Сүлеймен батырдың шәйіт болуы-7

352

Елдің қайта қозғалуы

Сол жылы недәуір тыныш қыстадық. Бірақ қытайлар әскерлерді жасырын кіргізе бастады. Дабысын Келеңсай, Дөңті, Қаратүнке, Көктоғай кен районы болып тас қазады деген сылтаулармен бандит Шын Сысай өз күшін шоғырландыра бастады. Болып жатқан осындай құбылыстарға қарап мәселенің төркіні болған қазақтардың жерге иелік құқығы деген тармақ бұзыла бастады деп отырғанымызда, Бұқат Бейсі Қалелдің құдасы Қақыш биді жасырын Қалелге жіберді.

– Кешегі қара қойшы Есімхан, Ырысхан (56) қозғалыс бастап көп нәтижеге иеленген еді. Сіздер қарап жатпаңыздар. Мылтық табылатын болды. Қазір орыстар кен қаза бастапты. Орыстар келіп алса, мәселенің соңы жаман болады, – дейді.

Ал Бұқатты түрткен Алтай Консулі Баймурзин болады. Оның себебі, 1940 жылы мамыр айында екінші дүниежүзілік соғыс басталып[1] 1941 жылдың басына дейін[2] Ресейдің көп жерін немістер жаулап алып қояды. Дәл осы кезде Шың Сысай да Ресейден қол үзудің амалын ойлап жатады. Шың Сысайға қарата Шынжаңда әрекет істеу үшін Баймурзин алдымен Жанымханды үгіттеді. Жанымхан бұл жұмыстан бас тартады. Онан соң Баймурзин Бұқатты үгіттейді.

– Біз құрал берелік. Жоғарғы елді қозғаңыздар. Алтайды бөліп әкетіңіздер, – дейді. Бұқат бұған мақұл болып Қақыш арқылы Қалелді түртеді. Бірақ бұл кезде Ресейден шыққан белгілі бір тәуелсіз Шығыс Түркістан жарнамасы болмайды.

Міне осындай әңгімелер ел бастықтары арасында болып жатқанда Көктоғайдағы қытай Силиң Буы бір түнде жасырын Көктоғай сақшы бастығы Кәдірбайды атып тастады.[3] Қалелдің ұлы шән болған Рахатты қолға алмақ болғанда Рахат қаланы тастап қашып үйіне барды. Сөйтіп “Иттің суық тұмсығы” Қалелді бұзылуға мәжбүрледі.

Кәдірбай жайында хабар елге жетіп келген соң Сүлеймен батыр 200 адаммен Көктоғай ауданын қамап алып сақшының 30 адамын өлтіріп 300 атын айдап шықты. Ресейден келіп жатқан орыс инженерлерінің (әйел инженер де бар екен) бес үлкен машина, екі пабиданы Бел Қайыннан тосып Сарбұлаққа жетпей түсіріп адамын өлтіріп машиналарын өртеп жіберді. Онан бұрын Сүлеймен Ушадан Генерал Баненкені атып тастаған болатын. Уақиға міне осылай болып бұрқ ете түсті.

Шың Сысай бандит Көктоғай жеріне батыр армия деп Қашқардың жеті мың армиясын әкеліп түсіріп қойған болатын. Көктоғайда бір үлкен “Шың Зықұй” құрылған еді. Қытай армиялары ең алдымен соғысты Аралдан бастап ең алғаш рет Қу Үйден соғыс берілді. Көк Тұмсықтан жау армиясы келіп кірді. Қолымызда құрал аз, тығулы қалған құралдармен инженерлерден түскен біраз құралдар бар болатын. Бұл жолы Сендиков бар еді. (57) Бүкіл Аралдың Қарақас, Шақабай армиясының бастығына Қалел мені белгілеген. Біздің арамыздағы аса қайғылы хабар Ырысхан ауыр сырқаттан қайтыс болып кетті де[4] бүкіл қозғалысты бастайтын саяси қайраткер болмай қалды. Менің де бұл соғыстағы арманым осындай болды. Ырысханнның басшылығы өте шебер еді. Енді бізге басшылық ететін Ырысхандай адам табылуы қиын көрінді.

Мен өз әскерлерімді алып Қу Үйдің орман жағынан келіп бекініс алдым. Жау армиясы Көк Тұмсықтан келіп кірді. Сендиков менің жанымда еді. Арамызда Қу Үйдің өзені бар болатын. Шолақ бұлақ құйғанында қарауыл ұстап отырған екі қытайды өлтіріп Сендиков екі бесатар алып келді. Сүлеймен және Сәйітғазы отырған қарауылға келдім. Ол жерде Шақабай Сүлеймен де отырыпты. Сүлеймен жау армиясынан көп адамды түсіріп жіберген екен. Оны қарағайды паналап тұрып дүрбімен көрдім. Жау екі жағымызға бірдей жақын жатыр екен. Сейітқазы тұрып:

– Түнде кіру керек. Жау қазір әккі болып еркін тұр ғой. Біздегі қару жарақтың әзірше аз екенін жау біліп отыр, – деді.

Сүлеймен батырдың шәйіт болуы

 

Сүлеймен батырдың шәйіт болуы-7Мен жалғыз орман ішімен судың жағасына келдім. Жеңілтек болып алдым. Қылыш бар, бір пышақ бар. Судың екі жағасындағы ұзарып шыққан көк шалғын суды көрсетпейді. Сылдырлап ән салып аққан Алтайдың меруерт сулары біздің жүріс тұрысымызды жауға сездірмей өз заңынша қорғап тұрды. Мен судың ішімен жүріп отырып қабақ үстінде өліп жатқан екі қытайдың екі мылтығын алып қайта судың ішіне түсіп кеттім. Жау атқылай бастады. Орманға аман-есен кіріп кеттім. Сол түні Сүлеймен күшімен жау шегінді. Қытайдан ересен көп мылтық түсірдік. Жүк мүгімен 500-ден астам түйе түсірдік. Екі күн демалдық. Қытайлар тағы да шабуылға өтті. Қытайлар Шолақ бұлаққа дейін орман ішін өрлеп бекініс алып жатып алды. Сүлеймен Көк Тұмсыққа шығып қарауыл ұстады да,

– Бізге қарап астынғы жаққа жау келеді. Орманға енгізбеңдер, – деді.

Дөңбек аттай бергенімде оқ тиіп кетіп жатып қалдым. (58) Қапас батыр әскерлерімен кірмек болып келе жатқанда мені көріп олар да қарауыл ұстап жатып қалды. Сендиков жағындағы бір орыс доктор еді. Ол мені азырақ емдеді. Қайтып кеттім. Жау басым бола бастады. Ел Қара Ертіске қайқая көшті. Сүлеймен ол күні әскерімен Қу Үйдің екі ашасына келіп кешке дейін соғыстық. Оспан, Қапас әскерлері Кәмел батыр, Сұлубай әскерлері жер-жерден қарауыл алып жауды бөліп-бөліп алып тыңбай атысып жатты.

Сол күні түнде Сүлеймен түс көреді. Оған түсінде бір адам келіп:

– Жау басым. Ертең Қу Үйдің ішімен өрлеп шықсаң жеңілесің, – дейді. Сүлеймен осыны айтып маған:

– Мен қор қызын құшақтап жатыр екем. Бүгін шәйіт боламын, – деді.

Мен тұрып:

– Алдыңғы түсіңіз түс болсын. Қам қылмаңыз. Саяси қайраткерлік істеп соғыстың ішінде жүріп басшылық ететін Ырысханнан айрылдық. Бұқат пен Қалел үйінен шықпай қойды да бізді отқа итеріп жіберді,  – дедім.

Ол мені қостап

– Бастаған екенбіз бұл соғысты ақырғы демге дейін көрелік, – дестік. Сонсоң Сүлеймен тұрып:

– Мен қаза болып кетсем, Оспан өте табанды. Барлықтарыңыз Оспанмен бірлесіп, ақылдасып соғыс істеңдер. Намысты бермеңіздер, – деді.

Сүлеймен күн шыға Шыбар Қарағайдан келіп атыс берді де Таршатының ішін өрлей жөнелді. Сүлеймен ол қарауылды тастап жылжығанда теріскейдегі орман ішіндегі Шүршітбай жағындағы  жіңішке жолмен жүрді. Таршатының ел қонатын бір қонысынан жау шыға келді. Қарағай арасында бір үлкен қорым болып жатқан тас төбе бар екен. Осы төбе сол қонысқа жақын екен. Сол жерге Сүлеймен еңкейе келіп 30 адаммен өрлеп келе жатқан қалың жауды тосып атыс берді. Қытай не ілгері кете алмады,  не артқа шегіне алмады. Жазыққа жау армиясын қамап алып Сүлеймен 600-ден артық адамды түсіріп жіберді.

Сүлеймен алдындағы самырсынның еңкейіп тұрған бір бұтағын қайыра бергенде, Сүлейменнің бас жағы көрініп қалды да қарсы алдындағы қарауылда отырған бір сарттың оғы тиіп кетті.[5] Сүлейменнің жанында Қапыш бар еді. Қапырыш Сүлейменді арқасына көтеріп алып артқа шегінді. (59) Дұшпан да ілгерілей алмады. Қайтадан артқа шегініп ирек басынан асып Жебетіге келді. Сайды құлдап келе жатқан елдер Сүлейменнің қаза болғанын естіп жер күңіреніп жылады. Соғысты түртіп қойған месқарындардың барлығы үйінде болатын. Елдің не болып жатқаны, соғыстың не болып жатқанымен Бұқат пен Қалелдің жұмысы болмады. Тарих бізді осындай “мықтылармен” ертеден мол қамдаған еді. Сүлеймен өлді. Елі енді қауіпті жағдайда қалды. Елдің бұл соғыста сенгені жалғыз Сүлеймен ғана еді.

Елді Әділхан бастап Қара Ертістен өтіп Сарсүмбеге қарай көшті. Әділхан ту алып келіссөз талап етті. Үкімет адамдары:

– Біздің халықпен жаушылығымыз жоқ. Осы жолғы қозғалысты түрткен адам бар. Сіздерді орыстар түртіп отыр, – деді.

Есімхан тұрып:

– Бізді орыс түртпеді. Сіздер жақтан тоқтамға опасыздық істелінді. Кәдірбайды жасырын атып тастадыңыздар. Орыстарды өздеріңіз әкеліп Көктоғайға тас қаздырдыңыздар. Көктоғайға өздеріңіз біліп Қашқар армиясын жөткеп әкелдіңіздер. Міне, біз осы себептен бұзылдық, – деді.

Осы кезде Қалел тәйжі, Рахат, Қалман, Құмар, Боранбай тәйжі, Шәри зәңгі тауда 300-дей адаммен қалып қойды. Оспан, Сүлеймен Бектұрұлы, Кәмел, Молдажан бұлар өздеріңе қараған төлестерді алып Қарағанды, Шібеге шығып кетті. Ол жылы ол жерге көл тоқтаған ауыз су бар еді. Ол жер Барқы Шөмішбай үкірдай құдығының астыңғы жағы еді. Қытайға бағынған елден Әбдірахман, Құсайынбай, Әділхан би, Қажақын, Сәлибай, Қажақын Шүкірұлы қатарлы адамдарды жинап қойып, қасына үш кісі ертіп Әділхан Жанымханға барды. Жанымхан оларға уәде берді де оларды ертіп алып үкіметке апарды. Үкіметке кезіктіріп алып қайтадан алып келді. Бір жұма демалған соң Сарбұлақ, Көкебұлақ ортасындағы Меркіт елі салған Қаратас мектебіне елді жинап:

– Шынайы бағынамыз десеңіздер мылтықты тапсырыңдар, – деді.

Бұл кезде үкімет әскерінің аттары, түйелері әбден арыған еді. Ала жаздай жаудың ат-түйесіне оттайтын жер бермей қойдық. Ауысай (60) шықса болды ат-түйесін тартып әкеп отырдық. Сондықтан:

– Мылтық сыртында әскер мінетін 1.500 ат, 500 түйе бересіңдер, – деп соқты. Өйткені олардың түйесінің көбін біз тартып алған едік.

– Егер ат, түйе береді екенсің, онда оның бәрін өзіміз таңдап аламыз. Сонан кейін ғана әскерлер жеріне қайтады, – деді. Сонымен таңдаулы ат, түйені үш күн ішіне жинап әкеліп бердік. Әскерлер қайтты. Қайтарында тау жолы арасында бекініп отырған Қарақас Бәйтіке қажы ауылдарын шапты. Қажы ішінде елу адамды атып кетті. Ал одан шығып жол үстінде қайта көшіп келе жатқан Іргебай, Сіргебай ауылдары бар еді. Бұл елдерді бірақ шауып алып 200-ден астам қатын-баланы қырып кетті.

Жанымхан Қарақас мектебіне келіп жатып алған. Мені шақыртыпты. Мен ол кезде жаралы едім. Мен барып едім.

– Сенің әкең ақыры Оспанға еріп қашып кетіпті. Оның қолында мылтығы бар екен. Мен үкіметке үш мылтыққа кепіл болдым. Ақмолла, Құмар, біреу сенің әкең еді. Сен барып әкеңнің мылтығын әкеліп бер. Болмаса үкімет мені ұстап кетеді. Сен маған Әділхан мен Құсайынбайды кепілдікке бер, – деді.

Бұл екі адам сол мекемеде отырған екен. Маған ол адамдар кепіл болды. Мен екі адам ертіп алып әкемді Шібетіден тауып алып үйге ертіп келдім. Оның мылтығын Әділханға тапсырып бердім. Ел өздерінің мекендеріне тарап кетті. Оның арасында “Алтайға Чу Силиң келіпті. Тағы да тоқтам болады екен. Ел бастықтары барып Шу Силиңге амандасып өз қателіктері үшін кешірім сұрасын”, деген сумаңдаған суық сөздер ел ішін аралып жүріп жатты. Енді екі күн өтпей Қарақас мектебіне айырплан келіп түсіп қалды. Онда Чу Силиң өзі келіп ел бастықтарымен амандасып:

– Сендердің осы жолғы қателіктеріңді мен кешірдім. Енді Шың Сысайға барып амандық білдіріп кешірім сұраңдар, – деп жатыр деп “Иттің суық тұмсығы көтенге келіп кіріп кетті.” Ежелден саяси қайраткер туып көрмеген бұл халықтың соңғы жағдайы міне осындай. (61)

Ырысханның айы өтті. Месқарын Бұқат, Қалелдің азаттық іздейтін хал жағдайының соңы осы болды. Чу Силиң Әпенді,[6] Бұқат мырза, Рахат Мырза, Қалман Мырза, Боранбай тәйжі, Зейнел үкірдай, Құмар тәйжі, Есімхан үкірдай, Қыстаубай Ғакім зәңгі, Нақыштай, Кәріппай, Шәри… қатарлы 13 адамды айырпланға салып алды да кетті. Осылардан Ғакім, Нақыштай, Қалман, Шәри төртеуі тірі келіп қалғанын Шың Сысай Мырза тоқтамды бұзып атып тастады.


[1] Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы қыркүйекте басталған. Кеңес Одағы мен Германия арасындағы соғыс 1941 жылы 22 маусым күні басталды.

[2] 1942 жылдың басы болу керек.

[3] Сүгірбаев Кәдірбайдың Шың Сысай тарапынан кен қазатын жұмысшылар деп жіберілгендердің негізінде әскер екенін біліп қойғандығы үшін өлтірілгенін айтады. Сонда, 34-бет.

[4] Дәлелхан Жанымханұлы 1940 жылы 15 қыркүйекте Көктоғайға барған кезінде Ырысханның үйінде іші ісіп чемен ауруынан жатқанын айтады. 19 қыркүйекте Шың Сысай Үрімжідегі орыс дәрігерін ұшақпен жіберген. Дәрігер укол құйып жазылып кетесің деген. Бірақ Ырысхан үш айдан кейін қайтыс болады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 38-бет. Халық арасында Шың Сысайдың дәрігерінің қастаңдық жасағаны жөнінде сенім болған. Осыдан болса керек, Оспан батыр 1947 жылдың басында аяғы ауырып бірнеше ай науқастанып жүрген. Сол кезде Совет консулы дәрігерлер жіберіп батырды емдеткен. Бірақ Оспан батыр оларға сенбейтінін сол уақытты Дәлелхан Жанымханұлына былай деп мәлімдеген: “Совет консулының дәрігерлері түн жарымында басына шекпен киіп келіп, менің ауруымды тексерген болады. Дәрі жазып береді. Мен оларға сенбеймін. Қастық қыла ма? – деп ойлаймын. Берген дәрілерін ішпей төгіп тастаймын, – деді. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 63-бет.

[5] Сүгірбаев де Сүлейменнің Таршатыдағы соғыста оққа ұшқанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 37-бет.

[6] Адам аты.


Жалғасы осы айдарда- АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ

Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр

 Баспага дайындап ғылыми түсініктемесін жазған:  Әбдіуақап Қара

Сүлеймен батырдың шәйіт болуы-7

Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді. Bradley Chubb Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз