«Қазақты бүкіл әлемге Айшолпан танытты. ВВС, СNN ол туралы фильм түсіріп, Оскардан үмітті. 13 жастағы кішкентай қыздың бір мықтылығы Монғол елінің азаматы болса да өзінің қазақ екенін, туған жері Алтай тауы екенін әлем журналистеріне жете түсіндіруінде. Осы бір қаршадай қыздың арқасында Батыс жұрты Боратты ұмытып, қазақты жақсы қырынан тани бастады. Монғолияда ол ең абыройлы қазақтың бірегейі». Бұл сөзді жазған сол Бай Өлкеде туып өсіп, бүгінде елде еңбек етіп жүрген халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлы.
16 желтоқсан күні Ұлыбританияның кинопрокатына Моңғолиядағы 13 жасар қазақ қызы Айшолпан жайындағы «The Eagle Huntress» деректі фильмі шықты. Айшолпан өз әулетіндегі 12 ата тарихында шыққан тұңғыш бүркітші қыз. Фильмнің тұсаукесеріне әкесі екеуі қазақтың ұлттық киімін киіп келген. «Оскар» алуға келгенде ұлттық киімін тастамаған Джеки Чан сынды Айшолпан мен әкесі де жарады! Қазақтың ұлттық құндылығын, ұлттық санасын әлемге паш етті. Фильмді екі адам ғана түсірген, бюджеті өте аз осы фильм қазір АҚШ прокатында 1,5 млн доллар жинаған. Ал, бүгін, Қазақтың бүркітші қызы Моңғолияның танымал 50 адамының бірі атанды. Құрамына саясаткерлер, спортшылар, өнер саңлақтары, халықаралық дәрежедегі танымал тұлғалар кірген бұл топты халықтың ашық дауыс беруі бойынша іріктеп алған. «Саясаткер», «жаңалық ашушылар», «жеңімпаздар», «символдар» және 2016 жылдың ең үздік «жанжалшылары» деген 5 топ бойынша сараптап, халықтың таңдауы бойынша анықталған 2016 жылғы Моңғолияның ең үздік 10 «символдық» адамының бірі болып танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы таңдалды. Тағы бір айта кетерлігі Моңғолияның үздік 50 адамының қатарында Рио олимпиадасына Қазақстан атынан өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына дзюдодан алғашқы медальді (қола) салған дзюдошы қыз – Отгонцэцэг Галбадарах та бар. Кенжегүліміз 2016 жылғы Моңғолияның үздік 10 «жеңімпазының» бірі болған екен.
Тіпті, әлемге танылған әнші Sia Айшолпан Нұрғайып туралы фильмге сундтрек болып табылатын «Angel by the Wings» (http://qamshy.kz/home/show/13166)атты жаңа әнін жазды. Джаз және поп стиліндегі орындаушы австралиялық Сия Ферлер режиссер Отто Беллдің «The Eagle Huntres» деректі фильміне балладасаунд трегін орындады. Тәуелсіз Қазақстанды Қазақтың елі ретінде әлемге таныту оңай болған жоқ. Бірі Қазақтың даласын ұшықиыры құм төмпешікті шөл дала деп білсе, бірі қазақ елін «Борат» сайқымазақ көрсеткен ел сияқты ар арзан, етегі жеңіл азғын ел деп таныды. Айшолпан атаққа ұмытылған жоқ, оны атақ пен абырой өзі іздеп келді. Оны әлем таныды. Айшолпан арқылы әлем қазақты таныды. Қазақтың дәстүрін таныды. Қазақтың дәстүрі мен өмір ғұрпы арқылы Қазақстан дейтін елдің бар екенін таныды.
Қарабура Құлтай
*Түпнұсқа тақырып: Боратты ұмыттырып, әлемге қазақты танытқан айшолпан
*Мақала ықшамдалып алынды