екен. Бес-он минуттың ішінде бір құлаштай үңгіп тастады. Одан шыққан топырақ едәуір үйіліп қалды. Үйілген топыраққа қарап тұрып, Канищев енді қазудың пайдасыз екенін түсінді. Топырақ сиятын жер қалмады. Құм араласқандықтан болар, топырақ тарыдай шашылып жиылмай қойды. Канищев жұмыстың бәрін доғарды. Темекінің дәл керек кезде жоқтығы тағы да ызасын түсірді. Камераға көтерілу керек. Бұл оңайға түспеді. Ары ұмтылып, бері ұмтылып аяғын тірейтін жер таппады. Өне бойын тер басып кетті. Ызаға қорқыныш қосылып, тірідей көрге түскендей күй кешіп әуре-сарсаңға түсті. Айқайлайын десе, дауысын бақылаушылардың есітіп қоюы әбден ықтимал. Себебі түрме таңғы ұйқының құшағында. Амалы таусылып, шарасы бітіп құдықтың түбіне отыра кетті. Түрткіленіп отырып, өзі қазып алған темір-терсектің ішінен қазық сияқты ұзындығы бір қарыстай кесіндіні тауып алды. Орнынан тұрып, иығының тұсынан жаңағы кесінді темірдің жартысын кірпіштердің арасына бұрап-бұрап кіргізді де, жан-ұшыра өрмелеп сол темірге аяғын тіреп бойын түзегенде, оң қолының саусақтарының ұшы құдықтың ернеуіне тиді. Құдықтың қақпағын жабуға әлі жетпей, сүйретіліп төсекке көтерілгенде, бақылаушы есікті қағып таңертеңгі тамақтың келгенін хабарлады.
Алтауы жердің астымен қашу жоспарлары пісіп жетілгенше, егжей-тегжейін пысықтаумен болды. Мән берілмеген ұсақ-түйек қалмады. Жоспар бекітілді. Жер астындағы қазба жұмыстары шұғыл басталды. Жер астын тесіп шығып қашуға он бір күн қалған болатын. Жоспарлары былай болды. Қашу қарашаның жетісінен сегізіне қараған түніне белгіленді. Оның басты себебі тоғызыншы қарашада бұларды жан-жаққа таратып жібереді. Қазу тек түнде сағат үшпен бестің арасында жоспарланды. Одан бұрынғы уақытта көзге түсіп қалу қаупі анық еді. Тек қана екі адам қазатын болды. Біреуі қазады, екіншісі қазылған топырақты жоғары шығарып отырады. Шыққан топырақ ағаш төсектің астына матаға немесе шүберекке оралып жиналатын болды. Осы мақсатқа қолдану үшін камерадағы ескі-құсқы киім-кешек, екі қалың көрпенің(матрац) тысы бірнеше бөлшекке бөлініп дайындалды. Түйілген топырақты жоғары көтеріп шығару үшін екі жылы көрпенің(одеяло) шетінен төрт елідей жыртылып алынып, арқан өріліп дайындалды. Олай етпесе топырақ шашылып құдыққа қайтадан сынаптай сырғып түсіп отырады. Топырақ аз шығып, ағаш төсектің астына сию үшін үңгіршік кең болмай, ықшам ғана қазылсын деп ұйғарылды. Жоспар әбден пісіп, жетілген соң іске кірісті. Бәрі жоспарланғандай болды. Бірақ қана кездейсоқ жағдай орын алды. Жеті метрдей жер қазылып бітуге таянғанда күректің ұшы қатты тасқа тиеді. Қырып тазаланғанда түрмені қоршап тұрған қорғанның іргетасы(фундамент) екені белгілі болды. Қазіргі заманның бетон блоктары емес. Таудың тасынан іріктеліп терілген он сегізінші ғасырда қаланған патшалық Ресейдің «іргетасы». Оның үш метрі жерге көмілген. Үңгіршік қазылып сол іргетастың бел ортасынан шыққан. Сондықтан Канищевтың жаны алқымына тығылып, іргетастың астына қарай қазуға тура келді. Оған жоспарланбаған бір күн кетті. Үңгіршік қазылып бітті. Камерада тек қана Колокольников қалды да, қашқындар түнгі төртте үңгіршіктен далаға шығып, қарашаның қалшылдаған қара суығында түн құшағына еніп, бесеуі бес жаққа кетті…
Түрме қорғанына жапсарласа салынған ұзын ағаш барак болатын. Ол баракта қуғын-сүргін жылдары бәле-жаламен сотталған саяси тұтқын әйелдер отырыпты. Әйгілі Галина Серебрякова сол баракта отырған екен. Сол барак бүгінде тұрғын үйге айналған. Соның бір қарт тұрғыны аулаға бір шаруамен шығып қабырғаның түбіне жиналған қаңылтырлардың ретсіз шашылып жатқанын байқайды. Соны қайтадан жинайын деп біреуін көтеріп қалғанда астынан адам сиятындай тесік көреді де, жүгіріп отырып тергеу изоляторының кезекшісіне хабарлайды. Мағауия Кутанов жедел түрде камераға жетіп, есікті ашып Колокольниковке «көрпелерді аш» -дейді. Көрпелер ашылғанда бес қашқынның орнында жансыз бес «қуыршақ» жатады. Содан кейін М.Кутанов маған телефон шалады.
… Ол кезде суыт хабаларды теледидардан, радиодан жария ету үрдісі қалыптаспаған болатын. Осы төтенше жағдайдың болғанына екі күн өткен соң түн жарымда мекемеге генерал-майор М.Д.Қалматаев келді. Ескертпей келді. Мекемеге кіретін екінші темір есіктің алдында күтіп алдым. Батырға да жан керек. Аузыма дұрыс сөз түспей, сасқалақтап қалдым. «Не шаруа бітіріп жатырсыңдар?» – деді де менің жауабымды күтпей кабинетке көтерілді. Шинелінің түймелерін ағытты да шешпеді. «Сен қалай түрмеге «түсіп» жүрсің?»- деді түсін жылытпай. Сұрағының астарын түсіне қойдым да өмірбаянымды айтып бердім. « Тергеу изоляторының бір тәулік өмірін айтып берші» – деп темекісін тұтатты. Айтып бердім. «Осы түрменің үш ғасырдай тарихы бар екен. Басқармаға бағынышты бөлім мен бөлімшелердің ішіндегі ең осалы, ең нашары осы тергеу изоляторы ма деп қалдым. Неге жетім баланың күнін кешеді? Сен қалай ойлайсың, а?» -деді Мұрат Дюсенбіұлы. Менің мекемеге қызметке келгеніме он ай болған. Осы уақыт ішінде ойыма түйгендерді айттым. Орнынан тұрып кабинетте ілулі тұрған Совет Одағының картасына жақын келіп, Ауғанстан территориясына біраз көз жүгіртті. «Төтенше жағдайдан кейін, қала жұртшылығы дүрлігіп кетті. Тиіп-қашты сөздер, өсек-аяң етек алды. Шындыққа жанаспайтын қоспалы деректер көбейіп барады. Бірнеше адам қашқындарды көріпті-мыс. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай айтатын әдет қой бұл. Сондықтан сен ертең дайындалып ақиқатты жасырмай, болған жағдайдың бәрін теледидар, радио арқылы халыққа хабарлама жаса. Қашқындардың суреттерін де көрсетіңдер. Көргендер болса ұстауға қолғабыс жасасын. Өсек тарататындардың аузына қақпақ салу керек, түсіндің бе?»- деп тапсырма берді де таңға жақын кетті. Бұйрықты бұлжытпай орындадым. Шынында да қауесеттер су сепкендей басылды.
Бір аптадан кейін Басқарманың үлкен залында(ол кезде Басқарма ғимараты Орджоникидзе 1 көшесінде орналасқан болатын, қазір генерал Беспаев атындағы көше) төтенше жағдайдың себебтерін талқылауға арналған кеңейтілген мәжіліс болды. Ондай мәжіліске кілең ығай мен сығай жиналады. Кінәлілерді сілкитін жер. Жон арқаңды қамшымен осатын бас қосу. Шалқайып кіріп, еңкейіп шығатын жер. Еңкейіп кірсең, есеңгіретіп еңбектетіп шығаратын алқалы жиын. Дайындалған бұйрықтың жобасында он бір қызметкер жазаға тартылған. Оның төртеуі органнан шығарылмақшы. Бастықпен қоса оның екі орынбасары қызметтен босатылмақшы(олардың ішінде менде бармын). Бұл бұйрық талқыға түскенде қылышын қайрап отырғандар белсенділік танытты. Осындай жағдайда ақталу тіпті мүмкін емес. Аузыңды аштырмайды-ау. Итжығыс шарықтау шегіне жеткенде нүктені генерал-майор М.Д. Қалматаев қойды. Бұл шешімді ешкім күтпеді. М.Д. Қалматаевтың Басқарма бастығы болып тағайындалғанына тоғыз айдай болған. Бұл қызмет генералға жеңіл соғып жүрген жоқ болатын. Ішкі істер министрлігінің Саяси Басқармасына басшылық жасап жүріп, әділетсіз түрткіге ілініп, одан кейін Ауған соғысында от кешіп келіп, Семей облыстық ішкі істер Басқармасына бастық болып тағайындалған. Кәсіби саяси қызметкер. Адам жан-дүниесінің білгір маманы. Өз сөзінде М.Д. Қалматаев болған төтенше оқиғаға залда отырғандардың бәрінің кінәлі екенін, жауапты екенін баса айтты. Түрменің қаланың қай бұрышында орналасқанын білмейтін басшыларды атады. «Тыныш ұйықтаймын десеңдер түрмені айланып өтпеңдер» -деп өз шешімін жария етті. Бұйрық қайта жазылып, он бір адамның бәрі түрлі жазаға тартылып, бір ғана орынбасар қызметінен босатылды. Органнан ешкім шығарылған жоқ. Кейін білдік, осы шешімді бекітуін сұрап, жоғарғы жақты көндіру үшін біраз тер төгіпті. Сөз орайы келгенде айта кетейін, осы оқиғадан тура үш жылдан кейін М.Д. Қалматаев мені тергеу изоляторына бастық етіп тағайындады.
Төтенше жағдайдан кейін бір ай өткен соң қашқындар бірінен соң бірі ұстала басталды. Бірінші болып Табанбаев қолға түсті. Қашып жүріп Печерин өзінің бұрынғы сыбайластырының қолынан қаза болды. Щепкин мен Канищев Қиыр Шығыста құрықталды. Ал Добровольский өзі келді ! Иә, өз еркімен, қашып шыққан түрмеге түнделетіп қайтып келді.
…Күндегі әдетім бойынша түн жамылып кабинетте отыр едім, есік қағып кезекші кірді. «Аға, Добровольский келіп тұр, түрмеге кіргізейін бе?» -деп маған не айтар екен деп тесіле қарап қалыпты. Мен оған қарап отырмын. «Кірсін» -дедім. Добровольский қашқаннан қашып отырып Иркутскі облысындағы жалғыз әкесіне барады да «әке, маған колонияның бастығы бір айлық демалыс берді. Сізді туған жеріңіз Мордовияға көшіріп, орналастырып, демалысым біткен соң қайтамын түрмеге» -дейді әкесіне. Әкесін көшіріп, алған үйіне жайғастырып, отын-суын дайындап, қайтады Семейге. Поездан кешке түседі. Семей бейтаныс қала. Жаяу жүріп, қалада адасып, түрмені таба алмайды. Бір көшенің қиылысында тұрған МАИ қызметкеріне жолығып,- «мен адасып, түрмені таба алмай жүрмін. Онда туысым жатыр еді. Жол көрсетіп жіберіңізші»-дейді. «Біздің қаланың қонағы екенсің, мен саған жол көрсетпеймін. Сен бәрібір тағы адасасың. Сондықтан өзім апарып саламын»-деп бір жеңіл машинаны тоқтатып, Добровольскийдің аяғын жерге тигізбей алып келеді түрмеге.
Ол кез ала таяқ ұстағандар жалақыға жарымай жүрседе бәрі адал болатын заман еді.
Айтпақшы, 5-ші қараша күні Семейде орналасқан түзеу мекемелеріне мейрам күндерінде күшейтілген іс-шараларды қадағалау үшін Ішкі істер министрлігінің еңбекпен түзеу мекемелері басқармасының бөлім бастығы ішкі қызмет майоры Безруков А.В. келген болатын. Сол Безруков А.В. 7-ші қарашада күні тергеу изоляторына арнайы келіп, барлық камераларды аралап, отырғандардың арыз-шағымын қабылдап, біраз жұмыс жасады. Күңгірт және тар дәлізге бұрылып, 8-ші камераға қарай келеміз.
– Бұл жақта да камера бар ма?
– Иә. 8-ші камера.
– Ол неге бөлек орналасқан?
– Транзиттік камера ғой.
– Қазір онда кімдер отыр.
– Соңғы нұсқауға сәйкес ол камерада пиғылы қара алты есерсоқ отыр.
– Ә, есіме түсті. Ол камераға кірмей-ақ қояйық. Қазір кірсең аспандағы айды алып бер деп, «буынсыз жерге пышақ салады». Солардың түрінде, өздерінде көргім келмейді.
– Ерік сізде, жолдас майор.
Бұрылып кеттік. Ерінбей, жалықпай 55 алты камераны аралатып, соңғы 56-шы камераға кіргізбеген қандай шайтан болды екен. Біз күтпеген жерден камераға кірсек, қылмыстың үстінен түседі екенбіз. Дәл сол кезде Печериннің күрегі іргетасқа тіреліп, үңгіршіктің ішінде дегбірі қашып, аласұрып жатыр екен. Міне, қылмысқа жол бермеудің соңғы, «жүзден бір» мүмкіншілігін осылай уыстан шығарып алдық…
Қарт майдангердің омыртқасына қадалған оқтың жарықшығындай, отты жылдардың жаңғырығындай болып, бұл оқиға менің сана-сезімімде ерекше естелік болып қалып, әрдайым жанымды ауыртып, сыздап қояды.

(сотталғандардың аты-жөні өзгертілді)

Әли Хан Омарбеков, отставкадағы ішкі қызмет полковнигі.

 Will Dissly Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз