СОҢҒЫ ЖАЗА (түрме хикаяттары-7)

375

… Жоғарғы заң оқу орындарында «Қылмыстық құқық» деген оқулық бар. Осы оқулықта басқа тараулардан оқшау тұрған, аты да, заты да, мазмұны да суық тарау бар- «Өлім жазасы» деп аталады. Иә, бұл тарау осылай аталады. Жағаңды ұстатып, жаныңды түршіктіреді. Тарауда жазаның кешегі Совет заманында талай жойылып, қайтадан ендірілгені туралы айтылады. Оның негіздері, себептері мен салдары сөз болады, талданады. Уәждеріне көнесің. Осы тараудың діңгегі, қазығы-оның астарында жатқан тұжырым. Жаратқан берген жанды жаратқан алу керек.

Бірақ… Өлім жазасының үзілді-кесілді, түп-тамырымен жойылып кетуіне осы «бірақ» кедергі болып тұрғандай болады маған. Қырағы құлақ оқырмандардың есінде шығар, осыдан бірер жылдар бұрын Қазақстан өз алдына оңаша отау тігіп, ел қатарына қосылып, көшін түзеп алған соң, қоғамның барлық саласында реформаларды рет-ретімен  жүргізе бастады. Сондай реформа қылмыстық-атқару жүйесін айналып өте алмады. Бұл жүйе бар жерде жаза бар. Екеуі егіз дүние ғой. Ал өлім жазасы – ол жаза. Жазаның соңғысы. Осы жаза өмірді аяусыз кеседі. Бұл жаза біздің қоғамымызға қажет пе, әлде қажетсіз бе? Осы жаза жойылса, қылмыс қаулай ма, жоқ керісінше, бәсеңдей ме? Осы сауалдың төңірегінде талай пікірталас болғанына куә болдық. Бұл пікірталасқа заңғар заңгерден бастап, ауылдың күйбең тірлігінен бір аттам шыға алмайтын шаруа да араласты. Қоғамдық пікір қақ бөлінді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында мен Әль Фараби атындағы ҚазМу-нің заң факультетіне сырттай оқуға түстім. Аты аңызға айналған оқымыстылардан дәріс алдым. Заң ғылымының майын шағып, том-том оқулық жазған майталман ғалымдардың сынағынан  бірде сүрініп, бірде сүрінбей өттік. Өлім жазасы төңірегіндегі әңгімеден олар да тыс қалмады. Осы жазаға қарсылардың қатары сирек емес екен, қолдаушыларда баршылық болды. Ал мен ше? «Қарсымын» – деп оң қолымды, «қолдаймын»-деп сол қолымды көтеремін. Өз пікірі жоқ, көзқарасы әле қалыптаса қоймаған мынау өзі қандай адам деп, жер-жебіріме жетіп сөге қоймаңыз, қадірменді оқырман. Себебі мен, қызмет бабына байланысты өлім жазасына кесілгендердің арасында болдым. Үкім күшіне еніп, оларды абақтыдан алып кеткенше, оларға жағдай жасау менің міндетім болды. Солай болдырса, қайтесіз…

Орайы келгенде айта кетейін. Жалпы өлім жазасына кесетін үкім шығару сотқа да, сотталушыға да, сот отырысына шақырылған барлық қатысушыларға оңай тимейді. Бұл үкім сотталушыны қандықол қылмыскерді өлімге апарып тіреп қояды. Ал, судья әділ үкім шығару үшін бірнеше томдық қылмыстық істі көз майын тауысып оқиды, саралайды. Таразыға салады. Сотталушыға қылмысын мойындатудың өзі судьядан табандылықты қажет етеді. Адам жанына адамның қол салуы оның жүрегіне де жеңіл соқпайды. Қанішер қылмыскердің кесірінен жазықсыз қайғылы қазаға душар болған бейкүнә адам тағдыры судьяның жүйкесіне оқтай болып қадалып жатады. Ол да адам баласы. Судьяны айтамын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өлім жазасына кесілген қылмыскердің ісімен танысқанда «Кровь в жилах стынет» деген жанайқайы әлі есімде. Бұған менің алып, қосарым жоқ.

… Ол кезде мен мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарымын. Бұл бір қиямет-қайымы бастан асатын, көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін жұмыс. Кімді тәрбиелейтініңді білмей аһ ұрасың, сенің тәрбиеңді керек қылмайтындарды көріп тауың шағылады. Түрме мен тәрбие синонимдер емес, немене еді әлгі, антонимдер олар. Отырғандардың барлығына күйе жағу артық болар, бірен-сараны болады сенің айтқаныңа «е-е, дұрыс екен ғой»- дейтін.

Өлім жазасына кесілген Теміртас Елесов деген қылмыскер отырды. Қылмыс әлеміне сонау бозбала күнінде кішігірім ұрлық жасаумен еніп, оның шырмауына байланып, бірнеше адамның өміріне қол жұмсап, ауыр жазаның ең соңғысына кесіліп, тас қамалдың ішіндегі тұрсаң төбең тиетін, жатсаң аяғың тірелетін, отырсаң тізең симайтын тап-тар қапаста өмір мен өлім арасындағы қыл көпірде күн өткізіп жатты. Ол, әрине, өзін қылмыскермін, күнә басымнан асқан қарабетпін деп санамайды. Оның кәсібі қылмыс жасау. Сол жылдары менің байқағаным, осы жазаға кесілгендер, тергеу изоляторынан алып кеткенше әр-түрлі өмір кешті. Біреуі күндіз-түні кітап оқиды, екіншісі төбеден бір нүктені тауып алып тәулік бойы соған тесіле қарап жата береді, жата береді, үшіншісі болса құрдай жорғалап, қол қусырып «молда» болып шыға келеді. Тәжіктердің мынандай мақалы бар екен «адам болу қиын, молда болу оңай» деген. Тауып айтылған мақал. Есігіне жақындағаннан сенің іші-бауырыңа кіріп «Оу, құдайдың құлы бармысың? Күнәға толы жер бетінде қалай өмір сүріп жатырсың?-деп арбайды-ау сені. Ал, Теміртас кітап жазды. «Кеше және бүгін» деп атады жазбаларын. Ауық-ауық «оқып шығыңыз» деп маған береті. Жер шарының, кеңістіктің, ғаламның, адам баласының жер бетінде пайда болуын, дамуын және болашағына өзінше түсінік беріп, болжам жасайтын. Белгілі тарихи оқиғаларды, деректерді жүйелеп, тарататын. Бәрі болмасада кейбірі адамға ой салатын. Менің тарихшы екенімнен хабардар болатын. Сондықтан кей күндері ол екі темір есіктің ар жағында мен бер жағында отырып пікір таластыратынбыз. Әрине, әркім өзінікін дұрыс деп табады. Мен оны ашуландырып, ашындырмайын деп «жеңілемін». Ешқашан қызылкеңірдек болған емеспіз. Оны ызаландыру менің мақсатым емес. Керісінше ол тыныш болуы керек. Сөйлесіп отырғанда біріміздің көзімізге біріміз тесіле қараймыз. Теміртастың менің көзімнен не көретінін мен білмеймін. Ал мен оның қанталаған көзінен қарлы ызғар мен қатігездік көретінмін. Кәдімгі жарасын жалап жатқан жаралы қасқыр. Аш қорқау қасқыр бір отар қойға шапқанда бір ғана қойды алып кетпейді ғой, жусатып қырып кетеді. Мынау да сол. Аяқ-қолы кісенделмей, аз уақыт қараусыз қалса, қырып кетері даусыз.

… Түн жарымда маған менің әріптесім, мекеме бастығының бірінші орынбасары Олег Алкаев телефон шалды. «Жаңа ғана мекеме кезекшісі телефон шалып, Теміртастың асылып қалғанын хабарлады. Біз келгенше есікті ашпаңдар дедім. Жүр, бірге барып келейік»-деді. Ол көрші үйде тұратын. О. Алкаев бойы ұзын, екі иығына екі кісі мінгендей, еңселі жігіт. Камераның алдында тұрмыз. Темір есіктер әлі жабық тұр. Жедел түрде кезекші прокурор, тергеуші және эксперт келіп жетті. Теміртас ішкі темір есікке арқасын сүйеп теріс қарап, екі аяғын алға қарай созып жіберіп, еденде отыр. О. Алкаев барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, бірінші темір есікті ашты да, экспертті ымдап өзіне шақырды. Әр түрлі маталардың қалдықтарынан өрілген жіп мойнына байланып, болар-болмас тартылып, жіптің ұшы темір есікке байлаулы тұр. Эксперт өз қолымен жіпті шешті. Теміртас тапжылмай отыр. О. Алкаев төрт жігітке сақадай сай тұрыңдар деп екінші темір есікті ашты. Теміртастың денесі есікпен бірге еденге созыла құлады. Осы кезде О.Алкаевтың көзі Теміртастың оң жеңінен ұшы көрініп тұрған қара затқа көзі түсті. Ақырын тартып суырып алып еді, сол жерде тұрғандардың түрлері бұзылып қоя берді. Кәдімге жалтырап үшкірленген ұзындығы 15 сантиметрдей «штырь». Ұстауға ыңғайлы болсын деп ағаштың сынығынан шүберекпен орап сап жасап қойыпты. Салқын қанды, төтенше жағдайлардың талайын көріп, тіс қаққан, тәжірбиелі Алкаевтың да бет әлбеті сұп-сұр болып бұзылып кетті де: «Ой, жігіттер, құдай сақтап, бір өлімнен қалыпсыңдар. Егерде осының асылуына жол бермей, араша түсеміз деп камераның есігін ашқанда, бәріңді жайратып салуы әбден мүмкін еді. Бұның есебі солай болған. Кіргендеріңді жаралап немесе мерт қылып, өз өмірін ұзарту еді бұның пиғылы»-деді Олег. О.Алкаевтың сөзінің жаны бар. Бетін аулақ қылсын үкімнің күшіне енуіне санаулы күндер қалған болатын. Теміртас сол түні біреуді өлтіріп немесе жарақат салса, бұл қылмыс болып табылады. Қылмыстық іс қозғалады. Тергеледі. Сот болады. Бұл әжептеуір уақыт. Қосымша өмір.

Ертеңіне түстен кейін Мәскеуден үлкен пакет келді. Ішінде Жоғарғы соттың Семей облыстық соты шығарған ату жазасы бекітіліп, орындалсын деген қаулы бар екен. Теміртас өз үкімін өзі орындады.

Осындай ауыр жазаға кесіліп, күн санап тергеу изоляторында Евлампий Смертин деген отырды. Онымен сөйлесу, тілдесу қиынның қиыны болатын. Өмірден осыншама түңілген адамды бұрын-соңды кездестірмеппін. Адам көрсе азуын қайрайтын, қаніпезер еді. Сенің қойған бірде-бір сұрағыңа дұрыс жауап бермейтін. Ойы арам, мақсаты азғындық, сөзі қисық, мінезі қырсық, қылығы қыңыр. Сенің жасаған бір ісіңді құптамайды. Қызмет бабы болған соң барасың. Бармасаң шақырады. Жүйкеңді жұқартып, миыңды ашытады. Үкім Мәскеуде қаралып жатыр. Хабар жоқ. Евлампий мазасыздана бастады. Қолымыздан келгенше көңілін аулаймыз. Көніп жатқан ол жоқ. Смертин де өмірмен өз еркімен қоштасты. Хат жазып қалдырыпты. «Ешкімді кінәләмаймын. Жарық дүние мен үшін жабық дүние. Мені ататындар жұмыссыз қалдық деп «өкпелемесін». Тергеуші Евлампийдің төс қалтасынан кәдімгі Бүкілодақтық кәсіподақтар Орталық кеңесінің «Труд» газетінің қиындысын алды. Ашып қарасақ «Жоғарғы сотта қаралды» деген айдармен СССР Жоғарғы сотының  отырысы туралы ресми хабар басылыпты. Сонда сол хабарда тек қана Смертиннің аты-жөні, жасаған қылмысы туралы мәлімет, Семей облыстық сотының Смертинге өлім жазасы кесілген үкімі өзгеріссіз бекітілді деген ақпар басылыпты. Сол газетті сонау Мәскеуден тура Смертиннің қолына әкеліп берген қандай құдірет десеңізші.

Мен мекеме бастығымын. Шаруам шаш етектен асып жатса да, өлім жазасына кесілгендермен тілдесуге, арыз-шағымдарын тыңдап, оларды қанағаттандыруға, жағдайларын біліп тұруға әрқашан уақыт табатынмын. Құдайдың өзі кешірсін, адам баласы ғой деп, аяйтынмын оларды. Карп Тень деген отырды. Мойнында бірнеше адамның қаны бар. Қапаста отырып, қоян сияқты өмір кешті. Ұшқалақ, қорқақ. Кез келген тықыр-сықырдан зәресі ұшып үрейленіп отыратын. Дыбысын шығармай, есікке жабысып, «глазоктың» алдынан кетпейтін. Үкім бекітілді. Алып кетуге азуына дейін қаруланған ерекше топ келді. Ғимараттың ішінен  кезекші маған телефон шалды. «Аға, Карп Тень камерадан шығар емес. Уақыт өтіп барады. Ерекше топтың бастығы асықтырып жатыр». Камераның темір есіктерінің алдына келіп, ішіне қарап едім, боп-боз болып, қалтырап, дірілдеп тұрған Карпты көрдім. «Карп, сабыр ет. Не болды саған? Карп!». Мені есітер емес. Сұрағыма жауап бермейді. Есіктерді аштырдым. Қауіпсіздік шараларын сақтап, арнаулы дайындықтан өткен екі қызметкерді ертіп, камераның табалдырығынан аттағаным сол еді, Карп маған қарай оң қолын созды. Дірілдегені басылар емес, керісінше үдеп барады. Соқыр адамдай қабырғаны сипалап маған жақындап келе жатыр.

– Қазір осы жерде атады ма?

– Жоқ, ешкім сені атайын деп жатқан жоқ.

– Енді не істемексіздер?

– Алматыға алып кетеді, сонда сенің ісің қайта қаралуы мүмкін.

– Шын айтып тұрсыз ба?

– Мен сені қашан алдап едім.

Өзі шықты. Карптың бетіне қарауға дәтім шыдамады. Кәдімгі қу шөп болды да қалды. Дірілдің күшейгені соншалық, аяғы жерге тимейді. Жігіттер қолтығынан демеп, алып кетуге келген ерекше топқа тапсырды. Құжаттарға қол қойылды. Олар барлық талапқа сай қабылдап алып, автокөлікке қарай  кетіп бара жатыр. Ауыр қақпа, ыңырана ашылды. Іздерін басып, менде ілесіп келемін. Екінші қақпаны ашайын деп жатқанда Карп топ бастығына қарап: «бір өтінішім бар еді. Мекеме бастығымен сөйлесуге рұқсат етіңізші»-деді.

– Мына түріммен мен Алматыға жете алмайтын шығармын. Бір аптаға сұрап алып қалыңызшы. Жексенбі күні жалғыз қарындасымның туған күні еді. Келсе жер сипап қалады  ғой. Бір жақсылық жасаңызшы.

-Карп, өкпелеме. Ондай құқық менде жоқ.

Бойынан күш-қуат кетті. Автокөлікке көтеріп отырғызды. Он сағаттан кейін «Карп Тень Аякөзге жетпей жолда жүрегі жарылып қайтыс болды» деген жеделхат келді.

