ҮНЕМ ҮЛГІСІ: ҮШ ЛЕГЕН СУ

344

Шіркін,балалық шақ. Мен ол кезде он жаста едім, Керекудің Қызыл таң ауылындағы  сегіз жылдық мектептің үшінші сыныбында оқимын. Түстен кейін оқимыз – ау деймін, әлде күн жексенбі болса керек, қысқасы ауылдың моншасына жуынайын  деп барсам, бірге оқитын досым Тұрсын да сонда екен, қатты қуандым. Біз шешініп жуына бастаған кезде  ойламаған жерден шіләпшінін көтеріп сынып жетекшіміз ақсаңдап Сүлеймен Сәрсекеев кірді. Сол кездегі балалар сабақтан басқа уақытта мұғалімнің көзіне көп түспеуге тырысатынбыз. Оның үстіне моншада. Мұғалімді көре сала Тұрсын екеуіміз адамдар бірін бірі онша көрмейтін бу бөлмесіне зыта кеттік. Ойын баласы емеспіз бе, бу бөлмесінен кейін жуынып жатқан адамдар ішінде мұғаліміздің де бар екенін мүлде естен шығарыппыз. Тұрсын екеуміз моншада күрестік, бір бірімізді қуып ойнадық, су шашыстық. Қысқасы, келесі күні сабаққа келгенде ғана кеше Сүлеймен ағамен моншада бірге болғанымыз есімізге түсті. Нұрлы жүзді, салмақты, қоңыр дауысты адам еді. Тұрсын да, мен де мұғалім біз туралы бірдеңе айтарма екен деп бір бірімізге қарап қоямыз. Бірақ, сабақ бойы мұғалім біз туралы ләмим демеді, тек бірнеше күн өткенен кейін ғана сыныпта  монша туралы  сөз болды. Оның өзінде де әңгіме нақ біз туралы емес, адамның өзін өзі дұрыс күтуі, тазалық жайлы. Арада өте көп жылдар өтсе де мұғалімнің байсалды қоңыр үні әлі күнге құлағымда.

-Адамның моншаға барғаны өте дұрыс. Тәні де, жаны да таза адам жүрген ортасында аса сүйкімді болады. Тек судың да сұрауы бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Моншаға түскенде ересек адамның өзіне үш леген су жетеді деп ойлаймын, – деген еді біздің мұғалім Сүлеймен Сәрсекеев аға.

Менің қызарып мұғалімнің жүзіне тура қарай алмай басымды төмен тұқырғаным есімде. Сүлеймен аға соңғы сөздерді Тұрсын екеумізге арнап айтқандай көрініп еді.

Сүлеймен аға, сол кезде бала болсақ та сіздің Ұлы Отан соғысынан жаралы оралған солдат екеніңізді жақсы білетінбіз. Жасыл түсті Урал мотоциклі болатын, соны ақсақ аяғымен қалай жүргізеді деп те ойлайтынбыз. Біздің жүрегімізде терең із қалдырған сынып жетекшіміз, сіздің жарқын бейнеңіз ұлағатты ұстаз ретінде оқушыларыңыздың жүрегінде мәңгі  сақталады.

Баяғы бала Тұрсын Жакишев милиция майоры, мен әскери адам ретінде зейнеткерміз. Моншадағы сол кездесуден бері талай-талай жыл өтті. Мен  өзім қызмет еткен талай елдің моншасында болыппын. Ұстазымның бір  ғана сөзі санамда тасқа басылғандай қағида болып қалыпты. Үш леген су. Қай жердің моншасына барып түссем де маған үш леген су жетеді. Осыны танбай ұстанып келем.

ҮНЕМ ҮЛГІСІ: ҮШ ЛЕГЕН СУ

Асқар Жақанов,

отставкадағы потполковник, әскери журналист.

 Dalton Schultz Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз