Бұл фильмді ұзақ күттік. Түсірілім басталғаннан бастап Ақан Сатаев бастаған жұмыс тобының қимылын қалт жібермей бақылаған көптің арасында біз де бармыз. Актерлердің «Инстаграмға» жүктеген там-тұм суреттеріне қарап-ақ, киноның ауқымы тар болмайтынын түсіндік. Бір қарасаң, түсірілім тобы Шамалғанда жүреді, біраз уақыттан соң қызу жұмыс Әзірбайжанда жалғасса, енді бірде Минск маңында ақ тер, көк тер. Түсірілім 2016 жылдың шілдесінде аяқталды. Биылғы жылдың 1 наурызында Елбасының қатысуымен жабық көрсетілім болды. Президент түсірілім тобына алғыс айтты. Жолы болып, сол залдан табылған әріптестеріміз де, киногерлер де фильмнің мақтауын асырды. Қызығушылық арта түсті. Ақыры араға 7 ай салып, «Анаға апарар жолдың» көрермені болдық.
2 сағат. Қазақтың бір ғасырда көрген сан түрлі нәубетін суреттеген 2 сағат. Ананың балаға, баланың анаға деген махабатынан ұлы сезім жоғын мойындатқан 2 сағат. «Қазақ актерлері сендіріп ойнай алмайды», «қазақстандық режиссерлердің киносы түкке тұрғысыз» деген қасаң көзқарастың күлін көкке ұшырған 2 сағат. Көп күрсінткен, жылатқан, қуантқан, шүкірлік еткізген 2 сағат.
Қазақтың кино өнері тарихында «киноэпопея» деген айдар тағылған фильмдер болды, бола да бермек. Әзірге сол атты арқалап жүруге лайық бірден-бір кино – «Анаға апарар жол» десек, сала мамандары бұларың қате дей қоймас. Фильм ұжымдастыру жылдарының тәлкегін, қазақты түбірімен жоя жаздаған ашаршылықты, екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі кезеңді – тұтас үш дәуір тынысын жеткізуімен құнды. 1930 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы тарихи оқиғаларды мазмұнын бұзбай, мәнін бұрмаламай, бояуын өзгертпей баяндай білген туындының жинақылығы сүйсіндірмей қоймайды. Ықшам әрі ұғынықты. Әр түрлі кезең, әр түрлі күресті қат-қабат көрсетсе де, алуан сурет пен бояуды біріктірсе де, бірізділікті сақтаған. Баяндауда бүтіндік, суреттеуде тұтастық бар. Киноның жілігін шағып, майын ішкен мықтылар кейде оқиға ауқымын 10 тіпті, 12 сериялы фильмге сыйдыра алмай жататынын, енді бірде ықшамдаймын деп сүбесі мен қаймағын сылып тастайтынын ескерсек, Ақан Сатаевтың бұл шеберлігін ерек айтуға тиіспіз. Режиссердің мақтауын асыру үшін емес. Ұлттық кино өнерінің мақтануға тұрарлық жетістіктерін жас мамандарға үлгі ету үшін. Көрерменге осындай дүниелер керек екенін айта берсек, олар соған пара-пар, тіпті одан асып түсер дүниелер жасағысы келеді, тырысады. Сонда ғана отандық кино өндрістің көші ілгерілемек.
Фильмнің бүтіндігін ұстап тұрған – күрес. Әуелде мал үшін күрес, жан үшін күрес, бір үзім нан үшін күрес. Одан кейін әлімжеттікпен күрес, жігіттік намыс үшін айқас. Отан үшін шайқас, баланы әкесінен, ананы баласынан айырған жаумен соғыс. Асыра сілтеушілікпен, бас ал десе шаш алатын шолақбелсенділермен арпалыс. Түптеп келгенде мұның бәрі – баланың анаға апарар жолдағы кедергілермен күресі.
Адамзат үшін анадан қадірлі жаратылыс болмаған, болмайды да. Бұл туынды баланың анаға, ананың балаға деген махаббатынан күшті әрі тұрақты сезім жоқ екенін көрсеткен фильмдердің бірі емес, бірегейі боп төл өнер тарихынан ойып тұрып орын алары анық. Замана нәубетінің бар ауыртпалығын көтерсе де, белі бүгілмеген қазақтың жанкешті аналарының типтік бейнесін мінсіз ашқан актриса Алтынай Нөгербек сөз жоқ, режиссердің де, көрерменнің де құрметіне лайық. Әуелі күйеуінен айрылған, содан соң жалғыз сүйеніші – Ілиястан тірідей көз жазып қалған, одан кейінгі ғұмырының бәрін сол жалғызын күтумен өткізген Мәриямның күрсінісі мен күңіренісін, анда-санда жарқ еткендей болып, қайта сөніп қалатын қуанышын, көңілді күпті қылған күдігін, үзілмейтін үмітін жеткізе білді. Жасандылығы жоқ, жалаң пафоссыз. Көз жасына сенесің, бірге жылайсың. Жұбатқың келеді. Алыстағы ұлы екеуінің ортасына дәнекер болғың келеді. Мәриям жалғыз Ілиястың емес, залда отырған әрбіріміздің, тұтас қазақ қауымының анасына айналады. Сондықтан Алтынай Нөгербектің премьерадан аз уақыт өткен соң кино саласының қос бірдей жоғары марапатына ие болуын бап не бақтың шапқаны емес, заңдылық деп қабылдадық. Актриса Қырымда өткен халықаралық «Евразиялық көпір» фестивалінің және «Тұлпар» ұлттық жүлдесінің «Үздік әйел рөлі» аталымын қанжығаға байлады. Әбден лайықты.
Кей фильм көрерменнің көңілінен шыққанымен, мамандардың сынына ұшырап жатады. Немесе керісінше, киногерлердің таңдайын қақтырған туындыны қарапайым көрермен қабылдай алмай қиналады. Ал бұл фильм екеуінің де ойындағысын дөп басты. Киноның Ялтада өткен «Еуразиялық көпір» кинофестивалінде бас жүлде иеленуі сөзімізге дәлел бола алады. Картинаның Мәскеудегі тұсаукесері кезінде ресейлік мамандар «Мұндай соғыс сахнасы ТМД бойынша бұрын соңды болмаған» деген баға беріпті. Расында да, кино 4 жылға созылған қан майданның тек бір шайқасын – Днепр өзені үшін болған соғыстың аз ғана көрінісін көрсетсе де, талай боздақты құрбан еткен зұлматтың ауқымы қандай болғанын сездіре алды. Қару кезеніп, бомба жарып, оқтан бой тасалап, қарсыласына қарсы аюша атылған жігіттердің актерлер немесе каскадерлер емес, Отан үшін жанын берген Кеңес әскерлері екеніне шүбә келтірмейсің. Өйткені бәрі шынайы. Атысып жүрген бес-алты жауынгер емес, тұтас батальон. Бұл көріністі түсіру үшін 1942-1943 жылдары жасалған, соғыста атылған қарулар пайдаланылыпты. Әскердің мінген қайығы, киген киімі де сауатты таңдалған. Майдан даласындағы көріністі тамашалап отырып, американдық «Қатардағы Райанды құтқару» («Saving Private Ryan») фильміндегі көріністерге қатты ұқсаттық. Әдетте екі туындының арасында ұқсастық байқалса, кейінгісін алғашқысының көшірмесі деп кемітіп жатады. Ал біз мұны жетістік деп түсіндік. Киноиндустриясы әлдеқайда ілгерілеп кеткен Американың деңгейіне ұмтылу, сол деңгейде көрсете алу жетістік емей немене? «Бригада», «Борнның ультиматумы» («Bourne Ultimatum») секілді бірқатар фильмдерде жарылыс көріністерін жасаған ресейлік пиротехник Валерий Деркачтың шақырылуы, Украина, Белоруссия, Ресей каскадерларының жұмыс істеуі кино бюджеті үшін арзанға түспегені анық. Бірақ сапалы фильмнің бір ай немесе бір жыл емес, талай ұрпаққа қызмет ететінін ескерсек, жұмсалған қаржы еселеп ақталары даусыз.
Фильмде артық деталь жоқ. Пайдаланылған түстер, эффектілер, грим мен әуен – барлығы нәубетті заманның мінезін бере білген. Қолдан жасалған ашаршылық, мал мен жан қырғыны, қуғын-сүргіннен кейін жүдеген ел, құлазыған даланың сүреңсіз келбетін дәл суреттеген. Қажырлы еңбек, көп ізденістің жемісі бұл. Отандық мамандар кем-кетігі жоқ, тұтас образ жасауда гримнің қаншалықты маңызды екенін ұға бастағаны қуантады. Сәтсіз грим көрерменнің ойын бөліп, мінсіз актерлік ойынның өзін жоққа шығаратынын көріп жүрміз. Ал 18 жастағы Ілиястың 45 жастағы Ілиясқа айналуы көзге оғаш емес, көкейге қонымды. Бірақ гримерлер Мәриямды 70-тегі кейуанаға айналдыруда қатты қиналыпты. Грим алты сағат бойы жасалған. Мінсіз деуге келмес, бір-екі көріністе назарды ұрлап, ойды оқиғадан аулақ әкететін тұсы бар. Бірақ актриса ана образын ашудағы ең басты көзірі – жанарын ұтымды пайдалана білген. Жолға қарап, айдаладағы жалғыз ағаш саясында баласын күтуден қажымайтын кәрі шешенің қасірет-қайғысы, өкініші мен өксігі, жүрек түкпіріндегі сөнбейтін үміті – бәрі соған сыйып тұр. Ұлттық кинематографиядағы үздік аналар галереясына тағы бір жауһар қосылды деп білейік. Мәриямның образы әлі әдебиет пен өнердегі талай туындыға арқау болары анық.
Ілияс та – тұғыры биік бейне. Басына қандай қиындық түссе де, азаматтық абыройын биік ұстайды. Ұстанымдарына адал. Білегі қатты болғанымен, жүрегі жұмсақ. Өзінен бұрын өзгені ойлап тұрады. Азаматтық парыз, достық борыш, жігіттік міндетке адалдық қанмен берілген. Әкесінен ерте айрылса да, оның нені қадір тұтқанын, неден жиренгенін, не үшін алысқанын көрді. Бала болса да соның бәрін көңілге түйді. Бейсаналы, бәлкім саналы түрде әкеге ұқсай бастайды. Қорғансызға пана, дәрменсізге демеу болады. Бала күнінде қыздың намысын қорғайды. Көш кезінде әскерлердің келе жатқанынан белгі береді. Түркияда жеңгесіне көмектеседі. Украинада Мишаны қорғайды. Соғыста ерлік көрсетеді, майдандас жолдастары үшін жан беруден қаймықпайды. Қайтар жолда бұрынғы ұстазы, Давид Шломовичті қорғайды. Айдауда әлсіз түрмелесіне сүйеу болады. Бірақ өзгені қорғаймын деп ылғи басы бәлеге қалады: соққы жейді, түрмеге жабылады, анасына апарар жол ұзай береді. Алайда ол әділдік үшін, жақсылық үшін күресті тоқтатпайды. Бала күнінде Үміт екеуін таңғалдырған тасты жарып шыққан гүл есейген шағында оған үнемі демеу болады. Абақтыда құсадан күйреп кетпеуіне жадында жатталып қалған сол сурет жәрдемдеседі. Ұзақ жылдар, ауыр сынақтар, толассыз күрестерден кейін туған жерін, анасын аңсаған ұл мақсатына жетеді.
Бас кейіпкердің бала күннен жаттап өскен қисса-дастандардағы батырлардай мінсіз суреттелуінен кемшілік іздеудің қажеті жоқ. Бүгінгі күн балалары үшін қаһарманға, қыздар қауымы үшін жігіттің сұлтанына айналатын жаңа батырлар әдебиетке де, театр мен киноға да керек. Әсіресе, ісінен гөрі сөзі алда жүретін, кірпіш қалағаннан гөрі шаш тарағанды, білмегенін ұғынудың орнына қыдыруды ұнататын жігіттер көбейген шақта қазақ қоғамында Ілиястай образдардың жетіспеушілігі айқын аңғарылып келеді. Жалғыз өзі жоғымыздың бәрін толтыра алмас, әрине. Әйтсе де, Ілиястың нағыз қазақ жігіттеріне тән қайсарлық пен табандылықтың, адалдықтың анықтамасындай болып киномызға келуі, киномыз арқылы санамызға сіңірілетіні көңілге медеу.
Ақан Сатаев өзінің кезекті туындысына дәл осы тақырыпты – ана мен бала махаббатын арқау етуі кездейсоқ емес. Басылымдардың біріне берген сұхбатында режиссер бала күнінде бір ауылға барғанын, сонда ауыл шетіне шығып, жол қарап жүрген кейуананы көргенін айтыпты. Сөйтсе, байғұс ана қаншама жыл бұрын соғыста қаза тапқан ұлын күтіп жүр екен. Осы оқиға ұзақ уақыт есінен кетпейді. Өзі көргенді өзгелерге көрсеткісі келеді. Ұзақ дайындалады, ойындағысын іштей пісіреді. Ақыры Тимур Жақсылықовқа қолқа салып, «Анаға апарар жолдың» сценариін жаздырған.
Режиссер бас кейіпкерді сеніп тапсырғаннан кейін, Әділ Ахметов те ұзақ дайындалған, жан-жақты ізденген. «Рөлге таңдалғаннан кейін, мен өзімнің мойнымда үлкен жүк тұрғанын түсіндім. Өйткені осы заманның кейіпкерін ойнау, біз үшін жеңілдеу. Көріп жүрген орта, өзің араласатын адамдардан-ақ небір детальдар тауып алуға болады. Ал енді өткен ғасырда өмір сүрген адам өзін өзі қалай ұстайды, оның жүріс-тұрысы қалай болады? Оның үстіне ол адам бар азапты көрген болса, біз ол арқылы бар халықтың тағдырын көрсеткіміз келетін болса… Режиссермен ақылдастым. Ол кісі «фильмдерді де көрген дұрыс, дегенмен көбісі кейін түсірілді, онда да өзіңдей актерлер ойнады, сондықтан архивте сақталған сол уақыттың хроникаларын көбірек көргенің дұрыс» деді. Содан деректі фильмдерді көбірек көрдім. Кеңесшілер де көп көмектесті. Мәселен, менің кейіпкерім он жасында Одессадағы жетімдер үйіне түсіп, сонда өседі. Сонда он жасқа дейін ғана қазақша сөйлеген, кейін орыстардың арасында өскен бала орысша таза сөйлеуі керек пе, оның қазақшасы қандай болуы мүмкін деген мәселе көлденеңдеді. Көп ойландық, зерттедік. Ертеректе шет елге көшіп кеткен бір туыстарымыз бар еді, соларға хабарласып көрдім. Түсінгенім, тіл ұмытылмайды екен. Баяу сөйлейді, әрбір сөзін еске түсіріп, ойланып барып айтады, бірақ әйтеуір сөйлейді», – дейді актер. Образын дөп басу үшін Әділ балалар үйінің тәрбиеленушілерін де әбден зерттеген. Өзін қалай ұстайды, қалай киінеді, қалай сөйлейді – бәрін назарға алған.
Актер ішкі дайындыққа, кейіпкердің жан дүниесіндегіні көрсетуге де ерекше көңіл бөлген. «Түсірілім басталған уақыттан, 2014 жылдың күзінен бастап, 2015 жылы шілдеге дейін Ілиястың өмірін сүрдім. Одан бері бір жылдан асып барады, басқа фильмге түскен жоқпын. Ондағы ойым, халық Ілияс ретінде танығанша басқа образбен көрінбей тұра тұрғым келді», – дейді ол. Мұнысы – артылған жауапкершілікті терең сезінгендіктен. Оның үстіне, Әділ отандық актерлер қосынына бүгін келіп қосылған жігіт емес. Театрда да, кинода да талай сүйекті образдарымен танылған, талантын мойындатып үлгерген актер. Десе де, Ілияс – Ахметовтің жаңа тынысын ашқан, актерлік мансабына жаңа сүрлеу салған рөл екені даусыз. Бірақ ол «болдым, толдым» деуден аулақ. Мүмкіндік берсе, рөлін әлі де жетілдіре түскісі келетінін жасырмайды. «Әрбір рөлде бір өкінетін нәрсем болады. Қашан да. Театрда да солай. Бір жақсысы театрда қойылымнан қойылымға жетіліп, кейіпкеріңді дамытып отыруға болады. Ал кинодағы кейіпкерің бір жасаған күйде қалады. Оның үстіне кино ұжымдық өнер. Сен жақсы ойнаған дубльде жарық дұрыс түспей қалуы мүмкін, камераның фокусы ойдағыдай болмай қалуы мүмкін, ал оның бәрі дұрыс болғанда сенің ойының әлсіздеу болып қалуы кәдік дегендей… Алайда бұл жолы ең жақсы дубльдар таңдалғанына сенімдімін. Тәжірибелі команда жұмыс істеді, ешқайда асыққан жоқпыз. Дегенмен өзім, актер ретінде «шіркін, мына көріністі қайта ойнауға мүмкіндік берсе, былай шығарар едім» деп ойлай беретінім рас», – деп ағынан жарылды.
Фильмде ана мен баланың арасына дәнекер болып тұрған тағы бір образ бар. Ол – Үміт. Үштағанның бір бұрышын ұстап тұрған рөлдің Аружан Жазылбековаға берілуі құптарлық. Нәзік әрі қылықты актриса. Қимылы мен үнінде жасандылық жоқ, нанымды. Кейіпкерінің ішкі қайратын, тазалығы мен адалдығын жеткізе білген. Бастысы, қазақ қыздарына тән ең асыл қасиет – өзінің арын, әке-шешенің абыройын қызғыштай қорғайтын тұсы әсерлі-ақ. Ата-анадан жетім қалып, өзгенің анасын ана деген, сол шешенің басына түскен қасіретке қайғырып, бейнетін азайтуға тырысқан, соның бақыты үшін өз қызығынан бас тартқан Үміт Ілиясты ғана емес, көрерменді тегіс баурап алғаны анық.
«Анаға апарар жол» жайлы пікірімен бөліскен әріптестеріміздің бірі эпизодтағы рөлдерге экраннан онсыз да жиі көрінетін актерлерді тартқаны үшін Сатаевтың кәсібилігіне мін тағыпты. Азамат Сатыбалды, Болат Әбділманов, Берік Айтжановтар көрер көзге жауыр болғанын айтқан. Бәлкім, ұлттық экранға жаңа келбет, жаңа есімдер керек шығар. Бағын сынап жүрген талантты жастар аз емес. Алайда бұл – бүгін түсіріліп, ертең ұмыт болатын салмақсыз фильм емес. Ақан Сатаев мұны білді, білгендіктен де жауапкершілікті түсірілім алаңында әбден піскен, сенімді адамдардың мойнына артқанды құп көрді. А.Сатыбалдының театрдағы, кинодағы көп кейіпкеріне ортақ қимылдар, Б.Әбділмановтың даусындағы өзгермейтін театрлық бояу бұл фильмде де өз бағытынан жаңылмағаны рас. Бірақ фильмді көріп отырып, селсовет Хамитті немесе Ерсайын байды неге басқа актер ойнамады екен деген жегіқұрт кірген жоқ ойымызға. Кейіпкерлердің бәрін сол қалпында қабылдадық, актерлер экранда өз өмірлерін ойнап жатқанына күмән келтірген жоқпыз.
«Анаға апарар жолдың» әу баста межеленген тұтастыққа, бүтіндікке қол жеткізе алуы – ұжымдық жеңіс. Онда режиссердің де, сценарист пен оператордың, актер мен каскадердің, композитор мен суретшінің, грим мен монтаж жасаушының да үлесі бар. Бәріне жеке тоқтала алмасымыз анық, әрқайсысының жұмысына баға беруге өреміз жете қоймас. Алайда киноның сценариін жазған Тимур Жақсылықов пен музыкасын жазған Ринат Ғайсиннің еңбегін ерек атап өтуге тиіспіз.
Бұл Сатаев пен Жақсылықовтың алғаш рет тізе қосып жұмыс істеуі емес. «Жаужүрек мың баланы» да режиссер Тимур мырзаның сценариі бойынша түсіргені белгілі. Бірақ ол фильмнің тілін сынағандар көп болды. Бұл жолы Жақсылықовтың қазақшасына мін артыла қоймас. Кейіпкерлердің аузына салып бергені – шалалығы, шикілігі жоқ мәтін. Фильмнің музыкасы да ана мен баланың, қазақтың басына түскен трагедияны сезіндірді. Киноның кей тұсындағы сөз бен сурет жеткізе алмай жатқан тереңдікті саз толықтырғанын мойындау керек.
Фильм соңында бүгінгі бейбіт күнді, Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан қайғысыз, қамсыз ұрпақты көрдік. Көз жасты мөлтілдетіп тұрып, жанкешті аналарымыз бен бейнетқор әкелеріміз көрген тауқыметтің бірін де көрмеген, қазіргідей тыныш заманда өмір сүріп жатқан біздің буын қаншалықты бақытты екенін түсіндік. Шүкір дедік. Өткенді есімізге салып, бүгінгінің қадірін ұқтырған, ертеңгі күнге бағдар берген бұл фильм – сөз жоқ, ұлттық кино өнерінің осы ғасырдағы ең үздік туындысы. Әзірге дейікші. «Анаға апарар жол» отандық кино өндірісін жаңа биіктерге бастайтын жол болғай!
Анар Лепесова
«Түркістан» газеті