Тергеу изоляторында өлім жазасына кесіліп Митрофан Горбатов деген отырды. Оның сыбайластыры 15, 20 жылға бас бостандығынан айырылып үкімнің күшіне енуін күтіп оларда жатыр. Митрофан бір кісілік камераға көшірілгеннен кейін «қойдан жуас» бола қалды. Аспаннан күндіз-түні жалынып сұрайтыны өмір. Діни кітәптарды бесеуден-алтаудан алдыртады. Бұрышта ілулі тұрған пайғамбарының суретіне қарап, тізерлеп отырып алып, күбірлеп тілдесіп жатады. Күнара шақыртып шіркеудегі «әкейдің» де әлекке салып, мазасын алды. «Өлім жазасы, басқа қатаң жазаға ауыстырылып, маған өмір қайта берілсе, адам баласы былай тұрсын, құрт-құмырсқаның да маңдайын шертпес едім»-деп жалынады, жалбарынады. «Осының шыны ма, жоқ әлде сандырағы ма екен?» – деп қоятынмын. Күндердің күнінде өлім жазасы 25 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырылсын деген қаулы келді жоғарғы жақтан. Жазасы өзгерген соң, камерасы да ауысады. Ұзын дәлізбен көп кісілік камераға алып келе жатырмыз. Көрші камералардың бірінен сыбайласының дауысын айна-қатесіз танып, өлім аузынан қайтып келе жатқаны есінен шықты да кетті. Жағы қарысқырдың аузынан қара ит шығып, ақ ит кіреді. Байлаулы аш төбеттей жұлқынады. Оған басу айтқан сайын өрши түседі. «мен сені жер басып жүргізбеймін. Сотта кінәнің бәрін маған жаптың. Өзің періште болғың келеді. Кездескен жерде қаныңды ішемін» -деп бүкіл түрмені басына көтеріп, бақырып келеді. Ақылға симайтын жағдай болды. Жақын орналасқан камералардың біреуінен қатқыл дауыс естілді: « Ей, есуас! Сені кешірген мемлекетке айтқан алғысың ба бұл. Бұданда сенің атылып кеткенің әбден орынды еді. Жаныңның шүберекке түйіліп, қылға ілініп тұрғаны есіңнен шығып кетті ме? Оңбаған хайуан ! Біздің камерға кіргізіңіңіздер! Жаңағы сөздері үшін біз жауап алайық!». Абақты іші құлаққа ұрғандай жым-жырт бола қалды. Шыбынның ызыңы естіледі. Мына сөздер сүйегінен өтті-ау деймін. Тым-тырыс болып, Митрофанның үні өшті. Көпке дейін көпшілікке қосыла алмай, камерадан-камераға ауысып әуре сарсаңға түсті.

Кешірім дегеннен шығады. Бүгінде о дүниелік болған Рим Папасы Иоан Павел ІІ өзіне қастандық жасап, оқ атқан қаныпезерді түрмеге барып, басынан сипап отырып кешірді емес пе? Рухы биік адамда кек болмайды, ол кең болады. Мемелектте солай. Құдайға шүкір, еңсеміз көтеріліп, әл-ауқатымыз жақсарып келеді. Соның айғағы.  Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын, өлім жазасына кесілгендердің үкімі күшіне енгеннен кейін, қосымша тағы бір жыл отыратын болып шешілді. Үкімді орындау бір жылға шегерілді. Бұл өте маңызды қадам болды. Себебі таразда адам өмірі тұрды. Мүмкін сот қателескен шығар. Мүмкін сол бір жылдың ішінде, кешірілудің бір мүмкіншілігі болар. Мұқият, қайта қаралсын…Жаратқан берген жанды жаратқан ғана ала алады.

Енді міне өлім жазасына тиым салынды. Бұл көзсіз ерлік емес. Бұл нағыз ізгілік. Ал, ізгілік адамдар қарым-қатынасының философиясының күре тамыры, іргетасы. Санада үрей, қорқыныш, қатыгездік болмаса көзқарас өзгереді. Бұл рухқа тікелей әсер етеді. Баянды болашақта өмірдің салтанатты болатынына  сену керек. Сонда бәріміздің рухымыз биік болады.

                 (Қылмыскерлердің аты-жөні өзгертілген)

Әли-Хан  Омарбеков, отставкадағы полковник.


АТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ОҚ (түрме хикаяттары-6)

ӨШ (Түрме хикаяттары-5)

БҰҒАУ САЛЫНҒАН БҰЙРЫҚ (Түрме хикаяттары-4)

ҚАШҚЫНДАР (түрме хикаяаттары-3)

ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚЫСҚА БАТАСЫ (түрме хикаяаттары-2)

ТОСЫН ТАПСЫРМА (түрме хикаяттары-1)

 Isaiah Oliver Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз