– Мәмбет мырза, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі қай жылы жазылған еді? Жалпы ғұламаның қазақ халқына қандай жақындығы бар?
– Мұсылман жыл санауы бойынша 952 жылы «зен-әл-ха-же», яғни қазіргі біз қабылдаған жыл санауы бойынша 1546 жылы 3 наурыз күні аяқталған, басқаша айтқанда, осыдан төрт жарым ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған Мұхаммед Хайдар ибн Хұсейін «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінің біздің санамызға тигізер ықпалы неге әлсіремей, өз сөзімен айтқанда, бүгінгі зерттеушілердің «дарындылығы мен намысқойлығынан» ба, жоқ әлде асылдан басқаны жуып-шайып өте шығатын өмірдің өзінен туындаған табиғи қоғамдық рухани сұраныс па?
Біздің түсінігімізше, бұл арада осы айтылған екі себеп те бар және олардың болуы – толық табиғи құбылыс. Мырза Мұхаммед Хайдарды бізден, яғни халқымыздың рухани мәдениетінен алыстатуға ешқандай да қисын жоқ. Біріншіден, Мырза Мұхаммед Хайдар – біздің отандасымыз. Ол өмір сүрген XVI ғасырда, ұлы ғалымның өзінің сөзімен айтқанда, «Қытай шебі мен Ферғана өңірі» арасында тіршілік құрып, түрлі ірі тайпалық одақтардан тұрған түркі халқы бүтін бір ортағасырлық этнос болатын. Олардың арасында кейінгі ғасырларда пайда болған шекара, тілдік, психологиялық және басқа алшақтықтар тым әлсіз еді. Бұған қосымша XV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының бесігі Жетісу Мырза Мұхаммед Хайдар жанымен сүйген отаны – Моғолстанның құрамды бөлігі болатын.
Ұлы ғалым Жетісуға, Дешті-Қыпшаққа, елінің салт-дәстүріне, Қасым хан сияқты кемеңгер билеушілеріне аса үлкен ілтипатпен қарады. Өз шығармасында моғол билеушілерінің қазақ хандарымен болған өзара жылы қатынасын үлкен ықыласпен баяндап, кейінгі ұрпаққа қалдырды. Екіншіден, Мырза Мұхаммед Хайдар Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Түркістан көне замандардан бері өзіне құтты мекен етіп келе жатқан дулат тайпасынан. Ал дулат тайпасы Жетісу жерінде өмірге келген Қазақ хандығының ірге тасын құрған қабырғалы жұртының бірі болғандығы даусыз шындық. Бізге мәлім деректердің куәлігі бойынша, Жетісу өңірінің көне замандардан негізгі тұрғындары болған үйсін-дулат жұртына мұндай еншіні қимау, әрине, ғылыми логикаға қарсы шығумен бірдей болар еді. Н.А. Аристовтың көрсетуінде қазақ елінің құрамындағы дулат тайпасының саны XIX ғасырдың соңына қарай қырық мың шаңыраққа жеткен.
Дулат жұртының моғолдар мемлекетінің саяси өміріне белсенді түрде араласып, хандық билікке үлкен ықпал жасауы XIV ғасырдың екінші жартысына тұс келеді. Шығыс Түркістандағы моғолдар династиясының негізін қалаушы Тоғылық Темір ханның билігі тұсында соңынан басқа әмірлерді ертіп ислам дінін бірінші болып қабылдаған әмір Төлек осы дулат тайпасынан. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар: «Сарайдағы әмірлерді біртіндеп шақырып мұсылман дініне кіруге ұсынды. Бірінші болып шақырылған әмір Төлек еді, ол менің нағашы атам болады, ол хан сөзін тыңдап болған соң көзіне жас алып: «Мен осыдан үш жыл бұрын Қашқарда мұсылмандықты қабылдаған едім. Тек сізден именіп, ағымнан жарыла алмай жүрмін. Енді маған бұдан артық бақыт жоқ» , – дейді.
Мырза Мұхаммед Хайдардың баяндауынша моғол мемлекеттігінің, қоғамның өркениеттік негізі – дін. Тоғылық Темір хан моғолдар мемлекетінде, ислам дінін жаюшы Қожа Шейх Жамаладдинге: «Адамды иттен артық етіп тұрған не?» – деген сауалмен қайырады. Сонда Қожа ойланбастан: «Иман», – деп жауап береді. Ал осы моғолдар мемлекетінде алғашқылардың бірі болып Меккеге барып құлшылық жасап, Мәдинада көз жұмған Құдайдат әмір де дулат тайпасынан.
Ел арасындағы деректерге қарағанда Құдайдат алты ханды моғол тағына отырғызған аса беделді адам болған. Бұл кісі Мұхаммед Хайдардың тікелей арғы тегінен еді, діни қызметінде Самарқанның билеушісі Ұлықбектің қолдауына сүйенген.
– Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі бүгінгі таңда өз тарихымызды танып білуде баға жетпес шығарма болып отыр. Ал енді осы еңбектің қазақ халқының тарихын зерттеу мәселесіндегі ғылыми айналымға қосқан үлесінің үлес салмағын ажыратып, өз деңгейіндегі бағасын бере кетсеңіз?
– Бұл арада мәселенің мынадай қырына көңіл аударуға тура келеді. Ұлы тарихшы-ғалым өз еңбегінде моғолдар мемлекетінің, оның билеушілерінің өмір жолын баяндап қана қойған жоқ. Сонымен бірге, Орта Азиялық кеңістікте кезінде еркін бой көтеріп, дүниеге өзін танытып, соңын ала ел билеушілерінің тынымсыз өзара қырқысу нәтижесінде құлдырап жойылу жолына түскен ортағасырлық феодалдық мемлекеттің қайғылы тарихын жазып, кейінгі ұрпақтарға қалдырды.
Ұлы тарихшының пікірінше «тарихшылардың борышы – ұрпақтардың шежіресін қандай болмасын сол қалпында баяндап беру. Біз патшалардың тек жақсы мінезін ғана жазып, бөтен қылығын жасырып қала алмаймыз, барлық болған оқиғаны түгел баяндап, әлем жұртына танымал етіп, тарихта қалдырамыз. Кейінгі ұрпақ өз ата-бабасының тегін ғана біліп қоймай, сондай-ақ жағымды мінезбен бірге ұнамсыз қылықтардың да қандай пайда-зиян әкелерін бағамдап, келешектегі өмірінде қандай нәтиже берерін де болжап отыруға тиіс». Осы айтылған пікірге өзектес мынадай мәселеге тоқталып өту де артық емес сияқты. Мырза Мұхаммед Хайдар тарихының географиялық ауқымы үлкен. Одан маман тарихшылар Қытай, Үнді, Ауғанстан, Пәкістан және Ирак сияқты мемлекеттердің тарихына байланысты көптеген фактілік материалдарды кездестіре алады. Дегенмен, «Тарих-и Рашиди» – ең алдымен ортазиялық кеңістікті мекендеген түркі халықтар XIV-XVI ғасырлардағы жүріп өткен жолының шежіресі. Олай болса, ірге тасын Бумын, Істеми, Елтеріс қағандар қалаған түркі өркениеті бұл тарихи кезеңде қандай үдерістерді бастан кешіруде еді.
–Мұхаммед Хайдар түркі халықтарына ортақ тарихтың авторларының бірі. Аты аңызға айналған тұлғаның сол замандағы түркі дүниесіне тиесілі қандай тарихи оқиғаларды өз қаламына арқау еткендігі жөнінде, әрі Шыңғыс хан әулетінің Қазақ даласында жасап келген үстемдігін өз еңбегінде қалай көрсетіп кеткендігіне нендей баға бере аласыз?
– Еңбекте сіз атап өтіп отырған дүниелер кеңінен қамтылған. Орта ғасырлар тарихының «Тарих-и Рашидиде» көрініс табуы сол дәуірдің тарихының жазылуына зор үлесін қосқан. Бұл бұлтартпас негізгі айғақтар, қолымызда бар бағалы фактілер. Және біз осы арада автордың қажымас еңбегі міндетті түрде атап өтуіміз керек. Ал, шын мәнісінде Дулати бар болғаны екі ғасыр ішінде, яғни XIII-XIV ғасырларда Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары екі бірдей империяның (Алтын Орданың және Әмір Темір) пайда болып, күйреуінің куәсі болды. Қанды қақтығыстарға толы бұл тарихи кезеңнің аяқталуы жеке аймақтарда пәрменді түрде ұлттық құрылымдардың қалыптасуына ұласты. «Тарих-и Рашиди» авторының өзбек, өзбек-қазақ және өзбек-қырғыз терминдерінен қатар түркімен, дулат, қаңлы, жалайыр, барлас сияқты тайпалық атауларды тең қолдануы осы тарихи үдерістің айқын көрінісі болатын.
Бірақ, өкінішке орай, бұл жеке ұлттық құрылымдардың да қалыптасу үдерісі сәтті, жеке халықтардың табиғи мүддесіне сай қарқында және бағытта жүрді деп айтуға негіз жоқ. Түркі халықтарының, оларды билеуші Шыңғыс тұқымдарының өзара қанды қақтығысулардан, саяси билік үшін тынымсыз күрестен әбден шаршап-шалдыққандығы соншалық, олар енді қайтып Алтын Орда немесе Әмір Темір империясы сияқты қуатты мемлекеттік жүйені құруға шамасы келген жоқ. Кезінде әлемдік дамуға қуатты ықпал болған Түркістанның ендігі уақытта тәуелсіз өркендеу мүмкіндігінен айрылып Шығыс (қытайлық) және Батыс (орыстық) болып бөліне бастауы, сондай құлдыраудың айғағы болса керек. Мұхаммед Хайдар айтқандай «Әйгілі гүлденген дәурен тек ауыздан ауызға айтылып келе жатқан тарихи әңгімелерде ғана қалды»
Мырза Мұхаммед Хайдар еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап қана қойған жоқ. Сонымен бірге ол барлық ұлы ғалымдар сияқты өзі зерттеген тақырып үлгісінде жақсылық пен жамандықтың, білім мен надандықтың өзара мәңгі үзілмес егесін де баяндады. Тарихшы өз зерттеуінде: «Парасатты ақыл нағыз ерліктің жол сілтеушісі. Ақылдылық пен парасаттылықтың пайдасы оқ пен семсерден артық. Жебе қаншалықты айбатты болғанымен, нағыз жеңіске тек ақыл ғана жетелейді» – деп жазған гуманист ғалымның өзі баяндаған тарихи кезеңде Түркістан өлкесін билеушілердің арасында жалпы түркі жұртының болашағын ойлаған Бабыр мен Ұлықбек сияқты кемеңгер патшалардың кем болғандығына өкініш білдіріп отырғандығын аңғару, әрине, қиын емес.
– Мұхаммед Хайдар «Тарих-и Рашидиді» жазғанда сол замандағы ғұламалардың еңбегіне қарап немесе қандай да бір еңбектерді дерек көзі ретінде пайдаланды?
– Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі Рашид ад-дин Фазуллахтың «Жами ат-тауарихынан» бастау алатын шығыс классикалық тарихнамасы үлгісінде жазылған жұмыс. Автордың өз еңбегін жазуға үлкен даярлықпен келгенін байқау қиынға түспейді. Мұхаммед Хайдар ол жөнінде: «Мен шарасыз және әлсіз қалімді түсіне тұрып, өзімнің білімге жұтаң қаламымды бай мұраға бұрып, бұл еңбекті жазуыма мынадай қажеттілік негіз болды. Егер мен естіген тарихи фактілер мен өзім зерттеп білген мұсылман моғол заңдары жөнінде жазу ісін белсенділік танытып, қолыма қалам алмасам, кейінгі ұрпақ бұл тарихтан мақрұм қалатын түрі бар. Ал егер бұл істі білімді бір топқа жүктесем, олар үлкен қиындыққа тап болар еді. Өйткені олар хандардың ахуалы мен жағдайын анық біле бермейтін. Ал мендей пенденің көп уақыты оған қатысты жағдайда өткен… Сондықтан да бар мүмкіндігінше осы оқиғаларды шарасыз беттерге, қуатсыз қаламыммен түсірдім».
Мырза Мұхаммед Хайдар өз еңбегіне дерек көзі ретінде ғылыми ортада мәлім болған еңбектерді түгелдей пайдаланбаса да, олардың негізгілерін тартқандығы анық. Автордың өзі олардың ішінен Қожа Рашид ад-дин Фазуллахтың «Жами ат-тауарихын», Қожа Хамидолла Мұстауфидің «Тарих-и гу-зидасын», «Маулана Шәрафаддин Әли Нәзидің «Зафарнамасын», Маулана Абдол Рәзақтың «Тарих-и Мәнсумын» және Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлысын» бөліп айтады.
Бұдан басқа Мырза Хайдар Турган өзінің тарихи еңбегін жазу жолында «Алланың кішкентай құлы ретінде жастайымнан ата-бабалардың өткен өмірін білу үшін моғол елінің әмірлері мен ақсүйектерінен сұрастырдым», – деген ойды айтып, олардың көбінің жасы жүзді алқымдап қалған қариялар болғандығын білдіреді. Ғалым өткен тарихты баяндаушылардың арасынан өз әкесін бөліп айтады. «Менің әкем (оған Алланың нұры жаусын!) және оның бауырлары – менің ағаларым (оларды Алланың өзі жарылқасын) хандар жайында секілді рауаяттарды айтып беретін еді. Одан бері талай уақыт өтіп, олардан ешкім өмірде қалған жоқ», – дейді.
Міне, бұл айтылғандар Мырза М. Хайдардың «Тарих-и Рашидиді» жазуға үлкен арнайы даярлықпен келгендігінен, сондай-ақ, еңбектің деректік негізін сенімді көздерден алғандығынан біраз хабар берсе керек. Мәселен, автор еңбегінде Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жөніндегі деректік материалдарды Қазақ хандығында 24 күн бойы қонақтап қайтқан Сұлтан Сәйід ханның өзінің аузынан бір емес, бірнеше рет өз құлағымен естігендігін білдіріп: «Сәйід хан Қасым ханмен болған соншалықты әсем жүздесуін өмірінің соңғы сәтіне шейін ұмытпай еске алып отыратын еді», – дейді.
– Тарихта да, осы күні қазақ қоғамында да «қазақ» сөзінің алғаш қолданысқа енуі әбден талқыға түсіп, талайы тартысқа түскені белгілі. Ғұламаның бұл еңбегінде «қазақ» сөзіне қатысты қандай деректер кездеседі?
– «Тарих-и Рашидиде» жете көңіл аударуға лайық термин ол «қазақ» немесе «қазақлық. Мұхаммед Хайдар бұл сөзді жұмысында бір емес, бірнеше рет пайдаланады. Алғаш рет ол бұл терминді Уайс хан өмірінің бастапқы кезеңінде арналған 1-кітаптың 29 тарауында Уайс сұлтанның ағасы Шармұхаммед ханның «Қазақы салт-дәстүрді ұстанғанына қарсы болғандығын жазады. Екінші рет Сұлтан Сәйід ханға арналған 67 тарауда Сұлтан Сәйід хан Мансұр ханнан жеңіліс тапқан соң «Моғолстан да қазақы жүріс-тұрысқа көшті», – дейді. Ал осы «қазақы жүріс-тұрыс» 2-кітаптың 33-тарауында мынадай түсінік береді. «Әбілқайыр хан опат болған соң өзбек ұлысында өзара қауіпсіз һәм дұрыс өмір іздеп Керей хан мен Жәнібек ханды паналады. Олар осылай күш жинады. Басында қашып жүрген ел өсе келе көпке айналғандықтан және жырылып қалып, біраз уақыт сұлтансыз әрі сергелдеңде жүргендіктен, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап есім біртіндеп оларға бекіді», – дейді.
Міне, бұл берілген түсініктен аңғарылатыны, біріншіден, «қазақ» аталған жұрттың әуелде Әбілқайыр ұлысынан жарыла көшкендігі және екіншіден, біраз уақыт билеуші сұлтандар емін-еркін, өз бетінше көшіп-қонып жүргендігі.
Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда, «қазақы өмір саясаты» сол тарихи кезеңдегі өзбек және моғол ұлыстарын-дағы өмір салтынан өзгешелігі бар. Бұл өмір сүру жүйесінің негізінде біздің түсінігімізше, көшпелі мал шаруашылығымен ғасырлар бойы айналысып келген халықтың қалыптасып қалған өзіндік тұрмыс құру логикасы жатыр.
– Сонда Сәйід ханның Қасым ханмен байланысы қандай болған?
– Сәйід хан Қасым ханға қонаққа келгенде Қасым хан былайша түсіндіреді: «Біз даланың еліміз, бұл жерде бұйымдардың түрі не астық ауыртпалығы жоқ. Ең қымбат бұйым – жылқы малы және оның етінен дайындалған дәмді тағамдар, ал оның сүті – біздің ең сүйкімді сусынымыз.
Біздің өлкеде өсімдіктер бағы мен ғимарат жоқ. Жазында серуен құрар жеріміз – кең мол жайлауы. Арғымақтарды қызықтаймыз. Жүріңіз, бірге барып соларды тамашалайық, нағыз демалысты сонда ғана сезінесіз. Менің екі тұлпарым бар. Екеуі қалған бүкіл үйірге татиды», – дейді. Одан ары Қасым хан: «Еліміз жылқының қуатына сай тіршілік құрады. Менде осы екі арғымақтан басқа лайық санайтын ат жоқ. Сондықтан да екеуін бірдей сізге тарту етуді жағдайым көтермейді. Қадірменді қонағымсыз, екеуінің бірін таңдап, қабыл алыңыз», – деп хан екі арғымақтың әрқайсысының жеке сипатын бергенін айтады.
Сәйід хан екі арғымақтың біреуін таңдап алғанын, оны аты «Оғылан тұрық» екені, мұндай көркем де сүйкімді жануарды өмірінде бұрын-соңды кездестірмегендігін сүйсіне баяндайды.
Бұдан соң Қасым хан қонағына қымыз толы шыныны ұсына отырып: «Біздің қонақ сыйлауымыз осылай, егер осы кеседегі қымызды ішсеңіз, бізді қатты қуантасыз», – дейді.
Сәйід хан бұдан біраз уақыт бұрын бір оқиғаға байланысты ішімдікті біржола қойып кеткендігін, «сертті бұзу қиын болатындығын» айтады. Оған Қасым хан: «Жаңа әлгіде айтқанымдай, біздің ең ғажап сусынымыз – қымыз, жылқының сүті. Егер бұл тілегімізді орындамасаңыз, қазақ күтуден үлкен олқылық кеткен болады. Сіз біздің аса құрметті қонағымызсыз. Сізге қандай қызмет көрсетіп, көңіліңізден шығу керек екендігін біле алмай отырмын… Бұл арманды қалай орындап алар екенмін!» – деп басын төмен ұстап жүзінен мұңайған нышан көрінеді.
Өз ретінде Сәйід хан ашылып Қасым ханға: «Енді амал жоқ, сертті бұзамыз да қымыз ішеміз!» – деп жауап береді. Қонағының бұл ісіне Қасым хан шексіз қуанады. Сөйтіп қызу әңгімемен, Сәйід хан «Жиырма төрт күн қатарынан қымыз ішімдігінің кесесінен сусын ішіп жүрді», з деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати.
Әрине, бұл айтылғандардан Қасым хан билеген қазақ жұрты тек мал мен жайлаудан басқа құндылықтарды білмеді деген тұжырым тумаса керек. Мырза Мұхаммед Хайдар, Қасым ханның, Сырдария бойындағы қалалар – Сайрам, Иәнги (Тараз), Ташкент үшін үлкен күрес жүргізгендігін жазады. Бұл әрекеттен қазақ билеушілерінің бұл аймақтық стратегиялық мәнін, сондай-ақ, отырықшы тұрмысқа тән құндылықтарды да жоғары бағалағандығын аңғару, әрине, қиын емес.
– Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін алғаш болып қағаз бетіне түсіргені мәлім. «Тарих-и Рашидиде» қазақ халқының негізін қалаған халық жайында қандай құнды ақпараттар бар?
– Мырза Мұхаммед Хайдар қазақ халқы мен оның билеушілерінің жетістігіне қуанып, сәтсіздіктеріне күйінетіндігін жасыра алмайды. Мәселен, ол Қасым хан жөнінде:
«Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты жоғарғы билікке қол жеткізе алған жоқ», – дейді. Бұл арада тарихшының миллион деп, әрине, жалпы қазақ жұртының санын айтып отырғандығы түсінікті болса керек.
Қасым хан өмірден өткен соң, Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда, қазақ хандығында берекесіздік басталады. Ол жөнінде тарихшы: «Қасым хан 924 жылы яғни (1516) жылы қайтыс болды. Қазақ сұлтандарының арасында өзара қақтығыстар басталып кетті. Қасым ханнан соң оның ұлы Мамаш хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде буындырылып өлтірілді. Одан соң Адик сұлтанның ұлы Тайыр хан таққа отырды. Ол мейірімсіздігі шектен шыққан дөрекі адам болғандықтан, саны төрт жүз мың шамасындағы елі тез арада одан теріс айналып, шілдей бытырап кетті. Ал ханның жалғыз өзі қырғыз арасында қалды. Сөйтіп, бақытсыз азапты күйде қаза тапты.
Бұдан соң тағы да отыз мыңға жуық адам Моғолстанда жиналды. Тайыр ханның бауыры Бұйдаш хан таққа отырды», – деп налиды.
Мұхаммед Хайдардың тарих философиясы бойынша мемлекеттік биліксіз халықтың даму, өркендеу жолына түсуі мүмкін емес. «Егер ел билеушісіз қалса бақытсыздыққа ұшырайды, ал халқы жау опасыздығынан күйреп жойылады». Билеушісіз жаһан, бассыз тәнмен тең. Бассыз тән, жолда жатқан ұлтанмен тең, яғни патша мемлекеттің, елдің жаны басы.
Бұл арада мынадай анықтау енгізуіміз қажет. Мұхаммед Хайдар мырзаның түсінігі бойынша, кез-келген патша елдің құты бола алмайды. Ғалым: «Алла тағала әлемді жаратты және жаһанда тәртіп орнату үшін соған лайық биік тұлғалы патшалардың дәнекер болуын жөн көрді. Сонда ғана адамзат зұлымдық пен зорлықтан аман-есен болып, тіршілігін жасайтын болады. Бұл Құдайдың хикметі», — дейді. Басқаша айтқанда елдің басы мен құты жалпы жұрттың болашағы мен берекесін ойлаған білімді кәсіби билік.
Моғолдар хандардың шежіресін жазған ғалым үшін халыққа әділдік, дін және бейбітшілік әкелген патша ғана ең жоғарғы құрметке лайық.
Сұхбаттасқан Руслан БАҚЫТЖАН
14.03.2013