(Болған оқиға ізімен көркемдеп жазылды)
Ол оянғанда таң құлан иектеніп келеді екен. Қасында жатқан әйелін оятып алмауға тырысып төсектен сырғи тұрды да түзге шықты. Қарағайлы орман арасында орналасқан ауыл әлі тұра қоймапты. Ауыл әтештері енді ғана әндете бастады. Түңгі салқыннан шөп басына түскен мөлдір шық атар таңның бозғылт шапағымен шағылыса әрреңкілік түске еңген. Көрші ауылдан саудалап, түнде сойып кілетке іліп қойған ірі қараның етін жеңіл көлігіне салды да оразасын ашпастан қалаға бет алды. Ойлағаны етін елдің алды болып базар маңында әлекедей жалаңдап жүрген алыпсатарларға жақсы бағада өткізу. Ол көлігінің терезесін сәл ашып музыка қосты. Таңғы таза ауамен ілесе мұрнына жусан исі келді. Жол шетінде көлігімен жарыса жер бауырлай шымшықтар ұшып жүр. Радиоқабылдағышынан әуезді әуен төгілуде. Таңғы сергектік пен табиғат және әуен үндестігіне елтіп отырып ол қалаға келгенін де сезбей қалды. Жақын маңдағы қолы қысқа ағайындардың малдарын қолжетімді бағаға сатып алып, қалаға базарлаумен айланысып жүргеніне біршама уақыт болған. Қанат үйреншікті әдетімен базарға келіп ет сатуға дағдыланған саудагерлердің біріне келісімді бағамен етін саудалаған соң сол маңдағы дәмханаға бас сұқты. Мақсаты өзек жалғап алмақ. Саудасының сәтті болғанына разы ол машинасын от алдырды да ауылға шығар қаланың негізгі даңғылдарының біріне түсті. Салон ішіндегі айнаға назар салғанда шашының өскенін байқап шаш алу керек екен деп ойлап ұлгергенше көзінің қиығы жол шетінде орналасқан шаштараз деген жазуға түсті. Шашын алдыру үшін көлігін жол шетіне тізгіндеп шаштаразға бас сұқты. Абырой болғанда шірет жоқ екен . Өзін талдырмаш аққұба келген қайқы кірпік, тұнық бота көзді келіншек қарсы алды. Қолына сүлгі ұстаған келіншек бөксесінен баса оны бас жуатын бөлмеге жетектеді. Басын жуып жатқан келіншекке қалжың араластыра «қарындас, қолыңыз қандай жұмсақ, осы қол ұдайы басымды жуып беріп отырса армансыз болар еді». Ашық тұрған есіктен ескен самал лебімен келіншектің жағымды әтір иісі танауды қытықтап, оның еңкейген сайын кофта өңірінен ыдыстан асқан ашыған нандай төңкеріле төгілердей болған қос анар өзегі көзінің жауын алуда. Келіншек жауап қатпады. Креслоға отырған соң қолы қолына жұқпай басындағы бес тал шашын қидалай жөнелген келіншекке қайыра көз қиығын салып еді келіншек жылы жымиды. Жымиған сәтте екі бетінің ұшында секіріп ойнаған майда толқын өзіне сондай жарасады екен.
– Осындай арудың атын білмеу айып болар, есіміңіз кім?
– Қарлығаш.
– Атыңызға затыңыз сай қиылып тұр екенсіз.
– Қойыңызшы! Қозғалмай отырыңыз, құлағыңызды кесіп алып жүрермін.
– Тәйірі осындай қолдан кесілген құлақта арман болмас,- Келіншек мырс етіп күліп жіберді. Баста аман, құлақ та аман. Сүт пісірім сәтте жігіт шашын жәукемдеген шаштараз қыз:
– Келіп түрыңыз…,-деп сызылды.
Жігіт үшін бұл келіншектің күнделікті клиент көңілі үшін айтылар кезекті сөзі ретінде емес, асқан бір жылылықпен ынтызарлықпен айтылғандай сезілді.
-Міндетті түрде, қарындас!- деп далаға шыққан оның жан дүниесіне желік пайда болды. Жол бойы жаңағы келіншек ойынан шықпай қойды. Көзін ашса да, жұмса да тек соның бейнесі елестейді де, кеуде тұсынан тоқ жүріп өткендей күй кешеді. Ол өзіне таңқалып, тәтті қиялдың жетегімен үйге қалай келгенін де сезбей қалыпты:
– Мені оятпай кетіп қапсың ғой- деп баздана қарсы алған келіншегіне алғаш рет «оятқым келмеді» деп танауының астынан күңк етті. –Неге көңілсізсің- деген сұрағын да жауапсыз қалдырып, көлігінің капотын ашып шұқылай бастады. Келіншегі де ары қарай тақымдамай түскі ас әзірлеуге жазғы сарайға бет алды.
Қарлығашта да манағы азамат кетісімен бір қимасын жоғалтқандай сезім пайда болды. Семейдің оңтүстік шығысын ала орналасқан ауданның алыс ауылында мектеп бітірген соң қалаға келеді. Колледждердің біріне оқуға түседі. Арыны басылмас асау өмір колледжді бітіртпестен бір жігіттің етегінен ұстатады. Балалы болады. Жастық, мастық демекші жанұялық тірлік түйткілдері екеуін өзеннің айырығындай екіге бөледі . Ол Алматы асып, бұл болса сәкісін Семейден сайлағанды. Кейіннен аузы күйген үрлеп ішедінің керімен еркек кіндіктілерге аса сақтықпен қарап үйренді. Қырық қадам ұзаса болды бойдақтық бойларын буатындарды бірден байқайтын болды. Талайларын тайраңдатпай тезге сала білетін. Ал бүгін өзіне не болғынын пайымдай алар емес. Манағы жігіттің басының бос емес екенін түйсікпен сезінсе де көңіл көкжиегіне құмарлық көбелегі қонып, ұшуға ниет танытар емес. Бағанағы ет жеңді, еңсе бойлы азамат шыққан соң өзіне таныс та, бейтаныс сезім бойын баурап алды. Ұялы телефонын шұқылап өз ойымен өзі болып отырған оның назарын әріптесінің дауысы бөлді:
– Неғып ұнжырғаң түсіп қалды? Сүйгенін майданға шығарып салған арудай!?
-Қайдағыны айтады екенсің…. Көп клиенттердің бірі де -деп ішкі сезімін бүркемелей құрбысына күле жауап берді.
Екі дүниеде әйелден артық қызықтыра алатын, әйелден артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ және болмақ емес. Байлық, бақ, мансап, жоғары дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап,сезімімді сиқырлаған, сәмбі талдай сұлудың соңынан кете берер едім деген екен бір әпенде. Қанатта шаштараздағы келісті келіншекті кездестіргелі неге екені белгісіз қалаға аңсары ауды. Ертесінде қақпаны ашып шығарып салып тұрған келіншегіне:
-Кешке кешіксем тоспай-ақ қой. Мүмкін қалаға қонып қалам. Ет сатқан соң қала маңындағы ауылдардан сатып алуға қолайлы мал қарастырам…,-деді ол.
Негізгі есебі басқа… «Бір күнге өгіз өлмейді, Екі күнге иесі бермейді» Несі кетіп барады. Өткендегі шаштаразшы келіншектің тамырын басып көрмек. Қызға кім қызықпайды, қымызды кім ішпейдінің керімен. Көлігіне отырып жүріп кеткен Қанат арт жақты көрсететін айнаға көз қиығын салғанда қимастықпен үй алдында қалған келіншегі бұрылыс айлана бере көзден де, көңілден де тасалана бастады.
Келе көлігін ақылы тұрақтардың біріне қойған Қанат гүл сататын дүңгіршектен гүл, бір қорап кәмпит пен шампан сатып алып шаштаразға бас сұқты. Шаштараздардың бәрі бос емес. Кезек тосқандар да бар көрінеді. Бас сұққан бұған бұрылып қараған келіншек тағы жылы жымыйды. Жымыйыс жанына жағып, алып келгендерін сәкі үстіне қойып, келіншектің қолы босауын күтті. Алдындағы адамның шашын жөнге келтірген келіншек қасындағы әріптесінің құлағына сыбырлады да, тосып отырған азаматқа:
– Сіздің шашыңызды ана кісі алады,- деді де мұны демалатын бөлмеге бастады. Ұсынған гүлін құшарлана искеген келіншек рахметін айта орындық ұсынды.
– Несіне әуіре болдыңыз?
– Кешке қолың босаған соң бір жерге барып отырайық,- Келіншек келісімін берді. Сөйтіп,
«Ерінге ерін тиеді
Еріннен ерін сүйеді
Сол кезде ұшып түседі
Төзімнің соңғы тиегі»– деп ақын жырлағандай бірнеше кездесудің ақыры оларды қаладағы тәулікке жалға беретін пәтерлердің бірінде жолықтырады. Өздерімен ала келген бір бөтелке шарапты орталаған сәтте жігіт келіншекті қапсыра құшақтап төсекке қарай икемдеді. Ақ сазандай аппақ дене, аққу мойын, қыпша бел, аршын төс, тоқ балтыр жігіттің ынданын құртып түлкіге шүйліккен бүркіттей келіншекті бүріп ала жөнелді. Көптен бері қайратты жігіт құшағын аңсаған келіншекте бейімделе жігіт бауырына кіре берді. Бақыттан бастары айналған екеуі себезгілеп атқан таңды да сезбестен дүниенің ешбір қызығына айырбастамас тамаша сәттерді бірнеше рет бастарынан өткеріп тарасты. «Қанағаттан қанағат қашқалы қашан»- деп Мархабат Байғұт айтпақшы Қанат та осыдан кейін қанағатты ұмыта бастады. Қалаға келсе жиі қонып қалуды шығарды.
Ал Қарлығаш болса осы азаматқа өзінің жіпсіз байланып ессіз ғашық болып қалғанын сезді. Кеткен соң келуін аңсайды. Бір-ақ бөгет Қанаттың жанұясы барлығы. Есі дерті Қанатты қасынан босатпау, мәңгі бірге болу. Жұмыста да, үйде де ойлайтыны Қанат. Көбінесе кездесуге өзі қадам жасап жігіттің ұялы телефонына хабарласып, СМС жазып шақырады.
Осылай сынаптай сырғыған уақыт жыл еңсереді. Өліп-өшіп сүю бір қажет еді, есенгіреп жатқанға не жетедінің керімен олар ұдайы кездесіп, бірге қонып жүрді. Кейіннен:
« Бір шетте көрпем қалды түрілмеген,
Өйткені сені ойладым түнімененнің» дегендей Қанат екі баласының анасы, сүйіп қосылған жан жарына да суықтық сездіре бастағанын , жарының да өз босағасынан тыс түнемелікке қалуынан күдіктене бастағанын байқап кездесуді сирете бастайды. Қарлығашта шығармайтын қылық танытып өзін өзіне меншіктей екеуміз мәңгі бірге болсақ қой, сенсіз мен үшін өмірдің мәні жоқ тәрізді әңгіменің қоламтасын қопсытатынды шығарды. О, баста жігіттіктің желімен әуей болғандығы болмаса өз отауының шаңырағын шайқалту туралы ой Қанатта болмаған. Шабан атымен , аты жүйрік қарияның тымағын ала қашқан ұрының ұсталған сәтте «Ойнасақ та біраз жерге шаптық» деп ақталғанындай кездесулердің бірінде жігіт араларындағы қарым-қатынасты құрықтамақ ниетін емеруінмен білдіргенді. Келіншек болса:
– Сен не тоят алған бүркіттей тойып алып, тастай салмақсың ба? Менің жанымды, саған деген сезімімді неге түсінбейсің!?……
Олар түсініспей тарасты…
Сол мезеттен бастап Қарлығаш үшін сұрғылт, сәнсіз күндер басталды. Ойлайтыны Қанат. Жан дүниесі ынтыға соны аңсайды. Бірде өзін шайнап-шайнап күресінге түкіріп тастаған сағыздай сезініп ашуға ерік береді. Қарадай Қанатқа кектенеді. Үмітсіз шайтан ,мүмкін жігіт райынан қайтар деп қайыра телефон шалып, хат жазады. Жігіттен жауап жоқ. Ыза кернеген Қарлығаштың ойына нелер келіп, нелер кетпеуде. Болды ұмыт, біреудің айрандай ұйыған от басын ойрандағаннан не пайда табасын деген құрбы ақылы да құлағына кірмейді. Есі дерті қалайда Қанатты өзіне қайтару. Болмаса…
***
Тамылжыған тамыз айының ортасына таяу полиция аға лейтенанты Анжан Айқынбеков Семей қалалық ІІБ арнайы тергеу тобы құрамында кезекші тергеуші болып кезекшілікке түсті. Басқарма бастығы полиция полковнигі Жұмабек Исадиловтың қабылдауынан соң бесінші қабаттағы кабинетіне көтерілді. Өндірісіндегі қылмыстық іс материалдарын қарай бастағыны сол еді шұғыл басқару орталығының кезекшісі полиция майоры Бимурзин Ерлан Анжан тез жинал «Түйемойнақ» аралынан қалалық орталық ауруханаға күйікке шалынған азамат жеткізіліпті. Жедел тергеу тобымен бірге істің мән жайын анықтап қайт деп тапсырды. Құрамында криминалдық полицияның жедел уәкілі, кезекші криминалист бар тергеу тобы ауруханаға келіп қабылдау бөлімінен күйген адамның қай бөлімде жатқанын анықтаған соң палатасына көтерілді. Төсекте жатқан денесінің бәрі дәкемен таңылған адам назарын есік жаққа бұрды. Қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі екенін таныстырған соң:
-Аға не болдып қалды?
-Бір таныс келіншек мені қасақана өртемек болды…..
Жанын қоярға жер таппай бебеулеп жатқан жігіт жарақаты кездейсоқ болмағаны, қып-қызыл криминал екенін түсінген ол дереу кезекші экспертке бейнекамераны дайындауды тапсырып, күйген жігітке бүрылып:
-Аға қазір маған болған оқиғаны ештеңені жасырмай бүгі-шігесіне дейін айтып беріңіз. Байқаймын қазыр сіздің қағазға қол қоюға шамаңыз жоқ, сондықтан ҚР қылмыстық істі жүргізу кодексінің талаптары негізінде сіздің жауабыңызды бейнекамераға жазамыз. Жауап алу хаттамасын артынан толтырам. ҚР қылмыстық кодексі бойынша жалған жауап беретін болсаңыз, жазаға тартылатынынызды да ескертем.
«Мен 2014 жылдың күзінде осы қалада бір келіншекпен таныстым. Жылға жуық ұдайы кездесіп жүрдік. 2015 жылдың сәуірінде мен оған кездесуімізді тоқтату туралы ұсыныс жасадым. Келіншек болса қалта телефоныма қайта-қайта қоңырау шалып, СМС жазып мазалап жүрді. 2015 жылдың 12 тамызы күні тағы хабарласып өзінің маған айтар маңызды әнгімесі бар екенін, соңғы рет жолығуға ұсыныс жасаған сон істің соңғы нүктесін қою үшін қалаға келдім. Келіншек жұмысында екен. Қасыма отырған соң қайда барамыз деген сүрағыма қала шетіне жұрт көзінен таса бір жерге барып әнгімелесуді ұсынды. Қаланың Красный кардон аумағындағы қарағайлы орман жаққа бет алғанымызда ой , Қанат үйге соғып бір зат ала салайыншы қайтар жолда бір құрбыма беруім керек деген соң Аймауытова көшесінің бойында орналасқан жатаханасына соқтық. Жүгіре басып бөлмесіне кеткен ол көп кешікпей бір пакетпен шықты да машинаның артқы орындығына жайғасты. Неге алдыға отырмадың деген маған келіншегің көріп қояр деп күле жауап берді. Қарағайлы орман ішінен қолайлы ,жұрт аяғы жоқ жер таппаған соң келіншек Түйемойнақ аралына баруды ұсынды. Аралдағы ескі понтон көпірі аумағындағы қалтарыс талды мүйіске көлігімді сұғындыра тоқтадым. Маңайда ешкім байқалмайды. Айнала тым-тырыс. Тек толықси аққан ерке Ертістің су сыбдыры ғана естіледі. Келіншек: -Жаным! сені қатты сағындым, соңғы рет өзіңмен мауқымды басайыншы,- деп құшағыма құлады. Алдыңғы екі орындықтың тетігін басып шалқайта: – Қызықты ғұмыр қас қағым, бағасы бөлек басқаның,- деп шаруамды тындырып болып беймарал сезімде жатқан кезде ол маған,- арқаңды берші массаж жасап берейін,- деді де қолына медициналық жұқа қолғап киіп арқа жағыма бір сұйық зат жаға бастады. -Не жағып жатырсың?- дегенде «крем ғой» деп жауап берді. Сол сәтте машинаның іші бензин сасып кетті. Артыма қарап үлгермедім. Жауырын жағымды жалын жалмай жөнелді. – Есің дұрыс па? Не істедің,- деп жанталасып сыртқа шығып, жерге аунай бердім. Шашылған бензин жалыны талай жерімді шарпыпты. Ет қызуымен келіншекті қолынан жетектей шамамен 100-150 метрдей өзен жағасында тұрғандарға жүгірдім. Машина болса лапылдап жанып жатыр. Келе «жігіттер тез ауруханаға жеткізіңдерші» дедім. Олар сөзге келген жоқ . Бізді отырғызып алып қүйындай ұшып қалалық ауруханаға әкелді. Жол бойы келіншектің қолынан қатты қысып ұстап алдым да есікті ашылмайтындай етіп басып тастадым…»
Анжан жәбірленушіден жауап алып болған соң қабылдау бөліміне түсіп кезекші дәргерден кұйген азаматтың қасында болған келіншектің қайда екенін сұрады. Кезекші дәргер әлгінде алғашқы медициналық көмекті ауыр халде жеткізілген азаматқа көрсетіп әлек болып жатқанда келіншектің кетіп қалып киім ауыстырып келгенін, қазыр көрші палатада ем қабылдап жатқанын айтты. Анжан әзірше оны мазаламай, дереу кезекші жедел уәкілді келіншектің тұрғылықты жеріне тінту жүргізіп қылмыс жасалған сәтте үстінде болған киім басқа да айғақ заттар ,тез тұтанғыш зат болса тауып, тәркілеуді тапсырды да өзі басқармаға оралды. Араға біраз уақыт салып қолдарында күдікті әйелдің шешіп тастаған күйік шалған шалбар кофтасы, ішінде жарты литрдей бензині құйылған құтысы бар тінтуге кеткендер де оралды. Ертесінде кезекшілік туралы есеп беруге Ішкі істер басқармасы бастығының тергеу істері жөніндегі орынбасары Искаков Ерболанға кіріп күдікті келіншекті арнайы палатаға орналастырып, арнайы жасақ қызметкерлерінен күзет қою қажеттілігін баяндады. Ол өз тарапынан кезекшілігіңді тапсырып болған соң жәбірленушіден қайыра жауап ал , мүмкін ол ет қызуымен болмаса күйзеліс кезінде бір нәрсені дұрыс айтпауы, есінен шығаруы мүмкін екендігін есіне салды. Жәбірленуші жігіттің қайтара берген жауабы да алдыңғы жауабынан алшақ кетпеді. Жәбірленушінің анығын баяндап тұрғанына көзі жеткен соң келіншектен жауап алу үшін көрші палатаға кірді. Келіншек болса көлікте отырғанда аяқ астынан өрт шыққанын өзінің де әрең аман шыққанын айтып бет бақтырмай отырып алды. Алайда ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабының 2 бөлігінің 5 тармағы бойынша яғни аса қатыгездікпен адамды қасақана қазаға ұшырату және ҚР ҚК 202 бабының 2 бөлігі, 1 және 5 тармақтарында көрсетілген яғни өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру қылмыстары бойынша қозғалған істі тергеу барысында тағайындалған сот-медициналық, сот-биологиялық, , сот- техникалық, өрт- техникалық сараптау қортындылары нәтижесінде оттың қасақана ұйымдастырылғанын, ешқандай жалын машинаның алдыңғы мотор, панел тұсынан болмаса артқы бак жақтан шықпағанын тайға таңба басқандай көрсетіп береді. Қаладағы жанар май құйу орталығының бірінен Қарлығаштың қолындағы құтыға бензин құйып жатқан бейне жазбасы да табылып айғақ зат ретінде іске тіркелді. Үйінен тәркіленген бензинді өзімнің тұрмыстық қажеттілік үшін сақтағаным деп жалтарып бақса да өртенген машина жанынан табылған шөлмектегі қалдық бензинмен құрамының бірдей екедігін, бір жерден алынғанын да сараптама айқындап берді. Қылмыстық істі тергеу барысында Анжан келіншектін сол күні арнайы дайындалып қасақана қатыгездікпен Қанаттың қиналып, жанкүйзелісіне түсетінін біле тұра өзімен бірге медициналық қолғап, Кувшин сусынының бос бөтелкесіне жеңіл тұтанғыш зат бензин құйып алып аралға алдап апарып жәбірленушінің беймарал сәтін ұтымды пайдаланып арқасына бензин жағып арнайы өзімен алып келген шаппақпен қасақана өлтіру мақсатында от қойғанын тоық дәлелдеді. Сонымен қатар, келіншектің жігітті жағып жібермек ниетте болғанын алайда өзінің еркінен тыс жағдайлардың арқасында от қойған соң есіктің бәрін ашылмайтындай етіп жауып жігітті ішінде қалдырып өзі сытылып шықпақ болған қылмыстық ойын толық аяқтап үлгермегендігін де процесуалды түрде толық дәлелдей білді. Белгілі болғаны жан беру онай ма? Шалт қимылдаған жігіт келіншектің қолын қағып жіберіп сыртқа шығып үлгереді. Қолын қаққан сәтте құйылған бензинге ол өзінің де екі алақанын күйдіреді. Сөйтіп шын махаббаттың оты өшпейді ,бірақ басылады дейді білгіштер. Ал мына жағдайда керсінше арам пиғылдың, ашудың оты тұтанып, алаулай жанып бірнеше күннен кейін аптал азаматтың, екі баланың әкесінің аурухана төсегінде көз жұмуына соқтырды. Қолымен жасағанды мойнымен көтермеуге тырысып қанша жалтармақ болса да, қорғаушылары да кездейсоқ болған жағдай деп жанталаса да жас та болса келешегінен зор үміт күттіретін тергеуші Анжан Айқынбековтың тыңғылықты жүргізген тергеу амалдары арқасында күдіктінің кінәсі толық дәлелденіп 11 жылға сотталып әділ жазасын алады. Сот оның жәбірленуші жақтың 1850 000 тенге тұратын «Лада Ларгус» автокөлігін және өзімен бірге алып жүрген 480 000 ақшасын өртеп аса ірі көлемде материалдық шығын келтіргенін де мойнына қойды.
Ақыл мен сезім…. Ми мен жүрек… Адам баласы болмысының бар құдыреті мен құпиясы жасырылған киелі қойманың қос кілті осылар болса керек. Әрі бірінсіз бірі жетім. Сондықтан да: «Ең таза әрі орнықты ақылдың орны-жүрек», «Ең салиқалы ойды бізге жүрегіміз сыбырлайды»- дейді франсуздың ұлы ойшылы Люк де Вовенарг . Ақыл қайда? Миға не болды? Жүрек неге жақсылыққа жол басшы болмады? Ақылға бой бермеген соқыр сезім сойылы Қарлығашты осындай әрекетке жетелеп, ми қабылдамас, жүрек сезбес аса ауыр қылмыс жасауға ұрындырды. Басқадай ойлау мүмкін емес…
Елубек Оспанов,
полиция подполковнигі,
Семей қаласы.