СИЯЗХАН АҒАЙДЫҢ САБАҚТАРЫ (түрме хикаяттары-17)

334

Соңғы қоңырау

1972 жыл. Мамырдың соңғы күндері. Мектеп ауласы ығы-жығы халыққа толып кетті. Біздің мектепті бітіруге арналған салтанатты соңғы қоңырау мерекесі. Бәрі осы күнге дейін көз алдымда. Қуаныш ернеуінен асып жатыр. Бақыт құшағындағы ата-ана, қысқарып бара жатқан көлеңкені пана қылып,топ-топ болып тұрған ағалар мен жеңгелер, көздері от шашып, жүздерінен жылу есіп, бойжетіп қалған, мектепті бізден бұрын бітірген қыз-қырқын. Біздің елде мұғалімді ағай, мұғалиманы апай дейді. Олардың өзі бір ауыл болып, үркер жұлдыздай шоғырланып тұр. Қуаныштары ерекше. Бес жыл бойы бізге класс жетекші болған Зәуре Балдешова апай толқуын жасыра алмай, қасымыздан кетпейді. Соңғы қоңырау мерекесі басталып та кетті. Қимастыққа толы асыл сөздер. Ағайлар мен апайлардың бізге белгілі қаталдықтарының ізі де қалмапты. Жылы алақанға түскен жапалақ қардай баяғыда еріп кеткен. Бүкіл мектепті бір шыбықпен айдап, бір ауылды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын қайран менің алып та асыл ағайларым мен апайларым! Совхоз директоры алдарынан кесіп өтпейтін еді-ау шіркін! Басқа да атқа мінерлерге бас киімін шешіп, иіліп сәлем бергізетін мұғалімнің жасампаз құдіреті-ай!

Алдын-ала ескертіп қойғанмын. Сөз кезегі маған келді. Мектеппен, ұстаздармен қоштасатыныма көзім сол кезде шынымен жетті. Тұла бойымды діріл алып барады. Тізелерімнің дірілі шалбарымның балағын желбіретіп барады. Толқуымды тоқтата алсамшы. Қолым қалтырап, төрт бүктелген қағазды жазып аша алсамшы. Саусақтарымнан әл кетіп, бүкіл денем ұйып қалғандай. «Әй, Әлихан, толқыма шырағым. Сөйлей бер!» – деген дауысқа қарасам, мектептегі бастауыш класстардың аса таңдаулы мұғалімі Орынхан ағай екен. Көзінен жас парлап тұр. Орамалмен қайта-қайта сүртеді. Жыламсырап : «айналайын, қайтсін енді, оқу бітіргеніне қуансада, мектеппен қоштасқысы келмей тұр да»-деп өксігін баса алмайды, жарықтық. Мен сол салтанатты жиынға сегіз шумақ өлең жазып едім. Соның екеуі ғана есімде қалыпты. Қамығу мен діріл араласып, оқыр тұрмын.

Ұстаздар есіміңнен айналайын,

Тек қана алғыспенен аймалаймын.

Сізге деген махаббатым терең мұхит,

Жарып шыққан жүрегімді айнадайын.

Шәкірт болып қаламын мәңгі бақи,

Алдыңызды ойнайтын асыр салып.

Беделіңе бас ием, тізе бүгіп

Кездессек те араға  ғасыр салып.

Оқып болып қозғалайын десем, дәрмен жоқ. Мелшиіп тұрмын, қағазды бір бүктеп, бір ашып. Мұғалімдер жақтан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлімов Сиязхан ағай шығып, менің қасыма келіп, құшақтап тұрып: «Айналайын, мен оқытқан пәндердің сабағы босқа кетпепті. Мерейімді көтеріп тастадың. Талабың таудай болсын»-деп ертіп әкеліп, класстастарыма қосты. Сиязхан ағайдың класстан тыс та сабақтары көп болды. Олар өмірлік сабақтар еді. Осы күнге дейін бағдаршамдай бағыт беріп, иірімі көп өмір-өзенде адастырмай келеді.

 

Көрегендік

Менің Тұрсынбек деген кластас досым бар. Әскерге кеткенше жұбымыз жазылған жоқ. Есейіп балалы-шағалы болып, арамыз алшақтап кетті. Қарым-қатынас емес, барыс-келісті айтамын.

Сегізінші класты бітіруге жақындап қалғанбыз. Бір күні екеуміз шағын жазғы асхана салатын болдық. Өмірімізде қолымызға қыш(кірпіш) ұстап көрмегенбіз. Жексенбі күні таңертең ерте күн шықпай балшық илеп, дайын фундаменттің үстіне қыш қалап, қабырға тұрғыза бастадық. Күн арқан бойы көтерілгенше біраз жерге барып қалдық. Шамалы үзіліс жасап. Демалып отырғанбыз. Көшеден Сиязхан ағай өтіп барады екен. Бізді көріп бұрылып аулаға кірді. Қасымызға келді. Көтерілген қабырғаның ар жақ- бер жағын көрді де : « мына қабырғаны қатпай тұрғанда бұзыңдар!»-деді. Тұрсынбектің анасы Рәйләш әйкем (ол кісіні мен осылай атайтынмын) біз бұза бастағанда «ой, ағай, әжептәуір, көтеріп тастап еді. Бұл жай асхана ғой. Ештеме етпейді. Осылай қалағандары да жетеді бізге»-деді. Тұрсынбек екеуіміз бір-бірімізге жалтақ-жалтақ қарап қойы бұзып жатырмыз. Сиязхан ағай көйлегін шешіп, балағын түре бастады. Мұғалімнің денесі былай тұрсын, бетіне тура қарауға бата алмайтынбыз. Көздің астымен Сиязхан ағайдың дене бітіміне қарап-қарап қойып, пыс-пыс етіп қабырғаны бұзып жатырмыз. Ағайдың ол уақытта жастау кезі. Денесінің сымбаттылығы көз тартады. Өркеш-өркеш бұлшық еттері, ойнақшып бүлк-бүлк етеді. Жауырындары, мойыны, блектері грек аңыздарының желісімен қашалған мүсін секілді. Бүгінгі жастар пір тұтатын Шварценеггер ағайдың қасында ауруға шалдыққан инелік секілді. Жасанды бұлшық ет сымбаттылық емес. Ол адамның өмірін қысқартады. Мүгедек етеді.

Қабырғаны бұзып болдық. Рәйләш әйкем бізді тастап кете алмай, ананы-мынаны сылтау етіп, қасымызда жүр.  Ағай: «ал, сендер қарап тұрыңдар, мен қыш қалаймын. Түсінбегендеріңді сұрап алыңдар. Ал, кеттік»-деді. Балшық тасып үлгере алмай жатырмыз. Кірпіш қалаудың құпияларын бізге айтып жатыр. Кірпіштерді асықтай иіріп жатыр. Қас пен көздің арасында төрт бұрышын көтеріп, жіп тартып(біз қалағанда жіп тартпаппыз), төрт қатар қалап тастады да, жуынып-шайынып, менің тығыз шаруам бар деп, кетіп қалды. Айтарлықтай шаршап-шалдығып қабырғаны жартысына дейін көтеріп болып, шәй ішіп отырмыз. Сиязхан ағай келді де, біз көтерген қабырғаларды мұқият қарай бастады. Ішінен… сыртынан… Саты қойып қабырғаның үстіне шықты. Бізде зәре жоқ. «Дұрыс болмаса тағы бұздыратын болды ғой» деген қауіп күшейіп барады. Әйкемде тықырши бастады. Сиязхан ағай бәрін көрді де, алақандарын қағып-қағып жіберіп, ләм-лим демей кетті де қалды.

Ертеңіне сабаққа келдік. Сиязхан ағай кірді классқа. Сол баяғы асықпайтын, сабырлы қалпы. Журналды ашып, кім бар, кім жоқ екенін тексеріп алды. «Тұрсынбек, Әлихан тақтаның алдына шығыңдар!»-деді. Арқамнан біреу қамшымен осып жібергендей болды. Партаға жабысып қалғандай әзер тұрдым. Тұрсынбектің де батырлығы шамалы екені көрініп тұр. Парталас Ұлмекен маған бажырайып қарап «не бүлдірдіңдер?»-деді. «Тауық ұрладық»-дедім мен қиқарланып. Ұлмекеннің көзі шарасынан шығып кетуге сәл қалды. Тұрсынбек екеуміз тақтаның алдында тұрмыз. Тұрсынбектің бойы менен ұзын, мен оның белінен келіп тұрмын. Бізге Сиязхан ағай мейірлене қарап алды да «Тұрсынбек, Әлихан сендердің болашақта қандай мамандық таңдайтындарыңды мен білмеймін.Талай кәсіптің құлағын ұстауларың әбден мүмкін. Бірақ сендердің құрылысқа жақын жүргендеріңді қалар едім.  Кеше  бір көрсеткенде екеуің бірден қағып алдыңдар. Қыш қалау-өнер. Өрмек тоқумен бірдей. Сол өнерді меңгеру-өнердің өнері. Құрылысшы болу-жер бетінде із қалдыру деген сөз»-деді де, екеумізді ерекше сезіммен арқамыздан қағып, басымыздан сипады. Сиязхан ағай көреген екен. Менің мамандығым құрылысшы болмағанымен отыз жылдай құрылыспен айналыстым. Ал, Тұрсынбек нағыз құрылысшы болды. Құрылыс-жобалау институтын бітіріп, көршілес Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас бір іргелі шаруашылығында прораб болып қызмет істеді. Адал еңбегімен ел құрметіне бөленді.

 

Пияз алқабында

Біздің совхозда «Раңды» деген бөлімше бар. Көктемде сол бөлімшеге кәрістер келіп, көкөніс егетін болыпты дегенді естігенбіз. Күз келді. Мектепте оқу жылы басталып, жаз бойы бір-бірімізді көре алмай, басымыз қосылып, үзіліс кезінде «құс базарындай» у-шу болып жатқанбыз. Мектептің радиоторабынан: «тыңдаңыздыр, тыңдаңыздар! Ертең сегізінші, тоғызыншы және оныншы класс оқушылары «Раңды» бөлімшесіне пияз жинауға барады. Азанда сағат тоғызда мектеп ауласына жиналамыз. Түскі тамақтарыңызды ала шығыңыздар»-деген кезекші мұғалімнің дауысы асыр салып ойнап жүрген мектеп оқушыларының айқай-шуын пышақ кескендей жым қылды.

Ертеңіне гүлге асыққан арадай болып, ауылдың көшелерімен ағылып мектепке жиналып жатырмыз. Ол кезде пакет деген жоқ, қазақи ауылда рюкзак қайдан болсын. Қолтыққа қысқан түйіншек, қолға ұстаған қапшық. Қыздар әрқашанда қыз ғой, олар тамақтарын түрлі-түсті орамалдарға орап алыпты. Екі қалтасына айран құйылған екі шөлмек салып алғандар да бар арамызда. Байқағаным, бәрімізді азанда ерте табаға піскен нан. Ыстық нанның иісі аңқып, тамағыңды қытықтап тұр. Қайран, аналардың қамқорлығы-ай! Таңертең үлгермей қаламыз ба деп, түн жарымда ашытып қойған ғой.

Сол кездегі автокөліктің патшасы да, падишасы да ГАЗ-51 болатын. Бұл өзі үлкен совхоздың барлық шаруасын шыр айналдыратын қолбала еңбекқор машина. Сондай автокөліктің төртеуіне мініп, ауылдың ортасымен «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Шофердің әнін» ешбір дирижерсіз бәріміз қосылып, айтып кетіп барамыз. Ауылсоветтің алдында отырған үш-төрт шал-кемпір қолдарын бұлғап, біз бұрылғанша артымыздан қарап тұрды. Неткен тәтті бағын шақ! Дәл сол кезде сол бір шақ ешқашан бітпейтіндей болып көрінуші еді. Самайымды ақ шалып, ата болсамда есіме жиі-жиі түседі. Бойымды ерекше сезім билеп, «жұмақта хордың қыздарымен қыдырып жүргендей» боламын. Өз балаларыма қараймын. Өзгенің балаларына қараймын. Олар үсті ашық, жайдақ ГАЗ-51-ге мініп, құшаұтасып, қолтықтасып, пияз теруге барған емес. Сондықтан болар, олар бізден өзгеше.

Пияз терілді. Ауылға қайтайық деп жатырмыз. Сол түйіншек, сол қапшық, сол түрлі-түсті орамалдар. Енді олардың ішінде тамақ емес пияз бар. Пияз болғанда қандай пияз! Қарбыздай-қарбыздай. Бізді қызықтырды. Енді біз үйдегілерді таң қалдырмақшымыз. Сиязхан ағай келді қасымызға. Біреуміздің қабымызды төктірді де, қалғанымызға қарап: « Бәріңде осындай ма? Қане төгіңдер!-деді қынжылып. Әрине, бәрімізде үлкен-үлкен пияздар. Үлкен бір пиязды қолына ұстап, жоғары көтерді де: «әй, балалар-ай, сендерден ешкім ешнәрсе аяп тұрған жоқ. Сендер мына пиязды үйге апарасыңдар. Бұл пияз түкке жарамай қалады»-деді. Біз бір-бірімізге қарадық. «Себебі, тамаққа мына пияздың оннан бір бөлігі ғана керек. Қалғаны қалады рәсуа болып. Бір-екі күннен кейін кеуіп кетеді. Сонан соң оны мал да жемейді. Бұл қып-қызыл еңбекпен келген дақыл. Тізеден су кешіп жүріп өсірген көкөніс. Еңбек еш кетпеуі керек». Таудай болып, үйіліп жатқан пиязға барып, біреуін таңдап алып: «міне, көлемі осындай пияздан қанша алам десеңдер, шек жоқ. Жалпы болашақ өмірлеріңде игере алмайтын үлкенге үйір болмаңдар. Шыңын қар басқан тауға ғана қызығыңдар»-деді.

Үйге келіп, айтып бердім осы оқиғаны. «Кез келген адам мұғалім бола алмайды. Сиязхан ағайларың – нағыз ұстаз, балам»-деді әкем.

Құмарлыққа салынған құрсау

 

Күз. Жексенбі. Көкем екеуіміз аулада автокөлік жөндеп болып, беті-қолымызды жуып-шайып, үйге кіріп бара жатырмыз. Көше жақтағы есік ашылды. Қарасақ, Сиязхан ағай мен Ілиясхан ағай кіріп келе жатыр. Амандастық. «О-о-о! Ағайлар үйге кіріңіздер. Шақырып келтіре алмайтын едік, бүгін бізді құдай жарылқайтын шығар»-деді көкем. Қонақтар үйге кіретін сыңай білдірмеді. Шаң болмасада киім-кешегін қағып, тап-таза болып жүретін Сиязхан ағай сол әдетіне салып, кастюміне жабысқан қыл-қылшықты алып жатып:

  • Әй, Әзізхан, сенде мылтық болатын еді ғой. Бар ма?
  • Е-е, баяғы бірауыз мылтық па? Бар ғой. Оған оқ салынбағанына қай заман.
  • Шайды келген соң ішерміз. Менде он шақты оқ бар еді. Тоғайға барып қырғауыл атып келейік. Қанжығамыз қан болса, сорпа да ішерміз.

Сиязхан ағайдың бойында талай өнердің барын біз білетінбіз. Ағаштан ою оятын шеберлігі де бар. Кәдімгі жиде ағашынан шауып жасаған домбырасы ауылдағы ағайындардың біреуінің үйінде әлі әжетке жарап жүр. Елу жылдан ассада үнінде мін жоқ. Аңға шықса атқан оғы заяға кетпейтіні тағы бар. Көкемнің жеңіл ГАЗ-69 автокөлігіне мініп, құм төбені жағалап, Сырдың бойындағы қара жолмен зулап ұшып келеміз. «Осы жерге тоқта. Машинаны осында қалдырайық. Тоғайға жаяу кіреміз»-деді Сиязхан ағай. Айтқанын орындадық. Биік төбенің үстінде автокөлікті қалдырып, желсіз қапырық ыстық тоғайдың ішіне кірдік. Ол кезде Сырдарияның арнасы қысы-жазы толып ағатын. Суы уланбаған. Балық көп. Тоғай қалың. Шөп бітік өседі. Келе жатырмыз. Алдымызда Сиязхан ағай. Қырғауыл ату-аңшылықтың бір ерекше түрі. Сақ және жинақы болмасаң, пыр-р-р етіп тура аяғыңның астынан аспанға тіп-тік атыла ұшқанда, сасқаныңнан қолыңдағы мылтығыңды түсіріп алуың әбден мүмкін.

Ол кезде ауылда санаулы ғана аңшы болатын. Атудың жөні осы екен деп ұшқан құс пен қашқан аңды шетінен қыра бермейтін. Құмарлық қысқанда ғана болмаса. Сондықтан тоғайдың ішіндегі құстар өздерін еркін сезініп, тіпті қырғауылдар ауыл шетіне дейін ұшып келетін. Менен басқалары әр әңгіменің басын шалып, ашық алаңға қарай кетіп барады. Кенет менің оң жағымнан қырғауылдың әтеші күнге шағылыса жарқылдап, аспанға лақтырған құлақшындай ұша жөнелді. Алпамыстай денелі Сиязхан ағай мылтығын қырғауылға көздегенде, жиырылып жұдырықтай болып қалыпты. Шүріппені басатын кез келді-ау дегенде мылтық атылмай үнсіз қалды. «Сиязхан-ау не болды? Ой семіз қырғауыл еді»-деді өмірінде асығып-аптығудың не екенін білмейтін Ілиясхан ағай. «Бала-шағасының көзінше әкесін атып алып, сорпа ішпей-ақ қойдық»-деді Сиязхан ағай мылтығын төмен түсіріп жатып. Әтеш ұшқан жаққа қарасам, таяқ тастам жерде қырғауылдың мекиені доптай дөңгеленіп, үш-төрт балапанын ертіп, шеңгелдің ішіне кіріп бара жатыр екен. Аңшылық құмарлықты жеңе білген ұстаз тәлімін қалай ұмытарсың.

 

Жеті өсиет пен жеті сом

30 сәуір 1972 жыл. Әскерге кетейін деп ауыл шетіндегі АН-2 қонатын ұшақ алаңының шетінде тұрмын. Ұшаққа он төрт адам сияды. Жиылған жолаушылардың саны одан көп. Ауылдағы әскерге шақырылған құрдастарым менен кейін 5-6 күннен кейін кетеді. Шаңды құйындай бұрқыратып суырып, қақалып-шашалып, ауылды басына көтеріп, дарылдап ұшақ қонды. Түсетіндер түсіп болды. Жолаушылар отыра бастады. Мені шығарып салуға келген туған-туыстармен, қарындас-бауырлармен, кластас достарыммен қоштасып жатырмын. Осы кезде көзім мектеп жаққа түсіп кетті. Сиязхан ағай келе жатыр екен. Асығып келді. Қоштасу кезегі жеңешеме келді (кемпір-шалдың баласы болған соң анамды жеңеше дейтінмін). Ана, әрине, жылайды. Анаң жылаған соң сен қалай шыдап тұрасың. Еңіремесеңде, тас жүрек болмасаң, көзіңе жас келеді ғой. Мойнымнан қапсыра құшақтап алып жіберер емес. Сиязхан ағай да жетті. Менен басқа жолаушылардың бәрі орындарына отырып қойған. Мені Шымкенттке дейін шығарып саламын деп еріп шыққан әкемде отыр ұшақтың ішінде. Ұшқыштың мені асықтырған дауысы шықты. Сиязхан ағай «Әй, келін, болды енді. Не болды сонша, балаңды қылқындыратын болдың ғой. Жіберсейші, бізде айтайық айтатынымызды. Құдай сақтасын, соғысқа кетіп бара жатқан жоқ қой. Екі жыл екі күндей өте шығады» – дегенде жеңешем әзер босатты. Сиязхан ағай екі қолымнан ұстап тұрып: «Әлихан, айналайын, ауылдағы балалардың алғашқысы болып кетіп барасың. Жолың болсын. Әскерде бізде болғанбыз. Қай қалаға түсетініңді ешкім қазір білмейді. Бірақ қайда барсаңда талап біреу-ақ. Сондықтан менің айтарымды есіңнен шығарма:

– Қатал командирдің қаһарына ілінбе.

– Жақсы командирге жақын жүр.

– Атысқанда мерген бол.

– Шабысқанда семсер бол.

– Жүгіргенде сүрінбе.

– Күзетте сақ бол.

– Ешкімге қол көтерме. Тізе батырғанмен әлің жетпесе де алыса  кет. Ынжық екен деп ойламасын,-деді де- мынау саған Бибіхан әйкеңнің( жұбайы, бізге туыстығы бар) беріп жібергені-деп бер орамалға тас қылып оралған бір затты берді.

…Пойызға тиеліп, шығысқа бет алдық. Сарыөзекте аялдап тұрмыз. Орамалдың байлауын әзер ағытып, ішін ашып қарасам, ақша оралыпты. Бір үш сомдық, төрт бір сомдық. Жеті қағаз ақша. Сол жеті өсиеттің, жеті сомның көп септігі тиді білем. Бір жылдан кейін ауылға оң жағымда әскери бөлім командирі полковник А.В. Афанасьев, сол жағымда Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің бронетанк әскерінің қолбасшысы генерал-майор А.В. Шонин тұрып түскен суретімді салдым да, Сиязхан ағайдың өсиеттерін қайтадан хатыма тізіп жазып «ынжық емес солдаттан жалынды сәлем» -деп қолымды қойдым.

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полковник.

  Allen Hurns Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз