Сарбаздарым-ай, сардарларым-ай, сабаздарым-ай… (түрме хикаяттары-12)

419

… Әрбір ұжымда, әсіресе әскери және ішкі істер органдарында күнделікті әр салалы қызметтің ең ауыры- ол маман таңдау, іріктеу, тәрбиелеу. Жауаптысы қабілетіне қарай қызметке тағайындау. Бұл шынымен және беріле шұғылдансаң «инемен құдық қазғанмен» бірдей шеті мен шегі жоқ қарбалас. Сол қарбаластың нәтижесі – бір шөмеле шөптен ине табу. Онда еңбегіңнің жанғаны, теріңнің текке төгілмегені дей бер. Ал түрмеде (тергеу изоляторы) бұл жұмыстың барысы қалай болды дейсіз ғой? Шынымды айтайын ба? Құдық қазамын деп ине ұстаған саусақтарым қанталап, талай ине сындырып,  мың шөмеле ақтарып, қопара тінтуге дейін бардым. Жалпы тергеу изоляторына келгендердің көбісінің жүрегінің түгі бар. Себебі, бұл жерде қоғамнан, адам арасынан аластатылған, жат қылығымен ел-жұрттың шырқын бұзғандар оқшауланған. Өте күрделі, қатігез және қауіпті орта екені баршаға аян. Міне, солардың арасында жұмыс істеп нәпәқа табу, кімге болсада оңай емес. Ол да түрмеге отырудың бір ерекше дербес түрі деп түсіну керек.

Тәулік бойы еститіні балағат сөздер, көретіні дөрекілік пен қоқан-лоқылық. Қорқыту мен шошыту да жиі болып тұрады. Міне, осыған күнделікті төзу ерлік болмағанымен, одан алыс емес дүние ғой. Төзіп қана қоймай, солардың ықпалына ілікпей, адамдық қасиетіңді сақтап қалу-қиынның қиыны. Отырғандардың көзқарасының, өмір танымының, мінез-құлқының жойқын әсеріне тосқауыл қойып, қарсы тұрмасаң біттім дей беріңіз. Қасқыр болмасаңызда қалай ұлитыныңызды өзіңізде сезбей қаласыз. Бұл ықпалмен мен де жағаластым, алыстым, арпалыстым. Қоластымдағы жеке құрамды қорғаштадым. Балапандарына шырылдап пана болған бозторғайдың күнін талай кештім.

Мен бағынышты қызметкерлеріме бес-ақ талап қойдым. Орынсыз ойын-күлкіден аулақ бол, арақ-шарапқа жолама, жалақыңның бір тиынын текке жібермей, үйіңе апар, сені асырап отырған қызметіңе адал бол, өтірік айтпа, өлсеңде шындық айтып өл. Болды. Менің кабинетімде, ту сыртымда, қол созым жерде кәдімгі  қамшы мен қайқы қылыш ілулі тұрды. Қамшының маған өкпесі жоқ. Қылыш қынынан шықпады. Талабымды түсінбей ашуыма тигендерді, қазақша айтқанда, аттың бауырына салып, білекті түріп жіберіп, талай сабадым. Олардың әке-шешесінің алдынан «еті менікі, сүйегі сіздікі»- деп алдарынан өтіп алғанмын. Соттаса көре жатармыз. «Ағатай, қателік менен, сіздікі жөн» – дегендері әлі қызметтен қол үзген жоқ. Әлжуаз әлсіздерінің қайда жүргенін мен білмеймін. Сөздің қысқасы, айтқанымды істеп, айдауыма жүретін, ойымнан шыққан шыққан қызметкерлерді сарыауыз балапан күнінен бастап, отставкаға кеткенше тәрбиеледім, оқыттым, өсірдім. Қолыма су құю үшін емес. Осы бір өлшемі жоқ, көзге көрінбейтін жұмысқа 15 жыл өмірімді сарп еттім. Құдайға шүкір, қазір өзім тікелей тәрбиелеген шәкірттерімнің алды полковник шеніне дейін өсіп, облыстық департамент, енді 4-5-уі мекеме басқарып отырғанын мен мақтан ете аламын.

Қоластымдағыларды ешқашан қудалаған жан емеспін. Нақақтан-нақақ жазалауға бармадым. Керісінше, олардың еркін себепсіз шектеген жан емеспін. Ой-өрісінің дамуына жағдай жасадым. Арамызда сенімсіздіктің болуына жол бермеуге тырыстым. Ешқашан ешкімнің аузына қақпақ болған емеспін. Айтқан ойларына мән бердім, орынды ұсыныстарын құптадым. Ауыр жұмысты азда болса жеңілдетіп, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпындағы мерекелерді тойлап, талай шараларды өткізіп, у-да шу, мәре-сәре болып жататынбыз. Бауыржан Момышұлының 90 жылдық мерейтойында бас бәйгеге тайыншадай қой тігіп, мекеменің барлық еркек кіндігін кілем бетіне шығарып, күрестіріп қойғаным әлі есімде. Дода қызған кезде күрес былай тұрсын, белдесудің не екенін білмейтіндер ет қызулықпен ортаға шығып кетіп, қалпақтай ұшып жатқаны есіме түсіп кетсе, қараптан-қарап тұрып делебем қозып кетеді. Сол сайыстың түйе палуаны атанған шебер де адал шәкірттерімнің бірі Талғат Тайботаев бас бәйгені қоян құрлы көрмей жерден жұлып алып, аспанға лақтырып, қайта қағып алғандағы көрермендерді дүрліккенін қалай ұмытарсың.

Астындағы атын беретін жомарт, аузын ашса жүрегі көрінетін аңқау да адал, «сен тұр мен атайын» дейтін сарбаз жігіттерім көп болды. Қыпша беліне тапанпша байланып, аққу мойнына автомат ілінседе кербездігін жасыра алмай мың құбылған, бойын тік ұстап алдыңнан өткенде, қас-қағым уақыт бастық екеніңді ұмыттырып жіберетін қыз-келіншектерді айтсайшы. Неткен тәтті шақ едің! Бір тәулікке қайтып келер ме едің, қайран менің, жігерлі жігіт шағым! Дер кезеңім!

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полковник.


Сыр бойынан келген қонақтар (түрме хикаяттары-11)

СҰРАП АЛҒАН СӨГІС (түрме хикаяттары-10)

КӨЛЕҢКЕДЕГІ  КҮНШУАҚ (түрме хикаяттары-9)

Қапаста қиылған қыршын өмір (түрме хикаяттары-8)

СОҢҒЫ ЖАЗА (түрме хикаяттары-7)

АТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ОҚ (түрме хикаяттары-6)

ӨШ (Түрме хикаяттары-5)

БҰҒАУ САЛЫНҒАН БҰЙРЫҚ (Түрме хикаяттары-4)

ҚАШҚЫНДАР (түрме хикаяаттары-3)

ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚЫСҚА БАТАСЫ (түрме хикаяаттары-2)

ТОСЫН ТАПСЫРМА (түрме хикаяттары-1)

 Chidobe Awuzie Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз