Көктоғайдың қытай бастығын өлтіру-3

313

 

Ертеңінде біз Сартеректен бергі ел Ақыт мешітіндегі жиынға келдік. Жиналыстың өту ахуалы қауіпті болды. Келгеніміз 200-дей адам едік. Адамдарды дәретке шығармады. Есіктен кірген жерден ауыздан уәде алды.

– Мылтықты береміз, – деп шулап кірдік. Шән сөзінде:

– Сендерде мылтық көп. Тауға да тығып отырсың, үйге де тығып отырсың. Біз білеміз, қолымызда мәлімет бар, – деп соқты.

– Бір атым дәрі, бір жез қалмайды, – деп ұқтырды. Қысым жасай келіп алпыс адамның атын оқыды.

– Осы адамдар бізбен бірге ауданға барады, – деп ұқтырды.

Бұл алпыс адам Ақытты алып қалсақ деген алпыс адам екенбіз. Ішімізде тыңшылар болғандықтан (14) бұл хабар әлдеқашан сақшы мекемесіне жетіп барған екен. Есімхан шәнге барып:

– Бір сұмға құл болдық. Ат көлік азықтарымызды әзірлеп киімдерімізді жөндеп алып арттарыңыздан барсақ, – деп рұқсат сұрап алды.

Сонымен шәнге уәде беріп қалып қойдық. Ал шән кешінде Оқан зәңгінің үйінде қонбақ болып сол жерге адам жіберіп, үйді дайын етіп мал сойғызыпты. Оқан зәңгінің үйінде бір тәуір қыз бар еді. Шән тарбағатайлық жергілікті қытай, қазақ тілін білгендіктен сол қыздан үміт күтеді екен. Шән адамдары бізден айрылып Дүренің Көктем мектебіне барып, онда үгіт айтты. Онда да жоғарыдағы бізге қолданған тәсілдерді қолданып аттанып кетті. Көктем мектебінен шығып, Карабұлғындағы Қалел аулындағы білім мектебіне барды. Ол кезде Қалел ұсталып кеткен еді. Бұл арада Зақобадағы Оқан зәңгінің үйі шәннің бұйрығы бойынша дайындалып қойылды. Қытайлар Жу Ұянжаң, шән болып барлығы 37 адам еді. Негізінен сақшы адамдары болатын. Шән екі мектептегі үгітін аяқтатып, кешінде Оқан зәңгінің үйіне келді. Оқан Әсімбекұлы, Молқы ішінде Машан еді. Ал Машан ішінде Есет еді. Біз өзіміз 60 адам осы кеште Жу Ұянжаңды шәнмен қосып өлтіруге Өндірқарадағы Иманбай үйінде серттестік. Қолдағы мылтықты түгел береміз деп Жу Ұянжаңға көк қасқа тай сойып күтіп, оларды бейғамдандырып тастадық. Жүз адам Оқанның үйінің Құм жағындағы бір керіш тауға бекіндік. Жас балаларды жіберіп Оқанның қызынан хабар алып тұрдық.

Бұл уақыт 1940 жылы 6 ақпан күні[1] болатын. Шән ұйықтаған кезде қыздан хабар келді.

– Маған шән келсін деп адам жіберіп жатыр, – деді. Жер қар еді. Түн қатты суық. Аяқ тықырын білдірмеу үшін етік сыртынан кигіз тұйық тігіп, киіп алдық. Оқтаудай қайынның басын жарып қайың тоз өткізіп алып үйге кіргенде (15) тозды майға малып жарқ етіп кірдік. Өйткені өз адамдарымызды өлтіріп алудан сақтандық. Шән адамдарының қолында екі орыс бесатар, екі қайбан мырыш, екі сарбауыр берен, төрт наған бар еді.

Біз 37 адамды бір жүз он адаммен қамап алдық. Төрт рет оқ атылды. Одан әрі қару қыла алмады. Біздің қолымызда шоқпар, темір күрек, балта бар еді. Осы күшпен отыз жеті адамды өлтіріп тастадық. Дәл осы түні Қалел аулында жатқан Сарноғайды[2] Сайып пен Шамғұн өлтірді. Асыл тұқымды мал бағып жатқан Уан атты бір қытайды, Сүлеймен, Ібіш Машейұлы өлтірді. Бұлар ол кезде Тұрымның Сартерегінде болатын. Осы екі адам ең алғашқы ақылдасылған алпыс адамнын ішінде болатын. Кәрім сарт осы 37 адаммен[3] бірге өлтірілді.

Ертеңінде “мен де осы ақылдың ішіндемін” деп Шәри зәңгіден қағаз келді. Шәри ауылы ол жылы Шәкүрті бойында еді. Екі күннен кейін Сарсүмбеден төрт адам келді: Ноғайбай, Зәтелбай, Ақтеке би, Мұса мерген. Бұл адамдар ел ішіндегі мылтықтарды жинап беруге келіпті. Мұса мерген екі оғым бар депті. Соны әкеліп беруге Ноғайбай ертіп келіпті. Ақтеке Аралда төрт мылтық бар соны апарып бермек. Зәтелбей Құлдың мылтығын жинап бермек болып қайтады екен.

Бұл төрт адамнын сөзі мынау болды:

– Біздің істегелі келгеніміз сол еді. Бұзылудан басқа жол қалмады. Комиссияны өлтіріп жақсы істеп қойдыңыздар, – деп қосыла кетті.

Сонымен Ноғайбай, Зәтелбей, Мұса Шіңгіл елін бұзатын болып жүріп кетті. Біз 300 адам болып Көктоғай Сақшы мекемесін алуға жүріп кеттік. үкірдай Есімхан басшы болды. Оспан екеуміз отардағы малды жинауға жүріп кеттік. Меркіт Тиянақтың ұлы бір орыс бесатар әкеліп берді. Орыс Сарбелі, 200 оғы бар еді. (16)

Сақшы мекемесі біздің комиссар мен шәнді өлтіргенімізді әлден естіп қойған екен. Сол тұңғыш соғыста Сәріш Келеңұлы бастаған төрт адам шәйіт болды. Алты мылтық түсіріп алдық. Сақшы орны алынбады. Дәл осы кезде, Шеруші Сүлеймен Тілеубайұлы[4] сол шақшы мекемесінде жұмысшы екен. Сүлеймен біздің қолымызға түскен соң Есімхан үкірдай алып келіп кісендеп қойды. Бұл кездегі бұзылғанымыз аз адам еді. Елдің көбі әлі бұзыла қоймаған болатын. Қарабұлғын, Шәкүрті маңындағы аз ғана Айтуған, аз ғана Шақабай еді. Аз ауыл Шеруші, аз ауыл Қарақас, аз ауыл Сарбас Үмітбай тобы еді. Есімхандар қайтып елге келгенде, біз де отардан малды көшіріп қайта оралдық. Барлығымыз Өндірқараға жиналдық. Бұзылмаған елдермен арамыз ашылып қалды. Бұл уақытта Шіңгілдегі елден тіл ала алмадық. Осы жағдай кезінде Бимыш деген кемпірді Шатыртастағы Салық тәйжі ауылына жібердік. Кемпір аман барып қайтып келді. Салық тәйжі:

– Сақ болсын. Сарсүмбеден Бұлғындағы Ырысбек Дажұйбаңға әмір жіберіліпті. Барлық әскерді алып Өндірқарадағы шәнді өлтірген бұзықтарды өлтіріп, тірі түскендерді Сарсүмбеге алып келсін деп бұйрық беріліпті дейді, – депті.

Бұл сөздерді естігеннен кейін біз дайындық көріп қаруланып Сартоғайға көшпекші болдық. Ауыр жүк қалды. Кісеңдеулі жатқан Сүлеймен түсімде маған аян берді:

– Мұсылман оғынан қаза болуым мүмкін. Кәпір оғынан қаза болмаймын. Соғысқа шығамын, – деп өтінді.

Сүлейменді босатып алдық.[5] Бұл кезде ел болып ерікті түрде әскери міндет өтеуге 700 адам жазылып қойды. Қапсәмет молла мен Мәлікаждар молланы алғызып бүтін әскерге жаназасын оқыттырдық. Жаназа оқыған күніміз 1940 жылы 19 наурыз күні еді. Дәл сол күні жылаған қатын-баланың даусы әлі күнге есімнен кетпейді. Бүкіл Алтай тауы дүрілдеп иман айтқандай болды. Бүкіл Сартоғайдан (17) Жеті Аралға дейін соншама қашықтағы ағып жатқан Бурылтоғай өзені ақ қырау мұз жамылып, ормандарды сүңгімен тұман басты. Шалқая сырғып ағып жатқан қос Шіңгіл өзені де аза білдіріп тұрғандай сезіліп, ит ұлып, сиыр мөңіреп, күндіз күн тұтылып, түнде ай тұтылып, жылқы жал құйрығын сүзіп, алдағы күнде болатын ауыртпалықтардың барлығын көз алдымыздан өткізіп жатты.

Біз тәуекелдің атына міндік. Иесіз иен жатқан қазақ, құрып алған мемлекетіміз жоқ, жинап қойған қорымыз жоқ, салып қойған қаламыз жоқ, тіпті осындай жағдайда жаратып аларлық жаратқан Құдай бізге экономикалық негіздерде әуелі адамзатқа енші бөлгенде бізге ондай ғылыми кәсіптерді бермеген екен. Құдай тағала әуелі адамзатқа енші бөлгенде бізге ондай ғылыми табыстарды бөлмеген екен. Біздің шаруашылығымыздың негізін құраған төрт түлік мал, Алтайдың сұрапыл суықтарында әр он екі жылда бір ақсүйек болып тұрады. Сол малды отардан шулатып қыс үстінде айдап келдік. Жылқылар жалын тарап, құйрығын сүзеді. Арықтап шыққан малдар саудырап өле бастады. Арық малдар не ішсе іш тастай бастады. Шың Сысай бандиттерімен бірге Құдайдың мол беретін қазаққа еншісі осы болғандай. “Жұтаған жұртын мақтайды” деп қазақ сорлап отырсақ та, әлі де мал кәсібін дүниедегі бар кәсіпке теңемейтін надандығымыз да өзімізбен бірге жасап келе жатыр.

Біз туып ойламаған істерді істеуге жолығып қалдық. Біз қарулы орыспен де, қарулы Шың Сысай бандиттерімен де майданға түсіп алысатын болып қалдық. Бірақ сорға қарай Төре Шәріпханның әскері Ырысбек келетін секілді. Енді қайту керек? Тәуекел, жан аясаң жаралы қаласың. Ол жау ғой, ондай болса тәуекел. (18) Тәуекел атына расында мінуге мәжбүр болдық. Бұл дүние бізге бейнет пен ажалын бірдей әкелді. Орыс пен Шың Сысай бандиттерінің бізді аямайтынын түсініп жаттық. Орыстың мақсаты оларға қазақ керек емес, Алтай керек. Ондағы тас пен алтын керек. Ал қытайдың мақсаты да осы еді. Бізде күш жоқ. Тіпті жәрдем қылатын орын да жоқ. Оның үстіне, орыс пен қытай бізді алғанда, қазақпен алып жатыр. Өзіңді өзіңе салады екен. Ен қорлығы, ең ауыр іс осы болды. Сол заман сол жылы, сол ай, сол күні, біздің қызыл қолымызды еріксіз түрде өз жауымызға қарсы тұруға итермелеп сағым қуғандай апарып осы қанды уақиғаға енгізіп жіберді.[6]

Ежелден Құдайдың қазаққа берген еншісі аз емес еді. Ежелден қазақты жақсы жарылқап келе жатқан Алланың тағы бір қазынасына іліне кеттік. Бұрын тышқан өлтіруден қорқатын қазақ, бандыларды өлтіргенде лақтан бетер әрі оңай, тіспен де, тырнақпен де бауыздай салатын болып алдық.

 

Жауға қарсы соғыс комитетінің құрылуы

Біз тағы да Аллаға сиындық. Шіңгілді құлдап келе жатқан бандит Шың Сысайдың әскерінің алдынан 150 адамды өрлетіп жібердік. Өзеннің оңтүстік жағымен Сүлеймен батыр мен Шамғұн әскерлері өрледі. Олар 200-дей адам еді. Ал өзеннің солтүстік жағынан Қарақас Көкей мен Сарбас Үмітбай мерген, Қаһарман мерген болып 200 адам өрледі. Ең алдымен соғыстың туған жері Шәкүртінің оңтүстік жағындағы жол үстіндегі қысаңда еді. Осы жерден Шың Сысай әскерлері келіп пулемет қойды. Бізден 60 адам шәйіт болды. Оңтүстік [адам аты жазылмай қалған] (19) батыр мен Шамғұн мерген әскерлері орап келді. Мен осы әскердің ішінде едім.

Біз 30 адам ақ қалпақ, ақ шапан киіп қардың арасынан жүріп, сол әскер жатқан жерге жақын барып атыс бергенде, олардан 30 адам өлтіріп, 13 жапон бесатар түсіріп алдық. Қанды соғыс болып жатқанда, оңтүстік жағымыздан екі қосар атпен Ыдырыш келді. Ол Ноғайбай үкірдайдан “Біз сіздерді тосып тұрмыз, жауды соғыспен алғанда қандай тәсілдер бар. Біз біргеміз. Сендерге Мұса мерген баратын болды” деп жазылған хат әкеліпті. Көп өтпей бізге Мұса мерген 20 адаммен келіп қосылды. Мұсаға олжа мылтықтан мылтық бердік. Олардың қолында мылтық болмағандықтан үш мың оқ әкеліпті. Осы күштердің жәрдемімен бандит Шың Сысай әскерлері жеңілді.

Алғашқы солтүстік бөлікке кеткен әскерлеріміз қайтып өзімізге келіп қосылды. Олар жүрген жақта жау әскерлері болмапты. Бандит Шың Сысай армиясын талқандап, Қайырқын Қадан Сұмнан асырып, Шіңгіл ауданына түсіріп жібердік. Сол күні түнде Өндірқарада бізге бағынбай тұрған Салық елін күшпен көшірдік. Бұл кезде Салық тәйжі Алтай Сарсүмбеге Әбдіқани залыңды жіберіп әскер сұрап жатқан екен. Біз оларды өзімізбен қосып айдап отырып Сартоғайға келдік. Сай аузындағы жазыққа апарып қондырдық. Шамамен 2.800 үй еді. Ноғайбай үкірдай, Нәзір тәйжі елі қыстауынан әлі көшпеген екен. Қаптағай Қарақас Дұғалысының ауылы бізге келіп бірікті. Елмен бірге енді Бұлғынға қарай өрлей көштік.

Алдымыздағы Тарының қыстауының түбіндегі үш төбенің бауырында жау әскерінің қоры бар еді. “Осы қорды алсақ. Тезірек әскер жіберілсе” дегендіктен біздің топтан Есімхан қозғалысындағы Сүлеймен, Ноғайбай, Ырысхан, Мұса мерген төрт адамның басшылығында барып қорды қоршадық. Ақыры жаулап алдық. Ол қорда 30 адам бар екен. (20) Оларда Қашуын жақтағы Қара төбеге жиналды. Күн бойы атыстық. Алдырмады. Ақшамнан кейін ұран салып, төбенің төрт жағынан бірақ бас салдық. Жауды түгел өлтірдік. Бір адам қашып құтылды. 30 бесатар, 300 түйе және әскердің бүкіл азық-түлігі мен киім-кешегін түсіріп алдық. Бірер мың адамдық әскери жабдық түсіріп алдық. Осы жерден барлық ел бастықтары жиналып, кеңес ашып Соғыс Комитетін құрып шықтық.

Соғыс Комитетінің үш бастығы Ырысхан, Есімхан, Кәдірбай болды. Әскери азық-түлік дайындауға Ақтеке, Ноғайбай, Салық тәйжі белгіленді. Төрт жақты күзететін 400 адам қарауыл әскерлері белгіленді. Соғыс армиялары тізімделді. Саны анықталды. Оң жақ қарауылды Сүлеймен батыр, сол жақ қарауылды Мұса мерген, артқы шеп қарауылды Шамғұн мерген, алдыңғы шеп қарауылды Үмітбай, Қаһарман мергендер өз үстіне алды. Қашанда төрт жақтағы қорғаныс күшін басқару осылайша тұрақталды.

Ұйымдастыру істері аяқталғаннан кейін Жәнібектің туы[7] сандықтан[8] шығарылып ту тігіп, ақсарбас сойып, тілеу тілеп, мәуліт оқып, хатым шығарып, көк қасқа тай, ақсарбас қой сойып, бүтін ерлер біртұтас әскери міндет өтеуге тізімделді. Ел адамдары қызыл қанға қол матырып, бұзылмасқа серт берілді.

Біз осындай істеп жатқан кезде Шіңгілдегі жау әскерінен Сарсүмбеге хабар беруге кетіп бара жатқан 10 әскерді Қарасайдан тосып ұстап алып барлығын өлтіріп, Жәнібек туын ең алғаш рет қададық. Әскер бастап барған адам Жәнібек немересі Зарыққан болатын. Осыдан бір жұма өткеннен кейін Насыр Ноғай, Шақабай Шыбар қажының баласы Қасен зәңгі, Жамилиқа мүпти бастық үш адам өкіл болып жетіп келді. Олар бізге Шың Сысайдың сәлемін жеткізді. Залым Шың Сысай былай депті:

– Мен үкіметмін, сіздер бұқарасыздар. Әкелі-балалы қатынасымыз бар. Өткендегі қателік сіздердің емес, (21) Көктоғайдағы мылтық жинау комиссиясының бастығы Жу Ұянжаң мен Көктоғай шәнінің өздерінің қателіктері. Соғыс қылмаңыздар. Тыныш тұрып мекенге келіп орналасып, мал төлдетіп алыңыздар.

Ол кезде Есімхан науқас – сары ауру еді. Сондықтан бүкіл қозғалыстың бастығы Ырысхан болды. Оның орынбасары Кәдірбай еді. Біз “Шың Сысай үкіметімен сөйлесу  керек пе, әлде соғысу керек пе?” деп Ноғайбай үйінде жиын ашып отырғанымызда, Шіңгіл ауданына Көксеген үкірдай, Баянбай 13 адаммен жетіп келді. Біз бұзылғалы 37 күн болған еді. Шіңгіл шәнін қамап тұрмыз. Шонжыға кеткен біздің базаршыларымыз келді. Олардың айтуынша, Шонжы жолымен көп әскерлер келіп Дабысынға түскен. Бұл әскердің бір бөлімі Нармантыны жағалап, Күміске келіп, одан өрлеп Бұлғындағы біздің әскермен соғысып қалған.

Біздің әскеріміздің қолында мылтық жоқ еді. 400-дей адамдық партизан құраған едім. Ырысхан бұл хабарды естігеннен кейін “қырылып қалар ма екен?” деп жылағандай болып дереу қимыл көрсетіп түнімен әскер жүргізді. Сүлеймен басшылығында 400 адам жүріп кетті. Олар Сартоғайды өрлеп Күміс құйғаннан шықпақ болды. Біз де Мұса мерген басшылығындағы 300 адаммен Дөңті жолымен төтелеп жүріп, Күміс құйғанына бардық. Мұса мерген бұл жердің ахуалын әбден біледі екен. Бейітсайы құйғанынан барып түскенімізде сағат 11 мөлшері еді. Жасырын жолдарменен Бейітсайының аузынан кірдік те басына қарай өрледік. Үкімет әскері бөлім-бөлім болып Көксеген әскерін қоршап алып, соғу алдында тұр екен. Біз Бейітсайының басында отырған үкіметтің 50-дей әскерінің жанына жақын келдік. Бұл жердің қорғанысы азырақ жалаң төбе екен. Мұса, Қаһарман мергендер ата бастады. Жау сытырлап құлай бастады. Байлаулы тұрған 50-дей атты Мұса көріп үркітіп атқылап еді. Ат қашып бізге келді. Атқа келген жаяу әскерлерді қырып жібердік. Мен бір әскерді қуып (22) өлтіріп мылтығын алдым. Және бір аскер тұра қашты. Оны қуалап барсам, алдында Ақтайлақ бір әскерді қуалап барады екен. Мен өзім қуған әскерді және атып өлтірдім. Ақтайлақ бір әскерді өлтірді. Үш мылтық олжа алып қайтып келдім.

Дәл осы кезде музика даусы естілді. Әскерлер қопарыла қаша бастады. Біздің әскерлер өкшелей қуалай түсті. Бұл армияның бастығы генерал Балғау Лижан екен. Осы генерал қылышпен бес адамды өлтіріп жіберді. Ең ақыры Қарақас Кішкейді аттан жерге бір-ақ ала түсіп екеуі бірдей өлді. Осы генерал өлгеннен кейін әскер біртұтас шегінді. Оның маузерін Кішкейдің інісіне бердік. Сол күні бес жүз түйе түсіріп алдық. Біз өзіміз жиырма түйе олжаладық. Бұл әскер Күмістен асып Нармантының шығыс тұмсығын басып Дабысынға барып, Бәйтікті бойлап тар жолмен жүріп Шонжыға қайтып кетті. Мыңдаған гранат, 500-ден астам бесатар, 300 жәшік оқ, 300-ден астам  ер тоқым, бес жүз түйе түсіріп алдық.

Біз бұдан бұрынғы барыстарда әскери олжаларды руларға бөлген едік. Ырысхан бұл жолды қате деп өзгертіп “жаудан кім не түсірсе алсын” деп бұйрық жариялады.

Бұдан соң Шіңгіл елімен бірлесіп көшетін болдық. Дәл осы жұртта отырғанымызда Үрімжі жақтан 50 айырплан келді.[9] Бірі төмендей ұшқанда Мұса атып еді, ол айырплан жанып жерге түсті. Ол мың қойдың үстіне келіп түсіп өртеніп кетті. 200-дей қой шығын болды. Біз өрлей көштік. Шіңгілден екі мыңдай үй қосылып Бұлғынға қарай өрлей көшкенімізде екі айырплан келіп қағаз тастады. Қағазда “Гансуге кетпеңдер, жолдың бәрі шөл, сулардың бәрін әскерлер иелеп алды. Қолдарыңа түскен генерал Ли Ғанды азығын беріп Шонжыға жіберіп беріңіздер.” деп жазыпты. Күндіз жатып, түнде көшіп Моншық Қызылдың баурына келіп қондық. Бұл уақыт сәуір айының (23) соңы еді.

Осы кезде Дабысынды басып Үш Қыздың желкесінен шекара әскерлері келді. Бұл әскерлер Үш Қыздың желкесінен жүріп, екі мемлекеттің шекарасына келіп Жарынтыға орналасты. Біз Моншық түбінде едік. Бүкіл ерлерді әскери қызметке алып, Жарынтыдағы үкімет әскерлерімен соғыстық. Алғашқы соғыста екі пулемет, 300 мылтық түсірдік. Үш Қыз жағымен Мұса әскері кірген еді. Жарынты жағымен Сүлеймен әскері кірді. Мұса жағындағы әскерді Ақтеке би айдады. Сүлеймен жағындағы әскерді Ноғайбай үкірдай айдады. Жарынтының Алтай жағындағы төбені тартып алдық. Екі пулемет түсірдік. Жәнібек туын сол төбеге апарып тігіп қойдық.

Ал Үш Қыз жағына өту үшін жол қиын болды. Қалың тоғай, қыр және жерде қатқан мұз болды. Бұл жерде бізді тұзаққа түсірмек үшін жау әскерлері тоғай арасына кіріп жасырынып алыпты. 300 адам Сүлеймен бастауымен ол орманды жарып шықтық. Бізден, ішінде Ноғайбай бастық бар, 20 адам шәйіт болды. Мұса әскерлерімен жаудың үш жүз адамын қоршап алдық. Күн батар алдында басып кіріп, тірідей жүз адамды ұстап алып қырып тастадық. Қытайлар мылтығын тастай-тастай салып таспен ұрды. Бізден де көп адам шәйіт болды. Зателбай, Ноғайбай, Сейілхан (Молқы), Дағыстан (Шақабай) ішінде алпыс адам өлді. Ақтеке ауыр жараланды.[10] Жау әскерлері бұдан кейін тоғайды тастап жазыққа шығып алды да, тоғай бізде қалды. Осы барыста 11 күн соғыстық. Екі айырплан түсірдік. Үш айырплан жаралы болып кетті. 11 күннен кейін Шың Сысай бандиттері Монғолиямен бірлесіп тұзақ құрды. Қалқадан төрт адам өкіл келді. Әлқиса, Балтабай, Түменбай, тағы бірінің атын ұмыттым. Олар:

– Қалқа мен Жапония бірлесіп кетті. Бізде коммунизм қалмады, – дегеннен кейін Сарбұлақ бен Шуырғынның тауына асып Бұлгын жалпағына қарай көштік.

Мұса мерген, Сүлеймен басшылығындағы 750 адам Жарынтыдағы (24) үкімет әскерімен атысып тұрды. Ел бір күн, бір түн көшіп жалпаққа қонды. Біз Жарынтыда тұрғанымызда Үрімжіден 40 танк жәрдемге келген еді. Жау әскері тағы да әлденіп алды. Танктен оқ өткізе алмадық. Ырысхан елді бастап Жалпаққа көшіп кетті. Мен Мұса мергеннің жанында едім. Мұсаның атын да ұстай білемін. Өзім де жаумен атыса білемін. Мұса мергеннің бір оғы жауға зая кетпейтін. Тіпті бір оқпен қабаттап бірнеше адамды түсіріп отыратын. Мұса мерген Бұлғын жазығына бармады. “Монғолдар алдап отыр. Мен әзірге Өкбе тауында тұрайын. Жағдай нашар болса, Ырысхан маған хабар берсін. Онда түйемен Гансуге өтіп кетеміз” деп Ырысханға хат берді. Мен сол хатты алып Ырысханға әкеліп бердім. Мен Жалпаққа жақындағанда алдымнан көш шықты. Бұл Көжебай Сұлтанның көші екен. Ол адам маған:

– Мойнындағы мылтығыңды тығып бар. Қалқа мылтықтарды жинап жатыр, – деді.

Мен мылтығымды Көжебайдың түйесінің қомына тығып кеттім. Жалпаққа түсе қалсам, бес әскердің жанында екі шал отыр екен. Оларды ымдап шегіндіріп алып, Мұсаның қағазын бердім. Мен:

– Мына бес адамды өлтірейік, – деп едім.

– Тұра тұр күн батсын, – деді.

Осыдан кейін мен үйімді тауып алып демалдым. Алты атымыз бар еді. Оларды Кәбілден суға жібердім. Екінті мөлшерінде бас жақтан да, аяқ жақтан да мылтық даусымен бірге өрт шықты. Пулеметтің оқтары көктен де, жерден де бұршақ болып жауып кетті. Біреуді біреу білмейді. Өрттің арасынан Арал Шақабайынан 60 үй қашып шықтық. Ішімізде Шамғұн бар еді. Ол мылтық бермей қалған екен. Түнде қайта барып, қалған жүгімізді алып, шықтық. Ат көлігімізді тауып алып Шұбырғын тауына келдік. Бір жастағы Мафура деген қыз балам қайтыс болды. Сол жерде елді топтап Ырысхан тұр екен. Үркіп шыққан елдің өлгені өліпті, (25) тірісі сол жерге жиналған екен. Ырысхан мен Ақтеке:

– Қатын баланың арасында жүріп соғысу қиын екен. Шетке әсіресе Бәйтік Қаптыққа шығып алып соғысу керек, – деді. Ырысханға еретін еркектер қатын-баласын тастады. Жиыны 600-дей адам болдық. “Ешқандай адам әйел де, бала да алмайды” деп айтылды. Біз Сәрсембінің ұрқынан 40 адам ердік. Бір қысаңнан санап ерлерді өткеріп алдық. Қалелдің қызы Мапаш рұқсатпен алып шығылды. Өйткені ол қыз Қожамбергеннің келіні еді. Тірі алдыңғы елге жетсек, апарып беретін болдық. Сарбас Үмітбай:

– Ұлым жоқ еді, – деп бір қызын еркекше киіндіріп ертіп алды.

Қиямет-қайым болғандай әркім қатын-баласынан тірі айрылып, жыласулар болып жатты. 600 адам түнімен жүріп, Көк Адырға келдік. Одан өтіп Өкпеге қарай жүргенде, алдымыздан Мұса мерген шықты.

– Менің жанымдағы адамдардан да бағынып кеткендері болды. Біз сіздерді тосып жатырмыз. Қытай мен Қалқа әскерлері бірігіп бүкіл елді ортаға алғанда біреуді біреу білмей қалды. Сүлейменнің қайда кеткенін ешкім білмейді. 200 неше адам Адамқұл, Көксеген үкірдай Қапшыққа қашып шығып кетіпті. Мен де арттарыңнан барамын. Бірақ қазір туыстарымды тосамын деп қалып қойдым, – деді.

Өкбе тауынан күн-түн демей жүріп, Ыламжыққа бардық. Онда біздің адамдардан қарауыл бар екен. Оларға біз де:

– Осы жерде тұра берсеңдер, артымыздан тағы да адам келеді, – дедік. Және бір адамның қарасы көрінген соң оған адам жіберсек 30 кісімен қашып келе жатқан Оспан Исламұлы екен. Оларда бес мырыш, бесатар бар екен. Осылармен бірігіп алып  Кіші Қаптыққа бардық. Өзімізбен бірге бара жатып жолда адасып кеткен ағамыз Жақайбайды төрт күннен кейін тауып алдық. (26)


[1] Дәлелхан Сүгірбаевтің ұлы Патыхан бұл уақиғаның 1940 жылы 2 қаңтар күні болғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 16-бет.

[2]  Халық татар текті болғаны үшін Сарноғай деп атап кеткен. Шын аты Мұқаметқали болған.

[3] Сүгірбаев 11 адамның өлтірілгенін айтады. Сонда.

[4] Сүгірбаев, Сүлейменнің  ататегін Нүсіпұлы деп айтуда және оның әскер бастап келгенін растауда. Бірақ ол оның өздігінен көтерілісшілер жағынан шыққанын атап өтеді. Сонда, 17-18-бет.

[5] Шынай Рахметұлы Сүлейменнің көтерілісшілерге қосылуын былай деп баяндауда: “Өлгендер мен байланғандарды көргенде Сүлеймен қуанып кетті:

  • Иә Құдай, тілегeнім осы еді! – деді отыра кетіп.
  • Ел – жұртым, кешіңдер, мәртебе үшін емес, күн үшін осыларға ерген едім. Енді ел бостандығы жолында басымды бәйгеге тігемін! (Сүлеймен батыр осы сертінен таймады, көтерілістің көш басына көтерілді.) Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 19-бет.

[6] Тарихшы Линда Бенсынның пікірінше, Шың Сысайдың қудалау және зорлық-зомбылықтары Алтай аймағындағы көпшіліктегі мұсылман халықтар мен азшылықтағы мұсылман халықтар арасында бірдей қытайларға қарсы дұшпандық пиғылды туғызды. Бұл сонымен қатар аймақта түрікшілдік идеяны да күшейтті. Сондықтан көтерілісшілер арасында кейін тәулесіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды жақтайтындар көбейген. Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 29-бет.

[7] Ер Жәнібек (1714 – 1792) Абылай хан дәуірінде Керейден шыққан атақты батыр. Керей қазақтары Жәнібек батырдың туы киелі санаған. Ол ту туралы аңызда, Абылай Хан бір шайқаста үлкен ерлік көрсеткен Жәнібек батырға “ердің ері” деген атақ береді. Сондай-ақ одан қалауын сұрайды. Сонда Жәнібек батыр:

-Анамыз Абақтың желкілдеген желегін ту қып көтерген Керей елі едік. Сардар сайлап жасақ жасағанда түскен төбеме, шыққан тауыма тігетін туымды белгілеп беріңіз, – дейді. Қалың қолдың алдында Абылай Хан үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені кере құлаш қызыл сары жібек шашақты, ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады. Ақбоз атына мініп сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ Керей: – Тар жол, тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жәнібектің алдынан кесе көлденең өтпейміз! – деп ант береді. Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 26-бет. Есімхан – Ырысхандардан кейін Оспан батырдың да көтерілісінде көтерілген бұл ту 1958 жылға дейін ұрпақтарында сақталып келді. Сол жылы Көктоғайда дүрбелең шығуынан алаңдаған үкімет Шінгіл ауданына арнайы адам жіберіп Ер Жәнібектің туын Алтай сақшы мекемесіне алғызды. Қазір бұл тудың қайда екені белгісіз. Шәкенұлы Ж. “Еліне ұран болған Ер Жәнібек”. Ер Жәнібек. Алматы, 2008, 8-22-бет; Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 27-бет.

[8] Бұл сандық осы күнде Шынжаң Ұйғұр Автономиялы Республикасы Шінгіл ауданында тұратын Мырзахмет отбасында сақтаулы. Ер Жәнібек кітабында сол сандықтың суреті де берілген. Шәкенұлы Ж. Ер Жәнібек. Алматы, 2008, 224-225-беттер арасындағы фото альбомда.

[9] Сүгірбаев, 3-5 соғыс айырпланының күніне екі – үш рет пулеметпен атқылап тұрғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 20-бет.

[10] Сүгірбаев Ақтекенің аяғынан жараланғанын айтады. Сонда, 21-бет.


Жалғасы осы айдарда- АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ

Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр

 Баспага дайындап ғылыми түсініктемесін жазған:  Әбдіуақап Қара

Көктоғайдың қытай бастығын өлтіру-3

Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді.

 Frank Gore Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз